АЛМАТЫ, 2014 жылдың 3 желтоқсаны – “Ангел” қоғамдық бірлестігі 2014 жылы “Алматы, Ақтөбе және Ақмола облыстарында «Ақ бұлақ-2020» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуына қоғамдық мониторинг жасау” жобасы шеңберінде орындалған «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасына қоғамдық мониторинг жасаудың нәтижелерін таныстырады. Жоба Сорос-Қазақстан Қорының “Ашықтық және есептілік” бағдарламасының қолдау көрсетуімен жүзеге асырылды.
Жоба мақсаты – аймақтық бағдарламаны жүзеге асыру кезінде азаматтардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, қоғамдық мониторинг жасау тетіктерін жасап шығару және Қазақстанның басқа аймақтарында оң тәжірибені тарату. Аталған облыстардың тұрғындары пікіртерімге, сауалнамаға белсенді қатысып, “жедел желіге” қоңырау шалды, бейнероликтерді дайындап, нысандар құрылысына көзбен шолып бағасын берді.
“Жоба шеңберінде әр облыста жергілікті әкімшілік, мердігерлік ұйым мен халық арасында сындарлы диалог орнатылды. Осының және азаматтардың белсенділігінің арқасында көп жағдайда жергілікті билік органдары және мердігерлік ұйымдар халықтың шағымдарына жауап беріп отырды”, – дейді “Ангел” ҚБ директоры Людмила Петрова. “Осыған қарамастан, шешімін таппаған мәселелер әлі көп. Мәселен, Алматы облысы тұрғындары үйге су өткізудің құны жоғары деп, ал Ақмола облысы Жақсын ауданы Запорожье ауылының тұрғындары жаңа су құбырын салу бойынша 2012 жылы басталған жұмыстар аяқталмай, нәтижесінде тұрғындар көшелерінің қыс мезгілінде қопарылып тасталғанын және ой-шұңқыр күйде қалғанын айтып шағымданған болатын”.
“Аталған жоба 2012-2013 жылдары Сорос-Қазақстан Қорының қолдау көрсетуімен Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында өткізілген қоғамдық мониторингтің қисынды жалғасы болып табылады”, – дейді “Ашықтық және есептілік” бағдарламасының үйлестірушісі Динара Погодина. “Ағымдағы мониторинг бұған дейін өткізілген мониторинг секілді мемлекеттік органдар мен жергілікті халықтың қатысуы және ынтымақтасуы арқасында ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтуға бағытталған жобаларды жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға болатынын көрсетті”.
«Ақ бұлақ» бағдарламасына сәйкес 2020 жылға дейін қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен 100%-ға, ауылдық елді-мекендердегі тұрғындарды 80%-ға, суды бұру қызметтерімен қалаларды 100%-ға, ауылдарды 20%-ға қамтамасыз ету жоспарланып отыр. 2014 жылы Ақмола облысында сумен қамтамасыз ету бойынша 15 жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 2 770 711 мың теңге мөлшерінде, Алматы облысында 9 жобаны жүзеге асыру үшін 3 537 179 мың теңге, Ақтөбе облысында 15 жобаны жүзеге асыруға 2 606 257 мың теңге сомасына қаржы бағытталды.