21/04/2016
Республикалық және жергілікті бюджеттер азаматтар үшін одан сайын ашық әрі түсінікті болуда
29/02/2016
Журналистер байқауының қорытындысы
31/05/2016

Таразда журналистерге бюджет ашықтығы мен есептілігі жөнінде семинар өтеді

21-22 сәуір күндері Шымкент қаласында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен аймақтық басылымдардағы экономика саласына жазатын қазақтілді журналистерге «Бюджет ашықтығы мен есептілігі» тақырыбында семинар-тренинг өткізеді.

Жоба мақсаты аймақтық басылымдардағы экономика тақырыбына жазатын қазақтілді журналистерге мемлекеттік бюджеттің жоспарлануы, облыстар мен аудандарға бөліну критерийлері және т.б. мәліметтерді түсіндіруге бағыттылған. Тренинг аясында мемлекеттік мекемелер дайындайтын қорытынды есеп және өзге бюджет үдерісіне қатысты мәліметтерді халыққа түсінікті етіп жеткізуде сараптамалық мақалалар мен зерттеулер дайындау жолы көрсетіледі.

«Еліміздегі қазақтілді басылымдарда бюджеттік ашықтық және есептілік тақырыбына аз көңіл бөлінуде. Оқырман қауымның аталған тақырыптағы ақпарат, зерттеу мақалаларға деген қызығушылығы жоғары. Демек, бұл мәселеге халықтың назарын аудару үшін осы салада берілетін кез келген мәлімет түсінікті болуы шарт. Жобамыздың мақсаты да ашықтық мәселелерінде емін-еркін жаза алатын қазақтілді журналистер қатарының артуына атсалысу», – дейді Сорос-Қазақстан қорының «Жергілікті бюджет» бастамасының үйлестірушісі Асқар Көшкінбаев.

«Бүгінгі ақпараттанған қоғам қажеттілігін қанағаттандыру үшін оқырманға ұсынылатын кез келген мәлімет жан-жақты зерттелген, сарапталған, замана талабына сай өңделген болуы аса маңызды. Экономика саласына қалам тербейтін журналистерге арналып түрлі семинар-тренингтер өткізіліп жатады. Сондай айтар ақпары бар, ұсынар мәліметі мол жобаны қазақ тілді журналистер арасында өткізуді жөн санадық. Себебі, бұқараның мұң-мұқтажын көтеруде қазақы басылымдардың орны бөлек. Оның үстіне, қазақ тіліне қатысты кез келген жоба әрқашан «Қазақ тілі» қоғамының қолдауына ие», – деп атап өтті Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы.

Екі күндік семинар-тренинг аясында «Экономикалық зерттеулер, бағалаулар мен мониторинг жасау орталығы» қоғамдық қорының сарапшысы Шолпан Айтенова «Бюджет ашықтығы және есептілігі», «Айқын» газетінің баспасөз хатшысы Асқар Беков «Инфографика – ақпараттандырудың озық формасы», аталмыш газеттің журналисі Гүлзина Бектас «Қазақ журналистикасы: жетістік қандай, кемшілік қайсы?» тақырыптарында семинар өткізеді.

Айта кетейік, бүгінге дейін аталған семинар-тренинг Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында өтіп, 40-қа жуық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне дәріс өткізілді.

Қосымша ақпарат үшін:

Айдана НҰРМҰХАН,

тел. 8 701 614 96 75