23/08/2019
Трамптың сыңаржақ экономикасы
13/08/2019
Қазақстанға қажетті реформалар
29/08/2019

Босқындарға ақшалай жәрдем беру керек пе?

РИМ – Әлем бұрын-соңды болмаған ірі көлемдегі мәжбүрлі миграцияны бастан кешіп жатыр. Соғыс, табиғи апат және басқа да төтенше оқиғалар 70 миллионнан астам адамды үйлерінен кетуге мәжбүр етті, олардың 26 миллионы босқынға айналды. Олар көбіне ұзақ та азапты сапарға шығады, содан соң қайта өмір бастаудың қамына кіріседі. Бағымызға қарай, бұл босқындарға және олар тұрып жатқан елдердің экономикасына көмектесудің жолдары бар.

Бір әдіс – қолма-қол ақшалай жәрдем, әрі  Иордания, Ливан және Түркиядағы сириялық босқындарға көмек көрсетуде бұл ерекше пайдалы болды. Соның ішінде, Түркиядағы Төтенше жағдайдағы әлеуметтік қауіпсіздік желісі (ESSN)  1,6 миллион босқынның ең басты қажеттіліктерін өтеп қана қоймай, олардың жергілікті экономикаға үлес қосуына да мұрындық болды.

Ауқымы, әдістері және ықпалы жөнінен ерекше ұйым саналған ESSN-ды 2016 жылдың соңында Еуропалық одақ пен Түркия үкіметі құрған, оның жұмысын БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы  (WFP) мен Түркиядағы Қызыл ай ұйымы жүзеге асырған. Ол бойынша заңды босқын отбасының әрқайысына дебит картасы беріледі, картаға ай сайын әр отбасы мүшесі үшін 120 түрік лирасы ($21) салынып отырады, бұған қоса отбасының көлеміне қарай тоқсан сайын қосымша жәрдемақы төленеді. WFP зерттеуіне қарағанда, босқындар көбіне бұл ақшаны тұрғын үй жалдауға, электр энергиясына, азық-түлік алуға және медициналық мақсатқа жұмсайды.

Осы бағдарлама қолға алынғалы балаларын мектептен алып алатын босқындар саны 50 пайызға, балалары аш қалмау үшін ата-анасы тамақ ішуден бас тартқан жағдайлар 45 пайызға азайған. Ең бастысы, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының  #IncredibleOrdinary науқаны көрсеткеніндей, босқындардың не жеймін, не жұмыс істеймін деген сияқты күнделікті шешімдерді өз еркімен қабылдауы олардың еркіндігі мен қадір-қасиетін арттырған.

Бір жақсысы – босқындарға көмекті, осы сияқты бағдарламаны жүзеге асыруды қолдайтындар өте көп. Жақында БҰҰ мен Еуропалық одақ бірлесіп өткізген донорлар конференциясында 50-ден аса ел Сирияның ішінде және сыртында қатты қыжалат болып отырған миллиондаған сириялыққа 6,97 миллиард доллар көлемінде көмек беруге уәде етті.

Толығымен Еуроодақ қаржыландырған ESSN Еуропаның босқындарға көмектесу міндеттемесі үшін ғана емес, өз аумағында 3,6 миллион босқынды паналатып, ерекше қонақжайлық танытқан Түркия үкіметі қоғамын қолдау міндеттемесі үшін де үлкен сын болды. Түркия жалпы 4 миллиондай босқынға баспана беріп отыр, әлемде мұншама босқын алған бірде-бір ел жоқ. Бұл мемлекеттік қызмет пен жергілікті ресурстарға ерекше салмақ артып отыр.

Босқындардың үй жалдап, жақсы тамақтанып, балаларын мектепке жіберуіне мүмкіндік беру арқылы ESSN бұл салмақты біраз жеңілдетті. Оның үстіне, босқындар арасында тұтынуды арттыру арқылы бұл Түркия экономикасына да біраз серпін берді, екі жарым жыл ішінде оның көлемі 1 миллиард долларға ұлғайды.

ESSN – мұндай жақсы нәтиже берген босқындарға ақшалай жәрдем беретін алғашқы бағдарлама емес. Соңғы он жылда сәтті жүзеге асқан мұндай бағдарламалар түрлі жағдайға бейімделіп, ұлғайтылып келеді. 2009 жылы Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы он елге 10 миллион долларға жуық қаражат жұмсады. 2018 жылға дейін әлемнің 62 еліне 1,76 миллиард доллар таратылды.

Бірақ, ақшалай жәрдем барлық мәселені шешеді деу – қате. Соғыс шарпыған не апат болған аймақтағы жұртты қорғауда азық-түлік тарату және тамақтануда көмектесу сияқты бастамалар да қажет. Дегенмен, қажетті тауарлар мен қызметтерді ұсынатын нарықтар дамыған өңірлерде, мәселен босқындар жиі тұрақтайтын қалаларда ақшалай жәрдем әдісі шынымен өте тиімді.

Босқындарға қадір-қасиетін жоғалтпастан, еркін азамат ретінде өмірлерін қайта құру мүмкіндігі берілуі керек. Ақшалай жәрдем бағдарламасы оларға осы мүмкіндікті бере алады.

David Beasley

David Beasley is Executive Director of the United Nations World Food Programme.