Алматыда институтционалды реформалар мен адами капитал тақырыбына арналған Ашық экономика форумы (OEF-2019) өтті. Ұйымдастырушысы – Сорос-Қазақстан қоры мен еkonomist.kz жобасы. Биыл екінші мәрте ұйымдастырылған OEF-2019 жұмысына жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өту тәжірибесі бар жеті елдің, атап айтсақ, Армения, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Украинаның экономист-сарапшылары қатыcты. Бұл аталған мемлекеттердің барлығы үшін экономиканың қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін институт құру, соның жүйесін қалыптастыру аса маңызды.
Арнайы қонақ, халықаралық экономист Сергей Гуриевтің дәрісімен басталған форум жұмысы бірқатар тақырыптарды қамтыған сессияларға ұласты.
Институционалды реформалар, адами капитал және олардың инклюзивті экономикалық дамуға ықпалы – үшінші сессиядағы пікірталқы осы тақырып төңірегінде өрбіді. Модератор – Narxoz университетінің Ішкі коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Виктория Цай. Бұл панелдік сессия посткеңестік мемлекеттерге тән ақыл-ой жылыстауы мәселесін талқылаумен басталды. Адами капиталдың басты әрі үйреншікті ұстанымы – білім беру және денсаулық сақтау салаларына көбірек инвестиция құю, әлеуметтік қамсыздандыру. Дегенмен, институттар қажетті деңгейге сай болмаса, бұл инвестициялар тиімсіз болып қалуы мүмкін. Адами капитал – кез келген мемлекеттің дамуындағы негізгі актив. Өкінішке қарай, біздің елімізде және посткеңестік кеңістіктегі көптеген мемлекетте еңбекке жарамды тұрғындардың басым бөлігі (актив) шетел асудың кез келген мүмкіндігін ұтымды пайдаланып, сыртқа қоныс аударуға асығып жатады. Осы мәселенің күнтәртібінен түспей отырғанын тілге тиек еткен Виктория Цай кәмелет жасқа тола салысымен шетел асуға асығатын жастардың күн санап көбейе түсуі оқытушылар қауымын аса алаңдатып отырғанын айтты. Олардың көбі кеткен елдерінде қалып қоюға тырысатын көрінеді, бұл орайда мемлекеттің жасөспірімнің (кәмелет жасына дейін) дамуына құйған инвестициясының қызығын өзге елдің экономикасы көруде. Бұл мәселе Украинада қалай көрініс табуда? Модератор Украина экономикалық стратегия орталығы экономисі Дарья Михайлишинадан сұрап көрді.
Украинда эмиграция қарқыны үдеп тұр. Украина экономикалық стратегия орталығының 2018 жылғы зерттеуіне сүйенсек, 4 миллионнан астам украиндық қандай да бір себеппен
шетел асқан. Сарапшы эмиграцияның экономикаға пайдасы да бар, зияны да орасан екенін тілге тиек етті. «Ақыл-ойдың жылыстауы, білім беруге құйылған инвестицияның ақталмауы, жұмысшы топтан түсетін салық көлемінің азаюы және тағысын тағылары – эмиграция салдарының бұрыс көрінісі. Десек те, енді бір қырынан алып қарайтын болсақ, қандай да бір себеппен шетел асып кеткендердің көбісі қайтадан еліне оралады. Әлемде уақытша эмиграция құбылысы кең таралған. Қай бір елде уақытша тұрып, жұмыс істеп жатқандар еліне қосымша білім алып (тіл үйреніп), біліктілігін арттырып, тәжірибе жинап оралады. Бұдан өзге, шетел асып кеткендердің өз елінде туған-туысы қалады, әдетте, сыртта жүргендер елдегі ата-анасына, бауырларына ақша салып жатады. Бұл қаржыны инвестицияға салуға болады. Кетуге бел буған адамның жолын кесу мүмкін емес, сондықтан олардың өз елін таңдап, қалуына жағдай жасау қажет», – дейді Дарья Михайлишина. Украинада сырттан келетін ақша аударымдары ЖІӨ-нің едәуір пайызын құрайды екен, былтырғы көрсеткіш ЖІӨ-нің 9 пайызына тең. Молдовада осындай ақша аударымдарын тиімді жұмсауды, инвестицияға салуды реттеп отыратын арнайы бағдарлама бар. Оған сәйкес, билік инвестицияны субсидиялауды қолға алған. Мәселен, эмигранттың елде қалған отбасы инвестицияға 1 доллар салатын болса, енді 1 долларды мемлекет береді.
Соңғы жылдары біздің елімізде де эмиграция қарқыны күшейіп отыр. Бүгінде жылына 40 мыңнан астам қазақстандық шетел асып отыр. Олардың басым көпшілігі – орта және жоғары білімі орта жастағы азаматтар, басымдыққа ие бағыт – Ресей. Ал жастардың алыстан іздегені – ілім, көздегені – білім. Сол озық ойлы жастардың оқу іздеп барған елінде қалып қою қаупі бар, «ақыл-ойдың жылыстауы» дегеніміз – осы. Өкінішке қарай, олардың нешесі кетіп, қаншасы қайтпай жатқаны жөнінде және одан экономикаға қаншалықты зардап келіп отырғаны турасында ешқандай дерек-дәйек жоқ екенін айтты зерттеуші Серік Бейсембаев.
Қазақстан Республикасы тұңғыш президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты 2016 жылы 15 және 29 жас аралығындағы жастар арасында зерттеу жүргізген екен, оның нәтижесі бойынша жастардың қаншалықты сауатты екеніне сипаттама берілген. Зерттеуде жастар өзінің ағылшын тілін меңгеру қабілетіне төмен баға берген, ауыл жастары компьютерлік сауаттылығын да төмен бағалаған. «Бұл орайда қала мен ауыл жастарының сапалы білімге, ғылымға және тәжірибелік сабақтарға қолжетімдігін теңестірудің жолы қандай дейтін заңды сауал туатыны анық» дейді әлеуметтанушы.
Әріптесінің білім беру сапасы мен адами капитал арасындағы тығыз байланыс туралы ойын құптаған Еуразия ұлттық университетінің доценті Жасұлан Нұрбаев ауыл мектебіндегі білім беру сапасы бүгінгі күні күнтәртібінде күйіп тұрған үлкен мәселе екенін айтты. PISA халықаралық бағдарламасының 2015 жылғы зерттеуіне сәйкес, ауылдағы оқыту қаладағы білім беру сапасынан 12 балға төмен, былайша айтқанда, ауыл балалары жарты жылға артта. Бұл теңсіздіктің себебі неде? Бұл орайда, Жасұлан Нұрбаев өз зерттеуінің мәліметтерімен бөлісті. Сарапшы алдымен ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасына тексеру жүргізген. Елдімекендегі мектептердің 20 пайызы бейімделген ғимараттарда (бұрыңғы клубтар, балабақшалар және тағы басқа) отыр. Ауылдағы мектептердің 47 пайызының әжетханасы далада. Апатты жағдайдағы мектептердің 90 пайызынан көбі ауылды жерлерде орналасқан. Бұдан өзге, ауыл мектептерінің ақпараттық-коммуникациялық базамен қамтамасыз етілуіне маңыз берілген. Қазақстан аумағындағы мектептердің Қазақстан аумағындағы
мектептердің 63 пайызына ғана кеңжолақты интернет қолжетімді. Ауылдағы жағдай тіптен қиын, шағын кешенді мектептердің тек 13 пайызында қеңжолақты интернет бар. Компьютермен жабдықтау ісі де үлкен мәселе туғызып отыр. Ауылда бір компьютерге бес баладан келсе, қалалық жерлерде он баладан келеді. Бірақ, бұл құрылғылардың 80 пайыздан астамы ескірген, алмастыру қажет. Сонымен қатар, ауыл мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мәселесі де дендеп тұр. Ауыл мектептерінің 24 пайызында мүлдем категория жоқ, жоғары категориясы бар мұғалімдердің үлесі қаламен салыстырғанда екі есе төмен. Осылайша зерттеуші ауыл мен қала мектептеріндегі білім беру сапасының арасын жер мен көктей екенін нақты деректермен дәлелдеп берді және «Ішкі эмиграцияның күшеюіне бірден-бір себеп – ауылды жердегі білім беру сапасының төмен болуы. Біз білім жүйесін жетілдіруде дамыған мемлекеттердің тәжірибесінен құндылық іздеп жатамыз, бірақ ең басты құндылық – теңдік екенін, мүмкіндіктер теңдігі екенін ұмыт қалдырғандаймыз» деді Жасұлан Нұрбаев.
Білім беруден басталған теңсіздік жалғасын таба беретіні айтпаса да түсінікті, мәселен, ауыл мен қала жастарының жұмысқа орналасу мүмкіндігі де тең болмайтыны анық. Осы орайда, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту және болжамдау департаментінің еңбек нарығын болжау басқармасының басшысы Ұлжан Қалымұратқызы бүгінгі еңбек нарығының жастарға бейімделіп жатқаны туралы сөз қозғады. Жыл сайын жұмыс жәрмеңкесін зерттеп, ондағы сұранысқа ие мамандықтар тізімін Білім және ғылым министрлігіне ұсынып, сол бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар турасында «есеп» берген билік өкілі биыл сұранысқа ие мамандықтың жүздігін анықтағандарын айтты. Десе де, бұған ешкім «қуана» қоймаған сияқты, Ұлжан Қалымұратқызын сынның астына алды. Сарапшылар бұл жүздікті анықтаудың қаншалықты қажеттілігі бар екенін түсіне қоймады. Бүгінгі сұранысқа ие деген мамандықтары айналысы бес жылдың ішінде өзекті болмай қалуы мүмкін екені айтылды. Бұл орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі нарыққа қажетті мамандықтарды анықтаудың қысқа және ұзақмерздімді болжам жобалары бар екенін айтты.
Осы тұста сарапшылар билік өкілдерінің есеп беру үлгісі ретінде қомақты сандарды қуалаумен әлек болатынын тілге тиек етті. Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына қатысты мәліметтерде оның тиімділігін айғақтайтын көрсеткіштер емес, ешкімге қызықсыз сандар (қанша адам қамтылды, неше уақыт кетті және т.б.) желісі желдей еседі. «Сұранысқа мамандықтардың жүздігі де сол сериядан. «Еңбек» өнімді еңбекпен қамту бағдарламасын зерделеген тұста, жұмыс орындарының басым бөлігі – уақытша орындар екені анықталды. Басты мәселе – ауыл мен қала теңсіздігін жою. Қазақстанның 40 пайыздан астамы ауылды елдімекендерде тұрады және олардың сұранысы мен қалауы қаланың тұрғындармен салыстырғанда қанағаттандырылмайды. Сондықтан, бұл абстрактілі жұмыспен қамту емес, үкімет саясатының мақсатына айналуы тиіс», – деді әлеуметтанушы Серік Бейсембаев. Айта кетейік, өнімді еңбекпен қамтуды дамытуға арналған «Енбек» мемлекеттік бағдарламасының бір бағыты – қызметкерлерді қайта даярлау, яғни, адами капиталға бағыттылған инвестициялар.
Бұл орайда адами капиталға бағытталған инвестиция көлемінен (қаржысы) бөлек, оның сапасына ден қою аса маңызды. Мәселен, Украинада мектепке дейінгі балалардың біліміне көп қаржы жұмсалатын көрінеді. Өйткені бұл жаста баланың миы ақпарат қабылдаудың ең өнімді фазасында болады. Осы уақытта жақсы білім алған бала болашақта қалтқысыз қызмет етіп, ел экономикасына пайдалы болмақ. Украина экономикалық стратегия орталығының экономисі Дарья Михайлишина аталмыш ұйымның бір зерттеуіне сәйкес, білім де жігерлі бола тұра, жастардың сыни ойлау қабілеті болмаса популистердің қатары арта беретініне көз жеткізген. «Сондықтан балаларға білім беруде жаттанды жүйеден алшақтап, сын тұрғысынан ойлауға үйрету міндеті туындайды», – дейді сарапшы.
Шетелдік тағы бір сарапшы «Азаматтық бастамаларды қолдау альянсы» қоғамдық қауымдастық директоры Бақытбек Сатыбеков Қырғызстан үшін адами капиталдың негізгі діңгегі – білім беру және денсаулық сақтау салаларына көбірек инвестиция құю, әлеуметтік қамсыздандыру екенін атап өтті. Бұл үш тетікті тұрақтандыру үшін Қырғызстан «Ашық үкімет» ұлттық жоспарын жүзеге асырып жатқанын айтты. «Бұл – әлем елдерінің қолданысында бар тәсіл әрі соңғы жылдары осы жоспарға сай бірқатар адуынды қадамдар жасадық», – дейді Ұлттық ашық үкімет форумының қосарлас төрағасы Бақытбек Сатыбеков. «Біздің көзқарасымызға сәйкес, адамдар қай жерде білім алғысы келеді, қай жерде ем алғысы келеді – өздері шешуі керек. Ал олар таңдау жасай алуы үшін мектептер, ауруханалар және тағы басқа әлеуметтік маңызы бар салалардың рейтингі туралы ақпараттар ашық болуы шарт. Ашықтық, есептілік және қоғамдық қатысу тетіктері қатар жұмыс істеген тұста адамдар өздері адами капиталдың негізгі діңгегін айғақтап бере алады. Жер – адамдардың мекені, сондықтан олар өзіне қымбат капиталды өзі таңдай алуы керек», – деп түйді Қырғызстаннан келген сарапшы Бақытбек Сатыбеков.
Қорыта келе, «адами капитал дегеніміз экономикалық өсім һәм экономикалық мүмкіндік» деген тұжырым айтылды. Отандық сарапшылар Қазақстан жастары үшін әлеуметтік лифтілерді жақсарту керектігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, теңсіздіктің күшеюі дамушы мемлекеттердің тұрақты әрі инклюзивті дамуына кедергі болатыны түрлі дәйектермен дәлелденгендей болды, бұл бағытты реттеудің бірқатар тетіктері турасында да айтылды. Қайткен күнде де, бұл – бір айдың, тіпті бір жылдың еншісіндегі және бір мемлекеттік ауқымындағы дүние емес.
Айта кетейік, Ашық экономика форумы (OEF-2019) биыл дәстүрлі түрде екінші мәрте өтті. Ұйымдастырушысы – Сорос-Қазақстан қоры мен еkonomist.kz жобасы. Форумының биылғы арнайы қонағы – экономика ғылымдарының докторы, SciencesPo университетінің профессоры, Ресей экономика мектебінің бұрынғы ректоры, Еуропа қайта құру және даму банкінің бұрынғы бас экономисі Сергей Гуриев. Сарапшы бүгінгі таңдағы институттардың сапасы мен оның экономикалық дамуға, теңсіздікке әсері турасында дәріс оқыды. Бұдан өзге, транзиттік, дамушы және шикізатты елдердегі тұрақты және инклюзивті экономикалық өсімді қамтамасыз етудегі институционалды дамудың рөлі жөніндегі зерттеуімен бөлісті.