13/10/2020
«Адам құқығы: көк түстің 50 реңкі» – Artmeken Gallery мен Сорос-Қазақстан қорының жаңа көрмесі
17/09/2020
Қазақстанда Salemdeputat.kz сайт-жобасы іске қосылды
29/10/2020

Қазақстандағы адами капитал: «ақылды адамдардың көшуін» қалай тоқтатуға және білім беру жүйесін қалай ретке келтіруге болады?

3-4 қазанда Сорос-Қазақстан қорының серіктестері Central Asia Nobel Fest Live – көрнекті ғалымдар мен Орталық Азиядағы Нобель сыйлығының лауреаттарының бірінші симпозиумына спикерлер ретінде қатысты. Іс-шараға интеллектуалды қолдау көрсету Қордың инклюзивті білім беру жүйесі, экономиканы дамыту және азаматтық қоғам құру салаларында жұмсаған күш-жігерінің нәтижелі жемісінің заңды жалғасы болып табылады.

ЮНЕСКО мәліметтері бойынша, коронавирустық пандемияға байланысты Орталық Азиядағы мектептердің жабылуы 16 млн  оқушыға өзінің кері әсерін тигізуде. Жалпы, әлем бойынша 1,5 миллиард мектеп оқушылары мен студенттер 2020 жылдың көктемінде гибридті білім алу түріне көшуге мәжбүр болды. Онлайн білім алу нысанына ауысу оқушылардың көпшілігіне оңайға түскен жоқ – осы жайтқа Астана халықаралық университетінің президенті Серік Ирсалиев аймақтағы адами капиталды дамытуды жеделдету туралы сессияда сөйлеген сөзінде назар аударды. Оның айтуынша, онлайн білім берудің бірден бір шарты  студенттердің технология мен Интернетке қол жетімділігінің теңсіздігі ашыла түсті.

Қазақстандық мектеп оқушылары да әлемдік үрдістен оқшау қалған жоқ: 1 қыркүйекке дейін жергілікті әкімдіктер елдегі отбасыларға 450 мың компьютерлерді уақытша пайдалануға беруі керек еді. Ekonomist.kz негізін қалаушыcы Қасымхан Қаппаров тиісті инфрақұрылымға инвестиция құю үшін «біз жинақталған мұнай капиталын пайдалануымыз керек» деп сенеді, және оның сақталу орны  Ұлттық қор екені белгілі. «Ұлттық қор жұмысының маңызды мақсаты қандай отбасында және қандай елді мекенде туылғанына қарамастан әр азаматқа тең мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам құру болып табылады» – деп экономист тыңдаушыларға заманауи әлемнің тағы бір басты максимумын еске түсірді: «Адам – қазіргі заманның жаңа мұнайы».

Әзірше қоғам мүшелерін тең мүмкіндікпен қамтамасыз ету – үлкен мәселе болып табылады. BTS Education және «Қазақстандағы жаңа мамандықтар атласы» жобасының жетекшісі Саясат Нұрбек Дүниежүзілік банктің есебіне сілтеме жасай отырып, білім беру мекемелерінің жабылуын және дайындықсыз онлайн-білімге кенеттен көшуін бастан өткерген ұрпақ оның салдарынан әлі 50-60 жыл зардап шегетінін айтты. Жыл сайын жастар өз кірісінің 3% -ын жоғалтады, ал жалпы Орталық Азия елдері шамамен 2 млрд АҚШ долларын жоғалтады деп болжануда. Сонымен қатар сарапшы бүкіл әлемде оқу сауаттылығының деңгейі қазірдің өзінде 20% -ға төмендегенін және 7 миллионға жуық оқушы өз білімін мүлдем жалғастырмау туралы шешім қабылдауы мүмкін екенін атап өтті. Эльмира Oбри, «Астана» МФҚ үздіксіз кәсіби даму бюросы атқарушы директорының орынбасары қазіргі жағдайды «позитивтік тәуекел» ретінде қабылдауды ұсынады. «Білім беру технологияларының маңыздылығын түсіну қазіргі уақытта білім беру жүйесінің барлық деңгейлеріне, соның ішінде шешім қабылдайтын адамдарға жеткізілді. Біртіндеп біз жүйені қайта жүктеп, білім беру саласын мақсатты, адамға негізделген, тиімді және гуманистік ету жолдары мен шешімдерін табамыз» — деп есептейді ол. Сарапшының пікірінше, қазіргі кезде әдістемедегі жаңа тәсілдер, мысалы, жобалық оқыту, тәлімгерлік, peer-to-peer, геймификация және т.б. сияқтылар аса өзекті орын алады.

Сонымен бірге Саясат Нұрбек инновациялық білім беру құралдары мектептерге жоғарыдан түсірілмеуін баса айтады: «Біз иерархиялық модельдерден желілік модельдерге көшуіміз керек. Жүйе жаңашылдықтарды анықтап, жоғары қарай бағыттап, масштабтауы керек». Алайда, жүйе дұрыс жұмыс істеуі үшін «қарапайым мұғалімдер арасында жаңа білім парадигмасының насихаттаушылар» болуы керек дейді BTS Education басшысы. Ал әзірше, қазақстандық мұғалімдердің құзыреттілігі толықтай жетілмеген және төртінші тоқсанның қорытындысы бойынша «балалар да, ата-аналар да онлайн-білім беру форматына немқұрайлы қарайтыны анықталды» – дейді сарапшы. Білім беру жүйесін созылмалы түрде толықтай қаржыландырмау жағдайында отандық мұғалімдерден цифрлық сауаттылықтың жоғары деңгейін күту қиын. Серік Ирсалиев Қазақстандағы білім беру саласының Жалпы Ішкі Өнімдегі үлесі 4,1 пайызынан аспайтынын, және ол ұсынылған 5-7 пайыздық үлестен әлдеқайда төмен екенін еске салады. Оның пікірінше, жағдайды білім беруді басты саяси басымдықтардың біріне айналдыру арқылы ғана өзгертуге болады. «Президент, премьер-министр және барлық деңгейдегі басшылар, әрбір тәрбиеші, ата-ана, талдаушы, зерттеуші және ғалым « Мен бүгін білім беру үшін не істедім?» деген оймен ұйықтауы керек. «Мен бүгін білім үшін не істеймін?» деген оймен ояну керек», — деді университет басшысы.

Бұл шара адам капиталын сақтауға келгенде өте маңызды болып көрінеді. Бұл мәселенің заманауи күн тәртібіне енгені кездейсоқ емес, деп атап өтті Қасымхан Қаппаров: соңғы бес жылда қазақстандықтардың экономикалық мүмкіндіктері нашарлады, ал бұл арада Ресей, Қытай және АҚШ «алдағы 50 жылдықта өздерінің гүлденуіне негіз қалау үшін таланттарды тартудың  агрессивті саясатын жүргізуде». Оның пікірінше, Қазақстанда проблема үкімет деңгейінде іс жүзінде мойындалмай отыр.

Серік Ирсалиевті «ақылды адамдардың көшу» фактісі мазалайды. Ол келесі проблемаларға назар аударады: біріншіден, «шетелге кеткенімен, біздің отандастар ешкімге қажет емес»; екіншіден, оқу барысында олар Қазақстанмен байланыстыратын іс-шараларға қатыспайды; үшіншіден, шетелдік жоғары оқу орындарының түлектерінің болашағы бұлыңғыр. Астана халықаралық университетінің президенті жоғарыда аталған мәселелерді жүйелі түрде шеше алатын шетелде оқитын студенттер қауымдастығын еліміздің аумағында құру керек деп санайды. Сонымен қатар, Ирсалиев Қазақстанда жергілікті балаларға «шетелге шықпай-ақ, өз тамырынан ажырамай-ақ, ең жақсы білім» бере алатын халықаралық кампустар ашу қажеттілігін атап көрсетеді.

Қолда бар дарынды мамандарымызды сақтап қалып, жаңа мамандарды тартудың тағы бір тиімді шарасы ретінде – отандық жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру ұсынылды. Бұл туралы Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу айтып өтті. Оның айтуынша, докторантураны шетелде аяқтаған НУ түлектерінің көпшілігі өз Отанына оралғысы келеді, және олардың Қазақстаннна кетпеуін қамтамасыз ету үшін «ғылыми-зерттеу қызметін жалғастыра алатындай және өз амбицияларын толықтай жүзеге асыруға мүмкіндік бере алатындай жағдай жасау керек» деп санайды ол.

Каппаров Катсудың пікірімен келіседі: «Біз үшін университеттерде жүргізілетін ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру маңызды».

Жас қазақстандықтардың отанын тастап, шетелге кетуіне қатысты Эльмира Обри басқаша көзқарасын білдірді: «ақыл-парасаттың шетелге жылыстауынан қорқудың қажеті жоқ, өйткені жаһандық интеграция жағдайында бұл сөзсіз үдеріс. Тарихи тұрғыдан алғанда бұл жағдай баяғыдан қалыптасқан: біздің данышпандарымыздың көбісі халықаралық қауымдастықпен тығыз байланыста жұмыс істегенде танымал бола бастады».

«Тіпті шетелге кеткеннің өзінде біздің студенттер Қазақстанның бір бөлігі болып табылады. Олар осы ДНК-кодты әлемге алып жүреді », – деп жалғастырды ол және бұл мәселемен білім беру мекемесі емес, азаматтық институттар айналысуы керек екенін атап өтті. Обри талантты жастарды елде физикалық ұстап қалудан гөрі, патриотизм арқылы ынталандыру ақылмандардың жылыстауына жол бермейді деп сенеді.

Алайда, тез өзгеріп жатқан әлемде адами капиталды дамыту мәселесі күрделі проблемалардың бірі, оны шешу үшін үлкен күш-жігер, оның ішінде зерттеу жұмыстары қажет.  Ирсалиев бастаған зерттеушілер тобы Сорос-Қазақстан қорымен бірлесе отырып, өздерінің алдына күрделі міндет қойды – қазақстандықтардың (жас болсын, ересек болсын) неліктен халықаралық оқу, математика, жаратылыстану және цифрлық сауаттылық бағалауларында төмен позицияға иемденетінін анықтау.

«Елдің білім деңгейі мен ДЭФ-тің жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі жетістіктер арасында өте күшті байланыс бар екені анықталды», – деді Ирсалиев. Бұл жинақтық көрсеткіш мемлекеттің өз азаматтарының жоғары әл-ауқатын қамтамасыз ету қабілетін бағалайды. Осылайша, бұл проблема айтарлықтай айқын әлеуметтік-экономикалық өлшемдерге ие болып отыр, демек, бұл шешім қабылдаудың ең жоғары деңгейінде өзектілендіруді қажет ететіні сөзсіз.