30/08/2019
Қазақстанға қажетті реформалар
29/08/2019
Сергей ДРОЗДОВСКИЙ: Әлеуметтік қамқорлық ұғымынан аса алмай отырмыз
04/09/2019

Босқын балалардың біліміне көп инвестиция қажет

ЖЕНЕВА – Осы күні компанияның үлесін, акция, мүлік, алтын я лоторея билетін сатып аласың ба, соңғы стартапқа қаржы құясың ба, әйтеуір инвестиция салу оңай. Ал адамға инвестиция салуға келсек, дивиденді үнемі айқын емес, оның қайтарымын есептеудің жолдары да түсініксіз.

Ал үйлерінен қуылып, бар мал-мүлкінен айырылған, отбасынан ажырап қалған және бәрін басынан бастауға мәжбүр жандарға инвестиция салу одан да қиын. Бірақ, босқындар – инвестицияның ең тиімді түрі. Соғыс не көтеріліс кесірінен елінен кеткен босқындарды оқыту – шығын емес, айрықша мүмкіндік.

Экономикасы дамыған елдегі көп жұрт үшін білім – кісіге қызыққанын беру, адамның шабытын ашу, өзін дамытуға үйрту, еңбекке, қоғамдық өмір мен қоршаған ортаға бейімдеу. Босқындар үшін де білімнің қызметі – сол, бірақ мәні одан да терең. Ол – босып кету кезінде алған жарақаттан соң өмірлік мақсатыңды тауып, беделіңді қалпына келтіруге апарар жол. Ол, сондай-ақ, экономикалық тәуелсіздікке бастайтын я бастауы тиіс сүрлеу. Үкіметтер соғысқа триллиондаған доллар жұмсап жатқан қазіргі сәтте мәжбүрлеп көшірілгендерге инвестиция салу – аса ауыр шаруа емес.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Босқындар агенттігінің (UNHCR) босқындарға білім беру жөніндегі соңғы есебінде білім беру саласындағы жетістіктер ондаған мың босқын баланың, ересектер мен жастардың өмірін өзгертті делінген. Өткен жылы бастауыш мектепке барған босқын балалардың үлесі 61-ден 63 пайызға өссе, орта мектепке барған босқын балалар 23 пайыздан 24 пайызға артқан. Ең қуантарлығы, жоғары оқу орындарына барған босқын саны бірнеше жылғы 1 пайыздық көрсеткіштен көтеріліп, 3 пайызға жеткен.

Студентті көшбасшыға айналдыратын – жоғары оқу орны. Жас босқындардың шығармашылық талантын ашып, ерік-жігерін арттыру арқылы оларды рөл моделіне айналдыруға мүмкіндік береді, олардың даусын ұлғайтып, жаңа ұрпақты ерекше өзгертуге жол ашады.

Дегенмен, олардың орта мектепке аз қабылдануы бізді алаңдатуы тиіс. Орта мектепте оқитын босқын балалардың үлесі (24%) жалпы әлемдегі орта мектепте оқитындар үлесінің (84%) үштен екісіне жуық. Бұл олқылықтың әсері орасан зор. Орта мектепте серпіліс жасамайынша, соңғы жылы жеткен жетістіктің ғұмыры қысқа болмақ. Миллиондаған босқын баланың тағдыры тәлкекке түспек.

Оңтүстік Суданнан келген Гифт есімді баланың жайын қарастырайық. Қазір Конго Демократиялық Республикасында тұрып жатқан ол мектепке баруға құлшынғаны сондай, француз тілін үйреніп, қараңғыда сабақ оқу үшін күннен қуат алатын лампа жасап шығарды. Оның орта мектепке бару арманы орындалмайтын шығар, себебі ол ауданда ондай білім ошағы жоқ.

Сол сияқты, бастауыш мектепті үздік бітірген Хина Пешавардағы орта мектеп 500 орынның біреуін ғана босқын балаға бөлінгенін естіді. Өз басым Бангладеште де осындай жайттарға көп кезіктім. Онда босқын балалардың көбі ресми мектепке барып, лайықты білім ала алмай жүр.

Босқын балалардың жоғары, техникалық және кәсіптік білім алуына мүмкіндік берілмеуі сияқты орта білім алуға жағдай жасалмауы олардың бала еңбегіне жегіліп, қылмысқа араласуына алып келуі мүмкін. Қыз мектепте оқыса, оның ерте тұрмысқа шығып, жүкті болуына да жол берілмейді.

Халықаралық қоғамдастық инклюзивті орта білімге жұрттың бәрі тең қол жеткізуіне жол ашпайынша, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының бірнешеуін орындау мүмкін емес. 4-мақсатпен қоса (“инклюзивті және жалпыға бірдей сапалы білім беру және баршаға өмір бойы білім алу мүмкіндігін беру”), бүкіл әлемде кедейлікті жою міндеттемесі, лайықты жұмыспен қамту және теңсіздікті азайту мақсаттарына да қол жеткізу қиын болмақ.

Сондықтан, босқын балаларды ұлттық білім беру жүйесіне кіргізіп, оларға ресми аттестат беру өте маңызды. Сыныпта босқын балалар мен жасөспірімдер бір-бірімен және жергілікті балалармен бейбіт қатар өмір сүруге дағдыланады. Бейбітшіліктен гөрі соғыс оңай басталатын әлемде бұл – аса маңызды сабақ.

Босқын балаларға инвестиция салу – ұзақ мерзімде үлкен ұжымдық нәтиже әкелетін ұжымдық жауапкершілік. Сондықтан, үкіметтер, бизнес өкілдері, білім беру бекемелері және үкіметтік емес ұйымдар барлық деңгейде білім беруді (әсіресе орта білім) жолға қою үшін жұмыла әрекет етіп, босқындардың білім алу мүмкіндігі жергілікті халықпен бірдей екеніне көз жеткізуі керек.

“Босқындарға білім беру – 2030” бағдарламасында көрсетілгеніндей, БҰҰ Босқындар агенттігінің мақсаты – босқын балалардың балабақша, бастауыш және орта мектепте босқын емес балалармен толық теңдігіне қол жеткізу және олардың жоғары оқу орындарындағы үлесін 15 пайызға арттыру. Сондықтан, босқындардың орта білім алу мүмкіндігін арттыратын “Орта мектепте жасөспірімдерді оқыту” бағдарламасын қуанышпен жариялаймын. 2017 жылдан бері Кения, Руанда, Уганда және Пәкістан сияқты пилоттық жобаларды жүргізген біз алдағы жылдары бұл жобаның аясын едәуір кеңітпекпіз.

Ең бастысы – мұғалімдер мен оқушыларға инвестиция салуға, балаларды көбірек мектепке тартатын қоғамдық схемаларды жетілдіруге, босқын отбасыларға қаржылық көмекті ұлғайтуға назар аударамыз. Орта мектепке балаларды көбірек тарта алсақ, босқындар мен олардық қабылдаушы елдің балалары жоғары оқу орындарына көбірек түседі. Жас босқын толық білім алуға мүмкіндік бар екенін білсе, ол мектепке барып, онда білім алуға көбірек ынталы болмақ. Бағдарлама босқындармен сол сияқты қауымдастықтарға бағытталғандықтан, бұл бастаманың игілігін барлық бала көрмек.

БҰҰ Босқындар агенттігінің желтоқсанда өтетін Жаһандық босқындар форумы жақындап қалғандықтан, үкіметтер, жеке сектор, білім ошақтары және донорлар бұл бастаманы жұмыла қолдайды деп үміттенемін. “Босқындар туралы жаһандық келісімнің” басты идеясы – ынтымақтастық және бірлескен жауапкершілік. Білімнің арқасында жас босқындар тұрақты, мығым әрі бейбіт қоғам қалыптастыруға үлес қоса алады. Бұл инвестицияның осыдан құнды қайтарымы болмаса керек.

FILIPPO GRANDI

Copyright Project Syndicate©