05/08/2021
Каспар Кала, Лаура Каск: Деректерді қорғау бойынша Қазақстанның нормативтік құқықтық актілеріндегі өзгерістерді талдау
30/06/2021
Марат Мамаев. Али Нургожаев. Как нам развивать систему здравоохранения дальше?
05/08/2021

«Әкім жергілікті тұрғындарға тәуелді екенін түсінуі һәм түйсінуі қажет»

2020 жылдың қыркүйек айында ҚР Президенті халыққа жолдауында 2021 жылы ауыл әкімдерін тікелей сайлау қажеттігін мәлімдеді. Биыл 25 тамызда Мемлекет басшысының айтқаны ақиқатқа айналып, 730 елдімекеннің тұрғындары алдағы төрт жылға өз ауылына әкім сайлады. Сарапшылар бұл оқиғаның тарихи маңызын атап өтуде, әйтсе де, жергілікті өзін-өзі басқару реформасының тиімді жүзеге асырылуы үшін әлі қыруар жұмыс атқарылуы керек екенін алға тартады.   

Осыдан бірнеше жыл бұрын мүмкін емес болып көрінген бірегей сайлау науқаны қазақстандық БАҚ беттерінде тиісті деңгейде насихатталған жоқ. Мемлекеттік медиа сайлау жөнінде «шенеуніктердің бұралаңқы (бюрократиялық) тілімен» баяндауға тырысып бақты, сол себепті, ел тұрғындарының ілуде біреуі ғана бұл уақиғаның мән-маңызын ұғынғандай болды. Әйтпесе, дауыс беру 1,2 млн сайлаушы (қазақстандықтардың 13% ) үшін ұйымдастырылды. Мемлекеттік қаржы жөніндегі сарапшы Шолпан Айтенованың пікірінше, БАҚ өкілдерінің бұл оқиғаға немқұрайлы қарауының бір себебі – жергілікті өзін-өзі басқару реформасын әкімшілік реформаның бір бөлігі ретінде қабылдауында.

Алайда, бұл оқиғаға басқа қырынан қарауға болады (және қажет!): «Жақын арада ел тұрғындарының жартысы сайланған әкімдерімен бірге өздері тұрып жатқан аймақта болып жатқан оқиғаларға тікелей жауапты болады», – деп түсіндірді Ш.Айтенова. Бұдан былай ауыл әкімдері мемлекеттік қызметтерді орындай отырып, аудан әкіміне бағынады, ал жергілікті өзін-өзі басқару қызметі тұрғысынан қарағанда, жергілікті қауымға есеп береді. «Ауыл әкімі – жергілікті өзін-өзі басқарудың жекелеген сайланбалы лауазымы және олар өзін тағайындаған жоғарғы мемлекеттік органға емес, сайлаған халыққа есеп беруге міндеттеледі», – дейді сарапшы.

Есеп беру қаржылық міндеттемелерді толықтырады: «Бюджетаралық қатынастарды орталықсыздандыру аясында ауылдық округтердің әкімдеріне кейбір салықтарды жинау бойынша қосымша өкілеттік берілді. Енді олар өз ауылының салық базасын ұлғайтуға тікелей мүдделі болады», – деп толықтырды Сорос-Қазақстан қорының «Ашықтық және есептілік» бағдарламасының үйлестірушісі Асқар Көшкінбаев.

«Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институты» ЖМ директоры Сергей Худяков ауыл әкімдерінің өкілеттігі одан әрі кеңейтіле береді деп есептейді. Оның болжамынша, 2021 жылы жергілікті өзін-өзі басқару туралы жаңа әрі дербес заңды талқылау басталады, ол «ауыл әкімдеріне көбірек қаржылық және әкімшілік мүмкіндіктер бермек»

 

Таңқалдырған көрсеткіш және әдеттегі кемшілік

 Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында сайлаушылардың 90 пайыздан астамы дауыс берді. Мұндай рекордтық (кем дегенде, қала тұрғындарының пікірінше) көрсеткішке сарапшылар таң қалған жоқ. Ауыл тұрғындарын сайлауға баруға бір жағынан, қалыпты әдет пен патерналистік көңіл-күй мәжбүрлесе, енді бір жағынан, олар жақсылықтан үмітті.

INTEGRITY ASTANA коммерциялық емес ұйымының басшысы Жанат Нұрғалиев дауыс беруге келу көрсеткішін жасанды түрде көтеруі мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Сарапшы, мәселен, Шығыс Қазақстан облысының аумақтық сайлау комиссиясын Өскемен экономика және қаржы колледжінің директоры басқарғанына назар аудартады – «яғни ЖАО-ға тәуелді». Ж.Нұрғалиев шын мәнінде сайлаушылардың тек 50-60% дауыс беруге келген болуы мүмкін деп санайды.

Саясаттанушы Марат Шибутовтың есептеуінше, көптеген округте – 730-дың 563-інде Nur Otan партиясынан түскен кандидаттар жеңіске жетті: «Алайда, барлық жағдайда олардың жеңісі шын мәнінде лайықты болды деп болжау қиын».

«Бізде төрт кандидат болды, олардың екеуінің біздің ауылға ешқандай қатысы жоқ – бұл жерде тумаған, ешқашан өмір сүрмеген. Қалған екеуі біздің ауылдың тумасы болғанымен, соңғы 15-20 жылда мұнда өмір сүрген жоқ. Керемет таңдау болмады, бірақ көптеген ауыл тұрғыны автоматты түрде Nur Otan партиясынан түскен кандидатқа дауыс берді», – дейді Маңғыстау облысы Жармыш ауылының тұрғыны.

Келесі кезекте – өзін-өзі ұсынушылар, олар 99 орынға ие болды. Ал партиялар арасында «Ауыл» табысты болды деуге болады (32 орын).

М.Шибутов Қазақстан аграрлық партиясының мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау кезіндегіге қарағанда осы жолы өзін жақсы көрсете алғанын атап өтті. «Дауыс берушілердің тек 3-7% «Бәріне қарсымын» бағанын белгілеген, бұл сайлау нәтижесіне әсер етпеді», – деді ол. Ақтөбе облысы Саркөл ауылының сайлаушысы мұндай шешімін: «Өкінішке қарай, лайықты кандидат болған жоқ» деп түсіндірді.

«Еркіндік қанаты» қоғамдық қорының құрылтайшысы Роман Реймер сайлаудан алған әсерімен бөлісе отырып, дамыған әрі ауқатты елдімекендердің тұрғындары нақты бір кандидатқа жаппай дауыс беріп, жоғары деңгейде азаматтық белсенділік танытқанын атап өтті. «Мұндай учаскелерде жақсы мағынасында жағдай шиеленісе түсті», – дейді ол. «Әрбір ауыл тұрғыны өз таңдауын жасады, мұндай сайлауды бұдан бұрынырақта бастау керек еді», – дейді Ақтөбе облысы Қос-Естек ауылының тұрғыны.

Қазақстан жастар ақпараттық қызметінің атқарушы директоры Василина Атаянц жергілікті жерлердегі сайлау комиссиясының жақсы дайындығын атап өтті. Сарапшы Ақмол ауылындағы комиссия төрағасының белсенділігін, тіпті оның өз әріптестерінің алдында бақылаушылардың учаскеде еркін жүріп-тұру құқығын қорғағанын мысалға келтірді.

Әйтсе де, сайлау заңнамасын барлығы дерлік білмейтін болып шықты. Алматы облысындағы комиссия төрағаларының бірі ҚЖАҚ бақылаушысын учаскеге кіргізбеген, онысын аталмыш ұйымның жарғысында сайлау барысын бақылау деген бөлімнің болмауымен түсіндірген. Осы облыстың тағы бір ауылында комиссия төрағасы ҚЖАҚ өкілін ҰҚК қызметшісіне тапсырған. Ал Түркістан облысының комиссиясы бақылаушылардың келетінін күтпегені соншалық, оларға дауыс беру аяқталғанша сайлау учаскесінен кетіп қалуға кеңес берген. Қарағанды облысында ҚЖАҚ бақылаушысын жастар саясаты басқармасының қызметкері әңгімелесуге шақырған.

«Өрескел бұзушылықтардың ішінде өз басым «отбасылық дауыс беру» деп аталатын бірнеше фактіні тіркедім, онда отбасының бір мүшесі өзі үшін ғана емес, сонымен бірге отбасының қалған мүшелері үшін де дауыс берді. Комиссия мүшелерінің дауыс беруге арналған 10-ға жуық бюллетеньге алдын-ала қол қойғанын көрдім (бұған заңмен тыйым салынған) және Сайлау комиссиясы төрағасының назарына ұсындым», – деп толықтырды әріптесін Реймер.

 

Болашақ үшін диалог

 «Жергілікті өзін-өзі басқару реформасы – 2011 жылы басталған және әкімдерді сайлауымен шектеліп қалмайтын, барлық тұжырымдамалық мәселелерді шешу үшін әлі де көп күш-жігерді талап ететін ұзақ жол», – дейді Ш.Айтенова. Осы орайда, сарапшы елдімекендердің экономикалық әлеуетіндегі қазіргі теңгерімсіздікті еске салады. А.Көшкінбаев, ауыл әкімі әлі де көп жағдайда аудандық және облыстық деңгейдегі әкімдерге тәуелді екенін алға тартады, өйткені «ауыл әкімінің азаматтардың нақты мәселелерін шешуі үшін жеткілікті дербес бюджеті жоқ». Әйтсе де, Худяков оптимизмін жоғалтпайды, ол «әкім болып сайланған адамның өзіне, оның жергілікті қауымның қолдауын табу ниеті мен қабілетіне де көп нәрсе байланысты» екенін айтады.

Жаңадан сайланған ауыл әкімінің алдында тұрған бірінші міндет – жергілікті қоғамдастықпен өзара қарым-қатынас орнату. «Ауыл әкімі әлеуметтік желілерде белсенді болуы керек, тұрғындармен тікелей кездесуді жиі ұйымдастырып, халық алдындағы есебіне, ауылдық аумақтарды дамыту жоспарларын әзірлеуге бейресми қарауы тиіс. Ол өзінің халыққа көбірек тәуелді екенін түсініп, түйсінуі керек. Демек, халық оның жұмысы туралы білуі шарт», –  дейді Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының жетекшісі.

Сонымен бірге, Худяков жаңа ауыл әкімдерінің кәсіби деңгейі әртүрлі екенін мойындайды. Бұл үгіт-насихат науқаны кезінде де байқалды: кандидаттардың бәрі – барлығы 2 297 адам (20% әйелдер) – өз кандидатурасын ұсынуға жақсы дайындалмаған. Үш үміткердің екеуі өзін-өзі ұсынушылар болды. Қарағанды облысы Абай ауданы Топар ауылының әкімі лауазымына өз кандидатурасын ұсынған Мейір Алпысов оның үгіт-насихат науқанының тиімді жүргізілуіне кедергі болған бірқатар шектеуге назар аудартады.

«Біріншіден, бұл – шектеулі бюджет. Әр кандидатқа 220 мың теңге бөлінді. Оның үстіне, бұл сома шығыс бабы бойынша бөлінген: мәселен, үгіт-насихат науқанының плакаттары мен парақшаларына 70 мың теңге қарастырылған. Үгіт-насихат материалдарын сапалы шығаруға бұл қаражат жеткіліксіз. Оған қоса, қайырымдылықты қабылдауға болмайды. Екіншіден, бізге науқанды жүргізуге тек 9 күн берілді. Кішігірім ауылдар үшін бұл уақыт жеткілікті де шығар. 6 545 сайлаушысы бар менің жағдайымда, жалпы 12 мың тұрғыны бар ауыл үшін бұл уақыт аз», – деп баяндады М. Алпысов.

Бүгінде, сайлау науқаны артта қалған уақытта, жаңа басқарушылардың құзыретін кеңейту қажеттілігі аса өзекті. «Сайланған әкімдер үшін курстар қажет деп ойлаймын. Олар мемлекеттік басқару академиясының филиалдарында бар. Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары Академия филиалдарымен – оқытушы, ал мемлекеттік органдармен жағдайды зерттеуші ретінде көбірек ынтымақтасуы керек», – деп есептейді Худяков.

Сорос-Қазақстан қоры шенеуніктерге арналған оқыту шараларын қаржыландырған болатын. СҚҚ қолдауымен жергілікті өзін-өзі басқарудың үздік тәжірибелерін зерделеу үшін Үндістан, Польша мен Моңғолияға бірнеше оқу сапарлары ұйымдастырылды, оған ауылдық округ әкімдері, Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері және бюджет жөніндегі ұлттық сарапшылар қатысты.

«Бюджет ашықтығы» бастамасы шеңберінде біз Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыруға жәрдемдесуге белсене қатыстық», – деп атап өтті А.Көшкінбаев.

 

Бірінші қадам, екінші қадам

Қазақстанда тікелей сайлауды енгізу шамамен 20 жылдан астам уақыт бойы талқыланған. Яғни, бұл – қалай десек те маңызды қадам. Сіз бірінші қадам жасамай тұрып, үшінші қадамды да жасай алмайсыз. Бірінші қадам –  адамдарға өз пікірін білдіруге, өзін-өзі ұсынуға және кандидатты қолдауға мүмкіндік беру. Бұл мүмкіндік пайда болды», – дейді Худяков. Ал Ш.Айтенова келесі қадамда жергілікті тұрғындар өз ауылын әкімімен бірге басқаруды үйренуі керек екенін айтады: «Енді тұрғындар «Сен – әкімсің, өзің шешесің» деп айта алмайды».

Асқар Көшкінбаев азаматтық қоғамның басқару ісіне қатысуына қосымша құралдар ұсынылып қойғанын еске салады. «Әкімнің кез келген шешімі жергілікті қоғамдастықтың жиналысында ашық түрде қабылдануы тиіс», – деп атап өтті сарапшы. Әкімдердің осындай форматта қаншалықты сапалы жұмыс істейтінін, ауыл тұрғындарының шешім қабылдау рәсіміне қатынасы қаншалықты өзгеретінін уақыт көрсетеді. Қазір бәрімізге «кішігірім болса да, бірлесе жеткен жетістіктер» керек. «Осылайша, халықты ынталандыруға болады: жұмыла көтерсе жүк жеңіл болатынына, шын кіріссе мәселенің шешілетініне халықтың көзі жетуі керек. Әйтпесе, тұрғындардың сенімсіздігіне әп-сәтте ие боласың, ал одан кейін күдікті сейілту деген күрделі дүние», – деп қорытындылады Худяков.