16/06/2021
«ҚАЗАҚСТАН ҰСТАЗДАРЫНЫҢ КӨШБАСШЫЛЫҒЫ» Халықаралық конференциясы
12/06/2021
Анна Александрова атындағы байқаудың қорытындысы
22/06/2021

Гүлбадан Закаева: Ұстаздар тек орындаушы ғана емес, олар көшбасы да бола алады

Қазақстан ұстаздарының көшбасшылығы (TLK – Teacher Leadership in Kazakhstan) жобасының стратегиялық тобының мүшесі Гүлбадан Закаева мұғалімдер орындаушы ғана емес, көшбасшы да бола алатынына сенімді. Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен жүзеге асып жатқан аталмыш бағдарлама «ұстаздардың лауазымға тәуелсіз көшбасшылығы» идеясы мен тәжірибесін білім беру жүйесіне таратуға бағытталған бастама болып отыр. Осы ретте,  жобаның мақсаты, маңызы және ерекшелігі жайлы «Бәріне арналған мектеп» қоғамдық білім беру қорының директоры, Стратегиялық топтың мүшесі Гүлбаданмен толыққанды сөйлесуге тырыстық.

Бағдарлама жайлы: мақсаты, ерекшелігі және маңызы

Жобаның мақсаты – Қазақстан Республикасының орта мектептерінде ұстаздардың үздіксіз кәсіби дамуы мен көшбасшылық мәдениетін дамыту, білім беру жүйесін модернизациялау үдерісінде олардың кәсіби рөліне көшбасшылық тұрғысынан қарау.

Қазақстан мектептерінде «Ұстаз жетекшілігімен жүргізілетін дамыту жобасы» (ҰЖЖДЖ) бағдарламасы 2016-2017 оқу жылы Ұлыбританияның кәсіби қоғамдастығы HertsCam ұйымымен бірлесе отырып іске асырыла бастады. ҰЖЖДЖ бағдарламасы алғаш рет Тараз қаласының мектептерінде, кейін 2017-18 жылдары Көкшетауда іске қосылды. ҰЖЖДЖ  бағдарламасы бойына мұғалімдер мен мектеп басшылары Тараз (2017 жыл) және Көкшетау (2018 жыл) қалаларында өткізілген мектеп ішілік топтық сессияларға, мектепаралық кездесулерге және Халықаралық ұстаздар көшбасшылығының конференцияларына қатысу мүмкіндігін алды.

2019 жылдың шілде айынан бастап «Қазақстан ұстаздарының көшбасшылығы» (ҚҰК) жобасы Сорос-Қазақстан Қорының қаржыландыруымен “Бәріне арналған мектеп” қоғамдық білім беру қоры (Қазақстан) HertsCam кәсіби қоғамдастығы (Ұлыбритания) және  Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебімен (Қазақстан) серіктестікте жүзеге асыра бастады. Жалпы жоба үш жылға жоспарланған, бүгінде жобаның екінші жылы аяқталып отыр.

Гүлбаданның айтуынша, Қазақстан Республикасының білім беруді мен ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында білім беру мен ғылым жүйесін ең жақсы отандық және әлемдік тәжірибелерге сәйкес әрі қарай дамыту және жетілдіру шаралары қабылданатын болады, мұғалімдердің біліктілігі үздіксіз кәсіби дамуды қамтамасыз етуге қарай өзгертіледі делінген. Осы орайда ұстаздардың үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ететін жобаның лауазымға тәуелсіз ұстаз көшбасшылығын дамыту идеясы мемлекеттік бағдарлама идеясына толық сәйкес келеді деп айта аламыз.

Дәл осы жобаға қатысу арқылы ұстаздар мен мектеп басшылары бастамашыл болуды және түрлі өзгерістерді қолдауды үйренеді. Сонымен қатар бұл бастама олардың шығармашылығын,  үздіксіз кәсіби дамуын қолдайды. Жұмыс барысында туындаған қиындықтарды шешу үшін басшылардан нұсқаулық, тапсырма күтпей, ұстаздар өз кәсіби мәселелерін өздерінің әріптестерімен бірлесе отырып,  үнемі ізденіс арқылы шешуге тырысады.

«Бағдарламаның басты ерекшелігі ұстаздар мектептерінде көшбасшылықты дамыту идеясына қатысудың ерекше мүмкіндігін ғана алып қойған жоқ, сонымен қатар мектепте өздері өзгеріс жасай алатынына кәміл сеніп, білім беру саласындағы реформалар білім беру үдерістерін іштен білетін және түсінетін қарапайым ұстаздар екеніне көз жеткізді. Яғни, мектептің ішкі мәдениетін өзгерту тек директордың немесе оның орынбасарларының жауапкершілігі емес, ұстаздар да өз құзыретінің деңгейіндегі өздерінің кәсіби мәселелерін шеше алады», – дейді Гүлбадан.

Бағдарламаның маңызды міндеттерінің  бірі – ұстаздар көшбасшылығының тұжырымдамасын алға бастыру және бүкіл қоғамның, сондай-ақ жеке фокустық топтарды жобаның барысы, атқарылып жатқан іс-шаралар туралы хабардарлығын арттыру.

Бағдарламаның іске асуы: жоба жұмысының аясында бағдарламаны еңгізбес бұрын Назарбаев университеті базасында кіріспе конференциясы өтті. Конференцияға бағдарламаға қатысатын мектеп басшылары, олардың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары және білім беру басқармаларының өкілдері қатысты. HertsCam кәсіби қоғамдастығы (Ұлыбритания) қамтамасыз еткен бағдарламаның барлық әдістемелік материалдары қазақ және орыс тілдеріне аударылып, мектептерге үлестірілді.

«Бағдарламаға қатысушы-мектептерде оқу ісі жөніндегі орынбасарлар қатарынан фасилитаторлар тағайындалды, олармен тығыз байланыс орнатылып, үнемі әдістемелік көмек көрсетіліп отырды. Жұмыс жоспарында әр іс-шара, конференция, талқылаулар мектеп ішіндегі және мектепаралық кездесулер нақты жоспарланып, стратегиялық топтың тікелей қолдауымен жүзеге асырылды. Жобаға қатысушы әр ұстаздың кәсіби мәселесінің аясында өзінің жұмыс жоспары болады. Оқу жылы ішінде атқарған жұмыстарын, қай кезде қандай мәселе туындағанын, оны қалай шешкенін, әріптестерінің берген ақыл-кеңестерін үнемі жазып, портфолиосына тіркеп отырады. Осылайша әрбір ұстаз бір жыл бойы болған өзгерістерді, өзінің даму жолдарын өз көзімен көреді», – дейді Гүлбадан.

Мектепаралық сессияларда қандай мәселе талқыланатынын, оның қай бағытта өткізілетінін бағдарлама жетекшілері – стратегиялық топ хабардар етеді. Биылғы оқу жылында бағдарламаға Алматы облысында орналасқан Лепсі орта мектебі қосылып отыр. Бұл жобадағы алғашқы ауыл мектебі. Жетекшінің айтуынша қала мен ауыл мектептеріндегі ұстаздардың, туындаған мәселелердің арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ, ұстаздардың бәрінің атқаратын жұмысы бір болғандықтан, олардың кәсіби мәселелері де бір.

Пандемияның бағдарламаға тигізген әсері

Жоба пандемияға дейін, 2019 жылдың шілде айында іске қосыла басталды. Гүлбаданның айтуынша пандемия бағдарламаға қатысушы ұстаздарға да әсер етпей қоймады. Әсіресе, «былтыр бүкіл әлем аяқ астынан онлайн жұмыс істеу тәртібіне көшкенде, мектеп бысшылары мен мұғалімдердің бойында қорқыныш сезімі пайда болды. Дегенмен, біздің бағдарламаға қатысып жатқан ұстаздар қиындықтарға қарамастан шама шарқына қарай жұмысын аяқтауға тырысты, олардың ешқайсысы бағдарламаны орта жолдан тастап кетпеді.

Бұл бірегей бастаманың Қазақстанға келуіне, мектептерге енгізілуіне, сәтті іске асуына Сорос-Қазақстан қорының қосқан үлесі зор. Қор үйлестірушілері жобаның қалай дамып жатқаны, жеткен жетістіктеріміз бен жоба нәтижелері туралы үнемі хабардар болып отырады.  “Сырт көз сыншы” дегендей үйлестірушілер сырттан бақылап, өз ойларымен, ұсыныстарымен бөлісіп отырады. Әсіресе Қордың Қоғамдық саясат мәселелері жөніндегі кеңесшісі Сәуле Каликова мен Білім беру бастамасының үйлестірушісі Айнұр Шакенованың жобаның сәтті іске асуына көрсеткен көмектерін біз жоғары бағалаймыз. Қаржылай қолдау көрсету өте маңызды, онсыз бағдарламаның іске асуы мүмкін емес, сондықтан Сорос-Қазақстан қорының көрсеткен жан-жақты қолдауына жобаның барлық қатысушыларының атынан үлкен рахмет айтамыз», – деп түйіндеді Гүлбадан.

Күлпаш Бөлегенқызы, Нұр-Сұлтан қаласындағы №83 мектеп-гимназиясының мұғалімі

«Қазақстан ұстаздар көшбасшылығы» бағдарламасының бізге бергені мол. Көп жылғы еңбек өтіліме қарамастан үнемі ізденіс үстінде боламын. Кәсіби мәселені таңдап сол мәселені шешу үшін жасалған жоспарды жүзеге асыруда әріптестеріммен ынтымақтаса  жұмыс жасау арқылы өз жұмысымның нәтижесін көре алдым. Сонымен қатар мектебімізде әр мұғалім өз мүмкіндігін шектемей, көшбасшы бола алады деген жаңаша көзқарас туды. Дегенмен жоба бойынша қазақша жарияланымдардың саны артса екен деймін.  Оның үстіне біз қолданатын бағдарлама материалдары бағдарламаға қатысқан мұғалімдерге ғана емес, жалпы Қазақстан мұғалімдеріне ашық жарияланса деген тілегім бар».

Махаббат Елубайқызы, Жамбыл атындағы №5 орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі

Педагогикалық қызметтің қиын, бірақ ғажап жолына қадам басқанымда мені әрдайым оқушылар үшін сабақты жеңіл және қызықты ету мәселесі мазалайтын еді. «Қазақстан ұстаздар көшбасшылығы» жобасына қатысқан әріптестерім ашық сабақтарда өздерінің тәжірибелерін айтып, коучингтер мен семинарлар өткізді. Осылайша бағдарламаға деген қызығушылығым пайда болды.

Бағдарлама аясында іске асырып жатқан жобамның тақырыбы «Бастауыш сыныптарында орыс тілі пәнін ойын әдістері арқылы оқытуды дамыту». Топтық кездесулерде әріптестерімізбен бірге тақырыптарымызды талқыладық, тәжірибемізбен бөлістік, одан қорытынды жасадық. Барлығын ой елегінен өткізіп болғаннан кейін, бастауыш сынып балалары үшін оқуды ойын арқылы жүзеге асырудың тиімді болатынына көзім жетті. Әрине түрлі кедергілер болды, бірақ әріптестеріммен бірлесе отырып жұмыс жүргізсем, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, барлық қиындықтарды жеңуге болатынын түсіндім.

Фасилитаторымыз Күнсұлу Тілеуқызының арқасында бағдарламам туралы білімім артып, ұстаздар үшін көшбасшылықтың мүмкін екендігі туралы сенім пайда болды. Қазір әрқайсымыз тәжірибемізге, қызметімізге қарамастан көшбасшы бола алатынымызға кәміл сенеміз. Мен бүкіл Қазақстанда өз тәжірибесімен бөлісетін мұғалімдер қауымдастығын құру қажет деп санаймын.