Атырауда қоғамдық қатысу жөніндегі Халықаралық бірлестіктің ұйымдастыруымен Қазақстанда қоғамдық қатысу мәселелерімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) жетекшілеріне арналған бес күндік тренинг өтті.
Бұл тренингке Астанадағы Ұлыбритания елшілігі мен Сорос-Қазақстан Қоры (СҚҚ) қолдау көрсетті. Тренинг барысында «Жергілікті бюджет» бастамасының үйлестірушісі Асқар Көшкінбаевтың тренер Таня Бурдеттен сұхбаттасу мүмкіндігі болды.
АК: Таня, Қазақстанда тренинг өткізу идеясы қалай туындады? Қандай құралдар пайдаланылды?
ТБ: Қоғамдық қатысу жөніндегі Халықаралық бірлестігімен Сорос-Қазақстан Қоры бірнеше жыл бойы бірге жұмыс жасап келеді және қоғамдық қатысу жайлы практик-мамандардың біліктілігін арттыру бойынша Қазақстан ҮЕҰ-ның мүмкіншіліктерін зерттейді. СҚҚ өкілдері Лондонда қоғамдық қатысу мәселелері бойынша оқудан өткен болатын. Сол уақытта дәл осындай тренингті Қазақстандағы ҮЕҰ-на өткізу туралы ой келді. СҚҚ және Ұлыбритания елшілігінің қолдауымен 2013 жылы Атырауда аймақтық ҮЕҰ-ның 12 өкілінің қатысуымен қоғамды шешім қабылдау процестеріне тарту машықтарын оқыту бойынша тренинг өтті. Біз қатысушылардың әлеуетін көтеру бойынша 5 күндік сертификатталған бағдарламаны таңдадық. Бағдарлама тиімді әрекеттесудің жоспарлау, байланыс орнату және әдістерге негізделу сынды үш маңызды аспектісінен тұрады.
АК: Қоғамдық қатысудың қандай нақты құралдары Қазақстанның шынайы жағдайларында қолданылуы мүмкін?
ТБ: Бағдарламаның барлық үш модулі де (жоспарлау, байланыс орнату және әдістерге негізделу) Қазақстан жағдайында қолданылуы мүмкін. Яғни, қоғамның шешім қабылдау процесіне қатысуы туралы Негізгі қағидалар анық көрсетілген және оны көпшілік ұстануда. Осы процестің маңызды мәні бар және ол қандай да бір мәселелерде тиімді шешімболып табылатындығы анықталған кезде барлық жобалар көлеміне, бюджетіне немесе сипатына қарамастан қоғамды шешім қабылдау процесіне тартудан пайда көреді.
АК: Шешім қабылдау процесіне халықты тартудың қандай қажеттілігі бар?
ТБ: Қоғамдық қатысу көптеген елдер қабылдаған немесе оларға талпынатын ең негізгі демократиялық ұстанымдарды қамтиды. Мәселен, БҰҰ-ның даму бағдарламасы шешімдерді қабылдау кезінде ашықтық пен қоғамдық қатысуды (азаматтарды тарту) тиімді басқарудың негізін қалаушы қағидаттар ретінде қарастырады. Атырауда өткен тренинг қатысушыларының қағидаларды, құндылықтар мен рәсімдерді жан-жақты түсінуі оларға болашақта қоғам алдында тұрған қандай да бір мәселелерді шешуге халықты тартуға және олармен қарым-қатынас орнатуға көмектеседі. Мүдделі тараптардың шешімдерді қабылдау процесінде қатысуы қауымдастықтарға, азаматтық қоғам ұйымдарына, мемлекеттік құрылымдар мен жалпы қоғамға қатысы мәселелер бойынша негізделген және дұрыс шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде азаматтық қоғам шешімдер олардың қажеттіліктеріне жауап беретінін көрсе, ұйымдар – қауіптерді көріп, оларды басқара алады, ал үкімет азаматтарды белсенді тарту арқылы олардың демократиялық құқықтарын жүзеге асыруға көмектеседі.
АК: Болашақта ұйымыңыздың жобаларын кеңейту тұрғысынан қарағанда Қазақстанда қандай мүмкіндіктерді көріп отырсыз?
ТБ: Біз қоғамның шешімдерді қабылдау процесіне қатысу тәжірибесін дамытатын халықаралық ұйым болып табыламыз. Біз өз мүшелеріміздің атынан әрекет етіп, қоғамның шешімдерді қабылдау процесіне тарту тәжірибесін күшейтеміз. Сонымен қатар, біз халықаралық зерттеулерді қолдаймыз және халықпен тікелей жұмыс істейтін ұйымдарға оқыту мен кәсіби біліктілігін көтеру қызметтерін ұсынамыз. Жақында ғана тренингтен өткен қатысушылардың қоғамдық қатысу бойынша кәсіби мамандардың қазақстандық жүйесін қалыптастыру мүмкіндігі бар. Ең алдымен олар ұйымымыздың әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан бөлімшелерінен кеңес пен көмек ала алады. Қазақстандағы ірі көлемді көптеген ұйымдар қоғамды белсенді тартудан нақты пайда ала алады. Бұл негізделген шешім қабылдауға мүмкіндік береді және қоғам үшін де пайдалы болып табылады.