18 сәуір күні сағат 17.00 Тенгри-Умай галереясында «Толеранттылық» тақырыбындағы карикатура байқауы жартылай финалистері суреттерінің көрмесі ашылып, байқау жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтеді. Көрменің ашылуына авторлар қатысады.
Аталмыш байқау 2013 жылдың соңында Сорос-Қазақстан қоры мен Қазақстан Гёте-Институтының ұйымдастыруымен 18-29 жас аралығындағы кәсіби және әуесқой жас суретшілерге арналып жарияланған болатын. Байқауға 22 адамнан сұраным түсіп, олардың 12-і екінші турға өтті.
«Бұл байқау көпшіліктің назарын бір жағынан Қазақстанда кеңінен таралмаған карикатура өнеріне, екінші жағынан қоғам үшін маңызды болып табылатын толеранттылық тақырыбына аудартуды көздеді. Байқау қатысушыларына қоғамның толеранттылық мәселесіне деген көзқарасын білдіріп, өздерінің ойларын қазылар алқасы мен жұртшылыққа карикатура формасында жеткізу міндеті жүктелген еді. Байқауға салу техникасы мен толеранттылық тақырыбының мазмұны, оны түсіну жолы тұрғысынан алуан түрлі суреттер келіп түсті. Қазылар алқасына 5 000 долларды құрайтын жүлде қорын бөлудің оңайға түспесі анық»,- дейді Сорос-Қазақстан қорының жастарға арналған бағдарламалар үйлестірушісі Сәуле Мамаева.
Жартылай финалистер үшін Германиядан келген белгілі суретші Мавилдің (Mawil) мастер-класы ұйымдастырылды. Мастер-класқа қатысушылар карикатура салудың техникасына дағдыланып, өздерінің жаңа жұмыстарына қатысты идеяларын дамытты. Жартылай финалға өткен қатысушылардың бірі Олеся Ли былай дейді: «Карикатура мен комикс өнеріне бағытталған мастер-класқа қатысуға мүмкіндік алғаным үшін қуаныштамын. Бұл мен үшін жаңа, әрі шығармашылықпен айналысатын адам ретінде өте қызықты дүние болды. Басында толеранттылық тақырыбына қатысты ойларымды жеткізу қиын болды, десек те мастер-класс тренерлерінің бастамасымен ойым мен сезімімді қағаз бетіне түсірудің реті келді».
Барбара Фрэнкель-Тонет, Қазақстан Гёте-Институтының директоры мастер-класс жөнінде былай дейді: «Толеранттылық дегеніміз не? Бұл сұраққа жауап табу үшін Қазақстанның әртүрлі қалаларынан келген карикатуристер Алматыда бас қосып, бірге жұмыс істеді. Жұмыс барысында оларға еуропалық суретшілер Мавил мен Николя Журну қолдау көрсетіп отырды».
Көрме 10 күнге созылады, келем деушілерге есік ашық. Көрме қатысушылары көрермен көзайымына айналған суретті таңдауға атсалыса алады. Жұмыс авторы арнайы сыйлықпен марапатталады.
Гёте-Институт туралы –шетелдегі неміс тілін оқыту ісіне және халықаралық мәдени ынтымақтастыққа қолдау көрсетіп, Германияның мәдени, қоғами және саяси өмірі жөнінде кең көлемде мағлұматтар арқылы дүние жүзінде оның объективті бейнесін қалыптастыруға ат салысады. Толығырақ мәліметті мына сайттан алуға болады: www.goethe.de/kaz
Сорос-Қазақстан Қоры (СҚҚ) туралы – үкіметтік емес ұйымдардың, билік органдарының және бизнестің арасындағы әріптестікті дамыту жолымен төзімді, белсенді қоғамға және жауапкершілігі мол, ашық үкіметке жету саласындағы қызметке қолдау көрсететін үкіметтік емес қайырымдылық қор. СҚҚ «Ашық қоғам» Қорларының халықаралық жүйесінің бөлігі болып табылады. Толығырақ қордың www.soros.kz сайтынан біле аласыздар.