13/08/2019
Сандық дәуірдегі балалар сексуалдық саудасымен күрес
29/07/2019
Босқындарға ақшалай жәрдем беру керек пе?
23/08/2019

Трамптың сыңаржақ экономикасы

ЛОНДОН – Осы күні жұрт “Қалың қалай?” деп сұраса, мен “АҚШ-тағы Дональд Трамптың президенттігін, Брекзитті, Біріккен корольдіктегі ірі саяси партиялар дағдарысын және “Манчестер Юнайтедтің” ойынын есепке алмағанда, халым керемет жақсы” деп әзілмен жауап беремін.

Бірақ соңғы кездері мұндай келеңсіз жағдайлар тізімінің ұзарғаны сондай, әзілдеудің өзі қиындап кетті. Қазір бұл қатарға Гонконгтағы саяси дағдарысты, Жапония мен Оңтүстік Корея арасындағы өршіп келе жатқан дипломатиялық және экономикалық дауды, Үндістан үкіметінің Джамму мен Кашмирді автономиясынан айыруы, әрі жалпы Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленісті, Оңтүстік Африканың биліктегі “Африка ұлттық конгресі” партиясындағы дау-дамайды қосуға болады.

Ол ол ма, осы жаз тым ауыр болды, Еуропа мен АҚШ-қа келген ыстық ауа райы климат өзгеруінің күнделікті өмірімізге қаншалық әсер ететінін анық байқатып берді. Бұл тізімге Таяу Шығыс пен президент Владимир Путиннің қол астындағы Ресейден бастап, әлеуметтік медиадағы іркілістер мен микробқа төзімділікке дейінгі әлемді белгісіздікке душар етіп тұрған басқа мәселелерді қоссақ, қобалжуға себеп көбейеді.

Мұның бәрі қалыпты кезеңдегі жағдай болса, әдемдегі соңғы өзгерістер қауіптің бұлтын күрт қоюлатып жіберді. Әсіресе 2019 жылы әлемдік дамудың едәуір төмендегін есепке алу керек. Бірақ қазіргі монетарлық саясатты есепке алсақ, бұл – қалыпты кезең емес. Мұнда “Трамп пайыздық мөлшерлемені төмендетуде АҚШ Федералдық резервіне қысым жасау үшін Қытаймен арадағы тариф дауын әдейі ушықтырып отыр ма?” деген сауал туындайды. Оның үстіне, Трамптың туиттердегі соңғы байбаламы Федералдық резервтің ставканы 25 негіздік пунктке төмендету туралы шешімінен соң басталды. Трамптың және нарықтардың көзқарасы бойынша, бұл онша үлкен төмендету болмады.

Кейде маған “осы Трамп әлемде үстемдік етуді көздеген әлдебір құпия, тым күрделі жоспардың жетегінде жүрген зұлым Джеймс Бонд емес пе?” деген ой келеді. Оның істеген ісінің көбінен мұндай қисынның белгісі байқалмайды. Әрине, сыртқы саясат туралы айтқанда, оның популистік ұстанымының басты мақсаты – бүкіл әлемдегі басқа көшбасшыларды да осындай әрекетке итермелеу болса керек. Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің Кашмирдегі әрекеті, Жапония мен Оңтүстік Корея үкіметтерінің бір-біріне қатысты тактикасы – Трамп пьесасының тікелей жалғасы сияқты. Әлемдегі саясаткерлердің “АҚШ-тың басшысы мұндай мінез-құлықты көрсете алса, бізге неге оны қайталамасқа?” деп отырғаны анық.

Дегенмен, Трамптың ел ішіндегі стратегиясының саяси логикасын түсіндіру қиын. Көбіне ол 2020 жылғы сайлауға өз сайлаушылар базасын қалыптастырып алуды көздейтін тәрізді. Бірақ екінші мерзімде жеңу үшін оған екіойлы адамдарды көбірек өзіне қаратуы керек болады. Ішкі саясатқа қатысты мұндай ұстаныммен оның өзін әлі қолдай қолмағандарды өз жағына тарта алуы күмәнді.

Іс басындағы президент үшін көп нәрсе экономикаға байланысты. АҚШ-тағы жұмыссыздық өте төмен деңгейде болғанымен, даму циклі баяулап, соңғы кездері біраз тұрақсызданып кетті. Ең жаманы – АҚШ экономикасы ауқымды қаржылық жағдайларға, соның ішінде пайыздық мөлшерлемеге, облигациялардың түсімділігіне, акциялар бағасына, доллар құны мен тұрғын үйдің бағасына қатысты біржақты қарым-қатынас қалыптастырған сияқты. Бұл экономикалық жағдайлар ушыға берсе, бұдан АҚШ экономикасы зардап шегеді, ал сәл босаңсыса, бұдан да көп пайда көре қоймас.

Трамп пен оның кеңесшілері бұл қаржылық жағдайларға айрықша көңіл бөле ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Олар шұғыл жеңілдікті ерекше қалайтын сияқты. Алайда, Трамптың Қытай импортына қосымша тариф енгіземін деп қорқытуы ғаламдық нарықты, соның ішінде АҚШ-тың көптеген мультиұлттық компанияларын дүрліктіріп, доллар құнының өсуіне байланысты АҚШ-та қаржылық жағдайды күрделендіріп жіберді. Бұл эффектіні біршама қалпына келтіру үшін АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлемелер едәуір төмендетілуі керек. Әрине, арасында жаңа тарифтер енгізілу ықтималдығына байланысты тұтыну бағасының қымбаттауынан қаржылық жағдайлар босаңситын кездер болады. Бұл инвесторларды облигацияларға ақша құйып, қымбаттаған доллар мен әлсіз акциялардың әсерін біраз босаңсытуға мүмкіндік береді.

Нарықтардың күнделікті қозғалысынан жоғарырақ деңгейде қарасақ, Трамп облигациялардың табыстылығы төмендеп, табыстылық қисығы кері кеткенде Федеральдық резерв осы қаржылық жағдайдың “тұтқынына” айналады деп үміттенетін сияқты. Бұл Федералдық резервті ставкаларды алдында айтқаннан да төмен деңгейге түсіруге мәжбүрлеуі мүмкін. Бірақ ақша-несие саясатын одан әрі жеңілдету экономикаға төнген қауіпті сейілту үшін мүлде жеткіліксіз, себебі бұл тәуекелдер монетарлық тұрғыда сезімтал көздерден келіп жатқан жоқ.

Оның үстіне, Трамптың құбылмалылығы экспортерлар мен ұзақмерзімдік инвестиция бойынша шешім қабылдайтындар үшін тәуекелді арттырып отыр. Демек, ақша-несие саясатын жеңілдету нәтиже берсін десек, оның жалғыз жолы – дамуды жеделдетудегі тұтынушылардың рөлін күшейту. Дегенмен, тұтыну – АҚШ ЖІӨ-сінің 70 пайызын құрайтынын және сауда соғысы тұтыну бағасын өсіріп отырғанын ескерсек, бұл жұмыссыздықтың ұлғаюына түрткі болуы ықтимал.

Бұл мені осыған дейін көп мәрте жасаған тұжырымымды қайталауға мәжбүр етіп тұр. Осы және келесі онжылдықтардағы әлемдік экономикалық өсім америкалықтарға емес, қытай тұтынушыларына байланысты. Трамп басқара ма, өзге біреу келе ме, әйтеуір АҚШ бұл фактіні мойындап, мұны мүмкіндік ретінде қабылдауы керек. Америка Қытайдың жолына көлденеңе тұруды қойса, Қытай тұтынушыларының өсуі АҚШ-тың көп экономикалық проблемасын шешуге көмектеседі

Jim O’Neill

 Jim O’Neill, a former chairman of Goldman Sachs Asset Management and a former UK Treasury Minister, is Chair of Chatham House.

Copyright Project Syndicate© Материалды көшіріп басуға авторлық құқық иеcі тиым салған.