18/09/2019
Азиядағы көпжақтылықтың болашағы
18/09/2019
Қытайдың бірпартиялы жүйесін қандай дағдарыс күтіп тұр?
21/09/2019

Фискалдық саясаттың қайта оралуы

ЛОНДОН – 2019 жылдың соңғы ширегі басталып, әрі онжылдық тәмамдалып келе жатқан қазіргі кезеңде әртүрлі құрылымдық сын-қатермен қоса әлем экономикасының баялаулау белгілері байқалады. Түнгі ұйқымыздан шошып оятататын мәселелер көп-ақ. Олардың қатарында климаттың өзгеруі, микробқа төзімділік (AMR), халықтың қартаюы, зейнетақы және денсаулық сақтау салаларындағы мәселелер, қарыз көлемінің өсуі және жүріп жатқан сауда соғысы.

Дегенмен, дағдарыстан да сабақ алып, оның мүмкіндігін пайдалану керек. Жаһандық сауда соғысының ең ауыр салдарын ерекше басынан кешіп жатқан ел – Германия, ондағы саясаткерлер өнімділікті арттырып, инвестицияға негізделген қаржылық ынталандырудың қажет екенін жақсы түсініп отыр. Сол сияқты Брекзиттен туған хаостан бөлек, Ұлыбритания да қаржылық ынталандыру мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Қытай да сауданың және жеткізудің үзілуінен болатын тербелістерді азайтудың жолдарын іздеу үстінде.

Әлемдегі саясаткерлер экономикалық саясатты жүргізу үшін тек орталық банкке қарап отыру қисынға да келмейді әрі ол мүмкін де емес деген пікірмен келісіп отыр. Пайыздық мөлшерлеме тым төмен, тіпті кей жағдайда кері мәнге ие қазіргі кезде салмақты қаржы-несие саясатынан фискалдық саясатқа ауыстырудың қажеттігі анықталып келеді.

Айдың басында Еуропа орталық банкі пайыздық мөлшерлемені төмендетіп, сандық жеңілдетудің (QE) жаңа кезеңін қолға алуды ұйғарды. Бұл әлемдік облигация нарығында сауда-саттық қарқынын арттырып жіберсе керек. Шешімді жариялаған Еуропа орталық банкінің президенті Марио Драги фискалдық саясатты қатайту керек деген пікірлерді қуаттай түсті.

Оның мұнысы дұрыс та. Өте төмен пайыздық мөлшерлеме инвестицияны арттырып, тұтынушы шығындарын өсірмегені белгілі. Соған қарамастан, әрі қарай жеңілдету оған қандай пайда әкелуі мүмкін деген сұрақтар болды. Ал сандық жеңілдетуге келсек, 2008 жылғы дағдарыстан кейін басталған дәтүрлі емес қаржы-несие саясаты онсыз да Батыстағы демократиялық елдерді шарпыған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді одан сайын ушықтырады. Оның үстіне, мұндай саясат онсыз да қаржысы жеткілікті ауқатты отбасыларға пайда келтіретіні жұрттың бәріне белгілі.

Қытайдың соңғы айлық есебіне қарасақ, онда баяулаудың барлық белгілері бар, ал экспорттың азаюы АҚШ-пен арадағы сауда соғысының кесірін тигізіп жатқанын айғақтайды. Содан да болар, Қытайдың басшылары өсімді үстемелеу үшін ішкі тетіктерді шектеу саясатын (өткен жылғы негізгі басымдық) босаңсытуға көшті.

Германиядағы баяулау да анық көрініп тұр. Экспортқа қатты тәуелді болғандықтан, Германия экономикасы ішкі сұраныстың күштілігіне қарамастан, рецессияға құлдилап барады (Германияның ең төменгі стандарттарымен алғанда).

Көптен бері айтып келемін, Германия экономикасы құрылымдық тұрғыда біз ойлағандай тұрақты емес әрі оның саясатына өзгеріс бұрыннан керек болды. Он жылдан астам уақыт бойы Германия фискалдық құрылымын тар шеңберде ұстап, мемлекеттік қарызын арттыруға күш салып келеді. Ал қазір тіпті неміс саясаткерлерінің өздері өзгерістің қажеттігін түсінді. Елдің он жыл болған облигацияларының табыстылығы нөлден төмен, оның қарызының ЖІӨ-ге қатынасы 60 пайызға жетпейді, оның ағымдағы шот профициті тым жоғары (ЖІӨ-нің 8 пайызына жетеқабыл), ал инфрақұрылымы нашарлап барады.

2008 жылдан бері АҚШ-тың ағымдағы шот дефициті жарты есе кеміп, ЖІӨ-нің 3 пайызынан төмен түсті, ал Қытайдікі ЖІӨ-нің 10 пайызынан нөлге дейін азайды. Ал Германия сыртқы дисбалансы өсіп, жалпы еуроаймақтың тұрақтылығына қатер төндірді. Германияның ірі фискалдық экспансиясы бұл трендті кері бұра алады. Бұл жеке инвестиция мен тұтынуға да мультипликативті әсер етіп, сол арқылы күрес үстіндегі басқа еуроаймақ мүшелеріне экспорттық мүмкіндік сыйлауы мүмкін. Оның үстіне, Германияның фискалдық саясат тәсілдемесіндегі өзгеріс еуроаймақтың фискалдық ережелерін босаңсытуға да ықпал етуі ықтимал. Ұзақмерзімді өсім көздеріне инвестиция салып, декарбонизация процесін бастау үшін Еуропа үкіметтерінің экономикада белсендірек рөл ойнау мүмкіндіктері болуы тиіс.

Ұлыбританияға келсек, Брекзиттен өзге екі мәселе назар аударуға тұрарлық. Бірінші, жақында қызметке кіріскен жаңа премьер-министр Борис Джонсон Англияның солтүстігінде сөйлеген бірнеше сөзінде географиялық тұрғыда бағытталған дамуды ұсынатын “northern powerhouse” моделін қолдайтынын байқатты. Анығын айтсақ, жұрттың көбі  Джонсонның солтүстікке жағынуын келесі сайлаудың алдында өзіне тұғыр дайындаудың амалы деп есептейді. Бірақ Джонсон мен оның кеңесшілері дауыстарды бұлайша сатып алу оңай еместігін білсе керек. Оның үстіне, Ұлыбритания экономикасы үшін Еуроодақпен қарым-қатынасты мәмілелескеннен гөрі Солтүстіктің ұзақмерзімді құрылымдық мәселелерін шешіп, оның өнімділігін арттыру әлдеқайда маңызды.

Екінші, Қазынашылық канцлері Саджид Джавидтің жақында шығындарға жасаған шолуынан Ұлыбританияның фискалдық саясатында өзгеріс болатынын байқау қиын емес. Пайыздық мөлшерлеме төмен болып, соңғы он жыл ішінде фискалдық дефицит жылдам азайып кеткендіктен, Джавид елдің ішкі инфрақұрылым қажеттіліктерін өтейтін сәт туды деп санайтын сияқты. Ол инвестициялық шығындарды қоспағанда, қарыз деңгейлерінің арасын ажырататын жаңа фискалдық ереже ұсынды. Қазіргі жағдайды қарасақ, мұндай ереже тек Ұлыбритания үшін емес, Еуроодақ, Германия және әлемнің басқа елдері үшін де пайдалы болар еді.

JIM O’NEILL

Copyright Project Syndicate©