2017 жылдың 31 қазанында дүниежүзі Халықаралық қала күнін үшінші рет атап өтті (бұрын білмеген болсаңыз, еш айыбы жоқ). Бұл күн «Тамаша қала – тамаша өмір» ұранымен аталып өтеді. Атаулы мерекеде PI компаниясы «Смарт қалалар: утопия, қиял, антиутопиялық шынайылық» деп аталатын есебін ұсынды. «Қалаларымыз нақты кім үшін «тамаша өмір мекеніне» айналуы керек?» деген сұраққа біздің де жауап тапқымыз келеді.
Жалпы мұндай сауалға «сипай қамшылап» жауап бере салу оп-оңай: «тамаша өмір – технологиялық прогреске жету» дей саламыз. Қалалар туралы сұрақ туындағанда да осылай жалтарамыз. Үкіметтер мен компаниялар жақтайтын жаңа көзқарасқа сенсек, мәліметтердің көптігі және технология қолданысының қарқынды түрде дамуы – қалалармызды «тамаша» қыла түспек екен.
«Тамаша» деген не?» сауалының астарында не бары анық емес. Сонда да «смарт қала – тамаша» деуден жалықпаймыз. Турасын айтсақ, бұл сөз бізге түсініксіз болғаны сондай, смарт қала анықтамасын әркім өзінше айтады. Үндістанды мысалға алайық. Ол елдің үкіметі смарт қалалар салу үшін 15 миллиард АҚШ долларын бөлген. Сондай-ақ «смарт қаланы әркім өзінше түсінетінін» де жоққа шығармайды. Сөйте тұра Үндістен үкіметі смарт қаланы бағалаудағы Өмір сапасы индексін мақұлдаудан бас тартты.
«Смарт қалалар» деп аталатын ұғымды түсіндіруде әмбебап тәсілді қолдансақ, бұл терминге қатысты нақты бір көзқарастар мен сауалдар әлі қалыптаса қоймағанын байқаймыз. Барлық мәселенің жауабын білетін, жүйеленген деректерді орталықтандыру, жинау және қалыптастыру ұғымының қалай пайда болатынын біз де бақылаған едік. Компаниялар ұсынған бұл ұғымның мағынасы былай: мәліметтерді өңдеу мен жасанды интеллект қаламызды белгілі бір жағдайда зерттеу алаңына, тіпті шеттету мен кемсітудің мекеніне айналдырып жіберді. Смарт қалаларда жинақталған деректерді жергілікті билік органдары пайдалана алады.
Өзіміз іргесін қалаған қалалар «жеке өмір құпиясын сақтау» құқымыздан айыруы мүмкін. Қазір біздің әрбір қадамымызды көз жазбай аңдиды. Ұдайы бақылаудың астында жүрміз. Биліктегілер бізді «күмәнді адам» деп есептеп-есептемейтінін тексерген жасанды интеллект әр қимылымызды «жазып алып» отыр. Қала көшелерінде кетіп бара жатсаңыз, «қоғамдық орындардағы жеке өмірге қол сұқпау» құқыңыздан айырылыдыңыз дей беріңіз. Ал ол құқымызға бірқатар мемлекет, оның ішінде АҚШ та бар (АҚШ, 389 ҚШ 347), заң жүзінде кепілдік берген еді. Иә, смарт қалалар көшелермен ғана шектелмейді: үкіметіміз сағат нешеде ұйқымыздан тұрып, жуынып-шайынатынымызды, үймізден қашан шығып, ұйқыға қай уақытта бас қоятынымызды смарт есептегіштер арқылы біліп отыр. Сондықтан үйімізде де қол сұқпау құқымыз бұзылып отыр деп сеніммен айта аламыз.
Орналасқан жеріміз бен әрбір қадамымыз қоғамдық көліктердегі желі арқылы жинақталып, жеке компанияларға мәліметтерімізді үкімет сатып жіберетін қалалар салып жүрміз. Барлық жерде – көшелерде, көше шамдары бағандарында, тіпті пәтерелерімізде орнатылып, жүйке жүйесі сияқты орталық миға барлық ақпаратты жеткізіп тұратын арнайы құрылғылары бар қалалар салып жүрміз. Одан әрі қазбаласақ, адамдардың өздері арнайы құрылғыларға айналып кеткендей. IBM мәліметіне сенсек, смарт қалалар салу нарығындағы негізгі ойыншы болып есептелетін компаниялар смарт қалалар туралы ұғымның қалыптасуында да маңызды рөл атқарады: «Сенсорлық желілерге ешқандай инвестиция салудың қажеті жоқ. Себебі заманауи қалаларда қазірдің өзінде ең ақылды және әмбебап миллиондаған «құрылғылар» бар, олар бұрыннан да бар құрылғылар еді: адамдар деп аталады. Өзін патриотпын деп санайтын, смарфоны бар әрбір азамат мемлекеттік мекемелерге құнды мәлімет жеткізуші бола алады. Себебі олар шынайы уақыт желісінде нақты ақпаратты жіберіп, кері байланыс орнатады».
«Смарт қалаларда кез келген баж салығын бірінші болып төлейтін халықтың бір бөлігі жеке мәліметін қорғай алмайды» деген дерек бар. Технологиялық прогреске қолы жете бермейтін адамдар өзгелер қолданатын қызмет түрін пайдалана алмайды. Ал маргиналданған жандар өз жерін үкімет күшпен тартып алып, сол жерге, негізінен, ауқатты адамдардың қалауымен және сол ауқатты адамдарға арнап салынып жатқан смарт қалаларға қызыға қарайды. Бірінен соң бірі жасалған зерттеулерден байқайтынымыз, ондай қалалар ең әуелі ер адамдар үшін және ер адамдардың қолымен салынады екен. Смарт қалаларда да осындай кедергі көп: Үндістанның мысалын алып қарасақ, «смарт қала» жобасы бойынша жасалған қала сәулеті әйелдер үшін қолайсыз. Себебі мұндай қалалардағы көшелерде саудагерлердің сауда жасауына мүмкіндік бермеген. Демек, мұндай қалалар әйелдердің жақын маңнан әлденені сатып алуына кедергі болады. Мұндай сәулет құрылыстары гендерлік факторларды есепке алатын, ашық, жан-жақты және жүйелі түрделі келелі кеңестің құрылмағанын көрсетеді.
Privacy International Халықаралық қала күнін атап өту мүмкіндігін пайдаланып, көп мәселенің басын ашқысы келеді. Сондықтан халықаралық қала күнінде «урбанизация ұғымын кімдер бақылайды, қалаларымыз қандай болуы керегін кімдер шешеді және жаңа қалалар кімдерге қызмет етеді, қалаларды кімдер салады?» – осы мәселелер жайында ой толғап, сын тезіне салады.
Түптеп келгенде үкімет пен компаниялар кенедей жабысып отырған деректер біздің мәліметтеріміз ғой. Сондықтан бақылауды қолымызға алайық және негізгі құқықтарды өзіміз пайдаланайық. Жеке өміріміздің құпиясын сақтау құқығымызды сақтап, қаламыздың өзгеге емес, өзімізге қызмет етуін талап етейік.
Мақаланың түпнұсқасы https://privacyinternational.org/blog/623/smart-cities-better-whom