Былтыр жыл соңында – Сорос-Қазақстан қорының 25 жылдығына орай тәуелсіздіктің үш онжылдығы ішінде СҚҚ құрған және қолдаған қазақстандық ақын-жазушылар туралы әдебиеттану басылымы қалың оқырманға ұсынылды. Осы кітапты жинақтаушы, қазақстандық автор әрі мәдениеттанушы Юрий Серебрянский бізге берген сұхбатында бұл туындыны дайындау барысындағы қиындықтар туралы, аталмыш кітаптың жыл қорытындысы бойынша үздік отыздыққа қалай енгені және әлеуметтік желілердің жаңа авторлардың әдебиетке қадамына қалай әсер еткені жөнінде айтып берді.
Бұл кітапты жазу идеясы қалай пайда болды? Егер бұл ұсыныс болса, неліктен келістіңіз?
– Сорос-Қазақстан қорының Басқарма Төрағасы Аида Айдарқұлова күтпеген жерден Қордың әдеби байқаулары туралы кітап жазуды ұсынды. Кездесіп, сөйлесу барысында бастапқы идея туды. Кейін концепциясын құрдық, сол кезде де бұл кітаптың қандай болатынын толыққанды пайымдай алмадым. Бастапқыда қазақстандық авторлар – әр жылдардағы Қордың әдеби байқауларының жеңімпаздары мен финалистерінен сұхбат алып, серия етіп ұсынуды ойластырдық. Кейін уақыттың бейнесі болсын деп менің авторлық эсселерім қосылды.
Нәтижесінде кейбір авторлар бұл кітапқа қазақ әдебиетінің энциклопедиясы ретінде қарайтын болды. Тіпті, осы туындыны Пушкин атындағы Ұлттық кітапханаға берген кезімде, кей авторлар маған алғыс айтып, оны заманауи қазақстандық авторлар бойынша анықтамалық ретінде пайдаланатынын айтты. Мұны комплимент ретінде қабылдадым, өйткені, кез келген кітапхана жазушылар туралы жақсы білетіні хақ. Осы орайда, бұл жинақта шын мәнінде қазақстандық авторлар көп екенін және олардың ішінде байқауларға қатыспаған жазушыларда да бар екенін атап өткім келеді. Қисыны солай келді, кітап кейіпкерлері белгілі бір есімдерді атады, ол кітапқа енді де, қазақстандық авторлардың өздігінен тізімі жасала қалды. Десек те, энциклопедия деуге әлі ерте, өйткені бұл кітапта көптеген есімдер, соның ішінде менің жақын достарым – танымал жазушылардың есімі аталған жоқ.
Атап өтейік, «Сорос-Қазақстан қоры» тәуелсіз Қазақстанда алғашқы боп әдеби байқау өткізген ұйым. Мұндай мүмкіндік сол уақыттағы белсенді қазақстандық жазушыларды қызықтырды, олардың кейбірі шығармашылықпен енді айналысып бастаған жас авторлар еді, ал қазір олар маңызды тұлға боп қалыптасты: Қор байқауындағы жеңісінен бөлек, көптеген жарияланым, аударма және әдеби сыйлықтарға ие. Яғни, Қор байқауларының тарихы, айталық, елдің әдеби ландшафтына әсер етті.
Кітап дайындау кезінде қанша автормен сұхбаттастыңыз? Ішінде қиыны болды ма, көңіліңізде қалғаны қайсы?
– Белгілі бір жоспар болды, бірақ санамаппын. Барлық сұхбат сәтті болды деп айта аламын, өйткені қызықты авторлармен дидарласудың реті келді. Қиынға соққаны болмады. Себебі авторлардың көбін өмірде танимын, кейбірімен жақын араласамын. Әйтсе де, ең қиыны жақын досыңнан ақпарат алу шығар, өйткені, болған оқиғаның мән-жайын екеуімізде біліп отырсақ та, бөтен адам сияқты сол уақиғаны қайта сұрау ыңғайсыз болды.
Кейіпкерлеріңіз кітаптың нәтижесіне қандай пікір білдірді?
– Бұл кітапқа есімі енгенін жазып жатты. Бұл туынды жыл сайын өткізілетін «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында таратылған 30 кітаптың қатарына енді. Кітапханаларға таратылды. Авторлардан «кітап маған өте ұнады» және тағысын тағы пікірлер күтпедім. Бұл әдеби басылым және олар бұл жинаққа тиісінше кәсіби тұрғыда қарады.
Бұл туындының жыл қорытындысы бойынша үздік отыздыққа қалай енгенін ашып айтып берсеңіз?
– Кітап жарыққа шыққан соң, оны Қазақ Ұлттық академиялық кітапхананың қызметкері Анар Қабдуллинаға тапсырдым. Кейін кітапты «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 кітап» атты акцияға қатысатынын білдім. Бұл оқиға біздің кітапқа деген зор қызығушылық тудырды, әрине, қуандық. Әйтпесе, пандемия басталып, біз кітаптың тұсаукесерін де өткізе алмаған едік. Басында кейінге қалдырдық, кейін жобаның нәтижесі бойынша онлайн-презентация өткізетін боп шештік. Көптеген презентация өткіздік, «30 кітап» акциясы аясында әртүрлі қаладағы кітапханалармен онлайнда кездестік. Сөйтіп үйден шықпай-ақ ел араладық десек те болады.
Содан кейін еліміздің кітапханалары «30 кітап» акциясына енген кітаптарды түгендей бастады, сәйкесінше, маған қоңырау шалып, біздің жинақты да сұрап жатты. СҚҚ Қоғаммен байланыс жөнінде үйлестірушісі Айнель Қайназармен кітапты тарату тетіктерін ойластырдық. Жартысын Ұлттық кітапханаға бердік, жалпы, Қазақстан бойынша тараттық.
Бір қызық оқиға есіме түсіп отыр: кітапханалардың бірі бұл кітапты аспаздық мәзірлер жинағы деп қабылдапты. Өйткені біздің кітап «Книга о вкусной и здоровой казахстанской литературе» деп аталады. Бәлкім, ол адам кітаптың атауын толық оқымаған шығар, сондай қызық оқиға болған.
Осы орайда кітаптың атауы қалай пайда болғанын айтып өтсеңіз?
– Бұл кездейсоқ шешім болды. Кітапты жазу барысында кенеттен пайда болған идея. Әдеби туындының өзі осылай әзіл-шыны аралас, астарлы болуға хақылы деп шештім. Бұл идеяны Сорос-Қазақстан қорымен талқыладық, нәтижесінде, кітаптың атауына көңілім толды, бұл – өте сирек болатын құбылыс. Әйтсе де, кітап атауының алғашқы нұсқасы да қалды – «Самое время написать об этом». Біріншіден, бұл кітап Қордың «әдеби» бағдарламаларын қорытындылайды, екіншіден, бұл атау қазіргі қазақстандық авторлар туралы ақпараттың жетіспейтінін ескере отырып, жарық көргеніне бір жыл өтсе де өзекті болып табылатын месседж сияқты естіледі.
– Кітаптың жарық көргеніне бір жыл өтті, өкінген сәттеріңіз болды ма? Толықтыратын, я болмаса, артық жазылған дүниелер бар ма?
– Менде дайын кітапты ой елегінен өткізуге уақыт болды. Оның үстіне, біз оны қазақ тіліне аудардық. Ештеңеге өкінбеймін. Сондай-ақ, Қордың әдеби бағдарламасы аяқталды және Қордан әзірге жаңа әдеби байқаулар күтпейміз. Әйтсе де, мұндай байқаулар әлі де керек, өйткені, бұл саладағы ахуал айтарлықтай өзгерген жоқ. Байқаулар бұрыңғыдай аз, ал әдеби сын тіпті жоқтың қасы. Бұл кітап оқи отырып өкінетін бір дүние бар болса, ол – мемлекеттің әдебиеттегі жағдайды өзгерте алмауы. «Баяғы жартас – сол жартас»: әдеби байқаулар саусақпен санарлық, қазақстандық авторлардың әлі күнге дейін кітабын жарыққа шығара алмай әлек. Кітап кейіпкерлері мұндай байқаулардың олардың шығармашылық өміріне айтарлықтай әсер еткенін айтып берді. Олар әдебиеттегі көрнекті тұлғаларға айналды.
Сіздің кітабыңыз қазақстандық әдебиеттің үш онжылдығын қамтыды. Сіз сұхбаттасқан авторлар тәуелсіздіктің енді басталған төртінші онжылдығынан не күтеді? Сіздің болжамыңыз қандай?
– Соңғы тарауда тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына көз тастауға тырысты, өйткені, елімізде де және Қазақстан атынан шет мемлекеттерде де өнер көрсетіп жүрген жаңа авторлар бар. Олардың сырт елдегі оқырманға қызықты болғаны өте жақсы әрі орыс тілді оқырманға туындыны басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді.
Төртінші онжылдықтан көп нәрсе күтемін – шетелдік, мәселен, ағылшын тілді әдебиетшілер мен сыншылардың тарапынан қызығушылық немесе жарияланымдар болса, ғажап. Қазақстандық орыс тілді әдебиеттің орыс әдебиетінің көлеңкесінен шығатын мүмкіндігі бар. Мұнда ешқандай қарама-қайшылық жоқ, оқырманның қызығушылығы үшін табиғи күрес.
Ал кітаптың қазіргі қазақстандық өнер маргинал болып қала береді деп басталатын идеясы туралы не айтасыз? Бір жыл ішінде не өзгерді?
– Жағдай еш өзгерген жоқ және Қазақстанның қазіргі заманғы өнері (әдебиет ғана емес) біздің мемлекеттен тыс жерлерде көбірек сұранысқа ие болуы мүмкін. Бұған әртүрлі халықаралық көрмелер, заманауи суретшілерге, Қазақстаннан тыс жерлердегі заманауи жазушыларға деген зор қызығушылық дәлел бола алады. Бірақ, еліміздегі өнерге қатысы бар адамдар әйтеуір «өлместің күнін» көріп жүр. Оларға тиесілі кеңістікті бүгінде басқа дүние толтыруда әрі оның руханиятқа еш қатысы жоқ. Мұны көп нәрседен байқауға болады – шенеуніктің алғысөзінен бастап көшедегі қалыптасқан «мәдениетке» дейін бос.
Кейіпкерлердің көбінің биографиясынан әдебиет пен журналистиканың ұштастығын көруге болады. Мұны қалай түсіндіресіз? Осы құбылыс көбіне-көп Қазақстанға тән, неліктен?
– Рас, көптеген автор журналист болып жұмыс істейді, мақала жазады. Біріншіден, бұл – қалыпты жағдай. Нон-фикшн жанрының дамуы, документалистика пен прозаның өзара қабысуы – әлемдік заманауи әдебиеттегі тренд, ал біздің авторлардың мұндай трендке сай болуы – мақтанарлық дүние. Ал екінші жағынан, бұл уақытша жұмыс, әлбетте конкурстар, гранттар болғаны жақсы, сондай-ақ, бір кездері Қордың «Қазіргі заманғы қазақстандық роман» сияқты конкурсының авторлары бір жыл бойы кітап жазу әрі оған қаржы алу мүмкіндігіне ие болды, мұндай жағдай жасалса, әңгіме басқа болар еді, бірақ бұл сирек кездеседі және сондықтан авторлар белгілі бір жерде жұмыс істеуге мәжбүр. Сол себепті де журналист, редактор немесе оқытушы болып жұмыс істеу – қалыпты құбылыс.
Әдебиетті дәріптеуде, қазақстандық авторлардың шығармашылығын дамытуда әлеуметтік желілер қандай рөл атқарады? Кітабыңызда бұл туралы үстіртін айтып өтіпсіз…
– Әлеуметтік желілер әлі сұраныста болмаған онжылдықтар туралы авторлармен сөйлестік. Қазір жағдай өзгерді. Ең алдымен, әлеуметтік желі авторларға бүкіл әлемдегі әріптестерімен байланысуға көмектеседі. Атап айтқанда, орыс тілді кеңістікте. Ақпарат жедел таратылады.
Әлеуметтік желілер, ғаламтордың өзі сияқты оқырманның аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Біздің кітаптың сілтемесін кітапханалардың сайтынан таба аласыз. Айтқандай, кітапханалардың әлеуметтік желілерін жүргізуде үлкен жұмыс атқарып жатқанын атап өту керек, таңданарлық.
Қазақстандық авторлар үшін әлемдік жазушылар қауымдастығымен байланыс орнату қаншалықты маңызды?
– Шығармашылық орта неғұрлым кең әрі бай болса, соғұрлым жақсы: шет мемлекеттегі орта біздің авторлармен танысса, біз сыртта не жаңалық болып жатқанын білеміз. Бұл жерде орыс тілді әдеби кеңістік туралы айтып отырмын. Әлеуметтік желілер жалпы әдеби жағдайдың трендінде болуға, әлемде не болып жатқанын түсінуге, сондай-ақ әлеуметтік желілер болмаған кездегідей «қараңғы» болмауға мүмкіндік береді.
Қазақстан, бірқатар авторларды есепке алмағанда, белгілі бір деңгейде Ресейдің әдеби провинциясы болған және болуы мүмкін. Бірақ әлеуметтік желілер, яғни тікелей байланыс орнату мүмкіндігі бұл жағдайды қандай да бір жолмен теңестіруге мүмкіндік береді.
Юрий, тұтынушылар туралы сөз тартқатсақ. Қазақстандық оқырман дегеніміз кім? Қалай сипаттай аласыз?
– Бұл кітаптың оқырманы өзі де жазатын адам болса керек. Я болмаса, әдебиетке қатысы бар немесе қазақстандық әдеби салаға автор ретінде қадам басуға ниетті тұлға.
Ал егер оқырман аясын кеңейтетін болсақ, кітаптың қазақ тіліне аударылуын маңызды аспект ретінде қарастыру керек, өйткені, қазақ тілді аудиторияның аясын кеңіп, орыс тілді оқырман тарылып жатыр. Меніңше, қазақстандық автор үшін қазақ тілінде жазылған немесе аударылған кітап сұраныста. Әлбетте, қазақша жазылған туындыны орыс тіліне аударудың да маңызын атап өту керек. Жақында Алматыда өткен жазушылар резиденциясында осы мәселемен бетпе-бет келдік, орыс және қазақ тілді авторлармен бірге аударылған эсселерді талқыладық. Бұл екі тіл бір мемлекетте қатар тіршілік ете алады, мұны тәжірибе көрсетіп отыр.
Ал оқырманның азайғаны рас. Жалпы кітап оқу мәдениеті сиреп барады. Қуантарлығы, қазіргі балалар оқуға қызығады. Мәселен, кітапханаларға балалармен кездесуге барасың, ынталы балапандар толып отырады, сұрақтары да қызықты.
Меніңше, сіздің кітабыңыз жас авторларды ынталадырушы көрнекі құрал іспеттес. Өскелең ұрпақтың әрқайсымен бетпе-бет дидарласатындай мүмкіндігіңіз болса, қандай кеңес берер едіңіз?
– Бір қарапайым һәм құнды кеңес айтар едім: кез келген автор қазір және осы жерде өмір сүреді, ол салмақты дүниелер жазып, сауатты жарияланымдармен айналысып және сол үшін жауапкершілік алып қана қоймай, өзі өмір сүретін уақыт пен орта үшін де жауапты болуы тиіс. Бізге біз туралы кітап керек. Тарих туралы кім оқиды? Тарихшылар мен мектептегі оқушылар. Тарихи оқиғалар мен деректерді қайдан аламыз? Яғни, бұл орайда да әдебиетке жиі жүгінеді.