Сорос-Қазақстан қорының «Баршаға ашық қоғам» бастамасының қолдауымен Алматыда тамыз айында мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығына қатысты жазғы мектеп ұйымдастырылды. Шара спикерлері – Гунта Анча мен Янина Арсеньева мүмкіндігінде шектеуі бар адамдардың проблемасына көпшілік қауымның назарын қалай аударуға болатынын, сондай-ақ, қоғамдағы кемсітумен қалай күресу керектігі турасында әңгімелеп берді.
– Гунта, Латвиядағы бір қызықты тәжірибелеріңіз есіме түсіп отыр. Қоғамдық орындарда орналасқан орындықтарға ұша білетін қоғамда дүниеге келген қанатсыз бала туралы кітап қалдырып кетіп, сол арқылы инклюзия, мүмкіндігі шектелгендердің қоғамға бейімделуі мәселесіне әлеуметтің назарын аударуға тырыстыңыздар. Жалпы, қоғамды осы мәселеге тиімді жұмылдыру тәсілдері қандай?
Гунта: Басты шарты – қызығушылық тудыру. Бүгінгі қоғам буклет оқып, әртүрлі сайттарды ақтарып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмірі жайында ақпарат іздей қоймайды. Оларға бұрын-соңды болмаған тың әрі қызықты дүниелер қажет. Мәселен, сіз атап өткен кітап арқылы жасалған тәжірибе. Біз тамаша нәтижеге қол жеткізе алдық: кітапты оқып, оны қайтадан орындыққа қалдырып кетіп жатты. Ерекше жағдайды қажет ететін адамдардың әлеуетіне әлеуметтің назарын аудару үшін түрлі форматтағы әрқандай шараларды ойластыруға, ұйымдастыруға тырысамыз. Әдетте, мұндай азаматтарды көрген адамдар бірден «Байғұс-ай», «Жағдайы қиын шығар» деген сипаттағы аяныш сезімдерін аямай жатады. Бұл мәселеге деген қоғамның көзқарасын басқа бағытқа бұруды қалаймыз. Шындығына келсек, олар көп дүниеге икемді, қабілетті келеді, тек қолдау қажет. Бірде, мылқау жігіттің өмірі баяндалатын кітаптың тұсаукесерін өткіздік. Шығарманың бас кейіпкері сөйлей алмайтындықтан, арнайы компьютердің көмегімен өз ойын ашық білдіріп, арман-мақсатын еркін жеткізіп отырған, қоғаммен байланысы үзілмеген. Тұсаукесер рәсіміне бойында осындай кінәраты бар азаматтарды шақырып, айтар ойларын ақ қағазға жазып беруін сұрадық. Латвияда жаңағы кітаптағыдай арнайы компьютер болмағандықтан, актерлердің көмегіне жүгіндік. Артистердің орындауындағы сырға қанық хаттардан кейін шараға жиылған қауым қалың ойға қалды. Осылайша, бірте-бірте қоғаммен қарым-қатынас орнатудың қадамдарын жасап жүрген жайымыз бар.
– Янина, сіздің мүгедектігіңіз жоқ екенін білеміз. Десек те, дәл осы мәселеде аса белсенділік танытып жүргеніңізді де көріп жүрміз. Кей жағдайда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың орнына сөз сөйлеп, олардың атынан ой айтып жататыныңызды да есіттік. Өз басыңда ондай жағдай болмаған соң, өзгелерді қаншалықты терең түсінуге болады?
Янина: Адамның сырт келбетіне қарап, оның мүгедектігі бар-жоқтығын бағамдау әсте мүмкін емес және бұлай етуге болмайды. Дұрыс айтасыз, менің мүгедектігім жоқ. Бұл мәселе турасында қоғамдық, ресми орталарда өте сирек сөз аламын. Егер мүгедектігі бар сарапшы денсаулығына байланысты діттеген жеріне жете алмай жатса, я болмаса шет мемлекетке шығу оның денінің саулығына қауіп тудыратын жағдайда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың атынан сөз сөйлеп, олардың ойын жеткізуге атсалысып жатамын. Көбіне, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ұйымдарынан келген өкілдерге «сахна» сыртында қолдау көрсетемін. Әлбетте, дәл осы мәселеде мүгедектігі бар адамнан асқан сарапшы табыла қоймас. Олардың өмірі, күнкөрісі мен тұрмыс-тіршілігінің өзі үлкен сарап. Алайда, сол білікті сарапшыларға қай кезде, қандай уақытта нені дұрыс пайдалану қажеттігін айтып, бағыттап жіберу осы мәселедегі ізденіс пен ұмтылысты ұтысты етпесе, кері кетірмейтіні анық. Менің айналысып жүргенім де – осы.
Гунта: Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үнемі мықты сарапшы бола алмайтынын да айта кетуіміз қажет. Мұндай азаматтардың кәсібилігі жоқтығынан кей істерде бірқатар қателіктер жібергенін білеміз. Мәселен, арбаға таңылған бір жас жігітті білемін. Орта бойлы, арықтау келген азамат болғаннан кейін жеңіл арбада отыратын. Осы азамат әл-ауқат министрлігі ғимаратының кіреберісіне мүгедектігі бар азаматтарды көтеретін құрылғыны орналастыру барысына кеңесші болды. Нәтижесінде, министрлік тек жеңіл арбаларды көтеруге қауқары жететін көтергіш сатып алып, орнатты. Мүгедектігі бар азаматтардың жеке тәжірибесі ғана болуы мүмкін. Бұл саладағы кез келген істің оңтайлы шешілуі үшін жан-жақты зерттеу, талдау қажет. Сондықтан, мүгедектігі жоқ азаматтардың құқық қорғау ісіне араласуында тұрған ештеңе жоқ. Бастысы, сол азамат мәселенің мәні мен маңызын түсіне алса болғаны.
– Кездесуде мүгедектік туралы сөз бола қалғанда қолданылатын бөлек тілдің бар екенін айттыңыз. Бұл мәселе, мүмкіндігі шектеулі, яки шектеусіз адамдардың барлығына қаратып айтылған дүние сыңайлы. Ішкі кемістікпен қалай күресе аламыз?
Гунта: Іштей кемсіту, кеміс сезіну әлі де бар. Әсіресе, мүгедектігі жүре келе жабысқан болса, ол адам өз ішіне тығыла береді. Отбасы, достары, туыс-жақындары қамқорлық танытып, қажетін түгендеп отырады. Әлгі адам осылай өмір сүруін жалғастыра берген сайын, өзінің аурушаң екенінен ажырауы қиындай түседі. Оған келіп: «Жүгір, жұмыс істе» деп көрші, аса таңданыспен: «Менің мүгедек екенімді көрмей тұрмысың?» деп жауап береді. Бұл адамзатқа тән қасиет. Адам өзіне аяушылық сезіммен қарай бастағанда, оның санасына бұл өмірдің үйде қамалып отыру үшін тым қысқа екенін жеткізу қажет. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырды үй қамағында өткізу обал емес пе?
Янина: Мұнда сана тұрғысындағы тәжірибеден мүгедектігіне қарамастан барлық адам өтеді. Өмір түрлі жағдай орын алады: ерте ме, кеш пе барлығымыз тағдырдың түрлі соққысына төтеп беру үшін еңсемізді тіктеп, тіршілікке қайта қамдануды үйрендік. Өз басым босанғаннан кейін 2-3 жылдай күйзелікке түстім. Эстонияның тумасымын, біздің жақта жан саулығына қатысты жағдаяттар аса «танымал» емес. Ол жақтың адамдары мұндайды жындылыққа балап, оны көрмеуге тырысады. Мұның бәрін әр адамның басында түрлі кезеңдер болатынына байланысты айтып отырмын.
– Ментальді және психо-әлеуметтік ерекшеліктер турасында да атап айттыңыз. Яғни, қоғам мүшелері арбаға, яки таяққа таңылған азаматтарға мейірімін ұсына алса, ментальді ерекшелігі бар адамдарға үрке қарайды. Оның үстіне, бұл турасына сөз қозғалмағанын жөн санайды. Сіздің елдегі осыған ұқсас жағдай қалай?
Гунта: Стигматизация әлі де бар. Біздің мемлекетте қорқудың қажеті жоқ, бұл қылық ерсі көрінетіні жайында түсінік қалыптаса бастады. Дейтұрғанмен, мұндай адамдардан қорғануды қажет санайтындар да жоқ емес. Ригадан аса қашық емес жерде бай-шонжарлар жайғасқан кішкентай қалашық бар. Осындағы мектептің маңайына, яғни орталықта интелектуалды кемістігі бар адамдар үшін күндізгі мекеме салу туралы жақсы бастама көтерілгені сол-ақ екен, әлгі қалашықтың тұрғындары бұл іске қарсылық білдіріп, қол жинай бастады. Бұл іспен жергілікті депутат айналысты: «Бұл не деген сұмдық? Біздің балаларымыз мектептен шығып, оларды көруге мәжбүр болады емес пе?» деп айқай-шуға басты. Артынан олар өз ісінің дөрекі әрі ерсі шыққанын түсінді, өйткені бұларды сынға алғандардың қарасы көп еді. Күндізгі орталық салуға қарсылық білдірушілер «қорғаныс» тактикасын бірден өзгерте қойды. Олар бұл орталықты салу үшін тиімді тәсіл ұсынғандай кейіпке ене қалды. Сондағысы жаңағы мекемені таза ауада, өзеннің маңайында орманға апарып салу қажет дегенді алға тартты. Сұмдық қой!
Янина: Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ұйымдарымен көп жұмыс істеймін. Олардың арасында психо-әлеуметтік мүгедектігі бар адамдардың ұйымдарының жағдайын тым нашар. Тіпті, жоқтың қасы. Еуропалық деңгейде жұмыс істеп жүргеніме біраз уақыт болды. Сонда байқағаным, психо-әлеуметтік мүгедектігі бар адамдардың ұйымдарының ресурсы аз, грантқа өтінім жіберуден аса қиналатындар да осылар. Құжат ісін жүргізумен айналысатын кәсіби секретариат жинаудың өзі мұң-қайғы.
– Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдау көрсететін институттар ішінде де кемсітушілік бар ма?
Гунта: Ұлттық деңгейдегі ұйымдар туралы айтар болсақ, арбаға таңылған азаматтармен жұмыс істейтін мекемелер ментальді ауытқуы бар адамдардан басын жиі алып қашады, өйткені «олардың басы дұрыс жұмыс істейді» дегендей. Олар ментальді ерекшелігі бар адамдарды жеке топқа жіктеп қояды да, «мұның бізге қатысы жоқ» дегенді алға тартады. 15 жыл бұрын алғаш рет ұйымымызды құра бастағанда, дәл осы қарым-қатынасты түзету қиын болды. Оларға біздің барлығымыздың мүмкіндігіміз шектеулі екенін, тек оның сипат алуының әрқандай болатынын түсіндіре алмай талап шапқыладық. Мұндай бөлініс әлі бар деп ойлаймын. Біз қоғамның оларға деген қарым-қатынасы туралы жиі айтып жатамыз, шын мәнінде, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өзі де қоғам емес пе? Егер қоғамның өзінде осындай жікке бөліну бар десек, бұл стигма мүгедектігі бар адамдардың арасында да жоқ емес.
Янина: Менің ойымша, БҰҰ-ның мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығы жөніндегі конвенция осы мәселеде біраз дүниені өзгертті. Психо-әлеуметтік мүгедектігі бар адамдардың ұйымдарының еуропалық деңгейдегі бүгінгі даму қарқыны зер салсақ, жақсы нәтиже бар екенін байқауға болады. Қазіргі күні бұл мәселеге адамдар тарапынан түсіністікпен, сыйластықпен қарау бар. Мұндай ұйымдарсыз конвенцияның 12 бөлімі болмаушы еді. Сондай-ақ, бұл мәселені зерттеудегі, талдап-сараптаудағы бүгінгі жетістік те осы ұйымдардың жұмысына тікелей қатысты.