16 жастан асқан қазақстандықтардың саусақ ізін мемлекеттік базада сақтауға міндеттейтін «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» ҚР заңы 2021 жылдың қаңтарында күшіне енуі тиіс болатын. Алайда, былтыр жыл соңында Ішкі істер министрлігі бұл тәжірибені іс жүзіне енгізуді тағы екі жылға – 2023 жылдың қаңтарына жылжытуды ұсынды. Аталмыш заң 2016 жылы қабылданғанымен, ел азаматтарының бұл құжатқа қатысты әлі де сұрағы көп, күмәні басым.
Осы тұрғыда М.С.Нәрібаев атындағы ҚазГЮУ университеті «Халықаралық құқық» мамандығының доктаранты Дана Өтегенова мен «Азаматтық бастама» қоғамдық қорының президенті Данил Бектұрғановты сөзге тарттық.
– Дана, геномдық тіркеу туралы толыққанды айтып өтіңізші… Оның негізгі мәні қандай, мақсаты не?
Дана: Біздің (Дананың Сорос-Қазақстан қорының цифрлық құқық жөніндегі шеберханасындағы әріптестері – ред.) мақсатымыз – геномдық тіркеу мен дактилоскопиялық экспертизаға қатысты жаңа заң жобасы туралы мейлінше көбірек мәлімет беру болатын. Жаңа заң жобасы 2016 жылы қабылданды және 2021 жылдың қаңтарында күшіне енуі тиіс еді. Жалпы алғанда, бұл – саусақ ізі, биометриялық дербес деректер мен ДНҚ мәліметтеріне қатысты құжат. Біздің айтпағымыз – аталмыш заң қалай жүзеге асады, бастамашысы кім, оның аясында қандай тетіктер бар және Қазақстан Республикасының азаматы 2021 жылдан бастап бұл құжаттан не күтеді?! Бұл орайда жеке деректердің қауіпсіздігі мен құпиялығын қорғау мәселелеріне көп көңіл бөлдік. Ақпараттық науқанымыздың негізі бөлімі де дербес деректерді қалай қорғау керектігіне, биометриялық мәліметтерді жинау кезіндегі құпиялықты қамтамасыз ету мәселесіне бағытталды.
Дактилоскопия – саусақ ізін тапсыру, яғни бұл – биометриялық мәлімет. Жоғарыда атап көрсеткен заңға сәйкес, бұл – міндетті шара және одан бас тарта алмайсыз. Бас тартқан жағдайда әкімшілік жаза қарастырылған – 2 МРП көлемінде айыппұл. 12-16 жас аралығындағы балаларға да олардың заңды өкілдерінің келісімімен және қатысуымен дактилоскопия (ҚР паспортын алу үшін – ред.) міндетті.
Қазіргі уақытта egov.kz сайтында ҚР азаматтары биометриялық деректерін қайда өткізеді, ол мәліметтер қайда және қалай сақталады, қай уақытта дейін саусақ ізін тапсыру керектігі туралы толыққанды ақпарат берілген. Шет мемлекеттерге шығу үшін біздің азаматтар биометриялық деректерін үнемі тапсырады. Бұл жобаның мақсаты – жеке тұлғаның деректерін биометриялық мәліметтермен біріктіру, сонда ел азаматтары басқа мемлекеттердің шекарасынан биометриялық паспортымен өте алады.
– Яғни, бұл жоба виза алу кезіндегі процедуралардан қайта-қайта өтпеу үшін ғой?
Дана: Иә, жеке деректеріңді қайта-қайта тапсыра бермес үшін. Ал ДНҚ – бұл геномдық тіркеуге жатады. Оны бас бостандығы шектелген азаматтар тапсырады. Мақсаты – қауіпсіздік, терроризмге және осы заңды жүзеге асыруға бағытталған тағы басқа шараларға қарсы әрекет.
– Қазақстандықтар бұл заң туралы нені білуі маңызды?
Данил: Бір жағынан, биометрия – ыңғайлы дүние, оның көмегімен ұялы телефонның бұғатын (саусақ ізі немесе Face-ID арқылы) оңай шеше аласыз. Тіпті, карточканың көмегінсіз банкоматтан ақша шешуге болады. Бұрынырақ тек кинодан көретін адам сенгісіз технологиялар бүгінде күнделікті тіршілігімізге оп-оңай еніп кетті. Екінші жағынан, «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң сияқты қандай да бір заңнамалық актілер күшіне енетін болса, аталмыш деректерді жинау міндеттеледі. Бұл дегеніміз – оң-солын өлшей отырып, қандай да бір қауіп-қатері болған жағдайда, онысын өз жауапкершілігіңе алып, саусақ ізін тапсыру, яки тапсырмау таңдауы емес, аталмыш заңға сәйкес, қаулы күшіне енген сәттен бастап жеке деректерін тапсыру барлық ел азаматының міндеті. Ендігі мәселе – дербес деректердің сақталуы һәм қорғалуы, өйткені мұндай ақпарды өзгерту мүмкін емес болғаны үшін ол тыңғылықты қауіпсіздікті қажет етеді. Кез келген қасақана яки абайсызда орын алған техникалық қателіктің соңы ел азаматтарына айтырлықтай залалын тигізуі мүмкін. Сосын оның салдарымен өмір бойы күресуге тура келеді. Меніңше, Қазақстан азаматтары аталмыш заң туралы, заң аясындағы актілер мен оны өзгерту яки жою тәртібі туралы мейлінше көп ақпараттануы қажет, өйткені, бұл – шын мәнінде өте маңызды: оның адам өміріне тікелей қатысы бар, сәйкесінше, кез келген бұрыс қадамның салдары біздің өміріміздің бұзылуына әкелуі мүмкін. Ел тұрғындары аталмыш заңға қатысты кез келген ақпаратты білуге ынталы болуы тиіс, ықпал ету және қажет болған жағдайда бұл процеске араласып, өз құқығын қорғау мүмкіндігіне ие болуы қажет.
Дана: Бұқаралық ақпарат құралдарында аталмыш жоба шамамен 38 миллиард теңгені қажет ететіні туралы ресми ақпарат бар, бұл бюджет азаматтардың биометриялық деректері сақталатын биометриялық және ақпараттық жүйені құруға бағытталмақ. Ішкі істер министрлігі аталмыш жүйенің ерекше бақылауда болатынына, қауіпсіздігі толыққанды қамтылатынына және үшінші тұлғалар үшін қолжетімсіз болатынына сендіруде. Десек те, соңғы уақыттағы дербес деректердің жария болу жағдайлары бізді алаңдатып отыр. Орталық сайлау комиссиясы, Бас прокуратура, «Дамумед», egov.kz жүйелерінде ақау болып, азаматтардың жеке деректері жарияланып кетті. Тіпті, соңғы жылдары қандай да бір «жүйелілік» орын алды деуге болады. Азаматтардың барлығы биометриялық мәлімет дегеннің не екенін толық түсінген жоқ: «Саусақ ізін тапсырғанда тұрған не бар?» дейді. Ел тұрғындарының сеніміне ие болу үшін олардың хабардарлығын арттыру қажет. Мұнда мемлекеттік органдардың жұмысы өте маңызды, олар биометриялық мәліметтерді жинаудың маңызы мен оның басты мақсаты туралы, сондай-ақ, дербес деректерді қорғаудың негізгі қағидаттары қалай сақталатыны жөнінде тұрақты түрде айтып отыруы тиіс. Түсіндіру жұмысы болмаса, кез келген азаматтың көкейінде күдік, қауіп, қорқыныш тұратыны орынды: «Менің дербес деректерім өзге мемлекеттер үшін қолжетімді болмасына кім кепіл? Ал алаяқтар биометриялық мәліметтерімді пайдаланып, менің атыма несие рәсімдеп алса не болады?». Мұндай жағдай кез келген азаматтың басына келуі мүмкін.
– Сіздерде мәліметтерді сақтайтын оператор және басқа да қатысушылар жөнінде ақпарат жоқ па?
Дана: Әзірге бізде бұл жүйенің қалай жұмыс істейтіні туралы нақты мәлімет жоқ. Әрі қарай мемлекеттік мекемелермен серіктестікте жұмыс істегіміз келеді: өтінім жазу, ақпаратқа қол жеткізу үшін және мұның тәжірибеде қалай жұмыс істейтінін, яғни нендей іспен бетпе-бет келетінімізді білу мақсатында қоғамдық талқылар өткізу.
– Ақпараттық науқан шеңберінде не жұмыс атқардыңыздар?
Дана: Науқан қазан айында басталды. Біз «Еркіндік қанаты» қоғамдық қорының әлеуметтік желідегі парақшасында аталмыш заң туралы және биометриялық сәйкестендіру, дактилоскопия жөнінде ақпарат ұсынамыз. Бұл заңның қашан күшіне енетінін, ел азаматтары жеке куәлігін растау үшін не істеу керегін қысқа да нұсқа, түсінікті тілмен мазмұнды етіп түсіндіреміз. Аптасына шамамен үш жазбадан жарияланады.
– Аудиториямен кері байланыс бар ма?
Дана: Оқырмандардан келетін сауал көп. Басым көпшілігі «шетелде биометриялық деректерді тапсыру міндеттелген бе?» деп сұрайды. Оларды алаңдататын тағы бір сауал – «биометриялық мәліметтерді тапсырудан бас тартсақ не болады?». Саусақ ізін тапсыруға қарсы азаматтар да бар. Келесіде осы мәселеге қатысты шетелдік тәжірибелер туралы жазбақпыз, өйткені, биометриялық мәліметтер жүйесімен бірнеше уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан елдер бар. Мәселен, цифрландыру кезеңдері айтарлықтай жетілген дамыған мемлекеттерде биометриялық деректер базасы ғана емес, ДНҚ банктері де бар. Олар бүгінде ДНҚ саласында терең зерттеулер жасап жатыр. Бізді қызықтыратыны – дербес деректерге айтарлықтай залалы тиген өзге елдердің қателігін қайталамау үшін қай тәжірибеге сүйенгеніміз дұрыс екенін анықтау.
– Құқық саласындағы сарапшы ретінде аталмыш тәжірибеге қандай баға бересіз?
Дана: Жалпы, бұл тәжірибеде басқа мемлекеттерден еш ерекшелігіміз жоқ. Ресейде осыған ұқсас заң 2009 жылдан бері жүзеге асып келеді. Оларда «Геномдық тіркеу туралы» заң бар, ал бізде ол дактилоскопиялық экспертизамен біріктірілген. АҚШ, Беларусия, Әзірбайжанда мұндай жобалар бұрыннан жүзеге асырылуда. Ұлыбританияда 1985 жылдан бері «Геномдық тіркеу туралы» заң жұмыс істейді.
– Геномдық тіркеудің қауіп төндіретін тұстары қайсы?
Дана: Ең маңыздысы – бұл дербес деректердің қауіпсіздігіне қатысты қауіп-қатерлер. Мәліметтердің жаппай жариялануы салдарынан азаматқа үлкен қауіп төнеді. Мұндай жағдай орын алса, біздің дерекқорға «рұқсатсыз» қол жеткізген үшінші тұлғалар бізді үнемі аңдып отыруы мүмкін. Банк қызметінде, экономикалық, әлеуметтік, білім беру саласында баяғыда цифрландыруға көшкен мемлекеттердің тәжірибесінде осындай мысалдар бар. Олардың тәжірибесіне сүйенсек, кибершабуылдың салдарынан биометриялық базалар бұзылып, дербес деректер жаппай жарияланып кеткен. Көбіне көп жеке компаниялар дербес мәліметтерге қол жеткізуге, оны пайдалануға мүдделі: саусақ ізіне қол жеткізу экономикалық тұрғыда ұтымды, бұл арқылы банктегі операциялар мен карточкалар қолжетімді болмақ. Мұның зардабы тек белгілі бір азаматқа, яки банк тұтынушысына тиіп қана қоймай, жалпы елдің экономикалық жағдайына кері әсерін тигізеді.
– Мемлекеттік деңгейде биометриялық сәйкестендірудің қандай жағымды тұстары бар?
Дана: Бұл – шекарадан өту тәртібін жеңілдетуге, террористік іс-шаралардың қауіпін төмендетуге бағытталған заманауи талап, бастамасында БҰҰ тұр. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, жылдам экспертиза өткізу қажет болған кезде, геномдық тіркеудің (ДНҚ) жедел-іздестіру қызметіне тигезетін көмегі зор.
– Ішкі істер министрлігінің саусақ ізін тапсыру ісін 2023 жылға жылжыту туралы шешіміне қатысты пікіріңіз қандай?
Данил: Қолдаймын, өйткені мәселе мұндай сезімтал дүниеге қатысты болса, асығудың қажеті жоқ. Барлығы техникалық тұрғыдан да, заң тұрғысында да әбден жетілдірілуі керек: қызметтік нұсқаулық болуы тиіс, бұл саладағы қызметкерлер арнайы оқудан өтуі шарт және жыл сайын олардың білімі мен біліктілігі жіті тексерілуі қажет. Заманауи техникалық жабдықтаудың, оқыту мәселелерінің, заңнамалық базаның қазіргі жағдайына қарайтын болсақ, қандай да бір олқылықтардың бары анық. Сондай-ақ, коронадағдарыс салдарынан бюджетте шығын көп, бірқатар мемлекеттік бағдарламалар қысқартылуда: тиісті министрліктердің осы заңды енгізуі үшін сұраған қаражат көлемі әжептәуір (36 миллиардтан 6 миллиард теңгеге дейін) қысқартылды. Егер қаржы аз бөлінсе, жұмыстың жүзеге асуы сапасыз болатыны хақ.
Қоғамның бұл жобаны қабылдауына қатысты екінші бір маңызды аспект бар: ел азаматтары мұндай сезімтал деректерді ұсынуға дайын ба, бұл жоба олардың қарсылығын тудырмайтынына кім кепіл? Мемлекет деңгейінде барлық медиа ресурстарды жұмылдыра отырып, ақпараттандыру науқанын жүргізу керек. Өйткені, кез келген азамат дербес деректер қалай сақталатынын, қандай тәртіппен жүзеге асатытын, мәліметтерді қашан және қалай өшіре алатынын білуі тиіс.
– Былтыр аталмыш заңның күшіне ену мерзімі жылжымай тұрғанға дейінгі мемлекет жүзеге асырған ақпараттандыру науқанына қандай баға бересіз?
Данил: Шыны керек, ақпараттандыру науқанын көрмедім. Қандай да бір хабарландырулар болды, бірақ түсініксіз, жалпылама, нақтылығы жоқ. Яғни, мемлекет азаматтар үшін маңызды деп саналатын аспектілерді түсіндіре алмады, керісінше, көптің ашуын туғызды. Ақпарат шашыраңқы болса, қысқартылып, қиқаланып берілсе, адамдар болжай бастайды – әркім өз ой-өрісі жеткенше қорытады. Бұл сапалы ақпараттың таралуына септесудің орнына, кесірін тигізеді.