24/02/2021
«Дурные шутки» көрмелер циклінің каталогы
12/02/2021
Орта білім беру жүйесіндегі теңсіздік: ҚР шағын жинақты мектептерін реформалау саясатының талдамасы
24/02/2021

“Зерттеушіге өз жұмысын жасауға кедергі келтіруге болмайды”

Processed with VSCO with preset

2018 жылы жас зерттеуші, тарихшы Жаслан Нұрбаев Сорос-Қазақстан қорының қоғамдық саясат саласындағы (РРІ) бағдарламасына қатысуға өтінім берген болатын. Жасұлан ұстаздық қызмет атқармаса да, көп кісі тереңдей бермейтін шағын кешенді мектеп (ШКМ) тақырыбын зерттеуге кірісті. Жас зерттеуші бұл мәселені зерттеу барысын кейінге ысырмай, үш жылдан кейін СҚҚ қолдауымен осы аталған білім мекемелерінің қалыптасу саясатына арналған 90 беттік талдау жасаған болатын.

Жаслан, ШКМ тақырыбын зерттеуге не түрткі болды?

Жаслан Нұрбаев: Конкурстан (РРІ шеңберіндегі) өтпес бұрын бұл тақырыппен осыншалықты тыңғылықты айналысамын деп ойламадым. Өйткені менің өмір бойғы зерттеуім жоғары білім берумен тығыз байланысты. Жоғары оқу орнында қызметтемін әрі жоғарғы білім, ғылым және тағы басқа тақырыппен жұмыс істеймін.

Жалпы облыс орталығынан 15 шақырым шалғай орналасқан ауылда туып, сондағы ауыл мектебінде білім алдым. Сол кездің өзінде ол мектепте оқушылар аз болатын. Қазіргі уақытта бұл білім беру мекемесі шағын кешенді ұйым болып табылады. Менің зерттеп жүрген тақырыбым осы мектеп үшін мен оқыған кезге қарағанда, бүгін өзекті. Оқушы күніңде мұндай мәселеге назар аудара бермейсің. Ал қазір аталған мәселелерді сырттан бақылаушы ретінде зерттеу әлдеқайда қиынырақ. Бірақ, бір жағынан, бұл ондағы ахуалды «қалай бар, солай» суреттеуге көп септігін тигізді.

– Екі жыл ішінде 70-тей терең сұхбат алынды, 200 ШКМ ұстаздарымен сауалнама жүргізілді. Шалғайдағы ахуалды «қалай бар, солай» суреттеу қаншалықты мүмкін болды?

Жаслан Нұрбаев: Білім беру жүйесі – бұл, шын мәнінде, өте жабық әрі консервативті жүйе. Консервативтілік туралы айтсақ, бұл – сөзсіз жақсы. Тәжірибе, салт-дәстүр деген сақталуы қажет. Әйтсе де, жаңа идеялар, технологиялар педагогикалық тәжірибені толықтырып, жетілдіруі тиіс. Ал жүйенің жабықтығына келетін болсақ…

Ақпарат жинау өте қиын болды. Зерттеу «алаңына» барып, зерттеу нысанын зерделеудің өзі аса қиындық тудырды. Мектепке кіріп, «Мен мұндай зерттеумен келдім, мақсатым осы, мүмкіндік болса…» деп сұраудың өзінде кедергі көп. Шыны керек, көп уақытым барлық құзыретті инстанциядан рұқсат алуға кетті. Тіпті, білім беру бөлімдерінің біріне «шабуыл» жасауға тура келді. «Рұқсат алмай ешқайда кетпеймін» деп тұрып алған кезім де болды. Зерттеушіге айдан анық дүниені зерттеуге мүмкіндік бермеу деген – қисынсыз ғой.

Кез келген деңгейдегі білім басқармаларының басшылары, әрбір мектеп директоры өзінің есімі немесе білім беру ұйымдарының атауы қандай да бір жағымсыз мәнде көрініс таба ма деп қорқады. Кейбір директорлар: «Рахмет, игі іс атқарып жатқан екенсіз. Әйтсе де, бұл зерттеуіңізді біздің мектептен тыс жерде жүргізіңізші» деп өтінді. «Ал олай болмаса ше?»  – «Болмаса, ол сіздің мәселеңіз».

Сауле Каликова

Сауле Каликова, Сорос-Қазақстан қорының қоғамдық саясат мәселелері жөніндегі кеңесшісі: Қазақстандағы шағын кешенді мектептердің қазіргі ахуалы мен даму болашағына қатысты мәселелердің қаншалықты маңызды әрі өзекті екенін айтудың қажеті жоқ. Қазақстандағы шағын кешенді мектептер: білім берудің осал тұсы ма, әлде бірегей мүмкіндігі ме? Бұл орынды сауалға әлі күнге дейін айқын жауап таба алмай отырмыз, оны мойындауымыз керек. Жаслан Нұрбаевтың зерттеуі – осы сұрақтың жауабын іздеуге бағыт алған маңызды қадам.

 

– Ауыл мектебінің ұстаздары туралы пікіріңіз қандай?

Жаслан Нұрбаев: Тамсанарлық! Әсіресе, өз ісін жетік білетін, бұл мамандықты өмір бойына таңдаған, өмірлік мәніне теңестірген мұғалімдерге бас июге болады. Ұстаздық – олардың өмір салты, тіпті, тыныс-тіршілігі. Қазіргі заманауи қиындықтарға қарамастан, білім беру жолында ерік-жігерін, күш-қайратын, барлық шығармашылығын сарп кеткен ұстаздардың қалтқысыз қызметіне, қайсар мінезіне тәнті болдым. Сонау шалғай елдімекендердің өзінде өзінің эрудициясымен, таңдауымен, жанкештілігімен таңқалдыратын мұғалімдер табылады.

– Неліктен қала тұрғындарын ауыл мұғалімдері бетпе-бет келетін қиындықтар мен шағын кешенді мектептердің мәселелері толғандыруы керек?

Жаслан Нұрбаев: Ең қарапайым жауап – халықтың 41% – ауыл тұрғындары. ШКМ туралы айтқанда, оларды шағын кешенді және ауыл мектептері деп бөліп қарамаймын. Бұл екеуі бір, айырмашылығы сол – ШКМ оқушылары аз. Ауылды жердегі білім беру мәселелерін зерттеу неліктен маңызды? Өйткені, өкінішке қарай, ауылды жердегі білім сапасы төмендеп барады, оқыту сапасы кері кетуде. Қала және ауыл мектептерінің ара-жігі жыл өткен сайын артып келеді. Қарапайым мысал: PISA-2015 нәтижесі ауыл оқушыларының қаладағы қатарластарынан жарты жылға артта қалғанын көрсетсе, PISA-2018 қорытындысы бойынша бұл көрсеткіштің ара-жігі бір жылға теңесті.

Мәселен, бүгінгі таңдағы жаңартылған мазмұнға сәйкес, оқушылар білім алып қана қоймай, онысын тиімді пайдалана алуы керек. Ауыл тұрғыны қандай да бір ақпарды біліп тұрғанның өзінде онысын пайдаға жарата алмайды. Өйткені, лаборатория, жаңа жетілдірілген кабинеттер, лингафон сыныптары жоқ, ауылдағы оқушылар теория жүзінде алған білімін тәжірибеде пайдалана алмай отыр.

– Мұның қазақстандық қоғамның болашағы үшін қандай қаупі бар?

Жаслан Нұрбаев: Ауылдағы оқушының ЖОО-ға түсуіне қандай мүмкіндігі бар? Оның мектепте оқып жүрген кезінде қаладағы оқушыға «есе» жіберіп қоятынын ескеретін болсақ, сәйкесінше, грантқа түсуге, бюджеттік орын алуға мүмкіндігі де аз. Әрине, ауыл квотасы бар деуге болады, десе де, бұл әлі зерттелуі тиіс мәселе. Ауыл квотасы ауыл түлектері үшін қандай да бір мүмкіндік бола ала ма?

Бүгінде ауыл квотасымен көбіне-көп ауыл шаруашылығы және педагогикалық мамандыққа түседі. Былтырдан бері педагогикалық мамандыққа түсудің шекті балын 70-ке дейін көтерді, ҰБТ нәтижесі бойынша ауыл түлектерінің орта көрсеткіші әдетте 70 балға жетпейді. Бұл дегеніміз – ауылдағы оқушылардың басым бөлігі аталған мамандықтарға түсе де алмайды. Мұның соңы қайда апарады? Біріншіден, жас өрендер жоғары білім ала алмайды. Екіншіден, олар сәйкесінше білікті маман (жоғары біліктілік туралы айтудың өзі артық) бола алмайды. Үшіншіден, олар жыл сайын онсызда көбейіп жатқан қара жұмысшылардың қатарына қосылады.

Білімсіз адамның (қара жұмыстан) денсаулығы екі есе әлсіз келеді, ал заңға қайшы әрекеті артық болады. Мұның барлығы зерттеушілер мен құзыретті мекеме өкілдерінің осы мәселеге назар аударуы мен бұл түйткілдің шешімін табуы үшін жеткілікті деп ойлаймын.

– Үкімет бүгінгі таңда ауылды жердегі білім сапасының мәселесін шешуге қаншалықты мүдделі болып отыр?

Жаслан Нұрбаев: Егер сабақтастық, жүйе, жеткілікті қаржыландыру болса, мұндай мәселелер күнтәртібінде тұрмас еді. Бұл туралы ашық айтуға тырысамын. Кейбір мемлекеттік бағдарламаларда айқын қарама-қайшылық көрініс тапқан. Тіптен, мұны жеке (Білім және ғылым министрлігінің ішіндегі ауыл мектептерінің жүйесі) және жалпы (ведомствоаралық қарым-қатынас) жағдайда да кездестіруге болады. Егер тек БҒМ мен оның іс-әрекеті туралы айтатын болсақ, қандай қарама-қайшылық пен жүйе  кемшіліктерін байқауға болады?

Мәселен, 2011 жылы ресурстық орталық (тірек мектептер) жүйесі өз жұмысын бастады. Олардың қызметі ШКМ әдістемелік, методологиялық, ақпараттық қолдауға бағытталды. 2020-2025 арналған білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында бұл жүйеге ауылдағы білім сапасына қатысты мәселелерді шешуші нұсқалардың бірі ретінде әлі күнге дейін зор маңыз берілген. Қиындығы неде? Мұның бәрі ерікті бастамаларға негізделген. Ресурстық мектептердің оқу ісі жөніндегі орынбасарына ШКМ оқушыларына арнайы барып (выездной) дәріс өткізу, оны ұйымдастыру бойынша қосымша міндет жүктелген. Ал мектеп мұғалімдерінің жүктемесі онсыз да ауыр. Бұл тек көзге ұрынатын айқын қайшылық…

Қазақстанда жаңартылған мазмұндағы бағдарлама тарату кезеңінде «жетекші мектептер» құрыла бастады. Сол баяғы «тірек мектептердің» негізінде құрылды. Ойлап қараңыз, бір білім беру ұйымында «тірек мектеп» жүйесі де, «жетекші мектеп» жүйесі де бар, алайда мұның бәрі – жалаң энтузиазм. Бұл – оқытушылар құрамы үшін үш еселенген жүктеме. Мұндай жұмыс көлемін бір уақытта атқару әсте мүмкін емес.

Бір қызығы, бұл екі жүйе бір-бірімен ешқалай жанаспайды, өзара әрекеттесу деген жоқ. «Тірек мектеп» жүйесін бір ұйым, ал «жетекші мектеп» жүйесін екінші бір мекеме қадағалайды. Ендеше неге бұл орталықтар әртүрлі мектеп қабырғасында құрылмайды? 2-3 жылдан бері бұл жүйелер әртүрлі өлшемде қолданылып келеді әрі бір-біріне әжептәуір кедергі келтіруде.

– Білім беруді цифрландыру саласында қандай қайшылықтарды байқадыңыз? Биылғы пандемия бұл мәселенің, әсіресе, ауыл тұрғындары үшін қаншалықты өзекті екенін сан мәрте дәлелдеп берді емес пе?

Жаслан Нұрбаев: Бізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бар. Ол барлық елдімекендерді (оның ішінде ауылдарды) интернетпен қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ, Дүниежүзілік Банктің «Орта білім беруді жаңғырту» деп аталатын жобасы бар. Ол ауылдағы мектептерді мультимедиалық құрал-жабдықтармен қамтуға бағытталған. Қайшылық неде дейсіз ғой? Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, тек болашағы бар ауылдарға (3000-нан астам мектеп) интернет тартылуы керек, ал Дүниежүзілік Банктің жобасы бойынша 5400 ауыл мектебі заманауи құрылғылармен қамтылуы тиіс. Енді сұрақ: интернет тартылмайтын ауылдарға мұндай мультимедиалық құралдардың қажеті қанша? Оның үстіне, өкінішке қарай, бүгінгі таңда бұл екі бағдарлама да нәтижелі болмай тұр.

– ШКМ мәселелерін тыңғылықты зерттеуіңіз осы ауыл мектептерін компьютер және интернетпен қамтамасыз етуге қатысты тақырыптан басталды емес пе?

Жаслан Нұрбаев: Дұрыс айтасыз. 2018-2019 оқу жылындағы ең үлкен мәселе осы болды, өйткені ауылдағы шағын кешенді мектептерге электронды күнделік жүйесі енгізіліп, BilimLand платформасын қолдану міндеттелді. Мұғалімдерге қиындық тудырған мәселе – олардың заманауи жаңалықтарды меңгере алмауы емес еді. Тіпті зейнет жасындағы ұстаздардың өзі баяғыда-ақ компьютермен жұмыс істеуді еркін меңгеріп алған әрі интернеттің бабын тапқан. Мұндағы мәселе басқада – біріншіден, бұл – негізінен әкімшілік тарапынан болған қысым, ал екіншіден, мектептерде сапалы компьютерлер мен интернеттің болмауы.

Ауылда интернеттің болмауы, ондағы сапасыз құрылғылар көбіне жаңалық болды. Бұл мәселені көтергенімде, мұндай дерек-дәйектерге таң қалғандар көп болды. Өйткені мендегі санақ пен ресми статистиканың айырмашылығы орасан еді. Сенбегендер де, күмәнмен қарағандар да кездесті. Алайда уақыт өзі бәрін реттеп берді, мендегі деректердің туралығын бүгінде орын алған оқиғалар дәйектей түсті. Шынымды айтсам, дәл осы мәселенің алдағы уақытта – соншалық өзекті, ал зерттеудің осыншалықты сұранысқа ие болатынын күтпедім.

– Зерттеуіңізді әртүрлі ұсыныстармен қорытқан екенсіз. Олардың қайсысын бірінші кезекте жүзеге асыру керек деп ойлайсыз?

Жаслан Нұрбаев: Ауылдағы білім беруді ондағы ауыл шаруашылығынан, инфрақұрылымнан, өндірістен бөліп-жарып қарауға болмайды. Бұл – қала емес, кішкентай ғана қауымдастық, ондағы халық бір-бірін өте жақсы таниды. Онда мүлдем бөлек қарым-қатынас бар, сондықтан, қандай да бір шешім туралы айту керек болса, Маркс пен Энгельске жүгінетінім анық. Әлбетте, бұл – қаржыландыру. Яғни, ауыл мектептерін бөлек қаржыландыру керек деп санаймын.

Десек те, қаржыландырумен бүткіл мәселе шешіле қоймайды, егер мемлекеттік шешімдердегі, реформалардағы, бағдарламалардағы өзара қайшылық, жүйесіздік жалғаса берсе, ақша желге ұшқанмен бірдей болады. Мұнда дұрыс басқарудың қаншалықты маңызды екенін түсінуіміз керек.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен жалпы ауылдағы ахуалды көтермейінше, ондағы білім сапасын арттыру әсте мүмкін емес. Қаңырап тұрған ауылдарды көрсең, жүрегің ауырады. Ондағы халыққа жағдай жасалмағаны соншалық, әлі күнге дейін тоқсаныншы жалдардың тауқыметінде өмір сүріп жатқандай көрінеді – көбінде шарасыздық. Шешім қабылдайтын құзыретті тұлғаларға ұсынысым, алдыңғы қатарлы ауылдарға ғана барып қоймай, шалғайдағы елдімекендерге де ат басын бұрғаны абзал: төбе шашы тік тұрып, жағдайдың бәрі керемет еместігіне көз жеткізер еді. Десе де, қазіргі таңда БҒМ бұрыңғы жылдармен салыстырғанда жүйедегі кемшіліктерді ашық мойындай бастады, қуантарлық жайт.

 

Бота Аязбаева, Сорос-Қазақстан қорының бағдарламалар директоры: Біз әртүрлі саладағы, соның ішінде сапалы білім берудің қолжетімді болуына қатысты түйткілді мәселелердің шешімін табуға бағытталған қолданбалы зерттеулерді әрдайым қолдаймыз. Бұл мәселе салмақты әрі кешенді талдауды талап етеді. Мұндай тақырыптар барлық мүдделі тараптың қатысуымен өтетін ашық пікірталастардың бөлшегіне айналуы тиіс. Осы орайда, қоғамдық диалог құруға әрі оны қарқынды һәм жан-жақты дамытуға ынталымыз.

 

Жаслан Нұрбаевтың “Орта білім беру жүйесіндегі теңсіздік: ҚР шағын жинақты мектептерін реформалау саясатының талдамасы” зерттеуін мына сілтеме арқылы жүктеп оқи аласыздар.