Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі коронавируске қатысты төтенше жағдай тұрақталмайыншы, жұмыс берушілерге қызметкерлердің 70 пайызын қашықтықтан жұмыс істеуге ауыстыруын тапсырды. Егер сіз қазіргі таңда үй жағдайында жұмыс істеп отырсаңыз, әрі үйдегі «қолайсыз» жағдайда басшының берген тапсырмасын дұрыс орындай алмай жүрсеңіз, біз жаңа атмосферада жұмыс тиімділігін сақтауға мүмкіндік беретін бірқатар кеңес дайындадық.
Үй жағдайында жұмыс істеу несімен қиын?
Ең бірінші мәселе – дағдылану. Кеңсе қабырғасында жүргенде атқарылатын почта тексеру, я болмаса, басшылыққа жұмыс есебін даярлау сынды қарапайым ғана дағдыларды үй жағдайында қайталау әсте қиын. Өйткені, үйде теледидар көру, кітап оқу, үй шаруаларымен айналысу, демалу сынды өзіндік дағдылар қалыптасқан. Әрі бұл қалыпты құбылыс. Әрине, журналистер немесе тағы басқалары сияқты 24/7 режимінде жұмыс істейтін маман болсаңыз, әңгіме басқа.
Оның үстіне, үйде басқа да отбасы мүшелерімен бірге тұратын болсаңыз, онда жұмыс істеу тіптен қиын: үйдегі бала-шаға немесе үй жануарлары сіздің көңіліңізді бөлетіні анық. Өзіңізге тіпті байқалмауы да мүмкін, бірақ, сіз елдегі болып жатқан жаңалықтарды талқылау, әңгіме-дүкен құру, түскі ас дайындау, сәл тынығып алу және тағы басқа үй шаруаларымен айналысып жүріп, уақыттың қалай өтіп кеткенін білмей де қаласыз. Кір жуатын машинаға киім салу, бес-он минут көз шырымын алу сынды бірнеше минуттық жұмыстар тіпті уақытыңызды алмайтындай көрінуі мүмкін, алайда, бұл – иллюзия. Жұмыс уақыты әлдеқашан басталып кеткен және онда әрбір минут маңызды.
Енді не істемек керек?
Тапсырмалар тізімін жасаңыз, яғни, күнделікті кеңседе атқарып жүрген жұмыс көлемін рет-ретімен жазып шығыңыз. Өзіңізді алдаудың қажеті жоқ, толыққанды тізім құрыңыз. Атқарылуы тиіс тапсырмалар тізімін ойыңызға сақтаудың керегі жоқ, қағазға немесе смартфоныңызға түртіп қойыңыз. Бұл – бірінші кезекте, тапсырмаларды маңызына қарай тізбектеуге, сондай-ақ, жұмыстың бітіп-бітпегенін тексеріп отыруға мүмкіндік береді. Оның үстіне, аяқталған шаруалардың тізімі басқа да тапсырмаларды тездетіп бітіруге ынталандырады.
Жұмыс кестесін құрыңыз, соған сәйкес, телефоныңызға жұмыс күнінің басталғанын, түскі ас уақытының басталып-аяқталғанын және жұмыс күнінің біткенін хабарлайтын ескертпе қойыңыз. Бұл – уақытыңызды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді, яғни түскі ас уақытында ас үйде ұзақ отырып қалмауыңыз үшін, телефоныңыз ескертіп отырады.
Ұжыммен байланыста болыңыз. Кеңседегі жұмыс барысы үлкен әрі баршаға ортақ міндеттің бір бөлшегі екеніңді сезінуге мүмкіндік береді, әріптестеріңізбен кеңседен тыс байланыста болу жұмыс процесіне етене араласуға септеседі. Кішігірім онлайн жиналыстар өткізу арқылы басшылар жұмыс барысы жүріп жатқанына көз жеткізе алады.
Үйдегілерге жағдайды дұрыстап түсіндіріңіз, яғни, сіз үйде жүргеніңізбен, өте шұғыл мәселе болмаса, басқа ұсақ-түйек шаруаларға көңіл бөле алмайтыныңызды айтыңыз. Әдетте, қонақ үйлердегі бөлмелердің есігіне іліп қоятын «Мазаламаңыз» дейтін ескертпе сынды бір белгі таңдап алыңыз. Я болмаса, үстеліңізге сіздің қауырт жұмыс істеп жатқаныңыздан хабар беретін қызыл немесе жасыл белгі қойып қойыңыз. Егер сізде шулы дыбыстан «құтылуға» мүмкіндік беретін арнайы құлаққаптар болса, тіпті жақсы.
Үй телефонына қоңырау шалынса, жауап бермеңіз – жұмыста екеніңізді ұмытпағайсыз. Өте шұғыл мәселе туындап жатпаса, жұмыс уақытында көрші–қолаңға есік ашпаңыз. Егер ашып үлгерген болсаңыз, келушіге уақытыңыздың аз екенін, жұмыс істеп жатқаныңызды түсіндіріңіз.Бұл қашықтықтан жұмыс істеу барысын қолайлы әрі тиімді етудің алғашқы қадамы деп түсініңіз.
Осы тақырыпқа орай, біздің Сорос–Қазақстан қорының қызметкерлері мен серіктестері үй жағдайында жұмыс істеу тәжірибесімен бөліскен болатын, олардан қызмет кестесін қалай құратынын, жұмыс кеңістігін қалай оңтайлы ұйымдастыратынын сұрап көрген едік. Назарларыңызға ұсынамыз.
Айнұр Шакенова, Білім беру бастамасының үйлестірушісі:
«Бұған дейін үнемі кеңсе қабырғасында қызмет қылып келген мен үшін әп сәтте үй жағдайында жұмыс істеу оңайға тиген жоқ, әрине. Жұмыс барысына деген қызығушылықты жоғалтпай, тиімді әрі қарқынды жұмыс істеу үшін әріптестеріммен бірқатар қарапайым ережелерді қалыптастырдық. Бұл ережелер – әмбебап деп есептеймін, сондықтан, сіз де өз тәжірибеңізде жүзеге асырып көріңіз. Біріншіден, белгілі бір кестеге бойұсыныңыз. Мәселен, бұған дейін таңғы алтыда оянып жүрсеңіз, әрі қарай да сол бағытта жалғастырыңыз. Әдетте кеңсеге дейінгі жолға кететін артық 1-2 cағатыңызды таңғы асқа немесе жаттығуға арнаңыз. Әдетте душқа түсіп, таранып, түр–әлпетімді әрлеп барып жұмысқа шығамын. Қазіргі уақытта үй жағдайындағы жұмысыма дайындық барысы да осы әдеттерімнен басталады, маған көмектесіп жатқаны анық. Үйдегі киім үлгісі жұмыс барысына біршама «кедергі» келтіретіні анық. Бірден айтайын, ұйқыға арналған киімнен бас тартыңыз, отырып–тұруға ыңғайлы киім таңдасаңыз да, оның көрнекі болғаны маңызды.
Арнайы жұмыс орныңызды дайындап алыңыз, ол жер жұмыс істеуге мейлінше ыңғайлы болуы қажет. Отбасы мүшелеріне жұмыс уақытында артық мазаламау керегін түсіндіріңіз. Мәселен, бөлменің есігі жабулы болса, онда «ана/әке/ұл–қызы/аға/әпке», кім болса да ішке кіруге болмайтынын ескертіңіз.
Бір күндік жұмыс жоспарын жасап алыңыз, ұсақ–түйекке дейін мән беріңіз. Назарыңызды бір арнаға бағыттау үшін арнайы бағдарламаларды қолдаңыз (бұл кеңседе жұмыс істеу кезінде де өте пайдалы). Мәселен, «Қызанақ» («Помидор») қосымшасы уақытыңыздың 25 минутын – жұмысқа, бес минутын – тынығуға бөліп береді, өте ыңғайлы. Жұмыс арасында көзге, мойынға, бетке арналған жаттығу жасаңыз. Тым құрығанда, орныңыздан тұрып-отырыңыз. Беліңізді, буындарыңызды жазып алыңыз. Жеміс жеуді, су ішуді жақсы әдетке айналдырыңыз.
Сондай–ақ, бір уақыт таныстарыңызға хабарласыңыз. Бөгде адамның дауысын естіп, ой–пікір, идея, эмоция алмасу аса маңызды. Өзгелермен бірлесіп, онлайн–сессия, кездесу немесе жиналыстар өткізіңіз. Ең маңыздысы, мейірімді болыңыз, рахмет айта біліңіз. Қазіргі кедергілер уақытша екенін және дәрігер, мейірбике, яки карантиндегі науқастардың ахуалымен салыстырғанда сіздің жағдайыңыз әлдеқайда жақсы екенін үнемі есіңізге түсіріп отырыңыз».
Әсел Есжанова, Urban Forum Kazakhstan жетекшісі:
«Мен үйде жұмыс істеуді осыдан 6 жыл бұрын бастаған болатынмын. Бүгінгі таңда өте керемет ұжымым әрі тамаша кеңсеміз бар, дейтұрғанмен, кей–кезде пәтерде қалып жұмыс істеймін, әсіресе, аса маңызды жобаларға көңіл бөлу керек болғанда, оңашаланғанды ұнатамын.
Жұмыс барысынан көңілімді аулайтын ең «қауіпті» нәрсе – ас үй. Үйде жүргенде бір сәтте аяқ асты дәмді ас әзірлеуді ойлап кетуің ғажап емес, бірақ, мен бұл кедергіні еңсеруді үйреніп қалдым: өзіме шай әзірлеймін де, кесемді кабинетіме алып кетемін. Жұмыс күнінің соңында үстелімде бірнеше кесе қаз–қатар тізіліп тұратыны бар. Бұдан өзге, үйдегі гүлдер мен кітаптарым да көңілімді аулауы мүмкін. Бүгінде гүлдерді суару, топырағын қопсыту немесе сүйікті кітабымды парақтау сынды әдеттерімді жұмыс арасындағы жаттығуға балайтын болдым.
Үй жағдайында тиімді жұмыс істеу үшін жұмыс кеңістігін ұйымдастыру аса маңызды деп есептеймін, мәселен, ыңғайлы кресло таңдау, жұмыс барысына қажетті барлық құралдарды көзге көрінетіндей етіп реттеп қою, көңіліңе жағатын әуенің қажет дауысында қосу, ұялы телефоныңды дыбыссыз режимге қою, өзіне дәмді етіп шай әзірлеп алу, жұмыс үстеліне түсетін жарықты да өзіңе ыңғайлау және тағы басқа мейлінше қолайлы атмосфера жасап алу қажет. Мұндай факторлардың тиімді әсер ететіні соншалық, кей уақытта түннің жарымына дейін жұмыс істеп отыра беретін кездерім де болған.
Егер сіз үй жағдайында алғаш рет жұмыс істеп отырсаңыз, ерік–жігеріңізге сеніңіз дегім келеді. Көптеген жетістікке жеткен кәсіби мамандар дәл осылай жұмыс істейтінін есте сақтаңыз. Өзіңіз үшін күніңіздің өнімді болатын бөлігін зерттеп көріңіз, яғни, қай уақытта сіздің жұмыс істеуге деген ыңтаңыз артады, я болмаса, тапсырмалардың басым бөлігі қай кезде жедел әрі тиімді шешілетінін байқап көріңіз. Тапсырмалар тізімін құрып, оның ішінде аяқталғанын сызып отыруды ұмытпағайсыз. YouTube желісінен ұзақ әрі мағыналы, мазмұнды әңгіме қосып қойып, оны жақсы дыбысты колонкамен тыңдауға кеңес берер едім.
Ғалымжан Оразымбет, Zertteu Research Institute зерттеушісі:
Алдымен ұйқының сапалы болуы шарт. Таңертең ерте тұру қажет болмаса, күні бойы маужырап жүрмес үшін жақсылап ұйқымды қандырып аламын. Таңғы ас ішіп алғаннан кейін бір күндік тапсырмалар тізімін жазамын, әдетте оны бірнеше бөлімге жіктеймін:
Егер шұғыл тапсыратын жұмысым болмаса, шаруаның ең оңайынан бастаймын. Бұл миды «алдаудың» бір тәсілі. Бір күнде бірнеше тапсырманы орындауың қажет болса, жаңағы айтқан жеңіл шаруаларды біртіндеп бітіріп тастау арқылы тиімді жұмыс істеп жатқандай әсерде боласың, өйткені оңай істерді орындауға аса көп күшің немесе уақытың кете қоймайды. Есесіне, сан жағынан жарты күнде біршама жұмыс тындардым деп ойлайсың. Содан кейін күрделі шаруаларыңа кірісуге болады. Оның үстіне, бұл уақытта миың, ағзаң жұмыс процесіне толыққанды дайын болады, яғни жұмыс режимі қосулы.
Үй жағдайында жұмыс істеудің ең ыңғайлы тұсы – кез келген уақытта жұмыс барысын тоқтатып, тамақтана аласың. Мен жеке секторда тұрамын, бұл – тіптен керемет. Кез келген уақытта аулаға шығып, таза ауада серуендей аламын. Бір уақыт бақшада жұмыс істеп келіп, кейін жұмысыма қайта оралып жатамын. Әдетте, менде кешкі астан кейін жұмыс өнімділігі артады. Сондықтан негізгі әрі маңызды шаруаларды осы уақытқа қалдырамын. Айтқандай, жұмыс күнін жоспарлау – үй жағдайында тиімді жұмыс істеудің ең маңызды шарттарының бірі.