20/04/2018
Режиссер Борис Павлович: «Инклюзив театры кәсібилікке ұмтылуда»  
17/04/2018
Гүлнар Бажкенова: «Мен өз кітабымда, әдетте, дөңгелек үстелдерде болмайтын адамдарды көрсеткім келді»
30/05/2018

Дамыған мемлекеттің басты белгісі − дамыған қоғам

Жақында Сорос-Қазақстан қорының және «Zertteu Research Institute» қорының бірлескен Open Budget Fellowship 2018 оқу бағдарламасы басталды. Мақсаты − ашықтық, есептілік, мемлекеттік қаражатты басқару саласына қоғамның араласу тиімділігі және осы саладағы кең диалог алаңдарын жетілдіру мәселелеріндегі кәсіби мамандар тобын құрып, кәсіби сауатты сарапшылар қауымын дамыту.

Айта кетейік, Сорос-Қазақстан қорының «Ашықтық және есептілік» атты бағдарламасы бірнеше жылдан бері еліміздегі бюджет үдерісіне қоғамның қатысуын дамытуға, осы саладағы олардың сауатын арттыруға түрлі бағдарламалар арнап келеді. Open Budget Fellowship – сондай игі бастаманың бірі, әрі жалғасы іспеттес. Негізінен, жыл бойына бес сессияға жоспарланған Open Budget Fellowship жобасының бүгінде екінші кезеңі өтуде. Бағдарламаның міндеті мен өзіне жүктеген жауапкершілігі, тиімділігі мен нәтижелі болуы турасында жоба жетекшісі, экономика саласының үздік сарапшысы Шолпан Айтеновадан сұрап білген едік.

Шолпан Айтенова (Ш.А.): Бұл жобаның бастапқы мақсаты бюджет және экономика саласында белсенді әрі сауатты сарапшылар тобын дайындау. Ақпараттандырылған азаматтар ашықтық пен есептілік саласындағы қоғамдық сауалды қалыптастыратынын ескерсек, бұл ауқымды жобаның негізгі міндеті ретінде бюджет үдерісіне қатысатын қоғамдық сапалы алаңдар құру үшін жағдай жасауды айтуға болады. Ал негізгі айырмашылығы − ұзақмерзімді оқу бағдарламасы. Бұл салада еліміздің бірқатар аймақтарына барып түрлі форматта семинар тренингтер өткізіп келеміз. Мұндай шаралар қысқамерзімді, әрі кетсе бір-екі күндік қана. Ал  Open Budget Fellowship бағдарламасы бес түрлі маңызды тақырыпты қамтитын бес сессиядан тұрады. Оның әрқайсысы төрт күнге белгіленген.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев озық дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатын қойды, бәсекеге қабілетті мемлекеттердің тізіміне тіркелу тапсырылды. Бүгінде осы игі мақсатқа жету жолында бірқатар ресми шаралар атқарылуда. Алайда, жарқын жоспарымызды жүзеге асыру аясында мемлекетіміздің тек түрлі заң шығаруы, экономиканы қарқынды дамытуы жеткіліксіз. Дамыған мемлекеттің басты белгісінің бірі − дамыған қоғам, яғни өзара диалогқа тығыз қатысатын қоғам қалыптасуы керек. Осы орайда, әр саланың белсенді сарапшыларының басын қосып, оларға өзіміздегі білім мен тәжірибе турасында айтып беруді, бөлісуді жөн көрдік.

 Сорос-Қазақстан қоры (СҚҚ): Бағдарлама барысында қандай тақырыптар қамтылмақ?

Ш.А.: Барлық саланың тақырыбын қамтимыз деп айта алмаймын. Бюджеттің ашықтығы, тиісті құзыретті органдардың халық алдындағы есептілігі жайында үйретеміз, талқылаймыз, талдаймыз. Жоба барысында «бюджет ашықтығы не үшін керек?» деген сауалдан бастап, кіріс көздері қандай, Ұлттық қорды құрудағы мақсат не, шығыс көздерін қандай мақсаттарға жұмсаймыз, неліктен әлеуметтік мемлекет болып есептелеміз, зейнетақы неге төлейміз, оны денсаулық, білім салаларына қалай жоспарлаймыз, бұл қаражаттар мемлекет тарапынан және қоғам тарапынан қалай бақылануы керек, қоғамдық бақылау деген не, әлеуметтік аудит туралы түсінігіміз қаншалықты деген тақырыптарды түсіндіруге тырысамыз. Бұл салада он бес жылдан бері жұмыс істеймін. Осы уақытта жинақталған бірқатар тәжірибемізбен бөлісетін уақыт келген сияқты.

СҚҚ: Осы жыл аралығында қандай жобалар жүзеге асырылды?

Ш.А.: Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, «Медиа орда» қоғамдық қорымен бірқатар жобалар жүзеге асты. Еліміздің оңтүстік және солтүстік өңірлеріне қарасты жеті облыстың қазақ тілді журналистеріне «Бюджет ашықтығы мен есептілігі» тақырыбында семинар-тренинг жүргіздік. Экономика тақырыбын қаузауда журналистердің қарымы қандай екенін білмекке аймақтағы журналистер арасында республикалық байқау ұйымдастырылды. Астана қаласында «Бюджет – БАҚ назарында» деген басқосу өтті. Бұдан өзге, жергілік әкімдіктермен бірқатар жұмыстар атқардық. Аудан, ауылдарды аралап та осы тақырыптарды жергілікті билік өкілдеріне, белсенді сарапшыларға түсіндіріп келеміз.

СҚҚ: Қанша қатысушы қандай талапқа сай таңдалды?

Ш.А.: Жобаға республиканың әр түкпірінен 85 үміткерден 32 қатысушы іріктелді. Экономист, әлеуметтанушы, ЖОО ұстаздары, баспасөз және телевизия журналистері, қоғамдық ұйым өкілдері сондай-ақ жоба менеджерлері келді. Іріктеу барысында бағдарламаға деген қызығушылығы мен зерттеу тақырыбының өзектілігіне маңыз берілді.

СҚҚ: Биыл екінші рет өткізіліп отырған оқу бағдарламасының қазақ тобы ашылыпты. Өткен жылы тек орыс тобының таңдалу себебі неде?

Ш.А.: Көбіне орыс тілінде семинар тренингтер өткізіп жүргеннен кейін, қазақтілді ортада мұндай шараларға қызығушылық болатынын білмедік және былтыр осы жобаны орыс тобымен бастап кеттік. Әлеуметтік желілерде қазақтілді ортаның өкілдерінен қоғамдық сұраныс болды. Биылғы іріктелген қазақ тобының белсенділігі қарқын. Жобамыздың қазақ тобымен де нәтижелі болатынына сенім мол.

СҚҚ: Екінші сессияға да қатысушылардың іріктелгенін естідік. Неліктен және қандай критерийлер бойынша таңдалып алынды?

Ш.А.: Оқу бағдарламасы барысында жаңағы аталған тақырыптар аясында қатысушыларға білім беруден бөлек, зерттеу тақырыбын таңдау, public policy талдау жасау міндетін мойнымызға алдық. Яғни, түрлі саладағы мемлекеттік саясатқа сараптама жасау, сол анализ негізінде ұсыныс беруді үйреткіміз келді. Мемлекеттік саясаттың сапасын көтеру белсенді сарапшылардың қатысуымен жүзеге асатынын әлемдік тәжірибе дәлелдеп отыр. Ал сапалы қоғамдық қатысуды ұйымдастыру үшін әрбір белсенді сарапшы public policy талдаудың негіздерін, әдіс-тәсілдерін білуі керек. Бірінші сессияда осыны үйреттік те, үй тапсырмасын бердік. Алғашқы кезеңдегі ақпараттар мен мәліметтерді жақсы меңгеріп, біз үйреткен әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы үй тапсырмасын белсенді әрі сауатты орындап жіберген 11 қатысушы екінші сессияға өтті.

СҚҚ: Бағдарламаның былтырғы және биылғы түлектерінің басын қосып, қоғамдық қатысуға сапалы атсалысатын алаң құрыла ма?

Ш.А.: Бұл айтқаныңыз біздің жобамыздың үлкен әрі негізгі миссиясы. Өткен жылы бітірген он қатысушымен күні бүгінге дейін байланыс жасап келеміз. Олардың бірқатары биылғы сессияда тренер болып жүр. Енді биылғы екі топтан 22 қатысушымыз бітіреді. Олардың барлығының басып қосып, республика бойынша сарапшылар желісін құрамыз. Олар аймақтық жердегі қоғамдық өмірге қатысып, бюджеттің сапасын арттыруға белсенді атсалысады деген сенімдеміз.

СҚҚ: Жалпы қатысушылардың зерттеу жобаларының жариялылығын қамтамасыз ету ісі қолға алынды ма? Қоғамдық мәселелерге негізделген зерттеулер тұрғындар назарына ұсынылса игі, бәлкім олардың да пайдасына жарап қалар…

Ш.А.: Дұрыс айтасыз. Былтыр Қостанайдан келген Анна Дудина есімді қатысушымыз қант диабетіне бөлінетін қаржының тиімді жұмсалуы турасында зерттеу жасады. Сонда ол бұл дерттің алдын алуды дұрыстап қолға алсақ, оның емделуіне кететін шығынның қазіргі көрсеткіштен әлдеқайда төмен болатынын талдап берді. Бұл тақырып қоғамдық мәселеге негізделіп отырғаны анық. Мұндай зерттеулер көп болды. Бүгінде қатысушылар КИПР сынды алаңдарда өз зерттеулерін көпшілік талқысына ұсынуда. Бұдан бөлек, биыл қазақ және орыс тілдерінде Фейсбукте ресми парақша аштық. Осындай әлеуметтік желілердің мүмкіндігін де талқылау, талдау алаңы ретінде пайдаланбақпыз.

СҚҚ: Әңгімеңізге рахмет!