12/03/2020
Маңғыстау ауылдық округіндегі ауыз су проблемасы
11/03/2020
Сорос-Қазақстан қорының ТЖ жағдайындағы жұмыс кестесі
16/03/2020

Қазақстандағы дебат қозғалысы. Қалыптасу және кеңінен таралу кезеңі

Дебат қозғалысы оқушылар мен студенттер арасында кең танылғаны соншалық, оның өміршеңдігіне кәміл сенгеніміз рас. Әйтсе де, Қазақстанда пікірталас форматын бірінші болып дамыта бастаған Сорос-Қазақстан қоры екенін бірі білсе, бірі білмес. Біз Сорос-Қазақстан қоры «Дебат» бағдарламасының 1996-2004 жылдардағы үйлестірушісі Бахытнұр Отарбаеваны сөзге тартып, еліміздегі пікірталас мәдениетінің қалыптасуы, дебат қозғалысының бүкіл елге таралуы, тіпті телевизия деңгейіне шығуы турасында сұрап көрген едік.

 Қазақстанда «Дебат» бағдарламасы 1996 жылы жүзеге асты. Бұл бағдарлама тренерлерге арналған тренинг ретінде бастау алды, онда қатысушылар Карл Поппердің пікірталас форматын үйренді. Ол уақытта жаңадан бастаушы дебатшыларға дәл осы формат сәйкес келеді деп саналды.

– Тоқсанынша жылдары қазіргі кезбен салыстырғанда демократия басымырақ болатын; біздің жас мемлекет демократияның даңғыл жолымен жүретініне үміт һәм сенім мол еді, қолымыздан көп нәрсе келетіндей көрінген-ді. Ол уақытта жүзеге асырылып жатқан реформалардың өміршең екеніне шын сендік.

 Дәл сол сенім «Дебат» бағдарламасын Қазақстанда дамытуға серпін берсе керек.

– 1994 жылы «Ашық қоғам» институты философ Карл Поппердің идеясы негізінде дебат форматын жасап шықты, біз әрі қарай тәжірибе жүзінде жүзеге асырып көруге тырыстық. Пікірталас мәдениеті Қазақстанда 1997 жылдың соңында қалыптаса бастады, – деп есіне алды Бахытнұр Отарбаева. 1996 жылы алғашқы тренингтерімізді өткіздік. Тренинг түлектері көбіне-көп аймақтан келген оқытушылар еді. Олар өз мектебіне оралып, оқушылар арасында дебат ұйымдастырып жүрді.

 Алғашында дебаттар орыс тілінде өтті, кейіннен қазақ тілінде лигалар құру қажеттілігі туындады – еліміздің өңірлерінен сұраныс басым болды.

– Бірде санақ жүргізгеніміз есімде, сонда 7-сыныптап бастап санағанда 10 мыңнан астам оқушы дебат бағдарламасына қатысқан. Тренерлерге арналған тренингтер дебат желісін бүкіл Қазақстан аумағында кеңінен таратуға септесті. Әр облыста дебаттың өз аумағында дамуына жауапты бір-бір үйлестірушісі болды. Үйлестірушілердің басым көпшілігі талантты әрі белсенді ұстаздар еді, дебаттың жергілікті деңгейде танымал болуына олардың көп көмегі тиді. Бұл бастамаға білім беру басқармалары, әкімдіктер, ішкі саясат департаменттері де қолдау көрсетті. Аймақтық үйлестірушілер қалтқысыз қызмет қылмаса, мұндай жетістікке жетуіміз неғайбыл. Біздің үйлестірушілер мектепаралық, қалалық және республикалық турнирлерге сол уақыттың өзекті тақырыптарын ұсынып отырды. Гауфария Ахметова Алматы облысында, Баян Бірімқұлова Жамбыл облысында дебат жұмысын жүргізіп, дамытты, Оксана Франковская мен өзге де үйлестірушілердің еңбегі ерен. Олардың қайтарымсыз еңбегін, қалтқысыз қызметін көзім көрді; өз аймақтарында дебаттың интеллектуалды дамуына сүбелі үлес қоса білді.

 Бұл бағдарламаның нәтижесінде дебат қозғалысын үйлестіріп отыратын Ұлттық дебат орталығы құрылды.

– Дебат қозғалысының дамуына Алматы қаласының студенттері айтарлықтай үлес қосты: олар басқа қалалардағы студенттер арасында дебат клубтары мен турнирлері туралы ақпарат таратып отыратын. Сондай-ақ, «Хабар» телеарнасының жұмысын ерекше атап өткен жөн: медиа арасында серіктес іздеген уақытта, бізге сеніп, келісім берді. Мұнда «Город будущего» бағдарламасының продюсері Гаухар Юсумбаеваның еңбегі орасан. Кейінірек қазақ тілінде «Азамат» бағдарламасын жасауға мүмкіндік туды. Бұл атаулардың ауқымына дебаттың мән-мағынасын сыйдыруға тырыстық, азаматтық ұстанымның жастар арасындағы маңызын көрсеткіміз келді. «Город будущего» және «Азамат» жобалары көптеген дарынды жастардың жолын ашты деп ойлаймын.

 «Дебат» бағдарламасының сәтті шығуының бірден-бір себебі, тоқсаныншы жылдары жастардың бос уақытында айналысатын қызығушылықтары қазіргідей көп болмауы. Жаңа дос тауып, әлеуметке бейімделуге ниетті әрі жеке тұлға ретінде дамуға ынталы оқушылар мен студенттер дебат клубтарына келді. Дебаттардың кеңінен танылуының арқасында бағдарлама СҚҚ қойған мақсаттарға жетті, яғни бағдарлама тұрақты дамыды, сауатты һәм сапалы дебат қозғалысы қалыптасты, ізбасарлары да аз болған жоқ. Бағдарламаның оң нәтижелерінің бірі парламентпен серіктестік орната білуінде болды:

– Парламент сенаторларымен бірге, олардың арасында мысалы Зәуреш Батталова бар, Парламенттің қоғамдық көмекшілері дейтін бағдарлама жасадық. Бұл – бірегей жоба еді, онда студенттер, әсіресе заң факультеттерінің тәлімгерлері заң жобасын даярлау барысына қатысуға мүмкіндік алды. Олар заң жобаларымен танысып, сол құжат бойынша кері байланыс орнатып, ұсыныс айтып отырды. Бірқатар құжаттар бойынша олардың ұсынымдары қабылданған кездер де болды. Көптеген университеттер, мәселен, ҚМЭБИ, бұл тәжірибені үлгі етті, – дейді Бахытнұр Отарбаева.

 2004 жылы Сорос-Қазақстан қоры білім беру бағдарламасының бір бөлігі, соның ішінде «Дебат» бағдарламасы аяқталды, әйтсе де, дебат қозғалысының жұмысы мен әрі қарайғы дамуы тоқтаған жоқ: аймақтарда, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында әлі күнге дейін дебат клубтары бар, дебат жұмысымен айналысатын өзге де ұйымдар пайда болды:

– Күні кеше бұрын бағдарламаның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша үйлестірушісі болған Жанат Райымқұловадан хат алдым, дебат бағдарламасының тренерлеріне семинар өткізгенін жазыпты. Бұл өте маңызды, өйткені, аталмыш бағдарламаның негізінде жастардың сыни ойлау қабілетін дамыту әдістемесі жатыр. Бұл турнир үшін ғана емес, кең көлемде қолдануға арналған құралдар. Өз басым университеттегі дәріс барысында да осы құралдарды пайдаланамын. Дүниежүзілік экономикалық форумның 2018 жылғы The Future of The Jobs Report атты баяндамасында жиырмасыншы жылдары жұмыс барысында сыни ойлау және креатив – дәл осы екі негізгі дағды аса сұранысқа ие болатыны айқын көрсетілді. Сыни ойлауды үйрету – білім берудегі ең маңызды элементтердің бірі. Дебат кезінде дәл осы дағды жақсы дамиды, – дейді Бахытнұр Отарбаева.

 Дебат қозғалысының белсенді қатысушыларының бірі – Bilim Media Group директоры Рауан Кенжеханұлы. 1998 жылы Алматы мемлекеттік университетінде оқып жүрген кезі. Ол уақытта пікірталастар тек орыс тілінде өтетін, Рауан Бахытнұр Отарбаеваға бағдарлама материалдарын қазақ тіліне аударуға ұсыныс білдіреді:

– Біз бағдарлама материалдарын қазақ тіліне аударып жүрдік, сол аудармалар негізінде қазақ тіліндегі дебат лигасын құру мүмкіндігі туды. Кейінірек қазақтілді студенттердің басын біріктіретін студенттер клубы құрылды, мен орталықта студенттерді үйлестіруші есебінде жұмыс істеуге ұсыныс алдым, – деп есіне алды Рауан Кенжеханұлы.

 Жас қыз-жігіттер дебат арқылы мемлекеттің қоғамдық-саяси күнтәртібіндегі қандай да бір мәселелер турасында пікір білдіруге, ұсыныс айтуға, өз ұстанымын көрсетуге мүмкіндік алды:

– Бізге, яғни студенттерге жүйе қалай құрылғаны және қалай жұмыс істейтіні туралы білу өте қызық болатын. Дебат бағдарламасы әртүрлі тақырыптарды зерттеп, шешім қабылдаушы әрі қоғам жұмысына жұмылдырылған тұлғалармен араласуға мүмкіндік берді. Осы тұрғыда, аталмыш бағдарлама белсенді азаматтық ұстанымы бар жастар үшін аса қызықты болды.

 Сондай-ақ, Рауан Кенжеханұлы бұл бастама жеке дағдыларды дамытуға мүмкіндік берген керемет алаң болғанын айтады:

– Бүгінде адамға кәсіби маман ретінде де, жеке тұлға есебінде де қалыптасуға жәрдемдесетін дағдылар хақында көп айтамыз. Әңгіменің өзегі сабақ, яки дәріс кезінде алатын сапалы білім турасында ғана еместігі айтпаса да түсінікті. Бүгінгі білім жүйесіне әлі еніп үлгермеген дағдылар кешені, атап айтқанда, эмоционалды интеллект турасында айтып отырмын – ол, өз кезегінде, қарсыласыңды өзге бір деңгейде түсініп, сәйкесінше, ортақ шешімдерге қол жеткізу үшін дұрыс сөз айтып, түзу қадам жасауға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, дебат көп нәрсеге үйретті, пікірталасу арқылы өз ұстанымыңды қорғап қана қоймай, өзгенің ұстанымын түсінуді үйренесің. Дебаттар soft skills жақты дамытады, ал бұл – коммуникация, эмпатия, өз ұстанымыңды қорғау, тіпті конфликтологияның базалық дағдылары. Өз тәжірибеме сүйене отырып, бұл теория жүзінде ғана емес, тәжірибеде де жұмыс істейтінін нық айта аламын. Дебат арқылы таныс-біліс болған азаматтармен бүгінде достық қарым-қатынастамыз. Олардың көбі бизнесте, медиа, білім беру саласында қызмет етуде. Әрқайсысы өз саласында жақсы жетістікке жетіп жатыр. Бұл дебат бағдарламасының сәтті болғанының бірден-бір дәлелі деп ойлаймын.

 Knowledge Engineering директоры Нартай Әшім мектеп қабырғасында жүріп дебатқа қызыға бастады. Сорос-Қазақстан қорының бағдарламасы туралы алғаш рет ол 1998 жылы 9-сыныпта оқып жүрген кезінде естіген екен:

– Дебат бағдарламасы туралы естіген кезімде 14 жастамын. Бұл бастама жайында мектепте айтты, қатысушы болу үшін ағылшын тілін жақсы меңгерген болуымыз керектігін ескертті, сондықтан дебатқа кейіндеу қатыстым. Сол уақытта қазақтілді лиганың құрылған кезі. Алғашқы қалалық турнирден кейін есенгіреп қалғанымыз әлі есімде, қарсыласымыз кіл мықтылар болған еді, – деп есіне алды экс-дебатшы.

 Нартай Әшімнің пікірінше, дебат ойындары өзекті әрі қажетті дағдылардың қалыптасуына көп көмектеседі:

– Меніңше, бойымдағы пайдалы дағдылардың барлығы дебат бағдарламасының арқасында қалыптасып, дамыды. Бүгінде білім беру саласында жұмыс істеймін, қазіргі құбылмалы қоғамдағы басты дағды – hard skills, яки бір мамандыққа байланбай, жаңа дүниеге жылдам бейімделу екенін әріптестерімізбен көп айтамыз. Бұл – біздің ойымыз ғана емес, әлемдік белді сарапшылардың пікірі. Дебат бағдарламасы дәл осы дағдыны қалыптастыруға көп көмектесті, – деп түйді ол.