10/06/2011
Білім берудің мемлекеттік жинақтаушы жүйесі туралы
10/06/2011

Қазақстанның 15 жасар оқушыларының оқудағы жетістіктеріне халықаралық баға берілді

 Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымы (ЭЫДҰ) 2010 жылғы желтоқсанда  15 жасар оқушылардың оқудағы жетістіктерін бағалаудың халықаралық бағдарламасының – PISA-2009 нәтижелерін ресми түрде жариялады.

Бағдарлама 2000 жылдан бері жүзеге асырылады және үш жылда бір рет өткізіледі. Қазақстан PISA-2009 бағдарламасына алғаш рет қатысып, еліміздің  200 оқу орнының шәкірттерінің білімі мен машықтары бағаланды.

Тарихи анықтама

Қазақстанның PISA бағдарламасына қатысу қажеттігі мәселесі алғаш рет 2001-2004 жылдары Сорос-Қазақстан Қоры бастамасымен жүзеге асырылған «Өзгеріп келе жатқан әлемдегі жалпы орта білім берудің ұлттық стандартын дамыту» жоба шеңберіндегі пікірталастың тақырыбы болды. Жоба ҚР Білім және ғылым министрлігімен серіктестікте жүзеге асырылып, Қазақстанға жалпы орта білім берудің ұлттық стандарттарын қайта құру саласында халықаралық сарапшылық қолдау көрсетуді, сондай-ақ қазақстандық мамандардың осы саладағы әлеуетін көтеруді көздеді. Жобаның ең басты нәтижесі ретінде Қазақстанның «Outcome Based Education» (Нәтижеге бағдарланған білім) тұжырымдамасын қабылдануын атап айтуға болады. Оның негізгі мағынасы – білім алудың күтілетін нәтижелерін жастардың саналы таңдау жасауына және қазіргі әлемде тиімді бағдар табуына мүмкіндік беретін іргелі құзырлықтар жиынтығы ретінде мүлде жаңа тұрғыдан түсіну. Білім беру саясатының осы бағыты «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» ресми түрде бекітіліп, мектепте білім берудің 12 жылдық үлгісіне көшу жағдайында Жалпы орта білім берудің ұлттық стандартын әзірлеудің тұжырымдамалық шеңберін айқындады.

PISA жобасы: осы бағалауға бастамашы болған кім?

PISA жобасы ЭЫДҰ мүше елдерінің бірлескен күш-қатымен 1997 жылы 15 жасар оқушылардың білімі мен машықтарын халықаралық деңгейде бағалау үшін әзірленген болатын. Осы бағалауға негізінен жұмыс берушілер бастамашы болды. PISA бағдарламасы міндетті білім алуды аяқтаудың алдында тұрған оқушылардың қоғамның толыққанды мүшесі болу үшін қажетті белгілі бір білім мен машықтар жиынтығын қаншалықты жақсы меңгергенін бағалауды көздейді. Басқаша айтқанда, оқушылардың ересек өмірге араласуға дайындық дәрежесі бағаланады.

Басқа бағалау жүйелерінен өзгеше (мысалы, TIMSS – Математикалық және жаратылыстану-ғылыми білім сапасын бағалау бойынша халықаралық зерттеу), PISA жүйесіндегі бағалау нысаны оқушылардың пәндер бойынша білімді (яғни, оқу бағдарламасын) меңгеру деңгейі мен сапасы емес, олардың үш өзекті саладағы: кітап оқу сауаттылығы, математика, жаратылыстану ғылымдарындағы құзырлығының қалыптасу дәрежесі болып табылады. «Сауаттылық» термині бағалауға жататын білімнің, дағдылар мен машықтардың ауқымын бейнелеу үшін таңдалды. Бұл орайда, PISA бағдарламасының қалыптасу барысында оқушылардың мектеп бағдарламасының шеңберінен шығатын құзырлығын бағалау барған сайын көбірек маңызға ие болады деп топшыланады. Бағдарлама 2000 жылдан бастап үш жылда бір рет өткізіледі: 2000/2003/2006/2009. Әдетте үш жылдық циклдардың әрқайсысы жоғарыда аталған салалардың біріне шоғырланады. PISA-2009 бағдарламасы кітап оқудағы сауаттылықты бағалауға шоғырланды.

Қазақстан PISA-2009 бағдарламасында

Қазақстан PISA-2009 бағдарламасына алғаш рет қатысты (салыстыру үшін: Ресей бұл бағдарламаға 2000 жылдан бері, Қырғызстан – 2006 жылдан бері қатысады). Жоғарыда айтылып өткендей, бағдарламаның әдіснамасына сәйкес әрбір ел бойынша іріктеуде 15 жасар оқушылар қамтылуға тиіс. Қазақстанда бұлар жалпы білім беретін 184 мектептің (орыс және қазақ тілдерінде оқытатын) және 16 колледж бен кәсіптік-техникалық училищенің шәкірттері болды.

2010 жылғы желтоқсанда ЭЫДҰ PISA-2009 нәтижелерін ресми жариялады (www.pisa.oesd.orgвеб-торабын қараңыз). PISA-2009 бағдарламасына қатысқан 65 елдің жалпы рейтингінде Қазақстан 59-шы орынға ие болды. Осы бағалауға қатысатын басқа ТМД елдері былайша жайғасты: Қырғызстан – 65, Әзірбайжан – 64, Ресей – 44. Осы нәтижелердің барлығы ЭЫДҰ бойынша орташа статистикалық бағадан төмен. Елдердің жалпы рейтингімен қатар, есепте оқушылардың оқу нәтижелеріне контекстік деп аталатын факторлардың: мұғалімдердің біліктілігінің, сыныптағы тәртіптің және т.б. әсерін бейнелейтін салыстырмалы кестелер келтірілген. Олардың кейбіреуі бойынша кейбір ТМД елдері, соның ішінде Қазақстан сәл жоғарырақ орындарды алатынына қарамастан, тұтастай алғанда бұл жалпы ахуалды өзгертпейді: біз нәтижелері ЭЫДҰ бойынша орташа статистикалық бағадан айтарлықтай төмен елдердің қатарында тұрмыз.

Елдердің осындай зерттеулерге қатысуы неліктен маңызды?

Бүгінгі әлемде өзін ауқымды халықаралық контексте көрместен, білім беру саясатын әзірлеу аса қиын. Оның үстіне бұл білім беру реформаларын әзірлеушілерге жұмыс берушілердің, ата-аналардың, оқушылардың, тұтастай қоғамның, яғни білім беру қызметтерін пайдаланатын және салық төлейтін барлық адамдардың тарапынан қойылатын міндетті шартқа айналып келеді. Осындай зерттеулердің нәтижелері әдетте қоғамда кеңінен талқыланады және ел ішіндегі білім беру саясатын қалыптастыруға тікелей ықпал етеді. Мысалы, атап айтсақ, Ресей мен Қырғызстандағы мектеп оқушыларын тексеру нәтижелері қоғам мен кәсіпқой ортада үлкен назарға ие болып, оқытудың мазмұны мен әдістері туралы дәстүрлі түрде қалыптасқан түсініктерді елеулі тұрғыдан қайта қарау қажеттігі туралы мәселені күн тәртібіне шығарды. Осы елдердің халықаралық зерттеулерге қатысуының маңызды нәтижелерінің бірі сондай-ақ білім беру сапасын бағалаудың озық құралдарын әзірлеу мен қолдану саласындағы мамандарды кәсіптік тұрғыдан дамытудың жаңа мүмкіндіктерінің ашылуы болды.

Оқушылардың оқудағы жетістіктерін бағалау бойынша халықаралық салыстырмалы зерттеулерге (TIMSS-2008 және PISA-2009) Қазақстанның қатысуын асыра бағалау мүмкін емес. Білім беру саясатын әзірлеушілердің қолына аса мол эмпирикалық материал тиді, ол халықаралық стандарттарды және білім беру сапасына қойылатын қазіргі заманғы талаптарды ескере отырып стратегиялық жоспарлауды елеулі түрде байытады. Іс-тәжірибеде қолдану тұрғысынан алғанда, Қазақстанның PISA-2009 (және TIMSS-2008) бағдарламасындағы нәтижелерін талдау «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» шеңберіндегі білім беру саясатының басым бағыттарының қатарына кірген, жаңа білім беру стандарттарына көшу және білім беру сапасын бақылаудың ұлттық жүйесін құру сияқты салаларда жұмыс істеу үшін өзекті келешек мүмкіндіктер береді.

Каликова Сәуле

Білім беру жөніндегі кеңесші

Сорос-Қазақстан Қоры