08/06/2018
Семей қаласындағы цемент ауылы тұрғындарының атмосфераны ластайтын нәрселер туралы ақпаратқа қолжеткізу құқығы
31/05/2018
Пана – адам құқықтарын қорғау және жылжыту бойынша мобильдік қосымша
14/06/2018

Бота Жұманова: «ENPI.kz – зейнетақы жүйесінің қараңғы кварталын жарықтандырып тұратын шам»

2017 жылдан бастап Қазақстанда белсенді азаматтардың қатысуымен және Сорос– Қазақстан қорының қаржылық қолдауымен зейнетақы жүйесінің тиімділігі мәселелеріне арналған ENPI.kz тақырыптамалық платформасы жұмыс істеуде. Жоба өзінің негізгі міндеті ретінде салымшылардың арасында БЖЗҚ (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) жұмысы туралы сауаттылықты арттыруды және зейнетақы жүйесінің реформасы кезінде салымшылардың мүдделері ескерілуін көздейді.

Осы идеяның авторы және жобаның басты «үйлестіру орталығы» – Бота Жұмановамен біз бірегей ресурсты құрудың әлеуеті мен қиыншылықтары туралы әңгіме қозғауды ұйғардық.

  • Бота, біз Сізді қаржы нарығы жөніндегі маман, БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің бұрынғы мүшесі ретінде білеміз. Жоспарлағаныңызды іске асырып үлгердіңіз бе?

 – Шынын айтқанда үлгермедім. Мен БЖЗҚ жанындағы кеңестен әуел баста дерлік, үш кездесуден кейін шығып кеттім, өйткені өзімді де жатқызатын қазақстандық салымшылар үшін аса бір пайдасын көрмедім. Біз жалпы жағдайды түсіну үшін әрі шешімдер қалай қабылданатынын, үкіметтің зейнетақы жинақтары жөніндегі шешімдерге қалайша жүзеге асатынын білу үшін Ұлттық банкке бірнеше сұрау жіберіп үлгердік. Қазақстанда қоғамдық кеңестер сенімге ие тиімді платформалар деп айта алмаймын. Өкінішке орай, қоғамдық кеңес өкілдерінің бір бөлігі қоғамды емес, зейнетақылық ақшамен жұмыс істейтін нақты мүдделі топтарды құрайды.

Атқарылған жұмысқа келетін болсақ, зейнетақы тақырыбына мен тыңғылықты әрі жүйелі жұмыс нәтижесінде келдім. Бірнеше жыл бұрын заң магистратурасына оқуға түсіп, “Зейнетақы жинақтары инвестициялар объектісі ретінде” тақырыбына диссертация қорғадым.

Сорос-Қазақстан қорының қолдауының арқасында, Қазақстандағы және Орталық Азиядағы тұңғыш әрі жалғыз салалық зейнетақы платформасы іске қосылды. Бүгінгі таңда онда 150-ден астам материал жарияланды. Бұл – медиа-нарықта БЖЗҚ туралы шығатын бірегей жарияланымдардың барлығының шамамен 10%-ы. Платформа жұмыс істеген 6 айда сайтқа кірушілердің саны 100 мың бірегей пайдаланушыдан асты.Қазір біз стратегиялық инвесторларға ENPI.kz платформасын дамыту бойынша тұжырымдама дайындау үстіндеміз, сондай-ақ білім беру жобаларымен және Elders Centers желісін құру және дамыту бойынша онлайн-жобамыз бар.

Мен 55+ жастағы адамдар үшін нарықтың зор әлеуетін байқап отырмын. Менен өзге әлі де болса ешкімнің бағаламайтыны аянышты.

  • Ресурс құру идеясы қалай туды? Командаңызда қанша адам бар?

 – Менің кәсіби қызметім әрқашан медиамен, атап айтқанда іскерлік медиа және коммуникация саласымен (қаржы секторындағы PR) байланысты болатын. Бұл салада менің тәжірибем орасан, десек те мені өз машықтарымды зейнетақы жүйесін жақсарту үшін қалай пайдалануыма болады деген сұрақ үнемі мазалайтын. Жауабы тура көз алдымда жатыпты. Қоғамның санасын өзгерту, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қалай тиімсіз жұмыс істейтінін түсіну арқылы елдің инвестициялық сауаттылық деңгейін жоғарылату үшін медиа-индустриядағы кәсіби машықтарды пайдалану керек.

Іс жүзінде мен «қираған терезелер теориясын» практикада тексерудемін. «Өзгерісті кезең» кітабында Нью-Йоркте қылмыс деңгейін төмендетуге септігін тигізген мәселелер келтіріледі. Сайып келгенде, 2 шешім болған – не полицияның штатын көбейту, не бірқатар қызықты креативті шешімдер қабылдау. Оның мәнісі ең қараңғы көшелерді жарықтандыру, метроның қабырғалары мен вагондарын граффитиден тазалау және қираған терезелерді күн сайын ауыстырып отыру болып табылған. Егер сен қираған терезелерді күн сайын ауыстырып отырсаң, онда оларды қирататын басқа жақ әлдекімге бәрібір емес екенін түсінеді және ерте ме, кеш пе, оларды сындыруды доғарады.

Осы сынды Қазақстанда да зейнетақы жүйесі, халықаралық тәжірибе, жеке зейнетақы капиталын құрудың маңыздылығы, зейнетақы жүйесінің әлеуметтік аспектісі, проблематикасы мен идеялары туралы күн сайын жазып отырса, онда өздерінің айлық табыстарының 10%-ын зейнетақы қорына беретін, бірақ бұл орайда ол ақшаның қалай жұмыс істейтініне разы емес 10 миллион қазақстандық үшін өзгерістер жасау мүмкін болады деген идея келді.

Салалық зейнетақы платформасы – зейнетақы жүйесінің қараңғы кварталын күн сайын жарықтандырып тұратын шам. Бұл платформа капиталистік экономика жүйесінде, яғни, мемлекеттік зейнетақысыз қартаятын ұрпақтарды қамсыздандыру проблемасына БАҚ пен жұртшылықтың назарын аударуға тиіс болды. Әңгіме қазір 35 жастан асқандар туралы.

Егер жобаның командасына тоқталатын болсақ, жоба басым түрде PB (project based) тәсілдемесі негізінде құрылған. Мұндай жағдайда барлық қажетті функциялар web-дизайннан контентті ілгерілетуге дейін қызметтер кәсіпқой командаларға аутсорсқа беріледі. Маған көмектескен Krisha.kz және Kolesa.kz секілді бірегей дизайн-жобаларды құрған командалар – “Grafica” компаниясы. Бұл орайда, ENPI.kz жобасымен жұмыс істейтін кәсіпқойлар – өздері де бұл мәселеге немқұрайлы қарамайтын жандар.

  • Сіз банк секторын да жетік білетін маманның бірісіз. Не үшін басымдықты зейнетақы мәселесіне бересіз?

 – Себебі барлық бос уақытымды мен ENPI.kz платформасына арнаймын. Бұл менің жеке әлеуметтік жауапкершілігім. Ол тек зейнетақы нарығының мониторингіне ғана емес, сонымен қатар қаржылық және инвестициялық сауаттылықты дамытуға бағытталады. Уақыт өте келе платформа банк секторын да, сақтандыру мен инвестиция секторларын да қамтитын болады деп ойлаймын.

Банк секторы зейнетақы секторына қарағанда әлдеқайда еркін. Ешкім ешкімді әлдебір банкте депозит ашуға немесе несие алуға мәжбүрлемейді. Бұл – әрбір клиенттің жеке шешімі мен жауапкершілігі. Ал зейнетақы жүйесінде ешкім ешкімнен ештеңе сұрамайды, біз бәріміз кез келген таңдаудан жұрдаймыз. Бұл тұрғыдан банк секторы зейнетақы секторынан әлдеқайда либералды.

  • Ресурсыңызда түрлі елдердің зейнетақы жүйелерінің үлгілері келтіріледі. Олардың қайсысы өзіңізге бәрінен көп ұнайды және қайсысы Қазақстан үшін «чили үлгісінен» артық болар еді?

 – Бүгін уақыт сынынан өткен және өз халқының арасында сенімге ие 3 елдің үлгісі бар. Сөз Норвегия, Сингапур және Австралия туралы (Әлемнің үздік елдерінің рейтингінде  Австралия 7-ші, Норвегия – 12-ші, Сингапур – 16-шы және Қазақстан – 70-ші орында).

Норвегияда мемлекеттік институттардың ашықтығы мен тиімділігінің арқасында оларға деген сенімнің жоғарылығы сонша, сайып келгенде, зейнетақы жүйесінің қалай жұмыс істейтініне қатысты ешқандай әлеуметтік шиеленіс жоқ. Сингапурде ережелер едәуір қатаң, бірақ олар дегенмен барлық салымшыларға қайда инвестиция жасауды таңдауда көбірек бостандық береді. Сондай-ақ зейнетақы жинақталымдарын медициналық, білім алу және тұрғын үй мақсаттарына пайдалануға болады.

Жеке басыма бәрінен де Австралиялық үлгі ұнайды. Ол іс жүзінде – либералдықтың идеалы. Мемлекет халыққа сендердің зейнетақыларың – өздеріңнің жеке жауапкершіліктерің, сендер қорды таңдай аласыңдар, ал егер жеке инвестициялар жасағыларың келсе, оны өздерің құра аласыңдар деп ашық айтты. Нәтижесінде, Австралияда бірнеше мың зейнетақы қоры бар, олар қайда және қанша инвестициялауды өздері шешеді.

Қазақстанға Норвегияның үлгісі тамаша келер еді, бірақ, өкінішке қарай, мәселе үлгіде емес, этикада. Қазақстанда ақшаны басқаратын адамдардың этикалық стандарты өте төмен. Этика нарықта активтермен жұмыс істейтін шетелдік кәсіпқойлардың ең мықты артықшылықтарының бірі болып табылады. Ал этикалық стандарттары биік және кәсіпқойлығы жоғары адамдарсыз ешбір үлгі жұмыс істемейді.

  • Сіз мемлекеттік органдардың өкілдерінен кері байланыс алып тұрасыз ба?

 – Жоқ. Егер мемлекеттік органдардың өкілдері ретінде Ұлттық банк немесе БЖЗҚ туралы айтатын болсақ, онда олардан ресми фидбэк болмады. БЖЗҚ өкілдерімен қор платформасында жариялай алатын контентпен жұмыс бойынша ынтымақтастыққа қатысты жеке кездесулер болды. Қазір сол мәселемен айналысудамыз.

  • Коммерциялық сектордың өкілдері өздерінің қаржылық көмегін ұсынды ма?

 – Қаржы секторының өкілдері коммерциялық жобаларды іске асыруды ұсынды. Бұл қаржылық көмек емес, коммерциялық ұсыныстар. Бұл тұрғыдан бір ғана позиция бар – гранттық қолдау уақыты өтпегенше жоба коммерциялық ұсыныстарды іске асыра алмайды.

Менің кез келген әлеуметтік жобаларды іске асырудағы тәсілдемем – олардың өзін-өзі ақтауы, себебі олар шындығына келгенде, үнемі гранттық қолдауды пайдаланбауға тиіс. Маңызды әлеуметтік проблемаларды шешетін жобаларға қоғам, олардың шешіміне мүдделі нақты адамдардың немесе компаниялардың тобы қолдау көрсетуі тиіс.

Стартаптың өзі платформаны әрі қарай қазіргісінен асатын әлдебір нәрсеге ұластыру, соның ішінде білім беру қызметтері мен қаржылық жоспарлау жөнінде кеңес беру және т.б. үшін стратегиялық инвесторды немесе инвесторлар тобын тартуды нысана етіп көздейді. Әлеуеттегі стратегтермен барлық келіссөздер грант жабылғаннан кейін жүргізілетін болады.

  • Қазақстандықтар бағалы қағаздарына салымшылардың зейнетақылық активтері салынған кезекті эмитент дефолтқа жол бергенін немесе төлемге қабілетсіз деп танылғанын ай сайын біліп отыруға бой үйреткен тәрізді. Сіздің ойыңызша, біздің салымдарымызды инвестициялауға қойылатын талаптарды қалай күшейтуге болады?

 – Шын мәнінде, кез келген әлеуметтік маңызы бар проблеманы азаматтық бастамаларды дамытудың көмегімен шешуге болады. Менің білуімше, біз біртіндеп осы мезетке тақалып келеміз. Бәрінің де өз уақыты бар, қоғамның бір бөлігі өз мүдделерін қорғау бойынша анағұрлым белсенді азаматтық позиция ұстану үшін жетілуі керек.

Онкологияға тап болған кез келген адам өтетін кезеңдер сияқты, мұнда да бәрі эволюциялық түрде жүреді. 5 саты бар, олар: жоққа шығару, ашулану, саудаласу, депрессия және қабылдау. Қабылдау – қоғам онда проблеманы ұғынатын және оны барлық қолдан келген тәсілдермен шешу үшін жұмылатын неғұрлым оңтайлы позиция. Мен тап осы межеде қоғам салымшылардың өз зейнетақы жинақталымдарын басқару мен инвестициялаудың түрлі салаларына анағұрлым белсенді қатыса алуы үшін көпір бола алатын бастамаларды құрады деп ойлаймын. Менің сезінуімше, жалпы қоғам қазір “депрессия” межесінде және ENPI.kz – азаматтық позициясы бар белсенді адамдар онда позитивті іс-әрекеттер анағұрлым көп соңғы шешуші сатыға өту үшін алғышарттар жасауының тұңғыш мысалы.