Сорос-Қазақстан қорының қоғамдық саясат жөніндегі кеңесшісі Сәуле Каликова Сорос-Қазақстан қорында алғашқы сәттен қызмет етіп келе жатқандардың бірі.
1994 жыл. Жас республика реформа қарсаңында. Қазақстандықтар еркіндік пен демократия рухынан шабыттанып жүрген шақ. Әне-міне бұл құбылыстар сезілетін сияқты. Сол жылы Қордың қолдауымен Қазақстанда «Гуманитарлық білім беру трансформациясы» атты ауқымды жоба басталды. Негізгі идея реформаны жаңа деңгейге көтеру еді. Жобаның негізін жасап, басым бағыттарын белгілеу білім және ғылым саласының үш маманынан тұратын Сарапшылар комитетіне берілді. Сол үшеудің бірі – Каликова Сәуле Аманжолқызы.
Сәуле Аманжолқызының өз сөзімен айтсақ, ол Қорға «құндылықтары қалыптасқан, жетілген адам» болып келді. Оның үстіне, білім беру саясаты саласында тәжірибесі мол еді.
– Сорос-Қазақстан қорына келгенге дейін білім беру саласында түрлі қызмет атқардым. Ы.Алтынсарин атындағы педагогика ғылымы ғылыми-зерттеу институтында (қазір Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясы – ред.), ҚР Білім және ғылым министрлігінде қызмет етіп, ҚР Парламентінде білім беру бойынша кеңесші болып жұмыс істедім, – деп еске алады Сәуле Аманжолқызы.
Сараптау комиссиясында жұмыс істегеннен кейін көп ұзамай Сәуле Аманжолқызы Қорға қызметкер ретінде қосылып, 1995 жылдан команда құрамына кірді және көп жыл білім беру бағдарламалары бөлімін басқарды.
– Сәуле Аманжолқызы, осы 25 жыл ішіндегі Сорос-Қазақстан қорының білім беру саласындағы қызметін қалай бағалайсыз? Сіздің ойыңызша, бұл қызмет қандай бағыттарда аса маңызды болды?
Өткенге көз жүгіртсем, Сорос-Қазақстан қорының білім саласындағы қызметі еліміз тәуелсіздік алған кезден басталған реформалардың маңызды бөлігі болды деп айта аламын. 25 жыл ішінде біз мектепке дейінгі білім беруден бастап, жоғары білімге дейінгі білім берудің барлық деңгейін қамтыған көптеген жобаға бастамашы болып, қолдау білдірдік.
СОРОС-ҚАЗАҚСТАН ҚОРЫ 25 ЖЫЛ ІШІНДЕ ЖАЛПЫ ҚАРАЖАТТЫҢ ҮШТЕН БІРІНЕН АСТАМЫН БІЛІМ БЕРУГЕ БӨЛДІ. БҰЛ – ШАМАМЕН 35 МИЛЛИОН АҚШ ДОЛЛАРЫ.
Сыни ойлауды дамыту, білім берудегі теңдік пен әділеттілік, мектепті және мұғалімдердің кәсіби дамуын қолдау, білім беру реформасының негізгі бағыттарын қолдау сияқты бағыттарда біздің қосқан үлесіміз маңызды болды. Біз еліміздің әр аймағынан келген мыңдаған жас пен университет оқытушысына алдыңғы қатарлы шетелдік университеттерде оқуға және ғылыми тағылымдамадан өтуге мүмкіндік бердік.
Біздің бағдарламалар аясында басталған көптеген идея, тұжырымдама мен тәсіл елдің білім беру тәжірибесіне еніп, қазір бізсіз дамып жатыр. Солардың бірнешеуіне ғана тоқталсам деймін. Step by step бағдарламасының негізгі идеясы мен методологиялық тәсілдері мектепке дейінгі білім берудің ұлттық стандартын әзірлеу кезінде ескерілді. Біз қолдаған «Оқу және жазу арқылы сыни ойлауды дамыту» бағдарламасы аясында курстан өткен көптеген мұғалім Назарбаев зияткерлік мектептерінің алғашқы оқытушылары қатарында болды. Қоғамдық өмірге белсене араласып, көптеген әлеуметтік және білім беру жобасына бастамашы болып, іске асырған – Ақмола облысындағы Аршалы ауданының Вячеслав орта мектебі болды. Оның директоры Немцан Татьяна Николаевна сонау 2003 жылы «Мектеп жергілікті қоғамдастық орталығы ретінде» бағдарламасына алғашқы қатысушылардың бірі болды.
1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында жоғарғы сынып оқушылары мен университет студенттерінен тұратын мыңдаған жас біздің «Дебат» бағдарламасының қатысушысы болды. Ал қазір «Қазақстан Республикасында білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бағыттарының бірі – «Ұшқыр ой алаңы» оқушылардың дебат қозғалысы» жалпыұлттық мәдени-ағарту жобасын жүзеге асыру болып отыр. Жоба аясында еліміздің барлық аймағында дебат орталықтары мен клубтарын ашу жоспарлануда.
– Тұрақты түрде жұмысын жалғастырып, дамып жатқан жоба көп. Жүзеге аспаған жобалар туралы айтып беріңізші.
Біз бастаған жұмыс жүйелі түрде жалғаспаған екі сала бар. Олар: «Азаматтық білім» (1996-1997 жж.) және «Мультимәдени ортадағы білім» (2000 ж.). Бірінші бағытта азаматтық тәрбие туралы бірнеше қызық оқулық пен оқу құралының авторларын қолдағанымызға қарамастан, бұл саланы кеңейте алмадық. Оның бір себебі Білім және ғылым министрлігімен келісім бойынша жұмыс істейтін басқа донор ұйымдарының пайда болуы еді. Екінші бағытты мультимәдени білім беру саласындағы инновациялық жобаларды дамыту процесін бастау мақсатында қолға алдық. Қазір қарап отырсам, ол кезде бұл тақырып білім беру саласындағы көкейтесті проблемалардың қасында қажеті шамалы бастама ретінде қабылданыпты. Иә, жоба қызық, бірақ одан да маңызды істер бар еді.
– Сорос-Қазақстан қоры жүзеге асырған жобалардың ішінде ерекше есте қалғаны қайсы деп ойлайсыз?
Барлық жобамыз қызық әрі маңызды болды десем, объектив пікір болмас еді. Жүйелі, бюджеті үлкен немесе бюджеті шағын әрі ауқымы да кең емес, солай бола тұра білім беру саласы үшін маңызды жобалар болды. Олардың әрқайсы әртүрлі болып есімде қалды. Ал сауалыңызға жауап ретінде бір жоба туралы айтып берейін.
1996 жылы «Оқу кітабы» бағдарламасы аясында «Басқа тілде сөйлейтіндерге арналған қазақ тілі» байқауын жарияладық. Байқауға қатысуға қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытудың тұжырымдамалық жаңа тәсілдерін ұсына алатындардың баршасын шақырдық. Қалай қобалжығанымызды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қалыптасқан дәстүрге сай, орыстілді аудиторияға арналған қазақ тіліндегі оқулықтарды әзірлеу және басып шығару саясаты мен тәжірибесін анықтайтын азғантай маман болатын. Ал біз конкурс жариялау арқылы қоғамға жаңа идеялар, жаңа авторлар мен жаңа оқу құралдары қажет екенін жеткіздік. Өте көп хат алдық. Хат авторлары арасында филолог мамандар, суретшілер, балаларға арналған кітап иллюстраторлары, қазақ тілін үйренгісі келетін шетел студенттеріне арнап оқу құралдарын дайындайтын уақыт келгеніне көзі жеткен шетелде оқыған жас зерттеушілер болды. Осы жоба аясында 18 оқулық пен оқу құралын шығардық. Сол жылдары Алматыдағы жетекші білім ордасы – №12 қазақ мектебін басқарған Нұртазина Рафика Бекенқызының сөзін ешқашан ұмытпаймын. Ұстаз Сорос-Қазақстан қорына алғысын былайша жеткізген еді: «…Сіздердің құлшыныстарыңыз бізге де әсер етті. Қор көңілің сенген нәрсені жүзеге асырудан қорықпау керек екенін көрсетті. Көптеген жаңа таныстар таптым. Қор бағдарламасына қатыспасам, мұның бірі де болмас еді. Жаңа білім, идея және пікірлестермен сөйлесу мүмкіндігі үшін сіздерге рақмет».
Біздің бағдарламалардың табысты болуы – серіктестердің, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдар мен оқу орындарының да еңбегі. Бағдарламаларға қатысушылар қатарында мұғалімдер, университет оқытушылары, еліміздің барлық аймағынан келген студенттер болды.
МЕЙЛІНШЕ МАҢЫЗДЫ ЖОБАНЫҢ БАРЛЫҒЫН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІМЕН ЖӘНЕ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БЕРУ ДЕПАРТАМЕНТТЕРІМЕН ТЫҒЫЗ ЫНТЫМАҚТАСА ОТЫРЫП ЖАСАДЫҚ. СОНДЫҚТАН КӘСІБИ КЕҢЕС АЙТҚАН, БІЗГЕ СЕНГЕН, ҚОЛДАУ КӨРСЕТКЕН ЖӘНЕ ЖҰМЫСТЫ БІЗСІЗ ЖАЛҒАСТЫРА БЕРУГЕ НИЕТ БІЛДІРГЕН, СОЛАЙША БІЗДІҢ ЖҰМЫСҚА КӨМЕКТЕСКЕНДЕРДІҢ БӘРІНЕ АЛҒЫС АЙТҚЫМ КЕЛЕДІ.
– Сорос-Қазақстан қоры басқа ұйымдардан несімен ерекшеленеді?
Біздің ұйымның бірегейлігі құндылықтарымызға енгізілген генетикалық кодпен байланысты деп ойлаймын. Ол қандай құндылықтар десеңіз, әділеттілік, адам құқығы және заңның үстемдігі, әртүрлілікті инклюзив қоғамның негізі ретінде қарау және қабылдау, ашықтық пен есептілікті мемлекет пен қоғамның демократиялық құрылымының шарты ретінде тану дер едім. Осы құндылықтарды ұстану бағдарлама қызметімен қоса ұйымның мәдениетін, басқару және шешім қабылдау тетіктерін де анықтайды. «Ашық қоғам» қорлары ірі халықаралық желісінің бір бөлігі бола отырып, заң тұрғысынан да, рух жағынан да біз ұлттық контекст және жергілікті жағдаймен берік байланыстағы қазақстандық ұйымбыз. Бұл екі «тірек нүктесі» бізге халықаралық және қазақстандық тәжірибе мен сараптаманы икемді және мақсатты түрде үйлестіріп және өзара байыта отырып, бағдарлама қызметін дамытуға мүмкіндік береді.
– 25 жыл бір ұйымда қызмет ету оңай емес. Жұмысыңыз күнделікті тіршілікке айналып, жалықтырмас үшін сізді не шабыттандырды?
Кәсіби қызметімнің барлық кезеңінде білім беру саясаты саласында дамыдым. Осы тұста айта кететін бір нәрсе, қоғамдық саясат мәселесімен айналысатын кез келген адам қоғамға шектеулі сараптамалық біліммен қоса, бірінші кезекте белгілі бір құндылықтарды таратады. Маған біздің ұйым сүйенген және мен жаңа айтып өткен ашық қоғам құндылықтары жақын әрі түсінікті. Осы құндылықтар жаныма жақын және мені шабыттандыратын да солар. Жаңашылдық рух пен инновацияға ашық болуды жақсы көремін. Икемділікті және біздің жұмыстың маңызды қағидасының бірі – елдің нақты қажеттілігіне жауап беруге ұмтылысты бағалаймын. Біздің Қордың сан түрлі қазақстандық ұйыммен, адамдармен тығыз қарым-қатынаста болғаны, қазір де қарым-қатынасы берік екені мені шабыттандырады. Біз бәріміз бірге тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына айтарлықтай үлес қостық.