04/12/2019
Алматыда «Живая память» атты ұжымдық монографияның тұсаукесері мен көрмесі өтті
03/12/2019
Президенттер баспасөзге қарсы
05/12/2019

Демократия дағдарысынан соң не күтіп тұр?

ПРИНСТОН – Бүкіл әлемде демократияға қатер төніп тұрғанын қазір ешкім терістей алмайды. Көп жұрт демократияның өздері үшін жұмыс істеп жатқанына, оның тіпті дұрыс жұмыс істеп тұрғанына күмәнмен қарайды. Сайлау шынайы өмірдің нәтижесін бермейді, тек қазіргі әлеуметтік-саяси жарықшақтарды одан сайын тереңдете түседі. Демократия дағдарысы – негізінен өкілдік дағдарысы, нақты айтсақ, сол өкілдіктің мүлде болмауы деуге болады.

Мәселен, Испания мен Израильдегі соңғы сайлаулар нәтижесіз әрі түңілдірерлік болды. Ал әлемдегі демократияның бұрыннан келе жатқан басты қорғаны – Америка Құрама Штаттары азшылықтың қолдауымен сайланып, демократия нормалары мен заң үстемдігін келемеж қылып жатқан президенттің кесірінен конституциялық дағдарысқа ұшырады.

Ал 12 желтоқсанда жалпыұлттық сайлау өтетін Ұлыбританияда екі басты партия мен олардың басшылары халыққа ұнамай кетті, ал олардың негізгі баламасы – либерал-демократтар бос кеңістікті толтыруға бар күшін салып жатыр. Тек аймақтық партиялар – Шотландия ұлттық партиясы, Уэльстегі Plaid Cymru және Солтүстік Ирландиядағы демократ-юнионистер біршама сенімге ие болып отыр. Ал Германияда “шаршаған” үлкен коалицияға да көңілі толмайтындардың саны артып барады.

Көп сарапшы қазіргі демократиядан шаршауды екі дүниежүзілік соғыстың арасындағы жалығумен салыстырады. Бірақ мұнда бір айқын айырмашылық бар: алдыңғы демократия дағдарысы Алапат тоқыраумен байланысты болса, бұл жолы дағдарыс жұмыссыздық деңгейі өте төмен тұста туындап отыр. Қазір жұрттың көбі экономикалық қауіпті сезінетіні рас, дегенмен қазіргі дағдарыс бұрынғы дағдарыстың дәл көшірмесі деп айта қою қиын.

Екі соғыс арасындағы жылдары демократиялық басқару өкілдіктің түрлі формаларын пайдалануға қарай бейімделген. Сол кезде мұның ең лайықты түрі корпоративизм болды, онда заңды түрде ұйымдасқан мүдделі топтар белгілі бір мамандық пен экономика саласының атынан үкіметпен келіссөз жүргізетін. Соның арқасында сайланған өкілдік органдарға қарағанда зауыт жұмысшыларының, фермерлердің тіпті жұмыс берушілердің ұйымдары лайықты шешім қабылдауға қауқарлы болатын. Ал парламенттер болса, шешілмейтін саяси тартыстардың алаңына айналған ебедейсіз ұйымға айналған.

Екі соғыс аралығындағы корпоративистік модель қазір жиіркенішті көрінеді, оның бір себебі ол Италияның фашист диктаторы Бенито Муссолинимен байланыстырылады. Алайда, біраз уақыт бойы Муссолинидің тәсілі саяси көзқарасы мүлде басқа түрлі саясаткерлерді қызықтырып келді. Мәселен, АҚШ президенті Франклин Д. Рузвельттің “Жаңа келісім” туралы әу бастағы көзқарасында корпоративизм элементтері көп еді. Мәселен, ол кәсіподақтар мен өнеркәсіп ұйымдарымен келіссөздер арқасында бағаны бақылап отыруды ұсынды. Бұл корпоративистік ережелерді ұмытқан себебіміз – 1935 жылы Жоғарғы сот 1933 жылғы Ұлттық өнеркәсіпті қалпына келтіру актісінің бірінші бөлімін конституцияға сай емес деп тапты.

Бірақ әрине, осы кезеңдегі сайлаулар мен псевдо-сайлаулар да тек Еуропада ғана емес, сондай-ақ Азия мен Оңтүстік Америкада диктатуралар туғызды. Осы ауыр жағдайлардың кесірінен соғыстан кейінгі кезеңде демократия жаңа ішкі конституциялық және құқықтың шеңберлердің және халықаралық міндеттемелердің аясында шектеліп қалды.

Құрлықтық Еуропа мен Жапонияда демократия көбіне әскери жеңілістің салдарынан күштеп таңылды, яғни ережелер сырттан бекітілді және оған ешқандай ресми қарсылық білдіру мүмкіндігі болған жоқ. Кейіннен Еуропа экономикалық қауымдастығы, одан кейін Еуропа одағы формасындағы интеграция қалыптасқан нормаларды сақтау жолында өкім шығару және іске асыру жүйесі ретінде көрініс тапты. Кең ауқымда қарасақ, халықаралық келісімдер белгілі бір ережелерді бұзу, олардан қашып құтылу мүмкін емес деген қағидаға негізделі, оларға демократиялық және басқа жолмен шек келтіруге болмайтын болды.

Бұл жаңа құқықтық шектеулер әскери тұрғыда күшейе түсті. Халықаралық альянстар ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету құралдары ретінде таныстырылды. Алғашқы бас хатшысы Лорд Исмейдің әйгілі сөзімен айтсақ, НАТО “Орыстарды – сыртта, америкалықтарды – іште, немістерді – төменде” ұстап тұру мақсатын көздеді.

Соғыстан кейінгі тұрақтылықты қамтамасыз еткен осы бір тұрақтылықтың ерекше механизм 2003 жылғы Ирак соғысы мен 2007-2008 жылдардағы ғаламдық қаржы дағдарысы кезіндегі АҚШ легитимділігінің күрт құлдырауынан бұрын-ақ сетіней бастаған еді. Еуроодақты “жардан құлағалы тұрған ұйым”, ал НАТО-ны “миы өліп қалған” альянс деп сипаттаған Франция президенті Эммануэль Макронның сөзі рас. Президент Дональд Трамп басқарған АҚШ-тың, сонымен бірге НАТО-ның стратегиялық ойлау қабілеті де, трансатлантикалық мүдделерді қорғау құлқы да жоқ.

Соғыстан кейінгі тәртіпті көбіне оның нағыз демократиялық таңдау мүмкіндігін бермейді деп сынайтын. Сондықтан, Батыстың саясаттанушылары жаппай демобилизациялау туралы айта бастады. Германияда радикал оңшылдар пайда болардан көп уақыт бұрын бұл елдегі интеллектуалдар “дауыс берудің маңызы жоқ, ал қазіргі заман – сал болып қалған “летарократияның” атынан әрекет ететін өзін-өзі шектеген салмақтылардың заманы” деген еді.

Демек, қазіргі мақсат – демократиялық инклюзивтіліктің ауқымын ұлғайту. Ескі стильдегі корпоративизм бұған жауап бола алмайды, себебі жұрттың көбі өздерін тек бір саланың маманы деп айта алмайды. Сол сияқтыл, халықаралық ережелерге негізделген технократия туралы пікірлер де бәсеңдеп барады, дегенмен халыққа игілік әкелу үшін халықаралық ұйымдар (соның ішінде Еуроодақтың, тіпті НАТО-ның) әлі де қажет.

Қазір адамның тұлғасы түрлі факторлар арқылы анықталады. Адамдардың көбі контекстке қарай өздерін тұтынушы, өндіруші, жақын адам, ата-ана, азамат, бір ауаны жұтып жүрген кісі деп сипаттайды. Жиі қайталанатын және нақты анықтамасы бар таңдаулар саяси көзқарастарға аударылуы тиіс.

Бағымызға қарай, қазіргі технологиялар көмекке келе алады. Қатысудың төмендеуімен күрестегі анық шешім – электронды сайлау, дауыс беру және петиция білдіру, яғни цифрлық азаматтық. Әрине, қандай шешімдерді пікір алмасу мен дауыс берудің жаңа, тікелей формалары арқылы қабылдайтынымызды ойланып алу өте маңызды. Бұл механизмдер қайшылықты, халықты бөлшектейтін ірі таңдауларға қатысты қолданылмағаны жөн. Бірақ, теміржол мен тас жол жүргізілетін жер, ауаның ластануын бақылау, электр энергиясының бағасы сияқты күнделікті, тұрмыстық мәселелерді шешуде олардың көмегі тиюі мүмкін.

Демократиялық жаңаруға қатысты бұл көзқарас Эстония сияқты шағын елдерде тиімді жүзеге асуы ықтимал, бұл ел қазірдің өзінде сандық азаматтық пен электронды тіркеу сияқты істерді қолға алды. Жекелеген қалалар да осыны істеп, ірі саяси құрылымдарға үлгі көрсетуі керек. Жаһандағы демократия дағдарысынан шығу жолындағы алғашқы қадам – өкілдік мәселесін жергілікті деңгейде ойластыру болса керек.