15/02/2019
Қазақстан ұстаздары: жастар аталмыш мамандықты не үшін таңдайды?
13/02/2019
Ақтауда ең үздік 5 бастама анықталды
20/02/2019

Қуаныш Оңалбаев, экономист: «Көпшілік ел бюджетінен хабарсыз»

Open Budget Fellowship бағдарламасы Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен 2019 жылы үшінші рет өткізілгелі жатыр. Аталмыш жобаның алғашқы толқын түлегі әрі бүгінде осы бағдарламаның толыққанды тренері Қуаныш Оңалбаевпен оқу бағдарламасының құрылымы, жас зерттеушілердің бетпе-бет келетін кедергілері мен Қазақстандағы бюджеттің қаншалықты ашықтығы турасында тілдестік.

Қуаныш университетті тәмамдаған соң бизнес-ортада, мемлекеттік компанияларда жұмыс істейді. Бірде ол әлеуметтік желілердің бірінен Open Budget Fellowship бағдарламасына қатысушылар қабылдап жатқаны жөніндегі хабарландыруды көріп, өтінім беруге бел буады:

Қуаныш Оңалбаев: Бұл сала мен үшін аса қызықты еді. Мемлекеттік компаниялардың бюджеттен қалай қаржыландырылатыны, Ұлттық қордың қаражаты қандай мақсаттарға жұмсалатыны және тағы басқа тақырыптарды білуге ынталы болдым. 2017 жылы, бағдарламаға қабылданған тұста, бұл жоба төрт сессиядан тұрды. Оның алғашқысы танысу, жалпы шолу мақсатын көздегендіктен, бұдан кейін кез келген қатысушы оқуды жалғастырудан бас тартуға құқылы еді. Бұл кезеңде ұйымдастырушылар тарапынан да іріктеу жүрді. Бағдарлама барысында Мексикадан келген сарапшылар әлемдік тәжірибе жөнінде баяндаса, отандық сарапшылар біздегі бюджеттің қалыптасу жүйесі мен орындалуы турасында және қоғамдық бақылаудың мүмкіндіктері хақында айтып берді. Аса қызықты әрі пайдалы микс болды. Жобаның барлық кезеңдерінен өтіп, жеке зерттеуімді жүргіздім. Өзім үшін жаңа әлемнің есігін, яғни азаматтық қоғам әлемін ашқандай әсерде болдым.

  • Бағдарлама барысында сіз үшін таңсық болған дүние болды ма? Бюджеттің қалыптасуы мен жұмсалуында қандай да бір бұлыңғыр мәселелер бар ма екен?

Қуаныш Оңалбаев: Мамандығым экономист бола тұра, бюджет процесінің қалыптасуы мен бекітілуіне қатысты көптеген сұрақтардың жауабын білмейтінмін. Мәселен, келер жылдың бюджетін әр жылдың мамыр айынан бастап қалыптастыра бастайтынын, ол қыркүйек айына дейін талқылаудың, бекітудің ұзақ процесінен өтетінін осында білдім. Бұл тетіктердің қалай жұмыс істейтінін түсіну өзіме аса қызықты еді. Оның үстіне, барлық ақпараттың ашық, қолжетімді болғаны әрі сол мәліметтерді сараптау мүмкіндігінің бар екені мен үшін жаңалық болды. Көптеген адамдар бюджет турасында нендей ақпараттарды біле алатыны жөнінен тіпті бейхабар. Мысалы, 2017 жылдың бюджетінен зерттеу жүргізуге бірнеше миллиард қаржы бөлінген. Сол қаржыландырылған зерттеулердің нәтижесімен танысу әрі олардың мемлекеттік шешім қабылдауға тигізетін ықпалын білу кімге болса да аса қызықты деп ойлаймын.

  • Бағдарлама кезінде жинаған білім-тәжірибеңіздің кейінгі қызмет барысына пайдасы болды ма? Болса, қандай мақсатта пайдаландыңыз?

Қуаныш Оңалбаев: Бала кезімнен футбол ойнаймын әрі бұл ойын түріне аса қызығамын. Жоба барысында Қазақстандағы кәсіби футболды қаржыландыру процесін зерттеуге бел будым, өйткені барлық дерлік футбол клубтары республикалық, жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Соңғы бес жылдың өзінде кәсіби футбол клубтарына жергілікті бюджеттен 100 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Меніңше, мұндай көлемді қаражатты спорт инфрақұрылымын дамытуға, балалар мен жалпы спорт түрлерін жетілдіруге бағыттауымыз керек сияқты. Мәселен кезінде дәл осындай іс-әрекетке барған Исландия бүгінде әлемдік футболда үлкен жетістікке жетіп отыр. Осылайша, мемлекеттік бюджетті талдау ісіне деген қызығушылығым артып, Zertteu Reserach Institute командасына қосылдым. Былтырғы   Open Budget Fellowship-2018 жобасына үйлестіруші әрі тренер ретінде атсалыстым.

  • Қарапайым азамат үшін бюджеттің қалыптасуы мен жұмсалуын ұғынып, түсіну қаншалықты маңызды?

Қуаныш Оңалбаев: Сорос-Қазақстан қоры ұйымдастырып отырған Open Budget Fellowship жобасының негізгі мақсаты – бюджет мәселесін түсініп, соған байланыста мемлекеттік органдарға уақтылы әрі дұрыс сауал жолдай білетін кәсіби мамандардың желісін қалыптастыру. Әдетте, біз болар іс болып, бояуы сіңгеннен соң барып сұрақ қойып жатамыз. Ал, негізінде, біздің ой-пікіріміз ескерілетін, бірнәрсені өзгертуге уақыт пен мүмкіндік қарастырылған кезеңде сауал жолдаудың тетіктері бар. Дейтұрғанмен, бюджеттегі шексіз сандарды түсіну тек қоғамның, яки жеке адамның жауапкершілігінде болмауы қажет. Ел тұрғындарының қаржылық сауаттылығын дамытуға мемлекет те мүдделі болуы тиіс. Билік пен әкімдік азаматтар тарапынан сынға ілінгісі келмейтін болса, тұрғындарға не қажет екенін өздерінен сұрап-білуі аса маңызды, яғни қараша халықтың ой-пікірін ескергені абзал. Біздің қатысушылардың әрқайсысы бюджетпен байланысты өз зерттеулерін жүргізді. Әдетте, зерттеу тақырыптары автордың өзі бетпе-бет келген проблемаларымен байланысты болып жатты.

  • Жергілікті бюджеттің ашықтық деңгейіне қандай баға бересіз? Мәселен кішігірім аудандар мен ауыл-аймақтардың бюджеті қаншалықты ашық?

Қуаныш Оңалбаев:  Менің ойымша, жалпы мемлекет бойынша ашықтық ісі бар, алайда бұл міндет тек “орындалды” дегенге саятын белгі деңгейінде жолға қойылған. Өйткені кез келген мемлекетті ақпарат атаулысының ашықтығын қамтамасыз етуге міндеттейтін дүниежүзілік стандарттар бар. Ендігі мәселе – осы ашықтық ісі қалай жүзеге асуда? Мәселен бізде БАҚ туралы заң, Ақпаратқа қолжетімділік туралы заң бар. Кейінгісіне сәйкес кез келген азамат бюджет туралы, оның жұмсалуы жөніндегі ақпаратты алуға сұраным жолдай алады. Сұралған өтінімге сәйкес екі аптаның ішінде жауап берілуі тиіс. Біздің қатысушылар, оның ішінде өзім де бармын, мемлекеттік мекемелерге – жергілікті құрылымдардан бастап министрліктерге дейін сұраным жолдап көрдік. Олардың жартысынан көбіне жалтарма жауап берсе, кейбір ведомствалар тіпті жауап та берген жоқ. Толыққанды ақпарат берілетін жағдайлар өте сирек. «Ашық үкімет» порталының бөлімі іспеттес «Ашық бюджет» порталы бар. Аталмыш жобаның идеясы жақсы, о бастағы мақсатына сәйкес, мұнда барлық меморганның бюджеті турасында ақпарат жинақталуы қажет. Өкінішке қарай, бұл жобаның мақсаты игі болғанымен, орындалуы икемге келмей тұрғаны. Мұндағы барлық ақпарат бір жерге құйылатындықтан, өзіңе қажет мәліметті табу қиын. Ақпаратты сүзгіден өткізетін ешқандай құрал-жабдық жоқ. Бір бюджетті табудың өзіне біршама уақытың кететіні өкінішті.

  • Яғни жасанды кедергілер қолдан жасалып жатқандай ма? Бір жағынан ақпаратты табуға мүмкіндік бар десек, екінші жағынан бұл процесс аса ұзақ болғандықтан кімнің болмасын ынтасын басатындай…

Қуаныш Оңалбаев: Тағы бір мәселе мынада – мемлекеттік органдар жариялайтын бюджетте бірыңғай құрылым жоқ. Мәселен, бір сайтқа кірсең, бюджет туралы ақпарат бір жерде, ал келесі бір сайтта мүлдем басқа жерде орналастырылған. Осындай құрылымы жасақталмаған сайттардан ақпарат іздеу аса қиын. Оның үстіне, барлық мәліметтер жалпылама беріледі де, нақтылығын жоғалтады. Мәселен белгілі бір мектепке жұмсалатын шығын туралы мәлімет жоқ, оның орнына «Барлық мектептерге кететін шығын» дейтін бөлім бар. Осы тұста Алматы қаласы әкімдігінің жұмысындағы оң бетбұрысты атап өтуіміз керек, бұл мекеме былтырдан бері барлық мектеп, поликлиника мен ауруханалардың шығынын жариялап келеді. Осы тәжірибе Қазақстанның барлық өңірінде қалыпты қолданысқа енуі қажет деп есептеймін.

Сондай-ақ 2018 жылдан бері «Бюджет туралы» кодексте бұрын-соңды болмаған «азаматтық бюджет» ұғымы пайда болды. Жалпы бюджетті түсіну, оны талдау кәсіби мамандар болмаса, қарапайым азаматтар үшін аса күрделі. «Азаматтық бюджет» – бюджеттің қарапайым азаматтарға түсінікті етіп жазылған, жеңілдетілген нұсқасы. Биылдан бастап әрбір мемлекеттік орган осындай азаматтық бюджетін жариялап отыруы шарт. Ендігі мәселе сапада: олар бұл талапты қаншалықты сапалы орындауы ықтимал, өйткені көп жағдайда меморгандар тура сол бастапқы есебін, тек ішіндегі сандық мәліметтерінің көлемін азайтып, қайта жариялай салады. Яғни қоғам назарына ұсынылатын презентацияға тек түсінуге жеңіл сандарды енгізеді.

  • Ашық бюджет саласындағы азаматтардың белсенділігіне меморгандардың көзқарасы қандай?

Қуаныш Оңалбаев: Біз жобамызға қонақ спикерлерді де шақырамыз. Олардың қатарында мемлекеттік органдардың, атап айтар болсақ, Ұлттық экономика министрлігінің, Жемқорлыққа қарсы бюроның, бірқатар әкімдіктердің өкілдері келген болатын. Ұлттық экономика министрлігінен келген маман жаңадан енгізілген салық кодексі турасында айтып берді. Мәслихаттан келген спикерлеріміз де болды. Сұралған сұранымдарымызға толыққанды, сапалы жауап жолдаған меморгандар да бар. Мәселен Қаржы министрлігі бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етуге мүдделі бірден-бір мекеме.

  • Мемлекеттік сектордың қайсында бюджетті талдау, мониторинг жүргізу ісінің қиындығы басым?

Қуаныш Оңалбаев: Шын мәнінде, барлық секторда. Біздің қатысушылар жүргізген талдау жұмыстарының нәтижесі еліміздің бірнеше саласында бюджеттің әрі оның жұмсалуының ашық еместігін көрсетіп отыр. Бір ескеретін жайт, қатысушылардың зерттеуге алған тақырыптары әртүрлі болғандықтан, олар түрлі саланы қамтуда. Open Budget Fellowship жобасының қатысушысы Ғалымжан Оразымбет Шымкенттегі мектептердің спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуін зерттеді. Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы бар, оған сәйкес әрбір орта мектепте спорттық құрал-жабдықтардың 94 позициясы болуы тиіс. Ғалымжан сол тізім бойынша тексере отырып, өзі зерттеуге алған мектептердің жаңағы бұйрыққа сәйкестігі тек 20% екенін анықтады. Яғни орта есеппен алғанда 94 құрал-жабдықтың 30-ы ғана бар. Оның үстіне, бұл құрал-жабдықтар белгілі бір көлемде болуы тиіс. Мысалы футбол ойнайтын доп жиырма дана болуы қажет және тағысын тағылар. Ғалымжан мемлекеттік сатып алу процесін зерттеп, жаңағы министрлік бекіткен тізімдегі 94-тің ішінде атауы көрсетілмеген құрал-жабдықтар сатып алынғанын анықтады. Қалай болмағанда да, зерттеудің барлық нәтижелері қаржыландырудың жеткіліксіздігі, бюджет қаражатының тиімсіздігі яки ашық еместігі сынды проблемалардың бар екенінен хабар беріп тұр.

  • Біздегі бюджеттің ашықтық деңгейінің соншалық төмен екенін түсінгенде, қандай күйде болдыңыз?

Қуаныш Оңалбаев: Таңданысымды жасыра алмағаным рас, десе де, жағдай соншалықты ауыр емес. Біздің бағдарлама бюджет саласындағы проблемаларды айқындауды ғана мақсат тұтпайды, аталмыш салаға ұсыныс білдіру де біздің міндетімізге кіреді. Ақырын-ақырын саладағы келеңсіз жағдайларды өзгерте алатынымызға сенемін. Бірде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алаңында түлектеріміздің зерттеу нәтижелерімен таныстырдық. Олар өздерінің ашық екенін және біздің ұсыныстарға құлақ асатынын айтты әрі сонысын көрсете білді. Бұл дегеніміз біздің ұмтылысымыздың бекер еместігін және диалог орнатуға әрдайым мүмкіндік бар екенін көрсетеді.