23 қазан күні Астанада ҚазМЗУ қысқы залында фотожурналистердің ең үздік жұмыстарын көрсететін жыл сайынғы World Press Photo 2018 көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Іс-шара кезінде World Press Photo өкілі, көрме тәлімгері Джерзи Бринкофтың қатысуымен журналистерге арнап баспасөз сапары ұйымдастырылып, онда өткен жылдағы ең маңызды оқиғаларды бейнелеген ең үздік жұмыстар таныстырылды.
Көрме 2018 жылдың 10 желтоқсанындағы Халықаралық адам құқығы күніне орай ашылып отыр. Биыл 125 елден 4,5 мың фотосуретшінің 73 мыңға жуық суреті байқауға жіберілді. Орташа есеппен алғанда жыл сайын көрмені тамашалауға 45 елдің 100 қаласында екі миллионға жуық адам келеді. Көрме бейкоммерциялық сипатта өтеді.
Биыл жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарына 42 адам кіріп отыр. Іс-шара ұйымдастырушылары – Нидерланд Корольдігінің елшілігі, Сорос-Қазақстан қоры және «Еркіндік қанаты» Қоғамдық қоры. Ашылу салтанатында сәлемсөзбен Қазақстандағы Нидерланд елшісі Дирк Ян Коп шықты. «Нидерланд Елшілігі World Press Photo көрмесін Қазақстанда осымен үшінші мәрте ұйымдастырып отыр. Биыл көрме 4 қалада өтуде. Сөз бостандығы көз бостандығынан басталады», – деп атап өтті ол.
Осыған дейін көрме Астана, Алматы, Қарағанды және Өскеменде 2013 және 2014 жылдары өткізілген болатын. Биыл да көрме Қазақстанның төрт қаласында – Астана, Қарағанды, Алматы және Шымкентте өтіп жатыр. Көрме әрбір қалада екі аптаға созылады.
«Жылдың фотосуреті-2018» бас аталымында Венесуэладан қатысқан фотосуретші Роналдо Шемидтің жұмысы жеңіске жетті. Оның фотосуретінде 2017 жылдың 3 мамырында Каракастағы үкіметке қарсы бұқаралық шеруге қатысқан, газтұтқыш киіп жүгіріп бара жатқан 28 жасар Хосе Виктор Саласар Балса бейнесі түсірілген.
Ашылу салтанатында Сорос-Қазақстан қоры басқарма төрағасы Антон Артемьев қор білім беру және көрмелік жобалар арқылы қазақстандық фотодокументалистиканы дамытуға бағытталған жобаларға талай мәрте қолдау көрсетіп келе жатқандығын атап өтті. Оның мысалы ретінде ол NOOR Foundation ұймдастырған визуалды сторителлинг воркшобын келтірді. Бұл жас қазақстандық фотосуретшілердің көрмесі аясында фотодеректі жобалар өткен жылы Алматыда өткен «20 жылдан кейін» атты көрменің бір бөлігіне айналды.
«Биыл Қазақстандағы World Press Photo көрмесі шеберлердің жұмыстарын тамашалап қана қоймай, сонымен бірге, олардан шеберлік сабақтар кезінде үйренуге мүмкіндік бермек. Осы көрмені өз елімізде ұйымдастыру біз үшін үлкен құрмет. Қазақстандықтар бүкіл әлемді өзіне қаратып, ұжымдық зерденің бір бөлігіне айналған фотосуреттерді өз көзімен тамашалай алатындығына қуаынштымыз», – деп атап өтті Сорос-Қазақстан қоры басқарма төрағасы Антон Артемьев.
Биыл тұңғыш рет көрме аясында ұйымдастырушылар «Фотосурет қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді көрсетуге, сондай-ақ, адам құқығы мен сөз бостандығын әспеттеуге арналған құрал ретінде» деген тақырыпта атақты фотосуретші Валерий Мельниковтың кәсіби фотосуретшілерге және деректі фотосуреттерді сүйетін қауымға арналған шеберлік сабағын өткізейін деп отыр.
Анықтама.
World Press Photo қоры 1995 жылдан бастап Нидерланд Корольдігі ханзадасының қамқорлығымен жұмыс жасап келе жатқан тәуелсіз фотожурналистикаға және бүкіл әлемде еркін ақпарат бөлісуге арналған бірегей алаң болып табылады. Кәсіби фотосуретшілерден және БАҚ фоторедакторларынан тұратын тәуелсіз халықаралық қазылар алқасы жыл сайын жер жүзінің түкпір-түкпірінде жұмыс жасайтын фотожурналистердің, агенттіктердің, газет пен журналдардың үміткерлерінің жұмыстарын 9 түрлі санатта бағалайды. Байқау нәтижелері жарияланған соң жыл сайын Амстердамда екі ай бойы World Press Photo 2018 жеңімпаздарының жұмыстары көрсетіледі, кейін бұл суреттер бүкіл әлемді саяхаттауға жіберіледі.
World Press Photo халықаралық фотобайқауында жеңіске жеткен жұмыс көрмелері аясында Нидерланд Корольдігінің Елшілігі 2018 жылдың 10 желтоқсанындағы Халықаралық Адам құқығы күніне орай әлеуметтік маңызға ие тақырыптарға арналған фотосуреттер онлайн-байқауын ұйымдастырады. Қатысу шарттары жайлы толығырақ ақпаратты мына сілтемеден алуыңызға болады: https://www.facebook.com/events/740659119615630/ .