Аристотель адамзатқа «саясат жасаушы жануар» деген анықтама береді. Бұл тұста «саясат» сөзі бүгінгі билікке ұмтылу мағынасында қолданылып тұрған жоқ. Мұндағы ұғымы «қоғам қалыптастырушы» дегенге саяды. Осы әлеуметтің әлеуетін арттыруға түрткі болып отырған бұқаралық алаң, яғни «қоғам қалыптастырушы» орта бүгінде қазақшалануда. Күні кеше SmartPoint алаңында өткен Urban Forum Qazaqsha жобасы осы тұжырымымызды тұздықтайды.
Қалалануды, алып шаһардағы әлеуметтік ахуалды әлеуетке қолайлы етуді көздейтін Урбан форум алаңы енді қазақтілді жастар үшін де қолжетімді болды. Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен үшінші жыл қатарынан өтіп жатқан шараны Urban Forum Kazakhstan ұйымы ұйымдастырды.
Жиынның алғысөзін сөйлеу қор жетекшісі Әділ Нұрмақовқа жүктелген екен, ол «Урбанистика – тек сәулет өнері емес, бұл қала тұрмысына бей-жай қарамай, ондағы қоғамдық мәселелерді реттеуге тұрғындарды тарту» деп атап өтіп, бүгінге дейін орыстілді жастармен өндірімді жұмыс істеп, бірқатар оңтайлы жобаларды жүзеге асырғанын айтты.
Форум жұмысына сәттілік тілей келген Сорос-Қазақстан қоры Қамқоршылар кеңесінің мүшесі Берік Әбдіғалиұлы аталмыш шараның маңызына тоқталды. «Бүгінгі таңда қала жұмысын әкімдіктер арқылы ғана басқару әсте мүмкін емес – шаһар тұрмысының туралануына тұрғындарының да атсалысатыны әлемдік үрдіс болғалы қашан. Бұл орайда, мұндай форум ұйымдастыру аса өзекті» дейді ол.
Урбан форумның жастарға арналған бағдарламасы үш панельдік сессия мен екі шеберлік сағаттан тұрды. Алғашқы сессия «Қалалық ортаны жастар қалай қабылдайды?» дейтін сауал төңірегінде өрбіді. Бұл орайда PaperLab өкілі, әлеументтанушы Серік Бейсембай алматылық 400 студенттің қатысуымен жүргізілген әлеуметтік зерттеуін келушілер назарына ұсынды. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақ студент жастары Алматыны бірінші кезекте білім алу ошағы, оқу ордасы ретінде қабылдайды екен, бұл шаһар – алыстан іздегені ілім, көздегені білім болған жастарға ыңғайлы орта ұсына алатын қолайлы мекен. «Жас буын өкілдері қаланың артықшылығы ретінде көбіне мұндағы көңіл көтеру мен жаңа таныстықтың зор мүмкіндіктерін атайды. Бұл, әсіресе, Алматыға келгенге дейін облыс орталықтары мен кішігірім қалаларда тұрған адамдар үшін аса маңызды. Ал ауыл жастары көбіне өзін-өзі дамыту, спортпен айналысу мүмкіндігін жоғары бағалайды» дейді Серік.
Оқуын аяқтағаннан кейін Алматыда тұрақтап қалу – қазақ жастарының, әсіресе, ауылдан келгендердің негізгі өмірлік ұстанымы екенін де байқадық. Ал облыс орталықтарынан, кішігірім қалалардан келген студенттер көбіне шетелге кетуді қалайды екен. Жастардың қалаға бейімделу кезеңі де бұл зерттеудің аясына кірген екен, нәтиже мынадай: олардың басым көпшілігі өздерін толыққанды немесе жартылай алматылық сезінеді. «Жастардың қалада өмір сүру мерзімі ұзарған сайын, олар өздерін мейлінше қалалық сезіне бастайды. Студенттер тек оқудың алғашқы жылында қала тіршілігіне үйрене алмайды. Әдетте жаңадан келгендердің төрттен бірі мен таза қазақша сөйлейтіндердің бестен бір бөлігі өздерін бөтен сезінеді. Қазақ және орыс тілдерін тең меңгерген қостілділер бұл тұста ешбір проблемамен бетпе-бет келмейтінін айтады, яғни қаланы жерсінуі жылдам» дейді әлеуметтанушы.
Алматыдағы студенттер үшін көбіне қоғамдық орындар, серуендеуге арналған саябақтар, ойын-сауық орталықтары және тау мен табиғат аясы демалуға аса ыңғайлы. Жастардың басым бөлігі Арбат, Медеу, Көктөбе және «Мега» сауда және ойын-сауық орталығында жиі уақыт өткізеді.
Респонденттердің қаладағы проблемаларға қызығушылық танытуы олардың әлеуметтік статусына тікелей байланысты екен. Негізінен, студенттерді оқу ақысының қымбаттығы мен көшелердегі көлік кептелісі көп алаңдатады. Бұл тізім ауаның ластануы, тұрғын үй мәселесі, криминалдық жағдай және коммуналдық төлемдердің қымбаттауы деп жалғаса береді. Қаланың тұрмыс-тіршілігіне басқа қалалардан келген студенттерге қарағанда ауыл жастары наразы. Олар көбіне көлік кептелісі, тұрғын үй мәселесі мен қоғамдық көлік жұмысының нашарлығын тілге тиек етіпті.
Жалпы қазақ жастары қаланы көркейтуге бағытталған жобаларға қатысуға үлкен қызығушылық танытады делінді зерттеу қорытындысында. Мұнда Алматыда 1-2 көлемінде тұрып жатқан, қазақ және орыс тілдерін тең меңгерген жастар әсіресе белсенді. Бұл істе көбіне енжарлық танытатын – қалаға жаңадан келген және таза қазақша сөйлейтін жастар екен. «Жастардың көпшілігі қаладағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобаларға қатысуға дайын. Алайда олардың көбі мұны қалай жүзеге асыру керектігін білмейді. Респонденттердің басым бөлігінде волонтерлік тәжірибе жоқ» дейді Серік мырза. Қазақтілді жастардың белсенділігін басып отырған бірқатар көрсеткіштер де атап өткен зерттеуші: «Біріншіден, қоғамдық жұмыстарға қатысуы үшін азаматтардың бірден бастамашыл, әкімшілік тәсілдерге жүгінуі. Олардың ойынша, мұндай істе қатысушылардың басын біріктіріп, оларға тапсырма беріп отыратын куратор болуы керек. Сондай-ақ қаладағы проблемаларды шешу ісі тікелей биліктің міндеті, ал азаматтардың мұндай жұмыстарға ықпалы шамалы деген түсінік қалыптасқан. Жастар белсенділігіне кедергі боп тұрған екінші көрсеткіш – олар қоғамның мүддесін қорғау үшін бастама көтеру аса қауіпті деп есептейді. Мәселен ерсі қылығы үшін жасалған қоғамдық ескертулер сынға ұшыраған тараптың ашуын тудыруы мүмкін, бұл – қауіпті» екенін тілге тиек етті.
Белсенді азаматтар тобын қалыптастыруды мақсат тұтатын WeAlmaty ұйымының жетекшісі Захира Бегалиева жастарды бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Үш жылдан бері Алматыдағы бизнес ортаға қолайлы жағдай жасауға, әлеуметтік-мәдени саладағы мәселелерді шешуге үлесін қосып жүрген бұл ұйым жетекшісі жастардың қаланы көркейтуге бағытталған жобаларына қолдау көрсететін айтты.
Әділ Нұрмақов бүгінгі қалалану процесіне, оның проблемаларына қатысты пікірталқы, іс-шаралар тек орыс тілінде өтетінін сөз етіп, бұл салада қазақтілділердің белсенділігі төмен деген пікір айтты. Бұл орайда, Серік Бейсембайдың зерттеу нәтижесі қазақ жастарының көбіне мемлекеттік тіл мәселесіне, оның мәртебесіне аса алаңдайтынын көрсетіп отыр. «Олар үшін қалалық ортада қазақ тілінің өмір сүруі аса маңызды. Жастар арасында мемтілді әдейі елемеу арқылы оның мәртебесіне нұқсан келтіруде деген пікір басым. Барлығына дерлік шаралардың қазақ тілінде өтуі өте маңызды. Бұған, әсіресе, күнделікті өмірде тек қазақша сөйлейтін жастар наразы» дейді әлеуметтанушы.
Жиын соңында Берік Әбдіғалиұлының аталмыш шараға қатысты бірқатар ұсыныстар айтты. Бірінші кезекте, мұндай форумдарға республика бойынша жастарды тарту керектігі сөз етілді. «Еліміздің үлкенді-кішілі аймақтарының бәрінде қазақтілді белсенді аудитория бар. Осы сияқты жиындарға олардың қатысуы үшін түрлі қоғамдық (жастар) ұйымдармен алдын-ала байланыс орнату қажет. Сондай-ақ, әлеуметтік зерттеуге студенттерден бөлек, жұмысшы жастарды да алуымыз қажет. Олардың әлеуметтік паспортын анықтау аса маңызды» деді ол. Бұдан өзге, халыққа, әсіресе, қазақтілді тұрғындарға қаладағы ортаның қолайлы болуын басым бағытқа алу қажеттігі айтылды. «Шаһардағы ғимараттардың көрікті болғаны жақсы, әрине. Алайды, олардың көңілі алаңдап отырған өзге де проблемалары болуы бек мүмкін. Сондықтан, «қала тұрғындарының басым көпшілігінің басты құндылығы қайсы?» дейтін сауал төңірегінде ойланғанымыз да абзал» дейді Берік мырза. Сонымен қатар, қала өміріне қатысы бар проблемалардың шешімін табуына әкімдіктерді жұмылдыру қажеттігі де айтылды.
Сорос-Қазақстан қоры 2016 жылдан бері қала тұрмысын дамытуға бағытталған жобаларға қолдау көрсетіп келеді. «Сол жылы Қор Жаңа азаматтық бастамалар бағдарламасы аясында Urban Forum Almaty-мен (кейіннен Urban Forum Kazakhstan болып өзгерді) бірлесе отырып, азаматтарды шешім қабылдау процесіне қатыстыру, қаламызды көркейтуге бағытталған жобалардың конкурсын жариялаған болатын. Бұл сайысқа сексеннен астам өтінім түсіп, оның сегізі қор тарапынан қолдауға ие болды. «Ал 2017 жылы біз осыған ұқсас жаңа сайыс жарияладық. Бір ерекшелігі – ұсынылатын жобалар міндетті түрде Алматының орталық аудандарынан тыс, шалғай аудандарда жүзеге асырылуы тиіс еді. Осындай аудандардың полицентристік тұрғыдан, яғни, қаланың барлық аудандарының біркелкі, кешенді түрде өркендеуі және әлеуметтік капиталды дамыту біздің жұмысымыздың басты басымдылықтардың біріне айналды. Осы жолы да сайысқа өте көп өтінім келіп түсті, соның алтауы қолдауға ие болды. Атап айтсақ, Тастақтағы Көршілер театры, Қарасу көлі айналасындағы қауымдастық, және т.б.» деді СҚҚ Бағдарламалар жетекшісінің міндетін атқарушы Бота Аязбаева.
Үш жылдан бері тұрақты өткізіліп жүрген мұндай конкурстар нәтижесінде қаламыздың орталығы мен шалғай аймақтарындағы бірқатар проблемалар өз шешімін тапқан. СҚҚ жылдағы игі дәстүрді жалғап, биыл да еліміздің қалаларын дамытуға бағытталған әлеуметтік әлеуеті жоғары жобаларды жүзеге асыру конкурсын жариялапты. Оған Алматы қаласынан өзге барлық қалалардан 106 сұраным келіп түсті. Жалпы грант қоры 30 500 000 теңге болатын байқаудың жеңімпаздары жақын күндері жария болмақ.