06/05/2019
Urban Forum Qazaqsha: әлеуметтің әлеуеті қандай?
02/05/2019
«Құқық қорғаушылардың жаңа буыны – 2019» жобасы байқауының қорытындысы
19/05/2019

Human Constanta: «Офлайндағы құқық онлайнда сақталсын!»

Сороc-Қазақстан қоры сәуір айында бүгінгі цифрлық дәуірдегі еркіндік пен құқық тақырыбына арналған шеберлік алаңын ұйымдастырды. Бұл жиынға белорус құқыққорғаушылары Алексей Козлюк пен Андрей Сушко арнайы шақыртылды, Human Constanta үкіметтік емес ұйымы өкілдері отандық зерттеушілер, сарапшылармен кездесіп, ғаламтордағы адам құқығы және оны қорғау турасында тәжірибесімен бөліскен-ді. Қазақстандағы, Беларустағы сандық дәуірдің, ондағы сөз бостандығының жайын білмекке Алексей мен Андрейді әңгімеге тартқан едік.

– Алексей, ғаламтор кеңістігіндегі бостандық, құқық мәселесімен айналысып жүргеніңізге біраз болды ма? Бұл бағыттың сіздің елдегі жайы қалай?

 Осыдан бес жыл бұрын бұл тақырыпты зерттеуге қызыға бастадым. Әу баста шағын ғана зерттеу жұмысынан басталып, бара-бара жеке дара тақырыптарға жіктелген үлкен жұмысқа ұласты. Біз Беларусияда күні бүгінге дейін цифрлық еркіндік пен құқық  жөнінде бастама көтеріп жүрген жетекші ұйым болып отырмыз. Бұған дейін бұл жетістігімізге қуанып келсек, енді іштей қынжылатынымыз бар. Өйткені, бұл саланы зерттеушілер қатары көбейген сайын, жетістікке жету мүмкіндігіміз арта түспек. Дейтұрғанмен, Белорусияда онлайн кеңістіктегі сөз бостандығы, пікір еркіндігімен айналысатын жекелеген ұйымдар бар, интернет басылымдардағы журналистердің құқығына аса мән беріп, дербес мәліметтерді қорғау ісіне ден қойып жүргендердің қатары артып келеді. Бұл Беларусиядағы цифрлық жағдайға талдау жасай алатын сапалы сарапшылар алаңы десек, артық айтқанымыз емес.

Десек те, цифрлық еркіндік проблемасы туралы, бұл саланың бүгінгі күнтәртібіндегі мәселелері, сын-қатерлері турасында айтар болсақ, жаңағы сарапшылар алаңы – біздің аймақ үшін кішігірім алаңқай ғана. Яғни, сандық дәуірдегі адам құқығына қатысты салмақты сын айтып, ондағы қауіпті қатерлерге қарсы негізді ой қозғайтын үкіметтік емес ұйымдардың өкілі аз. Бұл проблема аясында Ресей, Қазақстан, Украинамен мүдделес екеніміз анық. Сол себепті де, әр елдегі ҮЕҰ-дардың арасында серіктестік қарым-қатынас орнатуымыз қажет. Оның үстіне, аймақтық тенденциялар шамамен ұқсас, біздің мамандардың Қазақстандағы жағдайды түсінуі, я болмаса, қазақстандық сарапшылардың біздегі ахуалды ұғуы қиынға соқпайды.

– Сапалы сын айтып, пікір аламаса алатын сарапшылар қатары әлі де көбеюі қажет дейсіз, шеберхана қатысушылары біздің елдерде билік тарапынан киберқауіпіздікті қамтамасыз ететін арнайы мемқызметкерлер даярланып жатқанын айтты. Азаматтардың құқығын қорғауда ҮЕҰ әлі де әлсіздік танытуда. Сіздіңше, диджитал құқықты қорғау бойынша кадрлар дайындау – ҮЕҰ жұмысы ма, әлде өзге институттарға тиесілі дүние ме?

 Алексей: Мақсаттың айқындығы, міндеттің анықтығы қажет. Егер ҮЕҰ цифрлі еркіндік тақырыбына сауатты, біздің деректердің құпиялығына блокчейннің ықпалынан хабары бар, қоғамдағы дискриминацияға жасанды интеллектің әсері туралы айта алатын заңгерлер дайындайтын болса, үміт бар. Алайда, шенеуіктер тарапынан мұндай заңгерлермен тең деңгейде пікір алмасып, олардың зерттеу, талдау жұмыстарын түсінетін азаматтар болмаса, қандай да бір жетістікке жету дегенің арман ғана. Дейтұрғанмен, бұл – егер шенеуіктер сандық кеңістікті реттеу тәсілін сауатты меңгерсе, құқыққорғау тетігі туралана қалады дегенді білдірмейді. Өйткені, мемлекеттің бұл бағытта басшылыққа алып отырған басымдықтары басқа. Құқыққорғау тетігін туралау арқылы саладағы бірқатар түйткілдің түйінін тарқатуға болар еді. Біздің басты мүддеміз − осы, билікпен де, бизнес өкілдерімен де құқыққорғау ісі бойынша, ондағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында қарым-қатынас орнатудамыз.

– Цифрлық қауіпсіздік туралы сөз болғанда, адамдарды алаңдататын екі негізгі дүние бар екенін байқауға болады: дербес мәліметтердің қорғалуы және ғаламтордағы белгілі бір ақпараттардың қолжетімді болмауы. Біздің елдегі, бәлкім тек біздің мемлекетте емес, интернет тұтынушылардың күнделікті бетпе-бет келетін проблемасы – осы. Қазақстанда әлеуметтік желілерді бұғаттау – қарапайым ғана іс, адамдар VPN қосып алады. Яғни, құқығыңды қорғаудың орнына қосымшаны жүктеп алу әлдеқайда жеңіл. Сіздіңше, қолайлы жағдай мен құқығының сақталуын белсенді түрде талап етудің арасындағы шекара қайда жатыр? Азаматтардың белсенділігін қалай оятуға болады?

 Алексей: Бізде қандай да бір қордаланған мәселелерді шешуден бұрын, сол түйткілдің түйінін тарқату тәсілін таңдаудың өзінде проблема бар. Сөз бостандығы, ақпарат алмасу еркіндігі бар дейтін болсақ, ол офлайндағы әңгіме, оның онлайнда сақталуы да аса маңызды. Өкінішке қарай, біздің мемлекеттерде офлайндағы сөз бостандығының жағдайы да мәз емес, дейтұрғанмен, бұл тәсілдер онлайндағы кеңістікке де келе береді деу – қате. Мәлімет алмасу еркіндігі, ақпаратқа қолжетімдік – құқыққорғаудың негізі дегенді басшылыққа алатын халықаралық стандарттарға назар салуымыз қажет. Ал бұл құқығымызды шектеу және ондай шектеулердің тиімді жұмыс жасауы – бөлек әңгіме.

Офлайндағы сөз бостандығының жайы қалай? Газеттің тиражын тартып алады, тіпті, сол басылымды жауып тастайды, қолдан келетін шара жоқ. Бұған қарсылық білдіріп, дүмпу ұйымдастыруға болады, алайда, ол қаншалықты тиімді әрі нәтижелі болмақ? Ақпарат ағынына тосқауыл бола алатын қандай бір тетіктер бар, оларды мемлекет ертеректе қолданып жүрді. Ал онлайндағы жағдай қандай? Белгілі бір сайттың жұмысына бөгет қойылды делік, ол редакция VPN орнатып алып, шаруасын атқара береді. Бұл кеңістікке бұрыңғы «бас кесерлік» тәсілдер тиімсіз. Қомақты қаражат жұмсап, белгілі бір аймақ көлемінде жұмыс істейтін «қытай ғаламторын» орнатуға болады, бірақ, не үшін? Оның орнына, қоғаммен дұрыс диалог құрып, өзін-өзі басқару тетігін реттеу – әлдеқайда тиімді әрі нәтижелі болар еді.

– Қандай да бір сайтты бұғаттау кезінде, билік бұл әрекетін мемлекеттің мүддесін қорғап жатқанымен түсіндіреді. Мәселен, Илья Азардың Батыс Қазақстан облысынан жасаған репортажы үшін «Медузы» сайтын келесі күні-ақ жауып тастады. Сондағы сылтауы сепаратизм. Сіздіңше, бұғаттау ісін ақтап алуға болатын қандай бір тақырыптар бар ма?

 Андрей: Құпиялық – тек заңға тән шаруа емес, мұнда үлкен философия бар. Адам құқығы дегенде сол. Адам құқығы өзгеруде, дамуда. Терроризм, экстремизм, зорлық-зомбылық жасауға үгіттеу сынды істерді қылмысқа жатқызу туралы белгілі бір келісім бар. Алайда, мұндай ымыраға келудің де түрлі тәсілі бар емес пе? Мәселен, балалардың порносын бұғаттауға еш қарсылығым жоқ, мұның қауіпті екенін және онымен айналысатындарды жазалау керектігін құптаймын.

Алексей: Бұл консенсустан өзге, сот шаралары мен стандарттары бар. Бұғаттауға байланысты шешім шығаратын кім? Ол органда еркіндік бар ма? Олардың шешіміне қарсы арыздану қаншалықты мүмкін? Әдетте онлайн ресурстарды министрлік немесе мемлекеттік орган бұғаттайды. Сондықтан, олардың шешіміне қарсы пікір білдіру әсте мүмкін болмай жатады. Тіпті, жаман ниетті адамдарды бұғаттағанның өзінде, биліктің бұл әрекеті заңсыз болуы ықтимал, сол себепті оларға жақтаса алмаймыз. Өкінішке қарай, Беларусияда бұғаттау шарасы орнатылған. Кей кездері есірткі сатумен айналысатын сайттарды жауып жатса да, әрі мұның дұрыстығын түсінсек те, биліктің бұл әрекетімен келісе алмаймыз. Өйткені, сол бұғатталушылардың тізімінде тәуелсіз медиа өкілдері де бар, ал қарапайым демократиялы мемлекетте бұлардың жұмыс істеуі қалыпты жағдай. Сондықтан, біз бірінші кезекте бұғаттаудың себебіне емес, жалпы ол әрекеттің бар екеніне назар аударамыз.

– ҮЕҰ мен құқыққорғаушылардың билік қарым-қатынас орнату қарқыны қандай? Мемлекет тарапынан тиісті әрекеттер болды ма?

 Алексей: Өкінішке қарай, сіз бен біздің мемлекеттегі биліктің басқа тараптың пікірін тыңдауға қатысты жағдайы ұқсас. Біздің елде жағдайдың басым бөлігі салаға байланысты. Кей салалар мемлекетпен қарым-қатынас орната алды. Ал, Беларусиядағы ғаламтор ісін реттеу мәселесін әлі де күнтәртібінде күйіп тұр. Бізде бұл бағытта жақсы пікірталқы алаңдары құрылуда, мәселен, Интернетті басқару форумы. Десек те, толыққанды диалог құру үшін барлық тараптар жетілуі қажет. Жақсы-жаманды тенденциялар баршылық.

Андрей: Кез келген коммуникацияда қаншалықты қиын болса да мәмілеге келу тетігін таба білу қажет. Бір мүдде аясына біріге алатын тұсынан қарап, мәселенің тиімді шешілуіне күш жұмсау керек. Интернеттегі еркіндік пен құқық саласында бұл жеңілірек, өйткені, көп істе билік яки бизнес өкілдері өздігінен шешім қабылдауға қауқарсыз. Сондықтан кем дегенде үш тарап бірігуі шарт: мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам.

– Алматыда өткен үш күндік шеберханадан кейін қандай ой түйдіңіздер, біздің елдегі диджитал еркіндік пен құқықтың ахуалы қандай екен?

 Андрей: Мұнда біз саладағы қордалаған мәселелерді біріктіру, құрылымдаудан бөлек, Қазақстандағы азаматтық қоғамның бетпе-бет келген сын-қатерлерін анықтауға да маңыз бердік. Мәселе жоқ емес, жетерлік. Азаматтық қоғам жұмылып, өз әлеуетін арттыруға күш салып, саладағы сын-қатерлерге қарсы тұруға қауқарлы болуы қажет. Цифрлық еркіндіктің белгілі бір салаларымен жалпылама айналысып жүрген сарапшылар, талдаулар мен ұйымдар баршылық. Мәселен, үкіметтің ашықтығы, ашық мәлімет. Алайда, арнайы дербес мәліметтер тақырыбын талдап жүрген субъект жоқ. Ал бұл – сандық еркіндіктің бастауы. Беларусияда дәл осы саламен айналысамыз. Мысал үшін айтайын, «Құқықтық медиаорталықтан» келген қазақстандық әріптестеріміз нысанасына нағыз бір саланы алған – мемлекеттік ақпараттық тапсырыс немесе журналистердің ақпаратқа қолжетімдігі. Шеберхана қатысушыларымен бірге осы күндері арнайы бір кесте құрғандай болдық: соған сәйкес олар мәселенің себебі мен салдарын, оны шешудегі мақсат-міндетін айқындай алмақ. Әлеует жоғары. Салаланған ұйымдардың жұмысын нығайтып, жаңа сарашылар мен мамандардың қалыптасуына көп мүмкіндік бар. Әрі бұл құбылыс дами бермек, оның үстіне, бүгін біз ерекше серпін берген сияқтымыз.

Алексей: Шеберханаға аталмыш салада кәсіби жұмыс істеп жүрген мамандар жиналған. Біз ешкімге білім беріп, бірнәрсе үйреткен жоқпыз – әр қатысушы сандық еркіндіктің жекелеген аспектілерін жақсы талдай біледі. Біздің міндет – соның барлығын «цифрлық еркіндік», я болмаса, дұрысында «цифрлық дәуірдегі адам құқығы» детйін бір кешенді ұғым аясына жинақтау болды. Оның үстіне, білгенімізбен бөлісіп қана қоймай, білмегенімізді үйрендік, біршама тың ақпаратқа қанықтық. Мәселен, Беларусияда деректердің құпиялығын сақталуы мен дербес мәліметтердің қорғалуын заңнама деңгейінде көтеріп жүрген азаматтардың белсенді қауымдастығы бар. Сөйте тұра, бізде «Дербес мәліметтер туралы» заң жоқ. Заң жобасы түрінде парламентте жатыр. Қазақстан бұл заңды 2015 жылдан бері қабылдап қойғанымен, ол құжат тиімді әрі тиісті деңгейде жұмыс істемейтінге ұқсайды. Мәселен, журналистердің белгілі бер мәліметтерді жариялауына тыйым салады.

Қазақстанда дербес мәліметтерді қорғау мәселесімен арнайы және кешенді айналысатын қандай да бір салалық ұйым жоқ. Бұл игеруді талап ететін тың сала. Бір қызығы, қатысушылардың өзі мұндай ұйымның жоқтығын естіп, таң қалысып жатты.

– Дербес мәліметтерді қорғауды дамыту қажеттігімен келісемін. Ал ноутбуктағы камераларды желімдеу шаралары туралы ойыңыз қандай?

Андрей: Камераны желімдеу – жақсы ұсыныс, әйтпесе, біреу суретке түсіріп алуы мүмкін (күледі). Жалпы, мұндай әрекет бәзбіреулерге паранойя болып көрінуі мүмкін, бірақ, телефондағы немесе ноутбуктағы камераларды жауып қоятын кішкене желім-қағаздарды өзіміз де шығарамыз. Мұның бақылаудан  қаншалықты құтқаратыны, я болмаса, керісінше аңдуға қаншалықты себепкер болатыны (бәлкім, соншалықты қауіпті емес) белгісіз. Десек те, сол камера арқылы сіздің ісіңізге түсуі мүмкін екенін ескертіп тұратын жақсы дүние сыңайлы. Бәлкім, кез келген адам камерасын жауып қою арқылы өзіне тән дербес мәліметін қорғауға бір қадам жасаған болар. Өз басым, камерамды арнайы қағаздармен желідеп жүремін (күледі).

– Меніңше, адамдардың өзі туралы мәліметіне деген салақтығы – қоғамда кең тараған құбылыс сияқты. Олардың ұстанатыны: «мен – кішкентай адаммын, ешкімге керегім жоқ», сөйтіп, өзіне тән мәліметтерді оңды-солды тарата береді.

Алексей: Ағылшын тілінде жақсы бір ұғым бар, аудармасы «құпиялық негилизмі» дегенге саяды, яғни, адам «өзіне тән дербес мәліметтерді қорғай алмаймын және мұны қажет деп тапқан адам оп-оңай тауып алады» деген сезімді бедерлейтін ұғым. Сондықтан, ол адам ешқандай әрекет жасамайды. Бұл өте әлсіз ұстаным әрі түбі жақсылыққа апармайды. Дейтұрғанмен, азаматтар дербес мәліметтерді қорғау құқықтары туралы, оларға мемлекет пен бизнес өкілдері нені қамтамасыз етуі керектігін білгісі келеді. Тұтынушы ретіндегі құқығымды, яғни, 14 күн немесе бір ай ішінде тауарды қайтарып беруге болатынын білемін, одан бас тартып көрсін. Белсенділік пен өз құқығыңды білу жақсы болашаққа бастайтыны анық, онда цифрлық дәуірдегі еркіндік пен құқыққорғау ісінде мұншалықты түйткілді мәселелер болмас еді.