Мұрат Әуез, мәдениеттанушы, Сорос-Қазақстан қорының 1999-2003 жылдардағы атқарушы директоры.
Сорос-Қазақстан қорының жұмысы мен келгеннен 2-3 жыл бұрын басталды. Ал кейінгі 15-17 жылда мен қордың жұмысын сырттай бақылаушы ғанамын.
Сорос-Қазақстан қорында әр жылдары мен аса құрметтейтін Герольд Бельгер, Нұрболат Масанов, Евгений Жовтис жұмыс істеді. Сондықтан маған қордың атқарушы директоры болуға ұсыныс түскенде, пайдам тиетін болса, ортақ азаматтық іске дайын екенімді білдірдім.
Өзбекстанда Әлішер есімді керемет адам тұрады. Екеуміз Сорос-Қазақстан қорында жұмыс істеп жүргенімде таныстық. Кейін мен қордан кеттім. Бірақ осы уақыт ішінде Әлішермен байланысымыз үзілген жоқ, ортақ жұмыстар бойынша әлі де кездесіп тұрамыз. Мұны «Соростың мектебі» деуге болады. Бұл мектептің түлектері бір-бірімізге өте жақын болып кеттік. Бірбірімізді қолдауға әрқашан дайынбыз.
ДЖОРДЖ СОРОС – ӨТЕ ЕРЕКШЕ ТҰЛҒА. МАҒАН О БАСТАН ОНЫҢ ДҮНИЕТАНЫМЫ ҰНАЙТЫН. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУЫНА АЙТАРЛЫҚТАЙ ҮЛЕС ҚОСҚАН АДАМ ДЕП ОЙЛАЙМЫН. КАРЛ ПОППЕРДІҢ «АШЫҚ ҚОҒАМ» КІТАБЫНА СҮЙЕНЕ ОТЫРЫП, «АШЫҚ ҚОҒАМ» ТҮСІНІГІН ӨМІРІМІЗГЕ ЕНГІЗДІ
Соростың философиялық тұжырымы – ашық қоғам қағидасы, ол әр мемлекетке керек. Әсіресе, тәуелсіздікке енді жетіп, болашаққа жол іздеген қоғам үшін өте маңызды. Қазақстанда, Кавказда, Орталық Азия мен Венгрияда өткен кездесулер бұл елдерді ортақ мүддеге жұмылдырып, бір-біріне жақындата түсті.
Қазір біздің елде де миллиардерлер бар. Бірақ олардың арасында Сорос сияқты тапқан ақшасын игі істерге, білім беруге және денсаулық сақтау саласының дамуына, халыққа көмектесуге жұмсап жүргендер аз. Ал Джордж Соростың таңдаған жолы бөлек. Кейінгі жылдары СоросҚазақстан қорында көптеген маңызды бағдарлама болғанын айтып өткен жөн. Ал ұлттық мүдде тұрғысынан келсек, қандастарға арналған бағдарлама ерекше есімде қалды.
Қандастарымыз алғаш рет Қазақстанға орала бастағанда, ел туралы ештеңе білмеді деуге болады. Қор қаражат бөліп, қоныс аударушыларға құқықтық көмек пен білім беретін курстар ұйымдастырды. Мұның пайдасы мол болды деп ойлаймын. Азаматтығын енді алған қандастарымыз қорғансыз емес екенін түсінді, болашаққа сенімді болды.
ГРУЗИЯ БОЛСЫН, БАЛТЫҚ ЖАҒАЛАУЫ ЕЛДЕРІ НЕМЕСЕ УКРАИНА БОЛСЫН, СОРОС ҚОРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ БІР-БІРІМІЗДІ ЖАҚСЫ ТАНУШЫ ЕДІК, ӘЛІ ДЕ СОЛАЙ. ҚОРДА ТАНЫСҚАНДАРДЫҢ БӘРІ ДЕ ЖАРҚЫН ЖАНДАР БОЛДЫ. ОЛАР «АДАМ ҚҰҚЫҒЫ» ҰҒЫМЫНЫҢ ЖӘНЕ НАҒЫЗ БОСТАНДЫҚТЫҢ МАҢЫЗЫН ТҮСІНЕТІН
Жаныма жақын жобаның бірі – әдебиетті қолдауға арналған «Қазіргі қазақ романы» жобасы. Бұл пайдасы мол, үлкен тәжірибе жинақтаған жоба болды. Қор байқау жариялап, жүлде қорын бекітті. Қатысушылар арасынан болашағы бар бес талантты жазушыны таңдап алды. Оларға шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік берді. Арнайы семинарлар өткізді. Оған қоса, әрқайсына ай сайын 300 доллар төлеп тұрды. Ол кезде 300 доллар әжептәуір ақша еді. Біздің қаржылай қолдауымыз авторлардың қалыптасуына, дарынды жазушылардың қанатын жаюына көмектесті. Олар: Айгүл Кемелбаева, Таласбек Әсемқұлов, Николай Веревочкин, Илья Одегов және Дидар Амантай.
Бұл бесеуін қалай таңдап алдық? Сорос қоры тоталитаризмге, авторитаризмге және бір адамның билігіне қарсы. Байқау жеңімпаздарын Қазақстанның әдеби ортасында беделді азаматтар таңдады.
Қорда жүзеге асырып үлгермей қалған жобалар үшін өкініш бар. Солардың ішінде мен үшін аса маңызды жоба болған. Біз Қордың орталықазиялық әріптестермен бірге ынтымақтасқан Орталық Азия болуды қалайтынымыз туралы Соросқа хат жазғанбыз. Бұл біздің елдердің тәуелсіздігін сақтап, адамдардың санасы мен рухын көтеруге көмектесер еді. Ал біріктіруші буын ретінде Аймақтық өнер академиясын құруды ұсындық.
Хат 2002 жылы жазылды. Ол кезде көрші елдердің президенттері бір-бірімен араласпайтын. Жағдай қиын еді. Қазақ, өзбек, қырғыз баяғыдан бір-бірімізге жақынбыз. Бұған қоса тәжіктер, әдетте, қосыла бермейтін түркімендер бар. Ал біздің жобаға тіпті түркімендер де қосылған еді! Бұл мәдениеттер бірлестігі арқылы Орталық Азияның саяси күшке айналуына мүмкіндік беретін, заманның талабынан туған, болашағы бар жоба еді. Өкінішке қарай, болмай қалды.