Алматыда 29 шілде мен 2 тамыз аралығында мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғауға арналған халықаралық жазғы мектеп өтуде. Биылғы атауы – «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда»: тиімді адвокацияның тәжірибелік тетіктері». Шараға Ашық қоғам қорлары мен Сорос-Қазақстан қоры қолдау көрсетті. Ұйымдастырушысы – «Қайрат Иманалиев атындағы мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығы жөніндегі комиссия» ҚБ мен Мүгедектігі бар адамдардың халықаралық альянсы (International Disability Alliance).
Бес күнге жоспарланған жиынның мазмұны Мүгедектігі бар адамдардың құқығы жөніндегі БҰҰ Конвенциясына кіріспеден бастап, стратегиялық мобилизациялау, мақсатты аудиториямен жұмыс (Стивен Спилберг тәсілі) және соның негізінде негізгі басымдықтарды анықтау, тиімді коммуникация орнату мен оның ең өзекті тетіктеріне дейінгі тақырыптарды жан-жақты қамтиды. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Украина мен Беларусиядан жиналған қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, көріп-білгендерімен бөліседі.
Биылғы жазғы мектеп тренерлері:
Жазғы мектептің жұмысын ашқан Сорос-Қазақстан қорының басқарма төрайымы Аида Айдарқұлова: “Жалпыға ортақ Адам құқығы жөніндегі БҰҰ декларациясы мен осы саладағы халықаралық келісімшарттардың барлығының негізгі қағидасы – теңдік. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда күні бүгінге дейін мүмкіндігі шектеулі адамдар әлеуметтің әлсіз тобы ретінде қабылданып, қалыпты ортадан шеттетілуде. Олар үшін білім алу, жұмысқа орналасу, сүйікті хоббиімен айналысу қолжетімсіз, бұл өз кезегінде, мүгедектігі бар жандардың адами әлеуетін дамытып, қоғам өміріне араласуына кедергі келтіреді. Азаматтық қоғам құндылықтарын насихаттаушы ұйым ретінде Сорос-Қазақстан қоры былтыр мүгедектігі бар адамдардың құқығына қатысты өткізілген жазғы мектепке қолдау көрсеткен болатын. Осынау бастаманың биыл халықаралық деңгейде жалғасын тапқанына аса қуаныштымыз. Гунта Анча, Янина Арсеньева, Сергей Дроздовский мен Марина Говорухина сынды сауатты сарапшылардың бес күндік мазмұнды мектебі сапалы әрі құнды білімге толы болатыны анық. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғау саласындағы аймақтық бастамалардың жүзеге асуына өз септігін тигізуі де ғажап емес”, – деп атап өтті.
Сорос-Қазақстан қоры жазғы мектептің әрі қарайғы жұмысына және осы аталған саланың күнтәртібіндегі қордаланған мәселелерді шешуге, сондай-ақ, республикалық немесе аймақтық деңгейдегі мүгедек адамдардың жағдайын жүйелі түрде өзгертуге ықпал ететін жобаларға қолдау көрсететінін айтты.
2006 жылы қабылданған мүгедек адамдардың құқығы жөніндегі БҰҰ Конвенциясы – мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қоғамның көзқарасы, оларды кемсіту, қалыпты ортадан оқшаулау сынды мәселелерді реттеуде аса маңызды құжат. Қазақстан 2015 жылы аталмыш Конвенцияны ратификациялады. Бұл Конвенция мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды қорғап, олардың құқығын қамтамасыз етіп қана қоймай, адам құқығын негізге алатын басты құндылықтарды айғақтап берді. Биылғы жазғы мектеп бағдарламасының мазмұны осы аталған халықаралық құжатқа негізделген, яғни Конвенцияның құқыққорғау, мониторинг, бағалау және адвокация құралы ретіндегі мүмкіндіктерімен танысу жоспарланған.