«Действие буквально» инклюзивті театр зертханасы отандық Start-Time.kz алаңында краудфандинг науқанын бастады. Бұл әрекеті арқылы әрі қарайғы дамуды, әсіресе қойылым қою мүмкіндігіне қосымша қаражат жинауды көздеп отыр. Айта кетейік, бұл өнер алаңын Сорос-Қазақстан қоры қолдап келеді. Театрдың соңғы уақыттағы трансформациясы, сол өзгеріс пен өзге кейіпке енудің маңызы хақында білмекке театр актерлерімен тілдескен едік.
Жоба үйлестіруші, актриса Елена Вовнова инклюзивті театрдың келешегі зор екенін айтады, әрі бұл өнер алаңының көрерменге ұсынған қойымлымдары көптеген халықаралық фестивальде де елдің көңілінен шығатынына сенімі мол.
– Жоспар көп. 2019 жылға жоспарланған қойылымды көрермен назарына ұсыну үшін қаражат жинап жатырмыз. Қосымша көмек қолын созатын демеуші, серіктес, меценаттарды іздестірудеміз. Сол мақсатта Start-Time.kz алаңында краудфандинг науқанын бастап та кеттік. Әрбір қазақстандықтан біздің жобамызға өз үлесін қосуды сұраймыз. Өйткені, сонда ғана «Действие буквально» инклюзивті театр зертханасы, оның игі мақсат-міндеті, атқаратын ісі жайында қоғамға айта алмақпыз. Бұл жобаның өмір сүруі, әрі қарай дамуы үшін, соның аясында әртүрлі қойылым қою үшін көмек сұрап отырған жайымыз бар. Әйтпегенде, біздің болашаққа құрған жоспарымыз жетерлік. Мақсатымыз айқын, міндетіміз нық. Әртүрлі фестивальдерге қатысуды көздеп отырмыз. Оның үстіне бірқатар шаралар бізді қуана-қуана қабылдайтынын айтуда. Сондай-ақ, инклюзивті жобаларды қалыпты қойылымдардың қатарында көрермен назарына ұсынатын халықаралық фестивальдерде өз жобамызды таныстыруды да ойлап отырмыз. Крауфандингтің талап-тілегін сәйкес, әрбір жарна үшін сыйақы беріледі, – дейді жоба үйлестірушісі.
Театр маусымы тәмамдалғанымен, бұл зертхана жұмысын әлі жалғастыруда. Театр актерлары аптасы бір рет дайындық жасау үшін кездесіп тұрады. Түске дейінгі уақытқа белгіленген дайындық сабағынан кейін балалар заттарын жинап, үйіне жинала бастайды. Біріне ата-анасы келіп тұрса, тағы басқалары үйіне жеткізіп тастайтын көлікті күтуде. Алмас пен Бота «Рух» қорына жетіп алу үшін көлік тосып тұр. Оларға театрда өткізген уақыты өте ұнайды, ән айтады, би билейді.
– Театр маған аса ұнамды. Әннің түр-түрін шырқап бере аламын. Вальс билеуді де білемін, – деп баяндай бастады Алмас.
– Билеймін дейсің бе? – деп қызығушылық таныта кеткенін сол-ақ екен…
– Әлбетте, би билеп, ән де саламын, – деді ұяң дауысымен. – Театрда көп жаттығамыз, арасында үзіліске шығып, дәрі-дәрмегімді ішіп аламын. Сосын тағы да дайындық жұмысына кірісеміз. Қазір орталыққа жетіп алу үшін автобус күтіп тұрмыз. Онда түстеніп алып, әртүрлі ойын ойнаймыз. Одан кейін үйді-үйімізге қайтамыз. Волейбол мен футболды жаным сүйеді.
– Театрдың аурасын ерекше ұнатамын. Мұнда достарым көп. Бір-бірімізбен жақсы араласамыз, олар маған қолдау көрсетеді. Дайындық кезінде көбіне би қимылдарын қайталаймыз. Мен де ән айтуды жақсы көремін. Ең сүйікті әнім де бар, оны Зарина Омарова орындайды, – деген әсерін Бота да жасыра алмады.
Қоғамның әдепсіз әдеті бар…
Балаларды арнайы автобусы уақытылы келіп, алып кетті. «Трансформа» алаңында инклюзивті театрдың бөлек әлемі қалғандай.
– Адамзат алдыңғы кезекте ерекше жандар үшін экологиялық орта қалыптастырумен айналысуы керек. Бұл іске тиісті деңгейде көңіл бөлінуі аса маңызды. Мәселен, қаланың көп көшелерінен ерекшелігі бар адамдарды кездестіру қиын. Өйткені олар үшін тиісті жағдай жасалмаған. Арбаға таңылғандар өздігінен емін-еркін қозғала алмайды. Соңғы уақытта аталмыш мәселеге енді-енді көңіл аударылып, ден қойылуда. Ерекшелігі бар адамдар қоғамнан тысқары тіршілік етуде, олар тек бір-бірімен араласып, қарым-қатынас жасайды. Мәселен, біздің орталықтағы балақайлар күні бойы тек бір-бірімен байланыста болады. Неге? Біз жасыл түсті жақсы көретін адамдарды қоғамнан бөліп тастап, жеке ғимаратта араласуын тілемейміз, талап етпейміз де ғой. Олай етсек, дұрыс әрекет жасамаған боламыз. Ендеше, ерекше жандарды қоғамнан шеттеткеніміз жаңағы жасылдарды бөліп тастағанымыз сияқты бұрыс әрекетке балануы тиіс емес пе? Біздің басты мақсатымыз да – сол, мінез-құлқына, қалауына, қандай да бір ерекшелігіне қарамастан, бір ортада бас қосып, ортақ мүддеге құрылған бір іспен емін-еркін айналысуға мүмкіндік беретін экологиялық орта қалыптастыру, – дейді актриса әрі осы зертхана жетекшісі Катерина Дзвоник.
«Қоғамда оларды «мүмкіндігі шектеулі жандар» деп атайтын әдепсіз әдет бар. Біз «ерекшелігі бар жандар» деп айтып жүрміз. Десек те, бұл да дұрыс емес. Өйткені, әр адамның өзіне тән артықшылығы яки кемшілігі бар. Қоғамда ерекшелігі жоқ адам болса, қанекей».
Инклюзивті театрда жұмыс істеу үшін қандай дайындық болу керектігін сұрағанымызда, актриса адами қарым-қатынасты қажет ететін кез келген қызметке алдын-ала дайындалу мүмкін емес десек, мұндағы жағдай осыған ұқсас дегенді айтты.
– Әр дайындық сайын бір-бірімізбен қайта тіл табысуға тырысамыз. Бірақ, мұның тек ерекше балаларға қатысы бар десеңіз, қателесесіз. Өз арамызда да түсінісуге тура кеп жатады. Бір топта әртүрлі мінезімен шығаршылықтың түрлі саласынан жиналған мамандар бар. Фотограф, көркемдік жетекші, актер, режиссер, би қоюшы және тағысын тағылары. Тіпті, актерлер құрамының өзінде әртүрлі мектеп өкілдері болады. Сондықтан да, үлкен театрлардың өзінде түрлі жанжалға жол беріліп жатады емес пе? (күледі) Сол үшін әрдайым бір-бірімізді дұрыс түсініп, тіл табысуға тырысамыз, – дейді актриса.
– 20 жылдық тәжірибем бар артист ретінде инклюзивті театрға келуді қалайтын кез келген адам қазіргі сахнадағы ойынынан бастап ішкі тебіренісі мен толқынысы, көңіл-қошы мен қуанышы, қайғы-қасіреті мен күйзелісіне дейін жасандылыққа бой алдырған театр атаулысынан әбден мезі болуы тиіс, – дегенді алға тартқан актриса ЕленаТайматова: – Осы жалған дүниеден тіптен жалыққан адам шынайы, таза, кәусарлықты іздеуге ден қоя бастайды. Осы атаулының барлығын, пәк, мөлдір, мұнтаздай тазалықты осы инклюзивті театр толыққанды бере алады. Кез келген актер үшін мұндағы жұмыс баға жетпес үлкен тәжірибе. Осында жүрген әрбір адам осы адами құндылықты іздеп келгендей, өйкені, балақайлармен басқаша байланысу мүмкін емес. Олардан шынайы кейіпіңді бүгіп қалып, жасандылыққа жол беру әсте мүмкін емес. Бұл театрдың сахнасында образын ойнаған актердің ұпайы кем. Сондықтан болар, берген тапсырмаға бейімделіп, өзінің жан-дүниесінен аттап, басқа образды ойнауда жасандылыққа жол беруден әбден шаршаған адам осында келеді, – деп түйді.
Фотограф әрі суретші Ирина Дмитровская инклюзивті театрдағы тәжірибесі бөлісті.
– Мұндағы жағдай кез келген саладағы процесс секілді: актерлік шеберлікке, яки қабілетсіздікке, шығармашылыққа негізделген. Әр адам жан дүниесінен және қоршаған ортасынан үнемі жаңа қарым-қатынас іздейді. Алғашқы танысу кезінде ешкім толық ашыла қоймайды. Тіпті экстроверттің бірден жан дүниесіне үңілуге «тыйым» салады. Бірінші кездесудің ұстамды болуға, шектен шықпауға үндейтін жазылмаған заңы бар сондай. Бұл театрдағы жағдай да соған ұқсас. Екеуара болатын бөгетті бір көргеннен бұзып өте алмайсың. Уақыт өте бірте-бірте талпынасың, тырысасың, түсінісесің де тіл табыса бастайсың. Қазірде балақайларды жақсы түсіне бастадық, олар да осы түсінісу сатысына жете білді. Егер осы құбылысты біртұтас ағза дейтін болсақ, ішкі үйлесім орныққандай әсерде боласың, – дейді.
– Бұл бағыттағы, яғни инклюзия саласында әлемдік тәжірибе әлдеқайда алға жылжып кетті. Біздің белсенді топпен бұл бағытта енді-енді бірінші қадам басып жатқанымызды түсінгенде, әрине күрделілігін қатар сезінесің. Ұйымдастыру болсын, қаржылық тұсынан болсын қиындығы бар бағыт. Дейтұрғанмен, үлкен жауапкершілігі, қобалжу мен қорқынышы басым болғанымен, жақсы іске бастамашы болуға ерекше ынталандырады. Біз осы процессті дамытудан бөлек, 2019 жылы көрермен назарына ұсынатын үлкен қойылым қоюды мақсат тұтып отырмыз, – дейді Елена Вовнова.
Көрермен көзқарасы…
– Көрерменнің қабылдауы сан түрлі: бәзбіреулер қызық бірдеңе көретіндей келеді, ендібірінің бойында қорқыныш болады. Даун синдромы бар балалардың дертін жұқтырып аламын деп ойлап, қолын ұстауға да қорқатын адамдарды талай көрдік, – дейді Елена Вовнова.
– Кез келген көрермен Лермонтов немесе Әуезов сынды өнер шаңырағына қойылым тамашалауға баратыны сияқты, біздің инклюзивті театрға да қалыпты көңіл-күймен келсе, нұр үстіне нұр болар еді. Мұнда әдемі әсер алатынына еш күмәнім жоқ. Өйткені, бүгінде отандық театрлардың басым бөлігі белгілі бір идеяға негізделген десек, біздің театрда ешқандай идея, сюжет жоқ. Біздің көрермен назарына ұсынылған үш-төрт қойылым ешқандай идеяға негізделмеді. Олар өзара адамзатты рухани көңіл-күйге жетелейтін адами, сезімтал құндылықтар арқылы байланысады. Бәлкім, кәсіби театрдың өзінен дәл осындай әсер алу екіталай, – деп түсіндірді Елена Тайматова.
– Кәсіби мағынасында артикуляциялауға болатын дүниелер бар. Мәселен, өмір сүру органикасы. Тіпті білімі, яки сұранысы сынды көрсеткішін есепке алмасақ та, қойылым тамашалауға келген көрермен тіршілік етудің шындығы мен жалғанын бірден түсіне қояды. Біздің жоба кәсіби театрда міндеттелетін – бекітілген текстке бейімделуден ада. Кім біледі, біз де бұл сатыға келетін күн болар, десек те, қазір мұндай қатып қалған қалыпқа құйыла қоймадық. Әдетте мәтіннің артында бір қалып, оның қалқасында артистің өзі жасырынып жатады. Бізде мұндай жоқ. Біз көрерменге Шекспирдің, яки Чеховтың туындыларын таныстырып, таратпаймыз. Бар болмысымызбен нақты осы шақта өмір сүреміз. Егер менде дайын мәтін болмаса, есесіне менің болмысым бар, бастысы – екеуара байланыс бар. Көру бөлек те, көңілге түю басқа, тыңдау бар да, түйсіну тіптен басқа. Жалпы, мұндағы драматургияның өзі бөлек бағытқа – қарым-қатынас бағытына құрылады, – деп жалғастырады Вовнова.
– Көрермен мәтін мен қозғалыстың бәрін қабылдайды. Егер қойылым шындыққа жанасатын болса, көрермен эмоционалды түрде өзі қосылады. Осы процесстің өзі тұнып тұрған драматургия. Сахнаға шықпас бұрын сені не күтіп тұрғанын болжап біле де алмайсың. Шынында, кәсіби театрда да солай болуы қажет, – дейді Дзвоник.
Дүниеде бар кәусарлық…
– Біз баса назарға алған техникалық жайттың бірі – өз еркіне ерік беру. Бұл жағдай барлығында көріне бастады: кәсіби және кәсіби емес актерлер өзінің театрдағы тәлім-тәрбиесінде не айтылды, соны істеу қажет, я болмаса қайда бағыттады, сонда тұру керек деген сияқты орындаушылық қызметке бейімделеді. Осы тұрғыда көп жұмыс істеудеміз, кез келген адам қалағанын орындай алуы қажет, – деп түсіндірді Дзвоник.
– Әсіресе, біздің балақайларға еркіндік берілуі шарт, өйткені олардың шектен тыс қорғаштап жатады, – деп жалғастыра түсті Елена Вовнова, – Бұл жерде олар өз-өзіне жауапкершілік алатын жағдайда қалады. Сахнаға шығу немесе бұл алаңнан кетіп қалу сияқты шешім қабылдайды. Бұл жалпы өмір сүруге әсер етеді. Балалардың ата-аналарымен тілдесу барысында, олардың мұндағы еркіндікті үйіне «арқалап» кететінін естіп жатамыз. Мәселен, Маша анасы «Анашым, ендігіде театрға апаратын сөмкемді өзім дайындайын, оған қандай кеды салатынын білемін» дейді екен. Яғни, шығармашылыққа қажет еркіндікті олар үйінде де сезінгісі келеді.
Инклюзивті театрдың балаларға қалай әсер ететіні, қандай жаққа өзгерткені турасында «Асабалар» және «Театр соседей» театрының актрисасы Алина Әбілқалам баяндап берді.
– Балақайлар бізге қамқорлық көрсетеді, қорғағысы, көмектескісі келіп тұрады, қалай жүру, яки не істеу керектігін айтып жатады. Өмір бойы оларға қоршаған ортасы үнемі қамқорлық көрсетіп келсе, мұнда олардың өздері осы рөлге ене алады. Бұл баға жетпес өмірлік тәжірибе деп есептеймін. Біздің театрда бір артист айтып, екіншісі істейді деу жоқ. Біздің рөліміз үнемі ауысып тұрады. Адам бұған дейін мүмкін болмаған, я болмаса мүмкіншілік бермеген әртүрлі образды қабылдауды үйренеді. Яғни, осы уақытқа дейін бір адам қарқорлық жасауды білген болуы әбден мүмкін, тек оған мұндай мүмкіндікті сеніп тапсыратын біреу табылмаса керек, – дейді актриса.
Мұндай өзгерістер тек ерекшелігі балалар үшін емес, осы командады жүрген әрбір азаматқа өзіндік сабақ болған. Мәселен, «Асабалар» театрының режиссері, әрі бағдарламашы Артур Асланян өзге адамдардың жанын түсінуді үйренгенін айтады.
– Біздің дайындық сабақтарынан кейін өз басым көптеген жағдайға сабырлық танытуды үйренгендеймін. Бұрын жетекші ретінде Мажино сызығына аз уақытта шабуыл жасап, басып алу қажет деп есептеген болсам, бүгінде сол қамалды сәл кейіндеу, асықпай шәй ішіп алып та бұзуға болатынын түсіндім. Адамдардың шаршағанын, оларға үзіліс керектігін де көріп отырамын. Сондай-ақ, әр адамның өз болмысы мен қозғалысы бар екенін, сондықтан олардың арасында байланыс амалын жасау керектігін де үйрендім, – дейді режиссер.
– Біз қалыпты қоғаммен тығыз қарым-қатынаста өмір сүреміз. Мұндағы дайындық сабақтарынан кейін сабырлы болуды үйренесің. Көлік жүргізіп бара жатып, жолшыбай жол ережесін бұзғандармен бетпе-бет келіп, ұрсысып жатамыз. Сонда инклюзивті театрды жұмыс істеймін. Ондағы барлық ережелерді еркін бұза беретін адамды оңай қабылдаймын да, көшедегі көлік жүргізушісінің ерсі қылығын неге қабылдай алмадым деген ой келеді. Осы ойдан кейін, қарым-қабілеттегі барлық таптаурын бұзылып, қабылдаудағы барша шектеу жойылады. Кез келген адамды бар мінез-құлқымен қабылдауды үйренесің. Бұл – бірінші кезекте, сенің өміріңе мән бітіреді, – деп түйді әңгімесін Елена Тайматова.
Анықтама: «Действие буквально» зертханасының актерлық қүрамы 24 адамнан тұрады. Егер 12 адам театр әртістері болса, қалған 12-сі – Даун Синдромы мен Аутисттиктік спектірінің бұзылысы бар адамдар. Олар ДОМ, Рух, Күн бала, АРДИ ұйымдарынан. Қатысушылардың орташа жасы – 23.
Труппа өз жұмысын «Трансформа» кеңістігінде 21 маусымда арнайы қойылған перфоманспен аяқтайды.