Алматыда институтционалды реформалар мен адами капитал тақырыбына арналған Ашық экономика форумы (OEF-2019) өтті. Биыл екінші мәрте ұйымдастырылған OEF-2019 жұмысына жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өту тәжірибесі бар жеті елдің, атап айтсақ, Армения, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Украинаның экономист-сарапшылары қатыcты. Бұл аталған мемлекеттердің барлығы үшін экономиканың қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін институт құру, соның жүйесін қалыптастыру аса маңызды. Ашық экономика форумының биылғы арнайы қонағы – экономика ғылымдарының докторы, SciencesPo университетінің профессоры, Ресей экономика мектебінің бұрынғы ректоры, Еуропа қайта құру және даму банкінің бұрынғы бас экономисі Сергей Гуриев.
Сарапшы бүгінгі таңдағы институттардың сапасы мен оның экономикалық дамуға, теңсіздікке әсері турасында дәріс оқыды. Бұдан өзге, транзиттік, дамушы және шикізатты елдердегі тұрақты және инклюзивті экономикалық өсімді қамтамасыз етудегі институционалды дамудың рөлі жөніндегі зерттеуімен бөлісті. Форумнан кейін Сергей Гуриев отандық журналистермен бөлек кездесіп, күнтәртібіндегі бірқатар сауалдарға сарапшы ретінде жауап берді.
Біз жаһан саудасын реттеп, тауар айналымының легін бақылап отыратын Дүниежүзілік сауда ұйымының 162-ші мүшесіміз. Бұл ұйымға мүше болуы арқылы елдер арасында кедендік салықтың деңгейі төмендеп, алыс-беріс жеңілдейтінін, тиісінше, баға арзандап, инвестиция тартуға жол ашылатын білеміз. Келер жылдан бастап еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіру туралы келісімшартына сәйкес, шетелдік банктер Қазақстанда өз бөлімшелерін ашатын болады. Филиалдың еншілес банктен айырмашылығы – бас кеңсенің барлық ресурсы қолжетімді болмақ, яғни шетелдік қарызберушілер шығыны көп жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ете алады. Бұл орайда, отандық банк секторының жай-күйі қандай болмақ? Біздегі Ресей банктерінің бөлімшелері шетелдік банк ұйымдарымен бәсекелесе ала ма? Журналистер тарапынан қойылған алғашқы сауалдың бірі осы болды.
– Жалпы Ресей шетелдік банктердің өз бөлімшелерін ашу идеясына қарсы елдердің бірі. Сбербанк, ВТБ банкінің Қазақстандағы бөлімшелері шетелдік банк ұйымдарының филиалдарымен бәсекелесе ала ма, жоқ па, білмеймін. Отандық банктердің хал-ахуалы осы шамалас. Шетелдік банктермен тайталасу әсте қиын. Өйткені, дамыған мемлекеттердің банк жүйесінде нақтыланған айқын технологиясы және қандай болмасын беделі бар, – дейді сарапшы. Бұл құбылыстың несиелеудің өсімін қамтамасыз ету мүмкіндігіне алаңдаған журналистерге Сергей Маратұлы: «Қазақстанда жұмыс істегісі келетін шетелдік банк ұйымдары несие тұтынушыларын іздейтіні анық. Негізінен, шетелдік банктер өзге валютада несие берудің қажет еместігін жақсы түсінеді. Мұның тиімсіздігін талай тәжірибе талдап берген-ді. Десе де, олардың басымдық беретін басты бағыты – бизнес-несиелеу. Бұл шетелдік банктер үшін ғана емес, ел тұрғындары үшін де тиімді мүмкіндік болар еді деп есептеймін» деп жауап берді.
Қазақстандағы банк секторы өткенінен сабақ алмаған секілді
Осы тұста журналистер бәсекеге қабілетсіз отандық банк секторының болашақта дағдарыс жағдайына тап болу қаупін тілге тиек етті. Жақында Moody’s халықаралық агенттігі Қазақстандағы банк жүйесіне қатысты есебін жариялаған болатын. Онда еліміздегі банк секторы жекелеген несиелеу көлемінің күн санап қарқынды артуы салдарынан 2014-2015 жылдардағы дағдарыс жағдайын қайта бастан кешуі мүмкін екені айтылды. Moody’s мәліметінше, 2019 жылдың соңындағы жағдай бойынша жеке тұлғаға берілетін несие көлемі (ипотекалық несиені есепке алмағанда) атаулы табыс жиынтығынан 2,2 есе асады. Журналист қауым сарапшының осы есепке қатысты ойын сұраған еді.
– Moody’s халықаралық деңгейде беделі жоғары ұйым, әрі әрбір жариялаған есебі үшін үлкен жауапкершілік сезінеді. Сондықтан, бұл агенттіктің болжамымен келісемін. Әрі аталмыш есептің жан-жақты және толыққанды зерттеліп барып, жарияланғанына сенімім мол. Қазақстандағы банк секторының бүгінгі жұмыс істеу тәсілі мен нарық жағдайына төтеп беру тетіктерін зерделейтін болсақ, бұл саланың өткен дағдарыс жағдайынан ешқандай сабақ алмағанын байқайтындаймыз, – дейді Сергей Маратұлы.
ТМД елдерінің банк секторы – жоғары сапа стандарты емес
Журналистерді көбіне-көп банк секторына қатты сауалдар алаңдататыны байқалды. 2000 жылдардың ортасында Қазақстанның банк секторы ТМД елдерінің арасында жоғары көрсеткішке ие болып, үздік деп танылғаны турасында сөз қозғаған тілшілер шетелдік сарапшыдан қазіргі таңдағы отандық банк секторы жағдайына Ресеймен салыстырмалы түрде қандай баға беретін туралы сұрады. Жалпы ТМД елдерінің банк секторы – жоғары сапа стандарты еместігін ерекше атап өткен Сергей Гуриев Ресей мен Қазақстандағы банк саласының бүгінгі ахуалы турасында былай деді: «Ресейдегі банк секторының құрылымы қызық. Онда жекелеген ірі банктер көп болды, басым бөлігі банкротқа ұшырады. Ондаған алпауыт банктердің ішінен жекелеген жалғыз банк қалды, сосын бір ірі мемлекеттік банк бар – Сбербанк. Бұл екеуінің заманауи басқару тұрғысынан технологиялық мүмкіндіктері едәуір жоғары, мұндағы қалған мемлекеттік банктердің жетекшілігі, қауіп-қатерлерді басқару сапасы әлсіз. Қазақстандағы банк жүйесі соңғы аталған осы көрсеткіштермен баға беретін болса, салыстырмалы түрде үлесі басым. Десек те, Ресейдің Альфа, Сбербанк сынды үздіктерін еуропалық деңгейдегі банктер есебіне алуға болады».
Кез келген жағдайды өзгертуге болады
Шын мәнінде, қазіргі уақытта шет мемлекеттерден инвестиция тартудың тетігін табу дамушы мемлекет есебіндегі Қазақстан үшін аса маңызды. Бұл орайда тілшілер инвестордың сенімінен шығу үшін қаржы сұрап отырған елдің экономика құрудағы тарихи желісі тартымды болуы шарт деген пікір айтып еді, бұған халықаралық сарапшы: «Өткен тарих ертеңгі күнге қаншалықты әсер етеді?» деген сауалға алаңдау қаншалықты орынды? Әлбетте, өткен күн – тарих, десек те келешекті өзгерту қажет деп шешілсе, дереу іске кіріскен жөн.
Алпысыншы жылдары Оңтүстік және Солтүстік Корея дамудың бір сатысында болды, ол уақытта бұл екі елдің мүддесі, тарихи, мәдени, тіл, салт-дәстүр құндылықтары ортақ еді. Бүгінде ресми деректерге сүйенсек, бұл екеуінің арасында жиырма еселік айырмашылық бар. Бейресми деректер ол көрсеткіштердің жүз пайызға жететінін оп-оңай растап отыр. Демек, ниет болса, кез келген саяси, экономикалық жағдайды өзгертуге болады, бұл соның жақсы мысалы» деп атап өтті.
Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмаудың жолы қайсы?
Осы орайда Сергей Гуриев адами капиталдың негізі болып табылатын салаларды басты назарға алып, институтционалды жүйеде дамыту керектігін ерекше атап өтті. Ол – көбіне-көп білім беру мен денсаулық сақтау саласы. «Білім беру саласынан қаржы аямау қажет. Болашақтың нарығы талап ететін мамандықтарды анықтап, сол салаға жастарды бейімдеу, оқыту, даярлау ісін жөнге қою аса маңызды» дейді маман.
Бұл ретте мұғалім, дәрігер сынды мамандардың жалақасын көбейту ісі бойынша бірқатар жақсы жаңалықтар бар. Дейтұрғанмен, тілшілер әлеуметтік саланы қаржыландырған жақсы, бірақ бұл орайда инфляция көлемінің артатыны тағы бар екенін алға тартты. Соңғы жарты жылда атаулы көмек мөлшері екі есе артты, сәйкесінше, инфляция көлемі де ұлғайды. Осыған байланысты журналистер Сергей мырзадан «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмаудың» жолын сұраған еді:
– Инфляция бұл мәселеден тәуелсіз, ол дегеніміз ақшаны басып шығара беру. Аргентина мен Түркиядан басқа мемлекеттердің басым көпшілігі ақшаны тектен текке басып шығара бермеуді үйренді. Менің білуімше, Қазақстанда бюджет тапшылығы жоқ. Сондықтан адам капиталының негізі болатын мұғалім, дәрігер сияқты мамандықтардың жалақысы жоғары болуы тиіс. Бұл – шығын емес, болашаққа инвестиция, – деп жауап берді.
Бұдан өзге, инфрақұрылымды қаржыландыруды назардан тыс қалдырмау керектігін баса айтты. Бұл бағытқа құйылған қаражаттың ел тұрғындарының игілігіне ұзақ мерзім бойы қызмет ететін жан-жақты түсіндіруге тырысқан сарапшы: «Инфрақұрылымды қаржыландыру шарт. Халықтың мобилділігін арттыруға ден қоятын уақыт, олардың өзге мемлекеттермен әртүрлі саладағы еркін байланысын қамтамасыз етудің маңызы зор. Экономикалық қарым-қатынастың ішкі тетіктері туралау керек. Қазақстан мен Қытай арасындағы «Один пояс, один путь» бастамасы көлік қатынасын реттеуге, энергия өндірісінің шығынын жүйелеуге мүмкіндік береді деп ойлаймын» деп толықтыра түсті.
Салыстырмалы түрде даму қарқыны бар
«Один пояс, один путь» бастамасының тиімді әрі тиімсіз тетіктерін талқыға салған журналистер қауымы Сергей Гуриевке «Қазақстанда ұтымды шыққан жобалар бар деп есептейсіз бе?» дейтін сауал тастады. Бұған сарапшы: «Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстанда адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі Ресеймен салыстырғанда 40 пайызға төмен еді. Бүгінде бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Ресейдің алдына шықты. Демек, салыстырмалы түрде даму қарқыны бар» дей келе, еліміздегі білім саласына құйылып жатқан инвестицияны тілге тиек етті. Мәселен «Назарбаев университеті – аса сапалы бастама, «Болашақ» бағдарламасы – өте тиімді білім жобасы екенін атап өтуге болады. Ресей өз кезегінде мұндай дүние жасай алған жоқ» деді Сергей Маратұлы. Десе де, шетелдік маман Қазақстан әлі де білім беру, зерттеумен айналысу бағытын қаржыландыра түсуі қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар, биліктің бұрыңғыша экономиканың көп бөлігін бақылауда ұстайтыны, дағдарыстан кейінгі құрылымы реттелмеген банктерді басқару жүйесі сынды мәселелердің шешімін табу керектігін айтты.
ЕЭО-ның Қазақстан үшін пайдасы көп болған жоқ
Еліміздің саяси-экономикалық тағдырында тағы бір атаулы оқиғасы бар, ол – Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелігі. Тілшілер Сергей Гуриевтен бұл айтулы келісімге қатысты пікірін сұрауды ұмытпады. Бұл орайда сарапшы: «Еуразиялық экономикалық одақ – Қазақстан үшін пайдалы бастама. Алайда, өкінішке қарай, Ресей көп жағдайда өзіне жүктелген міндетті орындамай, жауапкершіліктен жалтарып отырғанын тәжірибе көрсетіп отыр. Оның үстіне, өз нарығын өзге елдердің, соның ішінде Қазақстанның кәсіпкерлері үшін толық ашпайды. Осыған орай, бұл одақтың Қазақтан үшін пайдасы о бастағы өзі күткендей көп болған жоқ. Кедендік одақ пен ЕЭО туралы бастама көтерілген уақытта мақсат қойған жоспарына жете алмады. Ал жалпы Ресей нарығының қолжетімді болғаны – Қазақстан үшін бірден бір басымдық. Оның үстіне, бұл екі мемлекеттің экономикалық құрылымы бір-біріне ұқсас. Осы екі елдің біріне инвестиция жасағысы келетін шетелдік инвесторлар Ресейдегі санкция үшін олардан бас тартуы мүмкін. Қазақстанға инвестиция құйып, сол арқылы Ресей нарығына шығуды ойлауы да ғажап емес. Міне, осы жағдайды ЕЭО-ның сіздің мемлекет үшін тиімді болатын тұсы деп қарауға болады. Әйтпесе, шетелдік инвесторлар аңқау адамдар емес», – деп жауап берді.
Айырбас бағасын тұрақтантырудың қателігін қайталамау қажет.
Кездесу соңында журналистер халықаралық сарапшының ғаламдық экономикаға қатысты, оған мұнай бағасының әсері бойынша болжамын білгісі келді. Сергей Гуриев ғаламдық экономиканың қарқынды дами беретініне сенім білдірді. «Әлбетте, 2000 жылдардың ортасындағыдай 4-5 пайызға дейін өсе қоймаса да, 3-3,5 пайыз көлемінде даму болады» дейді маман. «Америкадағы экономикалық құлдыраудың ықтималдығы бар. АҚШ нарығын зерттеп, экономикасын зерделеп отығандардың түрлі көрсеткіштерге негізделген болжамына сенсек, бұл елде жақын жылдардағы рецессияның болуы мүмкіндігі – 40%. Оның үстіне, мұндай болжамның ықтималдығы нарықтық мөлшерлемелерден де көрініп отыр. Қисық табыс өзгерісі (инверсия кривой доходности) орын алды. Бұл дегеніміз екі, яки он жылдық облигация мөлшері жартыжылдық немесе жылдық облигация мөлшерлемесінен төмен. Осы құбылыс арқылы инвестор дағдарыстың болуы ықтималдығын бағамдай алады. Алайда, АҚШ экономикасының құлдырауы – ғаламдық экономикадағы рецессия деген сөз емес. Оның үстіне, Америка – мұнай импорттаушы емес, экспорттаушы. Сондықтан Америкадағы рецессия жалпы мұнай бағасының құлдырауы дегенді білдірмейді. Бүгінгі нарық жақын жылдары мұнай бағасы еш өзгеріссіз болады деп ойлайды. Десек те, ғаламдық рецессия бола қалса, не болады? Мұнай бағасы құлдыраса да, Қазақстанның қоры бар, сондықтан бұдан үлкен қауіп жоқ. Бастысы – айырбас бағасын тұрақтантырудың қателігін қайталамау қажет. Мұнайлы елдердің қайта-қайта орға түсіп қалуының бірден-бір себебі – осы» деп ойын аяқтады Сергей Гуриев.