11/03/2021
ҚР балалардың құқығы және қоршаған орта
01/03/2021
Ашықтық. Мемлекеттік қолдау. Медицина қызметкерлері
05/04/2021

Тәуелсіз зерттеу жүргізуге ашылған жол

Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен Open Budget Fellowship жобасы үш рет өтті.  Біз осы жобаның қатысушысының бірі Жібек Ахметовамен және ол арқылы мемлекеттік қаржы айналымымен жұмыс істеуді меңгерген қарапайым аудан тұрғындарымен сөйлесіп, жалпы осындай жобалардың қажеттілігі және елдегі  бюджет ашықтығының деңгейі туралы пікірлерін тыңдадық.

Жібек Ахметова – Open Budget Fellowship (Ашық бюджет) жобасының үшінші толқындағы қатысушысы, «Маңғыстау азаматтық альянсы» ұйымының жетекшісі. Ол жоба қоғамдық ұйымдардың ел бюджеті саласындағы білімі мен белсенділігінің артуына септігін тигізетініне кәміл сенеді. «Ашық бюджетті терең білім үйреткен, өте мықты бағдарлама дер едім. Жалпы қоғамда бюджет процестері, мемлекеттік сатып алу туралы жиі айтылғаны керек. Біз сияқты азаматтық белсенділердің  мемлекеттік қаржы айналымын бақылай алып әрі әділ өтуін талап еткен сайын үкімет те әрдайым ашық болуға тырысады, бюджет тиімсіз жұмсалып, талан-таражға түспейді»,- дейді ол.

Жоба бірнеше іріктеу сатыларынан өтеді. Мәселен, алғашқы бағыттау кезеңінде қырыққа жуық қатысушы болса, әр сессиядан сессияға (барлығы төрт сессия) тапсырманы орындау деңгейіне қарай қатысушылар саны азая бастайды. Қорғауға тек барлық талаптарды орындап, тапсырмаларды мұқият орындаған жандар ғана жіберіледі. «Шынын айту керек, бұл бағдарламаны аяқтаған соң нағыз сарапшы атанып шығасыз», – дейді Жібектің өзі де. Жоба барысында ол Маңғыстаудағы қоғамдық көлік мәселесін көтерген. «Біз тұратын Ақтау Қазақстанның теңіз астанасы саналады, нағыз туристік орталыққа айналатын жер. Бірақ осындай қалада әлі күнге дейін ұзақ жылдан бері ауыспаған, лас автобустар көп. Жаздағы ыстық елу градусқа дейін жетеді, бірақ (автобус-ред.) ешқайсысында салқындатқыш орнатылмаған, адамды тиеп алып, тасуды ғана біледі. Неге әкімдік көңіл бөлмейді, неге тасымалдаушылардан талап етілмейтіні күдік туғызды», – дейді ол.

Мәселенің анық-қанығын білу үшін Жібек Ахметова әріптесімен бірге Қоғамдық белсенді ретінде арнайы мониторингтік комиссия құрамына кіреді. Нәтижесінде Маңғыстау облыстық транспорт басқармасы мен тасымалдаушылар арасындағы келісім-шарттың өте тиімсіз жасалатынын, тасымалдаушы компанияларға ешқандай талап қойылмайтындығын анықтайды. Олар тіпті күнделікті автобусқа қанша адам мініп-түседі деген мониторинг те жүргізбейді екен. Жібек ханым осы мәселе аясында толыққанды зерттеу жүргізіп, электронды билет енгізуді ұсынып, келісім-шартқа «тасымалдаушылар автобустарды жаңартып отыруы керек» деген талап енгізеді.

Open Budget Fellowship жобасына қатысқан әрбір қатысушы осындай зерттеу жасап шығуы керек. Оларға бағдарламаны жүргізген Zertteu Research Institute мамандары консультация беріп,  пайдалы кеңестерін бөлісіп, бағыттап отырды. «Ең бастысы – біз тек мәселені айтып қана қоймай, оны терең зерттеу және шешу жолын айтуды да меңгердік. Яғни тек жамандап отыра беруді қойып, нақты проблеманы аяғына дейін жеткізіп зерттеп, оны шешуге қатысты ұсыныс-пікір де білдіреміз.  Бұл жұмыстан кейін үкімет те қоғамдық ұйым өкілдеріне, азаматтық белсенділерге назар аударып, сөзіне құлақ сала бастады. Оларды түрлі деңгейдегі қоғамдық кеңестерге, комиссия қатарына мүше болуға  шақырды», – дейді Жібек Ахметова жоба жайлы.

Сорос-Қазақстан қорының «Ашықтық және есептілік» бағдарламасы аясында өткен осы жобаның атап өтетін негізгі ерекшелігінің бірі – қазақ тілінде өтуінде. Орыс, ағылшын тілінде зерттеу дайындайтын сарапшылар да, сараптамалық материалдар да өте көп. Ал қазақ тіліндегі аналитика өте аз екені рас.

Жібек Ахметова «бағдарламаға журналистердің, БАҚ өкілдерінің қатысқаны да өте дұрыс» деген пікірде.  Олар нағыз БАҚ өкілі ретінде зерттеу жүргізіп, кең аудиторияға тарата алады. Көпшілік оларға құлақ асады.

Осы бағдарламаны аяқтаған соң «Маңғыстау азаматтық альянсы»  жобада алған білімдерді пайдалану мақсатында басқа да өңірлерге әртүрлі тренингтер ұйымдастырды. «Жергілікті тұрғындардың шешім қабылдау процесіне қатысу» деген жоба жазып, Сорос-Қазақстан қорының қолдауына ие болды.

ҚОҒАМ АШЫҚТЫҚҚА МҰҚТАЖ

«Маңғыстау азаматтық альянсы» ұйымдастырған тренингке қатысқан Гүлзира Есетова Ақтаудағы «Саламатты ел» қоғамдық қорының жетекшісі. «Сараптамалық жұмыстар, қаржы, бюджет саласында көп білімім жетпей жататын еді. Әлеуметтану ғылымдарының магистрі, саясаттанушы, университет қабырғасында жұмыс істесем де көп нәрсені, әсіресе, түрлі порталдар мен ашық мәлімет көздерімен жұмыс істеуді біле бермейді екенмін. Жобада мемлекеттік сатып алу порталымен жұмыс істеу, Egov-қа қалай кіру, ашық мәліметтерді табу, сараптау керектігін үйретті»,-  дейді ол.

Гүлзира Есетованың сөзінше, жоба кезінде шағын зерттеу жасай білуді де меңгерген. Мәселен, әріптестерімен бірге  Ақтау қаласы, Мұнайлы ауданындағы жол құрылысы, оған қанша қаржы бөлінгені, қанша уақытқа жоспарланғаны туралы мемлекеттік сатып алу порталынан мәліметтер жинастырған. Неліктен конкурс туралы хабарландыру порталда норматив бойынша он күн емес, үш күн ғана тұрды, жұмсалған бюджет шын мәнінде сапаға қаншалықты жұмыс істейді деген сұраққа жауап табады. Тіпті жол құрылысы өткен ауылдардың whatsapp тобына шағын анкета жіберіп, сауалнама жүргізген. Дәл осындай бағытта білім саласында да зерттеу жүргізіп, Ақтаудағы колледждердің жөндеу жұмысы бюджеттерін тексерген. Мысалы, мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа сәйкес қаладағы бір колледж 85 млн теңгеге, ал екінші колледж 27 млн  теңгеге жөндеу жұмыстарын өткізген. Құжат бойынша барлығы дұрыс, бірақ бірдей жұмысқа екі түрлі қаражат жібергені қызықтырады. Гүлзира әріптестерімен бірге техникалық құжаттамаға үңілгенде,  бір колледждің жөндеу кезінде көбірек жұмыс түрін сұратқаны белгілі болады.

«Ең маңыздысы, қазір көпшілік тарапынан мониторинг жүргізуге, тексеруге сұраныс бар. Адамдар өздері хабарласып, «біз жақта жол төселіп жатыр, барлығы дұрыс сияқты, бірақ мерзімі тым созылып кетті, бәлкім уақытын қарау керек шығар» дегендей ұсыныс айтады. Қоғам өзі мұқтаж болып отыр»,- дейді Гүлзира Есетова. Қазір ол басқаратын «Саламатты ел» қоғамдық қоры жоба барысында алған білімдерін пайдаланып, тіл басқармасымен бірігіп, көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілдің дұрыс қолданылуы деген бағытта жұмыс істеп жатыр.

Тренингке қатысқан Рухия Қалдыбай  әріптестерімен бірге білім беру саласындағы жемқорлықты әшкерелеген.

«Біз Жаңаөзен қаласындағы орта мектептің бюджет есебін қарадық. Қызығы, сол мектепте жұмыс істейтін қызметкерлердің жақындары яғни фамилиясы бір туыстары қайтыс болса, оларға арнайы ақшалай көмек беріледі екен. Бір жылдық бюджет есебінде сол қаржы қызметкерлерге берілді деген, бірақ шын мәнінде адамдар ондай көмектің бар екенін де білмей келген. Қызметкерлерге ол туралы толық айтпаған, тек белгілі бір адамдар ғана бөлінген ақшаны жасырын түрде алып келген тәрізді. Осы мәселе анықталғаннан кейін шынайы, керек адамдарға ақша бөліне бастады», – дейді ол жобадағы білімнің пайдасы туралы.

Рухия жетекшілік ететін «Мәңгілік ел Маңғыстау» қоғамдық қоры осыған дейін «Маңғыстау азаматтық альянсы» ұйымдастырған жобалардың жеңімпазы болып, ауыл балалары үшін арнайы ойын алаңқайын салған. Кейінірек «Жиырма сегіз ілгек» жобасын дүниеге әкеліп, көпбалалы аналармен бірге шала туған сәбилерге арнап киім, ойыншықтар дайындайтын орталық ашты. Енді қордағы әріптестерімен бірге  мемлекеттік сатып алу, бюджет, қаржы салалары бойынша білімдерін молайтып, зерттеу жүргізіп жүр.