22/09/2021
Маңызды ұстаным
22/09/2021
Жайлы қаланың бөлшектері
22/09/2021

Трансформация процесі

Шолпан Әйтенова, қоғамдық саясат, мониторинг және мемлекеттік қаржы саласының сарапшысы. Сонымен бірге, тиісті мемлекеттік басқару бойынша халықаралық бастамалар мен стандарттарды насихаттаушы.

Сорос-Қазақстан қоры – елімізде ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қайырымдылық қорының бірі. Тəуелсіздігімізден сəл «кіші». Қордың қызметі Қазақстанда азаматтық қоғамның дамуына үлес қосты десек, асыра айтқандық емес. Сорос-Қазақстанның стратегиясы мен қызмет бағыты əрқашан уақыт талабына сай болды. Қор елдегі мəдениет жəне денсаулық сақтау саласының, адам құқығы мен тəуелсіз баспасөздің дамуына үлес қосты.

Ұйым уақытпен бірге өзгеріп отырды. Жобалардың да саннан сапаға көшкенін байқаймыз. «Пікірсайыс орталығы» мен «Еріктілер үйі» сияқты жаппай оқыту орталықтарынан бастап, кейін жекелеген желілер мен коалицияларға қолдау көрсете бастады. Осы жылдар ішінде өңірлерде де көптеген жоба жүзеге асты. Сорос-Қазақстан қорының жұмысы Алматымен, астанамен шектелген жоқ, шалғайдағы ауылдарға да жетті. Қор қоғамдағы өзекті мəселелерге орай өзгеруге бейім болды, əлі де осы бағытта қызмет етіп келеді. Бұған қоса, стратегиясының маңызды бағыттарын тауып жүр. Кейбір міндеттерді жүзеге асыру əлі күнге дейін күрделі күйінде қалып отырғанын да мойындау керек. Менің ойымша, бұған жобаларды институттау жəне олардың тұрақтылығы проблемасын жатқызуға болады. Өкінішке қарай, бұл тек Сорос-Қазақстан қорына ғана емес, бүкіл қоғамдық секторға тəн мəселе.

Азаматтық сектордың алдында əлі де бірқатар маңызды міндеттер тұр. Соның ішінде ұйымның жəне бастамалардың өміршеңдігі, тəуелсіз болуы, олардың қаржы көздерін əртараптандыру, процестерге конструктивтік жолмен əсер ету, болашақта орнын басатын маман дайындау, уақытқа сай өзгеру, технологияларды игеру, инновацияларды енгізу міндеттері бар.

Сорос-Қазақстан қорының тарихы терең, жетістігі де мол. Волонтер болу жаппай сəнге айналмай тұрған 1998 жылы ашылған «Еріктілер үйі», мыңдаған дебатер шыққан «Ұлттық пікірсайыс орталығы» сияқты жобаларды еске алудың өзі бір ғажап. 2004 жылы «Тараз бастама орталығы» үкіметтік емес ұйымы Тараздағы Комсомол көлін тазарту бойынша қоғамдық тыңдау өткізуге қол жеткізді. Тыңдау нəтижесінде бюджеттен қаржы бөлініп, көл мен жағалау қаланың ажырамас бөлігіне айналды. Атбасардағы «Ангел» қоғамдық бірлестігі ауызсу бағдарламасына мониторинг жүргізді. Бұл қордың қолдауымен жүзеге асқан жобалардың бір парасы ғана. Кейінгілерден «Training-кафені», паллиатив көмек беру жобаларын, қалалық бастамалар мен жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуын, мемлекеттен ақпараттық тапсырыс алатын ақпарат құралдарының базасын құруды, əртүрлі сала мамандарына арналған гранттарды айтуға болады.

Сорос-Қазақстан қорының басты артықшылығы – қызметінің айқындығы. Гранттары мен жобалары туралы толыққанды ақпарат жариялайтын қорлар кемде-кем. Қор басшылығының жиі ауысып отыруы да маңызды. Əйтпесе, директорлары он жылдам астам уақыт бойы өзгермеген қорларды да білемін. Қордағы жағдайды бақылауда ұстап, тепе-теңдікті сақтауға жауапты Қамқоршылар кеңесі бар. Кеңес үнемі жаңарып отырады жəне оған белгілі қоғам қайраткерлері шақырылады.

Бір кездері Қордың Қамқоршылар кеңесі құрамында Марат Тəжин, Нұрлан Ерімбетов, Евгений Жовтис жəне Аида Досаева болғанын біреу білсе, біреу білмес. Басқарудың мұндай құрылымы Қорға деген сенімді арттырады. Өйткені ешкімді алаламай, объективті шешім қабылданатынына сенім бар.

Өзім Сорос-Қазақстан қорымен көп жылдан бері жұмыс істеймін. Біздің əріптестігімізге шамамен 15 жыл болды. Бірлескен жұмысымыз негізінен мемлекеттік қаржының ашықтығы мен есептілігі бағытында болды. Мемлекет те, басқа донорлар да бұл мəселеге енді ғана назар аудара бастағанын атап айтқан жөн. Осы жылдар ішінде Қормен бірлесе отырып, бюджетті талдау, бюджет туралы неғұрлым көп ақпарат беру, бюджеттің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша заңнамалар мен бастамаларды қолға алып, бірқатар жобаны жүзеге асырдық. Қормен бірлесе отырып жүзеге асырған маңызды жобаның бірі – 2018-2019 жылдардағы Open Budget Fellowship жобасы. Жоба екі-ақ жылға созылғанына қарамастан, өте табысты болды. Open Budget Fellowship бюджет процесінің барлық кезеңін қамтыды жəне азаматтық қоғамның бюджетке қатысуына мүмкіндік берді. Жобада əр қатысушы бюджетке шағын зерттеу жүргізді. Open Budget Fellowship қатысушылары жеңіл рельсті көлік (ЛРТ) жобасы, ғылымды мемлекеттік қаржыландыру, қоғамдық көлік жəне басқа да салалардағы бюджетке қатысты проблемаларды мемлекеттік органдардан бұрын анықтады.

Open Budget Fellowship түлектері мемлекетпен кәсіби диалог орнатуға қабілетті, бюджет процесін жақсы білетін маманға айналды