11/09/2019
Сергей ДРОЗДОВСКИЙ: Әлеуметтік қамқорлық ұғымынан аса алмай отырмыз
04/09/2019
Қазақстанда мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясаты жайлы жазатын жаңа онлайн жоба іске қосылды
12/09/2019

Жаңалықтарға не болды?

ОКСФОРД – Британия халқы Брекзит туралы толық ақпарат ала алмай отыр. Ақпарат платформаларына қатысты мәліметтерді зерттеудің нәтижесі осыны көрсетті. Reuters институтының “Сандық жаңалықтар туралы” соңғы есебіне қарасақ, британ қоғамының 71 пайызы Ұлыбританияның Еуропа одағынан шығуына қатысты жаңалықтарды айналып өтуге тырысады екен. Түрлі салалардан байқалатын бұл сәйкессіздік ақпарат құралдарының жаңалық таратқанда мәліметтерге (датаға) көбірек сүйенетінін байқатып, біршама алаңдаушылық туғызады.

Мәліметтерді саралаудың артуы журналистер мен редакторларын “халықтың қалауын жақсы білеміз” деп тоқмейілсуге алып келді. Онысы орынды да, себебі медиа платформалары оқырманның Интернеттегі ақпараттың қайсысын ашқанын, оны қанша уақыт оқығанын, қайсысын достарымен бөліскенін, оларды жазылуға итермелейтін контенттің қандай екенін жақсы біледі.

Мәселен, бұл мәлімет аудиторияның зерттеу журналистикасының материалдарына, диета мен жеке қаражат туралы кеңестерге және отбасы мен қарым-қатынас тақырыптарындағы эсселерге қызығатынын көрсетті делік. Олар жеке адамның тағдыры туралы жазылған адами оқиғаларға көбірек мән береді, есесіне Таяу Шығыстағы кикілжің мен қалалық әкімшіліктегі жиындар туралы оқығысы келмейді. Бұған қоса олар айқайлаған тақырыппен берілген жаңалықтарға, соның ішінде президент Дональд Трамптың басындағы дау-дамай мен оның оқыс әрекеттеріне қызығады.

Ақпарат құралдары оқырманның сұрағанын жариялап жүрген болса, онлайн ақпаратты тұтынуға қатысты әлемдегі ең ірі сауалнама – “Сандық жаңалықтар туралы есепке”  қатысқандардың үштен біріне жуығы (32%) “ақпаратты мүлде оқымауға тырысамын” деп неге жауап береді? Олардың жауабы дәл осындай әрі бұл көрсеткіш осыдан екі жыл бұрынғыдан үш пайызға жоғары.

Ақпаратты оқудан тартынамын деп жауап бергендердің 58 пайызы “жаңалықты оқу көңіл-күйіме кері әсер етеді” деп жауап берген. Сонымен бірге сауалнамаға қатысқандар жаңалықты оқыған соң “дәрменсіз күй кешетіндерін” айтқан.

Бұған қоса, сұралғандардың тек 16 пайызы ғана жаңалықтың стилін ұнататынын айтса, 39 пайызы стилін жақтырмайтын болып шыққан. Әсіресе жас оқырмандар осыған дейін аудиторияны қызықтырудың ерекше амалы саналып келген тәсіл – оқиғаны негативтік тұрғыдан баяндауға наразылық білдірген. Жұрттың көбі мұндай біржақтылық оқырманды дәрменсіз етеді деп санайды. Сауалнамадан белгілі болғанындай, балалары жақсы қоғамда өмір сүрсе деп үміттенетін жас ата-аналардың көбі мұндай жаңалықтарды жақтырмайтын болып шыққан. Жастардың көбі жаңалықтар жай күнделікті нәрселерді айтпай, адамның көңілін көтеруі керек деп санайды.

Жұрттың ақпарат құралдарына қатысты жеке көзқарасы мен мәліметтердің арасында байланыс болмауының бір себебі “кінәлінің ләззаты” эффектісі болуы мүмкін, яғни адамдардың вуайеризмге аңсары ауыр тұрады, бірақ мұны кейде тіпті өз-өздеріне мойындамайды. Сөйтіп, олар ауыр қылмыстар не жұлдыздардың ажырасуы туралы мақалаларды ашып оқығанымен, “сапалы ақпаратты” қалайтындарын айтуы мүмкін.

Редакциялар оқырмандардың ең нашар қалауларының жетегінде кетсе, мұның салдары ауыр болуы мүмкін. Билікке я ықпалға ие кез келген адамды жауаптылыққа шақырып, азаматтарды белсенділікке тартатын бірден-бір құрал – медиа. Әсіресе демократиялық қоғамда халық басты мәселелерден хабардар болуы керек. Сондықтан, ақпарат құралдары халыққа жағымсыз болса да, саяси жемқорлықтан бастап климаттың өзгеруіне дейінгі салмақты жаңалықтарды жариялап отыру үшін жауапты.

Бірақ, бұл оқырмандардың “жаңалықтар негативке қарай бұрмаланып жазылады” деген сынын көзге ілмеу дегенді білдірмейді. Керісінше, оқырмандарды өз өмірлеріне әсері бар нәрселер үшін күресуге ынталандырса, олар өздерін соншалық дәрменсіз сезінбес еді.

Мұнда “мәселе шешуші журналистика” көмекке кете алады. Өзгеруі тиіс нәрселер туралы ақпарат пен мәселенің оң шешілуі туралы жаңалық арасында тепе-теңдікті сақтау арқылы ақпарат құралдары прогреске бастау және ол туралы ақпарат беру жауапкершілігін орындайды. Бұл – ұзақ жылдан бері адамдардың өмір стандарттары жақсарып келе жатқанын мойындау деген сөз.

Аудиториямен қайта байланыс орнату үшін ақпарат құралдары көзқарастарын кеңейту керек. Батыстың көп бөлігінде нені қалай жазу керектігін ақ нәсілді, ер, орта таптан шыққан журналист шешеді. Бұл ақпарат құралының алуан түрлі қоғамдарды кең ауқымда қамту мүмкіндігін шектейді.

Іс жүзінде, “Сандық ақпарат туралы” есепке қатысқандардың тек 29 пайызы ғана ақпарат құралдары таңдаған жаңалықтардың “өздеріне қатысы бар екенін” айтқан. Reuters институты мен Германияның Майнц қаласындағы Гутенберг университеті бірлесіп жүргізген зерттеуге қарасақ, бұл көрсеткішті арттыру үшін редакциядағы әралуандықты арттыру керек.

Сонымен бірге ақпарат құралдары жаңалықты контекстке салып, түсіндіруде де іздене түсуі тиіс. “Сандық ақпарат есебіне” қатысқандардың 62 пайызы оқиға туралы хабар береді дегенімен, тек жартысы ғана БАҚ-тардың болған оқиғаны түсіндіруге тырысатынын айтқан. Есесіне, сұралғандардың үштен бірі тым көп ақпарат таратылады деп санайды. Демек, аз, бірақ сапалы ақпарат тарату керек деген сөз.

Бұдан шығатын қорытынды: тек мәліметтер анализіне сүйене бермек, оқырманға да құлақ асу қажет. Жағымды жаңалық пен жағымсызын араластыра беріп, қажет болса түсіндірме ұсыну керек. Бұған қоса, түрлі көзқарастарды берген де дұрыс. Бұл өзгерістерге мойын бұрмаған ақпарат құралдары халықтың сенімін жоғалтып, оқырманнан алыстай бермек. Тұтынушыны олардың жұмысы ақша төлеуге тұрарлық екеніне көндіруде бұл жақсы стратегия бола алмайды.

Alexandra Borchardt

 Alexandra Borchardt is a senior research associate at the Reuters Institute for the Study of Journalism at the University of Oxford.

Copyright Project Syndicate© Материалды көшіріп басуға авторлық құқық иеcі тиым салған.