«Zertteu Research Institute» ҚҚ, Сорос-Қазақстан Қоры мен ЕЫҚҰ Нұр-Сұлтандағы бағдарламалар офисінің қолдауымен «Ашық бюджеттер – тұрақты даму кепілі» атты конференция өткізуде.
Бюджет қаржысын жаратудың айқындығы мен есептілігі – азаматтардың мемлекеттік органдарға сенімін арттырудың, шешім қабылдауға азаматтар қатысуының басты шарты және жемқорлықтың алдын алу құралы.
Іс-шарада орталық және жергілікті органдардың бюджет ашықтығы бойынша презентация жасалып, бюджет ақпаратын, азаматтық бюджетті жариялау бойынша заңнама талданады. Кездесуде дайындалған қорытындылар бойынша ұсыныстар әзірленеді.
«Қазір мемлекеттік органдардың өз сайттарына бюджет ақпаратын орналастыру тәжірибесі әрқалай. Бюджет ақпаратына сұранысты бағалау нәтижесі азаматтарға мүлде басқа ақапаратқа деген қажеттігін көрсетті. Мысалы, мектеп, аурухана, және т.б. бюджеті туралы ақпарат. Біз орталық және жергілікті мемлекеттік органдар сайттарына мониторинг жүргіздік. Нәтижесінде тек Қаржы министрлігі бюджет ақпаратын барынша толық және түсінікті түрде орналастыруға тырысатыны анықталды. Олар жарияланатын бюджет ақпаратының тәртібін, мерзімін, форматын және тізімін реттейтін ішкі бұйрығын бекіткен. Басқа мемлекеттік органдар бойынша олай айта алмайсыз, – дейді «Zertteu Research Institute» ҚҚ басшысы Шолпан Айтенова.
«Әр деңгейдегі бюджет ашықтығы оның айқындығына және тұрғындардың бюджет процесіне қатысуының артуына ықпал етеді. Жергілікті деңгейде, әдетте, білім беру және денсаулық сақтау сынды мемлекеттік қызметтер көрсетіледі және көрсетілетін мемлекеттік қызметтер мен бюджеттік шығындар арасында тығыз байланыс бар. 2010 жылы Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен Ұлттық бюджеттік жүйе «Жергілікті бюджеттердің ашықтық индексін» дайындап шыққан болатын. Біз аталмыш индекс жергілікті деңгейде әкімдердің қызметін бағалау үшін пәрменді құрал бола алады деп есептейміз», – дейді Сорос-Қазақстан Қорының бағдарламалар директоры Бота Аязбаева.
Конференцияға орталық және жергілікті орган өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Моңғолия, Грузия, Украина мен Қырғызстаннан эксперттер қатысады.