22/09/2021
Трансформация процесі
22/09/2021
«Бізге «біз» туралы кітап қажет»: қазақстандық жазушылар энциклопедиясы қалай жазылды?
07/11/2021

Жайлы қаланың бөлшектері

Әсел Есжанова, Urban Forum Almaty (қазіргі Urban Forum Kazakhstan) идеясын ұсынушы және авторы. Урбанизм мәселесі, жан-жақты көзқарас және бұған қатысты Сорос-Қазақстан қорының РӨЛІ туралы.

2015 жылы Алматыда Желтоқсан мен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан, бұрынғы Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің ғимаратын бұзу туралы шешім қабылданды. Қала белсенділері тарихи орталықты құрылыс алаңына айналудан қорғағысы келді: онлайн петицияға қол қойды, флешмоб жасады, митингілер өткізді, отырып ереуілдеді. Алайда жағдай немен аяқталғаны бәрімізге белгілі.

Тарихи орталықтағы көне ғимараттың орнында қазір сауда және кеңсе орталығы тұр. Қала құрылысына қатысты шешім Алматы тұрғындарының наразылығын тудырған жалғыз жағдай емес еді. Бұл кезең түбегейлі өзгеріс кезеңіне айналды. Қала тұрғындарының санасы өзгергенін, олардың мейлінше еркін ойлай бастағанын, көп нәрседен хабардар екенін көрсетті. Алматы тұрғындары қаланың жай-күйіне бей-жай қарамайтын болды.

Осы сәтті пайдаланып, қаламыздың тағдырына алаңдайтын азаматтардың басын қосып, оларға ой-пікірін айтуға мүмкіндік берсек қайтеді деген идея пайда болды. Арнайы алаңда кездесіп, кәсіби модерацияның көмегімен әркім өз ойын айта алатындай пікірталас алаңы болуы керек деп шештік. Алматы тұрғындары мен кәсіби сарапшылар қалада болып жатқан жағдайға ықпал ете алмайтын болса, наразылық одан сайын күшейіп, жағдай шиеленісе түсер еді.

Билік, бизнес және қоғам бір алаңда кездесіп, ұсыныс-пікірін ашық айтса, мәдениетті пікірталас алаңын қалыптастырсақ деген ұмтылысымыз бірден қолдау тауып кеткен жоқ. Сорос-Қазақстан қоры жағдайға жан-жақты қарауды ұсынған алғашқы ұйым болды. Бастапқыда біз мұның мәнін түсінген де жоқпыз. Сорос-Қазақстанның кеңсесіне барып: «Сәлеметсіздер ме! Менің аты-жөнім – Әсел Есжанова. Біз архитектура туралы сөйлескіміз келеді. Осы сала бойынша конференция ұйымдастырсақ дейміз», – дегенім есіме түссе, әлі күнге дейін күлкім келеді.

Сорос-Қазақстан қорының қолдауы арқасында жүйелі түрде жұмыс істей бастадық. Төменнен басталған бастамамыз біртіндеп жалпықазақстандық қозғалысқа айналды. Ал үш жылдан кейін атауымыз Urban Forum Kazakhstan болып өзгерді. Қозғалыс Алматымен шектелмей, Нұр-Сұлтан, Атырау, Шымкент, Өскемен қалаларында да жалғасты.

Жан-жақты зерттеген соң ғана, архитектура деген қаланың бір ғана бөлшегі екенін және оның қалалардың өмір сүруге қолайлы болмауының жалғыз себебі емес екенін түсіндік. Енді бізді тарихи мұра ғана емес, көлік, экология, инфрақұрылым және қала құрылысы сияқты мәселелер алаңдатады.

Қазір біз Қормен бірлесіп, әлеуметтік жобалар байқауын өткізіп тұрамыз. 2015-2018 жылдары бұл байқауда орталықтан шалғай жатқан аудандарды дамытуға бағытталған урбан жобалар сынға түсті. Былтыр Қазақстанның Алматыдан басқа қалалары да қатысты. Жеңімпаздар қатарында мектепті жобалауға қатысуды көздейтін өте қызық жоба бар. Есік қаласында тұратын архитекторлар тобы мектепті жобалау процесін қайта қарастыруды көздейтін жобаны атқаруда. Балалар, мұғалімдер және мектепке келетін басқа да адамдар концепцияны жасау кезінде өздерінің қажеттілігін айтып, не күтетінін жеткізе алды.

Нұр-Сұлтан қаласынан да тамаша бір жоба жеңімпаз болды. Архитектор Теміртас Ысқақов ұсынған Fading. TSE жобасы көрнекі орындар туралы сыр шертеді. Дәлірек айтқанда, тұрғындардың фотосуреттері мен естеліктерінен құралған қала тарихы деуге болады. Астананың келбеті қалай өзгеруде, тарихи ғимараттардың құндылығы қандай? Қаланың атауы бірнеше рет өзгерді, ал мұра сақталды ма? Қазақстандағы урбанистік мәселеде Сорос-Қазақстан қоры шешуші рөл ойнады. Қор энтузиазммен қаруланған архитекторлар тобының бастамасына қолдау білдіру арқылы оларды тұрақты институтқа айналдырды.