29/10/2019
Ғаламдық капитализмді сақтап қалуға бола ма?
29/10/2019
Мамандарға қамқорлық: қиын кезеңге практикалық кеңестер
22/04/2020

Трампты қолға үйрету

Қазіргі кезде Доналд Трамптың күтпеген жерден сайлауда жеңуімен қатар, оның мемлекетті басқаруына байланысты келесі сұрақ туындайды — ол өзінің сайлау науқанында жарияланған радикалдық популизмді ме әлде прагматикалық, орталықшыл бағытты таңдар ма екен?

Егер Трамп өзін жеңіске жеткізген сайлау науқанында жариялағандай басқарса, онда біз АҚШ-та және дүниежүзі бойынша нарықтық үрейді ғана емес, сонымен қатар әлеуетті елеулі экономикалық зиянның орын алуын да күте аламыз. Бірақ оның мүлдем басқа басқару бағытын таңдайды деп тосуға жақсы бір себеп бар.

Радикалды популист жолын таңдаса, Трамп Транс-Тынық мұхиты серіктестігін (ТТМС) бұзып, Солтүстік Американдық Еркін Сауда жөніндегі Келісімнің (НАФТА) күшін жойып, Қытай импортына жоғары тарифтерді қолданар еді. Сонымен қатар ол өзі уәде берген АҚШ-Мексика шекарасында дауал орнатып; миллиондаған құжатсыз жүрген жұмысшыларды депортациялап; технологиялық секторға қажетті білікті мамандар үшін H1B визасын шектеп; және миллиондаған адамдарды медициналық сақтандырусыз қалдыратын Қолжетімді Күтім Актісін (Obamacare) толықтай жояр еді.

Жалпы, радикалды Трамп айтарлықтай АҚШ бюджет тапшылығын ұлғайтар еді. Ол корпорациялар мен жеке ауқатты тұлғаларға салынатын табыс салығының мөлшерін күрт азайтар еді. Салық базасын кеңейтіп, пайданың пайызы салығын үлкейтіп, және компанияларды шетелдік табыстарын қайтаруға ынталандырса да, оның жоспары мемлекеттің бюджетіне әсерсіз қалмайды.

Ол инфрақұрылым тәрізді салаларда мемлекеттік және әскери сектор шығындарын ұлғайтып, сонымен қатар оның салық қысқартулары он жылда мемлекеттік кірісті 9 триллион АҚШ долларына азайтар еді.

Радикалды Трамп қазіргі монетарлық саясат жүргізу тәсілін түбегейлі өзгертер еді- біріншіден, АҚШ Федералды Резерв жүйесінің басшысы Джанет Йелленді монетарист қаршығамен ауыстырып, кейін Федералды Кеңестегі ағымдағы мен алдағы бос жұмыс орындарын сондай адамдармен толтырар еді. Сонымен қатар, ол 2010 жылғы Додд-Франк қаржы реформаларының күшін мүмкіндігінше жойып; Тұтынушыларды Қаржылық Қорғау Бюросының астаң-кестеңін шығарып; баламалы энергия субсидиялары мен экологиялық ережелерді азайтып; және үлкен бизнестерге зақым келтіре алатын барлық басқа ереже-талаптарды қысқартар еді.

Ақыр соңында, радикалды Трамптың сыртқы саясаты Американың альянстарын тұрақсыздандырып, қарсыластарымен шиеленістері артар еді. Оның протекционистік позициясы әлемдік сауда соғысын туындырып, ал одақтастары өз қорғаныстарына төлесін деген пайымдауы қауіпті ядролық қаруды таратуға әкеліп және әлемдік сахнада американдық көшбасшылықты төмендетеді.

Бірақ, шын мәнінде, Трамп прагматикалық, орталықшыл саясатын жүргізетіні ықтимал. Біріншіден, Трамп «мәміле өнерімен» рахаттанатын бизнесмен, сондықтан ол өресіз, ойы шектеулі идеологқа қарағанда прагматикке жақынырақ екені анық. Популист ретінде сайлауға қатысуы тактикалық таңдау болды, және бұл шешім оның терең нанымдарын көрсетпейді.

Шынында да, Трамп, өзінің бүкіл өмірін басқа бай кәсіпкерлер арасында өткізіп жүрген жылжымайтын мүлік магнаты. Ол саясаттағы замануи үрдістерге жұмысшы табындағы Республикашылдар мен «Рейган Демократтарына» астыртын болысу арқылы жол тапқан зерек және тәжиребелі нарық қызметкері; олардың ішінде Вермонт Сенаторы Берни Сандерсті Демократиялық праймеризде қолдағандар да болды. Бұл оған дәстүрлі бизнес, Уолл Стрит, және жаһандануды қолдайтын толып жатқан саясаткерлердің ішінде ерекшеленіп тұруға мүмкіндік берді.

Билікке келгенде, Трамп өзінің қолдаушыларының көңілін табу үшін, символикалық түрде оларға «қызыл ет» тастап, шын мәнінде, Республикашылардың жылдар бойы жақтаған, «байлықтың жоғарыдан төмен ағу» (trickle-down) және ұсыным экономикасы саясаттарына қайта бет бұрады. Трамптың вице-президент ретінде тағайындалған Майк Пенс — АҚШ Респубикалық партиясының басқармасындағы саясаткер, және оның сайлау науқанының экономикалық сұрақтар бойынша кеңесшілері бай бизнесмендер, қаржы қызметкерлері, жылжымайтын мүлік әзірлеушілері және ұсыным саясатын қолдайтын экономистер болды.

Оның үстіне, Трамп қазірдің өзінде, негізгі Республикашыларды өзінің үкімет кабинетіне қарастыруда деп хабарланады, олардың ішінде АҚШ Конгресі өкілдер палатасының бұрынғы спикері Ньют Гингрич, Теннесси штатының сенаторы Боб Коркер, Алабама сенаторы Джеф Сешнс және Goldman Sachs бұрынғы басшысы Стивен Мнучин (ол Трамптың сайлау науқаны кезінде кеңесшісі де болды).

Трамп тағайындайтын дәстүрлі республиканшылар және бизнес басшылары содан кейін оның саясатын қалыптастыратын болады. Атқарушы билік төменгідей шешім қабылдау процесін ұстанады — тиісті департаменттер мен агенттіктер берілген сценарийлердің тәуекелдері мен пайданы анықтайды, содан кейін шектеулі саясат таңдаулары мәзірін президентке ұсынады. Ал, Трамптың тәжірибесіз екенін ескерсек, ол бұрынғы президенттер Рональд Рейган мен Джордж Буш сияқты өзінің кеңесшілеріне тәуелді болады.

Трампты, сондай-ақ Конгресс орталыққа итереді, оған кез келген заңнама қабылдау үшін Конгреспен жұмыс істеуі тура келеді. АҚШ конгресі өкілдер палатасының спикері Пол Райан және Сенаттағы республикалық көшбасшылық құрамы, сауда, көші-қон және бюджет тапшылығы жайында Трампқа қарағанда негізгі ресубликашыл пікірлерді ұстанады. Сонымен қатар, Сенаттағы демократиялық азшылық Трамп ұсынатын кез келген радикалды реформаларға қатты флибустьерлік рәсімді, яғни шешімді созуды қолдана алады, әсіресе олар американдық саясаттың үшінші рельс түрі- әлеуметтік қауіпсіздік және тегін медициналық көмек көрсету жайында болса.

Трамп, сондай-ақ Американының саяси жүйесінде өкімет билігінің бөлінуі, ФРЖ тәрізді біркелкі тәуелсіз мемлекеттік органдары, сондай-ақ еркін және жанды баспасөзбен тексеріледі.

Бірақ нарықтың өзі Трамп үшін ірі шектеу болады. Егер ол радикалды популистік саясатын жүргізуге тырысса, әсері жүйрік және жазалаушы болады: акциялар құлдырайды, доллар түседі, инвесторлар АҚШ-тың Қазынашылық облигацияларына қашады, алтын бағасы өседі, т.б. болады. Алайда, егер Трамп қауіпсіз популистік саясатты негізгі Pro-бизнес саясатымен қосса, онда ол нарықтың шөгуіне тап болмайды. Енді ол сайлауда жеңіске жетті және оған қауіпсіздіктен гөрі популизмді таңдауға аз негіз бар.

Прагматикалық Трамп төрағалығының әсерлері радикалды сценарийге қарағанда әлдеқайда шектеулі болар еді. Біріншіден, ол әлі де ТТМС-ті жояр еді; бірақ, Хиллари Клинтон де солай жасар еді. Ол НАФТА күшін жоямын деп хабарлаған, бірақ оның неғұрлым американдық көк жағалылар жұмысшыларға тағзым ретінде кішкене өзгертуге тырысуы ғана ықтимал. Және прагматикалық Трамп Қытайдан импортты шектейм десе де, оны іске асыру жолдары қытай тауарларына «мақсатты демпингтік» тарифтерге қарсы соңғы Дүниежүзілік сауда ұйымы қаулысымен шектелген болады. Аутсайдер үміткерлер көбінесе сайлау алдындағы науқан барысында Қытайға соққы береді, бірақ билікке жеткенде ынтымақтастық олардың өз мүдделерінде екенін тез түсінеді.

Өткен жылдармен салыстырғанда аз жаңа иммигранттар келіп жатса да, Трамп, бәлкім, Мексика шекарасында дауалын салып жатар. Бірақ ол, ең алдымен, 5-10 миллион адамды депортациялауға тырысқанша, оның орнына тек зорлық-зомбылық қылмыстар жасаған, құжаттары жоқ иммигранттармен ғана айналысар. Сонымен қатар, ол әлі де, шеберлігі жоғары қызметкерлері үшін виза шектеуін жасап, технологиялық сектордың динамизмын бұзуы мүмкін.

Прагматикалық Трамп радикалды сценарийге қарағанда кішірек, бірақ әлі де бюджет тапшылығын жасар еді. Егер ол Конгресстегі республиканшылар ұсынған салық жоспарын ұстанатын болса, мысалы, кіріс онжылдықта 2 триллион АҚШ долларына ғана қысқарар еді.

Прагматикалық Трамп басқаруындағы саясаттар қоспасы идеологиялық тұрғыдан жүйесіз және даму үшін орташа жаман болары сөзсіз. Бірақ ол оның сайлаушыларға уәде еткен радикалды күн тәртібіне қарағанда инвесторлар үшін әлдеқайда қолайлы болады.

nouriel_roubiniАвтор туралы: Нуриэль Рубини — Roubini Macro Associates бас директоры және Нью-Йорк университетінің Stern бизнес мектебінде экономика профессоры.

Copyright Project Syndicate © Материалды көшіріп басуға авторлық құқық иеcі тиым салған.

Материал алғаш рет 7kun.kz сайтында жарияланды