HЬЮ-ЙОРК – Covid-19 дағдарысы көптеген жеке және мемлекеттік қарызгерлерді өтеуге күші жете бермейтін борыш батпанына тастайтыны анық. Біз әлі де ұсыныс пен сұраныс жағында өзгерістер қатар орын алатын Кейнсиандық дағдарыс фазасының алдында тұрмыз. Оның соңы жаһандық депрессияға алып келуі мүмкін. Алайда коронавируспен күрес сәтті аяқталса, үй қожалығы сақтық үшін қор жинаумен шектеліп, ал кәсіп еріксіз капитал шығынымен ғана айналысатын болады. Бұның барлығы жиынтық сұраныстың/Кейнсиандық үдерістің одан әрі құлдырауына апарады. Бюджеттегі дефицит есебінен қаржыланатын, мүмкін болған жағдайда монетизацияланатын мемлекеттік ынталандыру ғана өндірістегі алшықтықты жоя алатын жалғыз құрал болмақ.
Әлем бойынша алдыңғы қатарлы қор валютасын шығарушы Американың өзге мемлекеттерге қарағанда федералды үкіметтің қарыз алу мен қарызды монетизациялау мүмкіндігінде шектеулер аз. Бүгінгі таңда қабылданып жатқан төтенше экономикалық шара «Коронавирусқа байланысты қаржылай көмек пен экономикалық қауіпсіздік туралы» заң (CARES) бойынша шығындар, грант пен несиені қолдау, сондай-ақ, актив пен басқа да кепілдерді сатып алу үшін 2,3 трлн доллар қаржы бөлінеді. Конгрестің Бюджет жөніндегі басқармасының дерегіне сәйкес, алдағы он жылдықта аталған заң федералды тапшылықты «тек қана» 1,7 трлн долларға арттырады. Арасындағы айырмашылық АҚШ Федералдық қор жүйесінің шұғыл несие бағдарламасының кепілдігін қаржыландыру үшін 1,7 трлн доллардың резервте сақталуымен түсіндіріледі. Бұл кепілдер ешқашан қолданылмайды деп жорамалданып отыр.
Шын мәнісінде жағдай басқа. Демократиялық партия бақылауындағы АҚШ Өкілдер палатасы жақында 3 трлн доллар сомасында тағы бір қаржылық заң жобасын қабылдады және оны барлық үлгіде Сенат мақұлдап, одан соң жаңа ынталандыру легі пайда болуы мүмкін. Заң шығарушылардың айтуынша, тіпті АҚШ-тың өзінде штат және жергілікті билік өкілдерінің көпшілігінде қаржы, несие кепілі немесе федералды үкіметтің тікелей трансфертінсіз дағдарысты жеңуге жеткілікті қаржы болмайды.
АҚШ-тағы жағдайдың баламасы әлемде де орын алып жатыр: экономикалық қолдауға бағытталған үкіметтік бағдарламалар мемлекеттік қарыз бен мемлекеттік сектор балансына тәуелді жеке қаржы көлемінің артуына алып келеді. Германия Федералды конституциялық сотының даулы шешімі, сондай-ақ, «Жаңа Ганзей лигасын» қалыптастырған ЕО-қа мүше сегіз елдің жалпыеуропалық қарыз идеясын қарастыруға дайын еместігінің салдарынан Еуроаймақта экзистенциалды дағдарыс бой көтеріп келе жатыр. Жалпы көлемі 240 млрд еуро (263 млрд доллар) болатын «Пандемия кезінде дағдарысқа қарсы қолдау көрсету» деп аталатын ЕО-тың жаңа механизмі тым азшылық етеді, себебі ол Еуроаймақтағы елдердің ЖІӨ-ің 2%-на ғана тең. Егер ЕО қолдауды күшейтпесе, Италия жайсыз таңдауға тап болуы мүмкін: Еуроаймақтан кету немесе қажетті бюджеттік ынталандыруды жүзеге асыру мүмкіндіктерінен айрылып оның құрамында қалу.
Әлбетте, жаңа франко-германдық ұсыныс бар. Ол бойынша ЕО капитал нарығынан түскен қарыз (ЕО жылдық бюджеті оның ЖІӨ-нің 1% құрады) арқылы қаржыланатын 500 млрд еуро (ЕО елдері ЖІӨ-нің 3,6 %) көлеміндегі ЕО Еуропалық экономиканы қалпына келтіру қорын құру көзделіп отыр. Әзірге аталған қаражаттың қаншалықты жаңа әрі қанша жыл жұмсалатыны белгісіз. Франция және Германия үкіметтерінің ұсынысына сәйкес, аталған қаржы бюджеттік проблемалары бар елдерге грант ретінде қарастырылса, бұл қарызды бірлесіп төлеумен тең келеді және «Жаңа Ганзей лигасы» тарапынан вето қою мүмкіндігін арттырады. Ал егер Еурокомиссия ЕО елдерінің барлығына нарық жағдайында несие беру туралы шешім қабылдаса, Италия Еуроаймақтан шығып кетудің аз-ақ алдында қалады.
Бағымызға орай, алғы жылжудың тағы бір жолы бар. Экономикасы әлдеқайда дамыған елдерде дағдарыс кезінде жиналып қалған қарыздың біраз бөлігі мемлекеттік құрылым, оның ішінде Орталық банк иелігіне өтуі мүмкін және ол қарыздың барлығы дерлік ешқашан өтеліп бітпейді. Өз тәуелсіздігі мен саяси легитимділігін сақтау үшін Орталық банк мемлекеттік бюджетпен орнын алмастырмауы керек. Бірақ шағын және орта кәсіпте COVID-19 дағдарысына байланысты туындаған қарыздың кешірілуі міндетті екені айқын. Ұлттық қазына қоры мұндай кешірімнің салдарынан Орталық банкте пайда болған кез келген шығынның орынын толтыруы тиіс.
Жария саудаға түсетін компаниялардың мемлекеттік несиегерлер алдындағы қарыздары акцияға, нақтырақ айтсақ, дауыс беру құқығы жоқ артықшылық берілген акцияға конверсияланағаны дұрыс. Ол пандемия экономикалық жоспарлаудың жаңа дәуіріне бастама болады деген пікірдің ықпалын азайтуға мүмкіндік береді. Ұлттық қазына қоры Орталық банктің кез келген шығынының орнын толтыруы тиіс екенін және ескереміз. Акционерлеу жұмысы барлық жаңа шыққан мемлекеттік қарыз міндеттемелеріне қатысты болуы керек. Салдарынан туындаған үлестік құралдар мемлекеттік бюджеттің бастапқы пайдасының бір бөлігін талап етуі немесе олардың пайыздық мөлшерлемесі ЖІӨ-нің өсу қарқынына байланыстырылуы мүмкін.
Алайда кедей елдерде осы амалмен әрекет етуге мүмкіндік жоқ. Брукингс институтының дерегі бойынша дамушы елдердің сыртқы қарызы шамамен 11 трлн доллар, олардың осы жылы қарызды жабуға жұмсалатын шығыны 3,9 трлн долларға жетуі мүмкін. Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қоры сәуір айында аталған елдердің көпшілігіне қарыз көлемін аз да болсын азайту көмегін ұсынды. Ал «Үлкен жиырмалық» мемлекетаралық қарыз өтемінде уақытша үзіліс жасауға келісім берді және сол арқылы жүздеген несиегерлердің де үзіліс беруіне жол ашты.
Дегенмен көмектің бұл түрінің берері тым аз, мерзімі тым кеш. Өйткені, жалпы қарыз мәселесін бірінші орынға қойып қарастырудың мүлдем қажеті жоқ. Кірісі төмен мемлекеттерге қаржы ресурстарын берудің ең тиімді жолы – грант (көмекқаржы). Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі уақытта Маршалл жоспарында тек грант қарастырылған еді, қазіргі таңда кірісі төмен елдерге ұсынылатын «корона грант» туралы көңілге қонымды уәж жоқ.
1996 жылы құрылған ХВҚ мен Дүниежүзілік банк ұйымдарының «Қарыз көлемі жоғары кедей елдерге көмек көрсету» бастамасы (HIPC) арқылы 36 мемлекеттің қарызы толық және ішінара өтелді. Әлемдегі ең кедей елдердің қарызын тұтас кешіруді бастап, осы идеяға қайта оралатын уақыт жетті. Мұндай іріктемелі қарыздан құтылу есебінде ХВҚ, Дүниежүзілік банк, басқа да жан-жақты несиегерлер, шет мемлекеттер, мемлекеттік құрылымдар (мемлекеттік кәсіпорындар), сондай-ақ, жеке несиегерлер алдындағы қарыздар да болуы керек.
Қарыз –өте қауіпті құрал. Жайсыз, бірақ қашып құтылуға келмейтін шешімдерді айналып өту үшін әлем ұзық уақыт бойы осы құралды қолданып келді. Жаһандық дағдарыс шарықтап тұрған кезде бұдан басқа амал жоқ.
Willem H. Buiter, a former chief economist at Citigroup, is a visiting professor at Columbia University.