28/01/2014
Кино – шындық айнасы: Оңтүстік Қазақстан облысында Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмінің көрсетілімі өтуде
18/11/2013
Сорос-Қазақстан қорының жаңа стратегиясы
29/01/2014

Қазақстандағы жасөспірімдердің азаматтық білім деңгейі

«ТӨБЕ» мәдени-әлеуметтік даму қор» қоғамдық қоры Сорос-Қазақстан қорының қаржылай қолдауымен «Жас зерттеушілер» жобасын жүзеге асырды. Осы жоба шеңберінде алматылық жасөспірімдер арасындағы азаматтық білім деңгейі тексерілді. Зерттеуге Алматының әр ауданынан 13 пен 17 жас аралығындағы жастар қатысып, қазіргі заман азаматының келбеті туралы түсінігімен бөлісті.

Ирина Черных, профессор, ҚР президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері: «Зерттеу жобасына таңдап алынған тақырыптың өзектілігінде дау жоқ. Біріншіден, бұл жерде Қазақстанда азаматтық қоғамды, мәдениет пен білімді дамыту қажеттігі туралы сөз болып отыр. Қоғам мен мемлекет кемелдігінің бір көрсеткіші – халықтың азаматтық белсенділік деңгейі болып табылады. Екіншіден, жоба шеңберінде нысанаға алынған зерттеу тобы осы заманғы жасөспірімдерден құралған. Өйткені, болашақта еліміздің негізгі даму бағдарын белгілейтін де солар».

Зерттеуге қаладағы Алатау, Алматы, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Медеу және Түркісіб аудандарында тұратын, 13 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысты.

Адамның белгілі бір мемлекетке қатысын анықтау үшін «азамат» түсінігі қолданылды. Респонденттердің басым бөлігінде «азаматтық» деген сөзге қатысты нақты түсінік жоқ. Сонымен қатар, кейбіреулер «қала азаматы» деген терминді қолданды. Жастар әрбір азаматтың белгілі бір құқықтары барын біледі. Соған қарамастан, респонденттердің кейбірі оны мемлекетпен айырбас жасау деп түсінеді. (Мәселен, «Мемлекеттің медициналық көмекпен және біліммен қамтамасыз етілген толық құқылы тұрғыны. Есесіне ол белсенді, отанын сүйетін, жан-жақты көмектесетін, тәртіпті сақтап, заңды бұзбайтын азамат болуы тиіс»).

Пікірталасқа қатысқандардың басым көпшілігі өздерінің жауабында азаматтардың жеке құқықтарын сақтау мен оларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өткен. Олар еркіндік құқығы, соның ішінде, сайлау еркіндігі мен сөз бостандығы сынды маңызды құқықтарды («Азамат өз пікірін білдіруге қорықпауы тиіс»), сондай-ақ, өзі азаматы болып табылатын мемлекеттің қамқорлығында болу құқығын атап көрсеткен. Респонденттердің кейбірі «көмектесу мен игі істер жасауды» азаматтардың міндетіне емес, құқықтарының қатарына жатқызады.

Зерттеу нәтижесі жоғарғы сыныпта оқитын оқушылардың 11 пайызының сыныптан тыс іс-шараларға қатыспайтынын, 20 пайызының «қызық үшін» қатыса салатынын көрсетіп берді. Сыныптан тыс шараларға қатысатын алматылық жасөспірімдердің 90 пайызы елдегі қоғамдық-саяси мәселелерді ата-аналарымен талқылайды екен.

Ал, мектептен тыс іс-шараларға мүлдем атсалыспайтын жастардың ата-аналарының 71 пайызы өз балалары сияқты қоғамдық белсенділік таныта қоймайды. Олар өздері тұратын үйдің кіреберісі мен ауласына, қала немесе елімізге қатысты мәселелерге мән бермейді.

Жасөспірімдердің волонтерлік саласындағы талғамы да екіге бөлінді. Алмалы ауданында тұратын жасөспірімдер экология мәселесіне бас ауыртса, олардың Жетісу ауданындағы қатарластары теңдік пен адам құқықтарын қорғау мәселесіне басымдық бергенді дұрыс санайды.

Сабақтан тыс іс-шараларға қатысатын балалардың 44 пайызының волонтерлік тәжірибесі бар. Ерікті негізде жұмыс істеп көрмеген жастардың 78 пайызы волонтер жұмысына қызығушылық танытпаған.

Зерттеу нәтижесінде белгілі болғандай, респонденттердің 21 пайызы ғана әлеуметтік желілердегі әлеуметтік мәселелерді талқылауға қатысады. Қатысушылардың 31 пайызы әлеуметтік мәселелерге қатысты бірде бір топқа немесе қоғамдастыққа қатыспайтынын атап көрсеткен.

Жүргізілген зәрттеулер нәтижесіне сүйенсек, бүгінде Алматыда тұратын жасөспірімдер азаматтар құқы мен міндеттерінен хабардар. Сонымен қатар, олардың бойынан Қазақстан азаматының жағымды бет-бейнесін көруге болады. Алайда, зерттеу нәтижесі мұның іс жүзінде азаматтық мәдениетті қалыптастыру көрсеткіші бола алмайтынын көрсетіп отыр.

Жас зерттеушілер жобасына 2010 жылдан бері Сорос Қазақстан қоры үзбей қолдау көрсетіп келеді. 4 жылда жас зерттеушілер мен әлеуметтанушыларға ұзын саны 11 млн 700 мың теңгелік 30 шақты жеке грант бөлінді. Жыл сайын берілетін гранттар жеңімпаздарының арасында Қазақстанның әртүрлі қалаларынан келген, әртүрлі әлеуметтік топтардан шыққан жастар, ерекше қамқорлықты қажет ететін балалар мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілері де бар.

Сәуле Мейірманова, «Сорос-Қазақстан» қоры «Жастар бастамалары» бағдарламасының үйлестірушісі: «Біз ешқашан берілетін тақырыпты өзіміз таңдамаймыз. Керісінше, жастарға өздері толғандырып жүрген қоғамдық тақырыптарды зерттеуді ұсынамыз. Сондықтан жыл сайын тақырыптар өзгеріп отырады. Онда жетім балалардың, жас оралмандардың, аутизм дертіне шалдыққан балалардың құқықтарынан бастап, жасөспірімдер арасындағы суицид проблемасы, үкіметтік емес ұйымдардың есепті болуы,  жастар ұйымдарына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың тиімділігін бақылау сынды мәселелерге дейін қамтылып жатады. «Жас зерттеушілер» байқауының тартымдылығы да осында болса керек».

Қосымша мәлімет алу үшін Дана Шаяхметке хабарласыңыз. Телефоны: +7 (701) 226 96 19