10/06/2011
Қазақстанның 15 жасар оқушыларының оқудағы жетістіктеріне халықаралық баға берілді
10/06/2011
Қазақстан экономикасының тұрақты дамуға көшу үдерісі туралы
23/08/2012

Білім берудің мемлекеттік жинақтаушы жүйесі туралы

Қазақстан Республикасының Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Қазақстан білім берудің мемлекеттік жинақтары жүйесін ендіруге кірісіп отыр.

Биылғы жылдың наурыз айында БАҚ-та шыққан алғашқы хабарламалар жұртшылықтың, соның ішінде жас белсенділердің арасында әр түрлі пікір туғызды. Жастардың «Біздің құқық» кәсіподағының өкілдерінің ойынша, «бұл реформа біздің еліміздегі тегін білім беру жұрнақтарын жоюдың басы болмақ». ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов 11-мамырда «Қазақстанда білім беру жинақтары жүйесі мемлекеттік гранттар санының азаюына әкелмейді» деп ресми түрде мәлімдеді. Төменде біз Сорос-Қазақстан Қорының білім беру мәселелері жөніндегі кеңесшісі Сәуле Каликованың осы мәселе жөніндегі пікірін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Білім беру жинақтары жүйесі жөніндегі мәселелерді, менің ойымша, білім беру ісі нарықтық экономиканың бір бөлігіне айналып бара жатқан жағдайда мемлекеттің стратегиялар құру жолында жасаған амалдарының бір бөлігі ретінде қарастыру қажет. Бүгінгі күні Қазақстанда мемлекеттік білім беру гранттары жоғары білім беру бағдарламаларының 20 пайызға жуығын қамтып отыр, қалған 80 пайызы – халықтың қаражаты.

Егер біз «Қазақстанда жоғары білім алуды жоспарлап отырған орта мектеп түлегінде қандай мүмкіндіктер бар?» деген сауалды қарастыратын болсақ, оның бірнеше жолын келтіруге болады:

1. Білім алуды өз қаражатынан төлеу. Дегенмен, жыл санап оқудың құны жоғарылап келеді. Бүгінгі күні Қазақстанның жоғары білім беру нарығында бұл сома жылына 250,000 теңгеден бастап (кейбір жекеменшік жоғары оқу орындарының жеке бағдарламалары бойынша) 1,450,000 теңгеге дейін (мысалы, ҚБТУ-да) жетеді. Еңбек нарығында біршама сұранысқа ие болатын бағдарламаның құны жылына орта есеппен 500,000 теңгеге жетеді және одан да қымбат. Бұл мән-жайдың табысы орташа отбасылардың мүмкіндіктерін елеулі түрде азайтатыны түсінікті, ал табысы төмен отбасылардың жоғары білімге қол жеткізуі іс жүзінде мүмкін болмай қалады.

2.  Мемлекеттік білім беру грантын ұтып алуға талаптану.Бұл орайда таңдауға болатын мамандықтар саны шектеулі. Мұндай гранттар ең бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар мамандықтарға (мысалы, педагогикалық мамандықтардың бүкіл ауқымына) беріледі. Бұл өзекті және, менің ойымша, дұрыс. Бірақ егер сіз «аудармашы» немесе «дизайнер» мамандығын алуды армандасаңыз, онда сіздің мүмкіндіктеріңіз айтарлықтай азаяды.

3.  Білім беру несиесі.Бұл мемлекеттік саясат осыдан бес жыл бұрын енгізілген болатын. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, адамдар бұл мүмкіндікті ең сирек жағдайда пайдаланады, себебі бұл бағдарламаның шеңберінде Қазақстанда жеңілдікпен несиелендіруді бір ғана банк жүзеге асырады және ол осал топтарға жататын студенттерге ғана арналған (Альянс-Банк, 17 жылға жылдық 9%-бен береді). Екінші деңгейдегі басқа екі банк (Халық банкі мен БТА банк) бұл несиені қолайлы деп атауға келмейтін шарттарда береді (10 жылға тиісінше жылдық 15% және 19%-бен).

4. Білім беру жинақтары. Бұл бағдарлама бойынша ұсынылатын шарттар бүгінгі күні адамдар үшін басым мәнге ие емес. Балаларына білім беру үшін қаражат жинақтаймыз деп шешкен отбасылар кез келген банктің депозиттік бағдарламасын таңдай алады және бұл орайда, егер сіз білім беру жүйесін таңдауды шешкен болсаңыз, белгіленетін шектеулер болмайды. Яғни, қаражат басқа мақсатқа пайдаланылатын жағдайда, банктен төленетін дивидендке қосымша ретінде мемлекет беретін мемлекеттік сыйақы жойылады.

Бүгінгі күні Қазақстанда іс жүзінде алғашқы екі нұсқа жұмыс істеп жатыр – адамдар не өз қаражатынан төлейді, не грант ұтып алуға тырысады. Соңғы екі тармақ тартымсыз әрі халықтың сенімін туғызбайды. Мұндай стратегиялар «жұмыс істеуі үшін», ең болмағанда, екі негізгі шарттың болуы керек, олар: тұрақты экономика және тиімді жұмыс істейтін тетіктер жолымен мәлімденген саясаттың орындалуына кепілдік беретін жауапкершілігі жоғары мемлекет. Қазіргі уақытта бұл жағдайлардың бар-жоғы әлі де шешілмеген мәселе.

Білім беру жинақтары жүйесін мемлекет халыққа қолдау көрсету әрі адамдарға балаларының болашағын жоспарлау үшін әр түрлі мүмкіндіктер беру жағына қарай жасалған қадам ретінде ұсынып отыр. Бүгін мемлекеттің тарапынан жасалған ұсыныс, бұл – «Балаларыңызға жоғары білім беру – бұл, бірінші кезекте, сіздің өз жауапкершілігіңіз». Мүмкін, мұның мәні халықта болашаққа деген неғұрлым үлкен жауапкершілікті қалыптастыру; балалардың біліміне инвестициялар салудың отбасылық жоспарлаудың бір басымдығы екендігі туралы идеяны дамыту жөніндегі «тәрбиелік» міндеттердің бірі қамтылған болар. Сонымен бірге, біз «Бізде балама мүмкіндіктер бар ма? Қазақстанның тегін жоғары білім беру саясатын жүзеге асыруға жағдайы келе ме? Мұндай саясат қанша тұруы мүмкін? Осындай көзқарас тұрғысынан келудің экономикалық әрі әлеуметтік пайдасы мен ысырабы қандай?» деген сауал қоюға құқылымыз. Бірақ әзірше бұл туралы әңгіме қозғалып жатқан жоқ. Ал бұл туралы сұхбатты қазірдің өзінде және барлық деңгейде бастаған жөн.

Каликова Сәуле

Білім беру жөніндегі кеңесші

Сорос-Қазақстан Қоры