Project Syndicate үкіметтік емес ұйымы – саясаттан бастап медицинаға дейінгі сан түрлі саланың сарапшыларымен сапалы серіктестік орната білген әлем колумнистерінің ірі медиажелісі. Бұл медиаортадағы авторлардың арасынан Нобель сыйлығының лауреаттары мен беделді саясаткерлерді кездестіру қиын емес. Бүгінде аталмыш жоба өрісін кеңейтіп, алдағы уақытта Орта Азия елдерінің авторларын тартуды жоспарлауда. Біз жобаның Global Relations Manager Калум Вогимен кездесіп, келелі сұрақтарымызды қойдық.
– Калум, Project Syndicate жобасы туралы, жалпы сіздің атқаратын жұмысыңыз жайында тарқатып айтып беріңізші.
Калум Воги: Project Syndicate – бұл үкіметтік емес медиа-ұйым, штаб-пәтері Чехияның Прагасында орналасқан. Біз дүниежүзіне белгілі халықаралық сарапшылардың саясат, экономика, қоршаған орта, адам құқығы және тағы басқа өзекті тақырыптарға қатысты айтылған ой-пікірлерін жинаймыз. Project Syndicate ұжымы алдымен эксперттерден пікір алады, оны редакциялап, мазмұнындағы дерек-дәйектерді міндетті түрде тексереді. Баспаға дайын нұсқасын автормен бекіткен соң, өзіміздің медиа серіктестерге таратамыз. Бүгінде әлемнің 156 мемлекетіндегі бес жүзден астам редакциямен жұмыс істейміз. Дүниежүзіндегі ең үлкен медиа ұйым екенімізді зор мақтанышпен айта аламыз, оның үстіне, үкіметтік емес құрылым болғандықтан, әртүрлі нарыққа шыға алатын мүмкіндігіміз бар. Қазақстандағы жұмысымыздың басталғанына екі жылдың жүзі болды. Мұнда Сорос-Қазақстан қорымен жұмыс істейміз: біздің авторлардың жазбасын басылымның сұранымына байланысты қазақ, орыс тілдеріне аударамыз. Мұндағы басты мақсатымыз – қазақстандық медианың дамуына тың идеялар арқылы үлесімізді қосу. Әсіресе, бұрын-соңды жазылуы мүмкін болмаған тақырыптарды ашық жариялауға мүдделіміз.
– Ынтымақтасуға ынталы баспаларды таңдау барысы қалай өтеді?
Калум Воги: Серіктестерді тыңғылықты таңдайтын біз ғана шығармыз. Қазақстанға алғаш келгенімде әлеуеттік әріптестермен кездесіп, олардың жұмыс барысын зерттеп көрдік. Жергілікті медианарықты жақсы білмек үшін тәуелсіз сарапшылармен көп кеңестік. Мұндай эксперттердің арасында Сорос-Қазақстан қорының мамандары да болды. Сол уақыттағы зерттеу нәтижесінде алынған ақпараттарға сүйене отырып, серіктестерді таңдадық. Біз үшін басылымның ақпарат таратудағы тәуелсіздігі, сондай-ақ, оның контенті аса маңызды. Халықаралық күнтәртібіндегі оқиғалар жайында жазатыны, осындай тақырыптарды қаузайтын арнайы айдарының болуына да үлкен мән береміз.
– Біздегі жергілікті нарықты зерттеу арқылы қандай ой түйдіңіз, нендей қорытындыға келдіңіз?
Калум Воги: Өкінішке қарай, Қазақстан медиасы бетпе-бет келіп отырған бірқатар мәселе бар. Бұл проблемалар басқа да мемлекеттердің тәжірибесінде болған, бола да береді. Солардың бірі – қаржы шаруасы, яғни бизнес-модель. Мәселен, жарнамадан түсетін бюджеттің көлемі орыстілді медиаға қарағанда қазақтілді басылымда едәуір аз. Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыс нарықтағы жағдай біршама әсер ете алады. Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдарының кей тақырыптарды қозғаудағы еркіндігі. Бұл тұста, жергілікті басылымдар жақсы іс атқаруда. Тіл ерекшелігі тағы бар. Бізге тек орыс тілінде контент даярлау әлдеқайда жеңіл болар еді, өйткені орыс тілінде тыңғылықты сарапталған, тереңойлы контент көп. Бұл, өз кезегінде, біздің мәтіндерді қабылдауға, түсінуге көп септігін тигізеді, оқырман мұндай ақпараттың алғысөзімен танысып алғаны сияқты. Білім беру мен бизнес ісі де қазақ тіліне қарағанда орыс тілінде көбірек жүргізілетінін өзіңіз де жақсы білесіз. Қазақтілді аудиторияны көбейту, осы тілдегі контентті дамыту – біздің ұзақмерзімді мақсатымыз болып отырғаны да сондықтан.
– Сіздің жобаның медиа аудиторияға ықпалы қаншалықты, осы көрсеткішті қандай әдіс-тәсілмен өлшей аласыз?
Калум Воги: Мақаланың қаралымы. Мұндай ақпаратты серіктестеріміз ұдайы ұсынып отырады. Алайда, жобаның нәтижелігіне тек бұл көрсеткіш арқылы баға береміз дей алмаймын. Өйткені, біз саннан гөрі сапаға жұмыс істейміз. Жазбаның оқырманы қаншау екенінен гөрі, кімдер екені маңызды. Біздің кей әріптестеріміз оқырмандармен жақсы кері байланыстың орнағанын айтып жатады. Бір ғана жағымды пікірдің өзі жақсы нәтиже деп есептеймін. Сонымен қатар, оқырманның қызығушылығын бағамдаймыз, мәселен, жарияланымға жазылған пікірлерге зер саламыз. Жалпы алғанда, жобаның толыққанды ықпалын өлшеу қиын. Ұзақмерзімді жоспарымызда қаралым санының артатынына сенеміз. Әсіресе, қазақтілді БАҚ тарапынан белсенділік күтетініміз анық.
– Сіздің оқырманыңыз кімдер деп ойлайсыз?
Калум Воги: Біздің ағылшын тіліндегі ресми сайтымызда барлық авторлық мақалаларымыз жарияланады. Аталмыш сайттың оқырмандары мен әріптестеріміздің аудитория ұқсас деп ойлаймын. Олар жоқ дегенде жоғары білімі бар азаматтар, арасында іскер кәсіпкерлер, беделді саясаткерлер, академиялық орта өкілдері мен профессорлар жетерлік. Біз тұрақты даму, медицинаның бүгінгі ахуалы жайында жазатын болғандықтан, бұл саланың өкілдерінен де өз оқырманымыз бар. Бізді 30-40 жас шамасындағы, тіпті 50-ден асқан ер азаматтар да, әйелдер де оқиды дер едім. Қазіргі уақытта әйел оқырмандарымыздың саны артып келеді, бастапқыда олардың қатарында көбіне ер азаматтар болғанын жасырмаймыз. Project Syndicate жобасының авторларын үнемі түрлендіріп отыруға тырысамыз. Басты мақсатымыз – пікірталас алаңын кеңейту. Бұл мақсатқа жетудің бірден-бір жолы – әртүрлі көзқарастағы азаматтарды тарту, егер түрлі пікірдегі азаматтар өз ойы мен ұстанымы жайында ашық айтып бере алған болса, өз кезегінде, оқырмандар да кез келген мәселеге деген көзқарастың әрқилы болатынын түсініп, өзіне қажет дегенін түйсіне алатын еді.
– Авторларға қолдау көрсететін қандай да бір бағдарлама бар ма? Бәлкім, пікір алуандығын айшықтау қажет шығар…
Калум Воги: Қазіргі уақытта осы шаруаның мәнін ұғып, мәселесін шешу үшін бірқатар іс атқарудамыз. Біздің ұжымның биылғы басты мақсатының бірі әйел авторлар мен жастарды тарту болды. Соңғы жиырма жылда бізге жазып жүрген авторлардың басым бөлігі бүгінде аға буын өкілдері. Ол кісілер көптеген мемлекеттерге танымал алқалы азаматтар, сауатты сарапшылар. Дейтұрғанмен, біз жасаралық теңдікті сақтауды жөн көреміз. Сондықтан, бүгінгі күні авторлардың жас шамасы мен гендерлік теңдігі турасында көп ойланып жүрміз. Сонымен қатар, аймақтарға қатысты жобалар жасауды қолға алдық. Мәселен, жақында Африка мен Таяу шығыс елдеріне мамандандырылған үлкен жобаның тұсауы кесілді. Мұндай жобаларға сырттан автор алдырғанша, жергілікті мамандарды тартуды көздеп отырмыз.
– Діттеген нысанаға дөп тиіп, ойға алған жобасын оңтайлы жүзеге асыру үшін бүгінгі басылымның жұмысы қандай болуы керек деп ойлайсыз?
Калум Воги: Алдымен, мақсаты – айқын, міндеті – анық болуы шарт. Бүгінгі оқырман сайттарға әлеуметтік желі арқылы өтетін болғандықтан, мұндай желілердің жұмыс алгоритімін жетілдіру керек. Мәселен, Фейсбук видео-контенттің жаңа тәртібін енгізді. ProjectSyndicate жобасы видео-контент те дайындайды. Осы тұста кей басылымдар біздің видеотуындыларды өз парақшасында орналастырудың шешімін таба алғанымен, кейбіреуі мұндай жетістікке жете қойған жоқ. Мұның барлығы стратегияға келіп тіреледі, редакциялардың әлеуметтік желідегі оқырмандарды тартуды көздеп, яки көздемейтініне көп нәрсе байланысты. Қазіргі уақытта, бірқатар медиа ақпарат берудің жаңа тәсілдері турасында көп ойланатын болған. Қазақстан журналистері мен ойлы аудиториясының бетпе-бет келетін басты мәселелерінің бірі – сөз бостандығы. Бұл мәселе жалпы Орта Азияда кең таралған. Бұдан бөлек, көптеген басылымдар бай-манаптардың, шенеуіктердің иелегінде. Осындай жағдайда тәуелсіз медианың даму мүмкіндігі қаншалықты деп ойлайсыз? Кәсіби мамандар жұмысы барысын қалай ұйымдастыруы қажет?
Бұл – жауапсыз сұрақтар. Меніңше, журналистер өз қауіпсіздігі жайында ойлана отырып, сөз бостандығы идеясы мен пресса арасындағы балансты сақтауы қажет. Егер сіз ішкі шектеуі бар басылымда қызмет ететін болсаңыз, бұл ахуалдың қоғам мен мемлекеттің дамуы үшін қауіпті екенін түсінуіңіз шарт. Тәуелсіз басылымдар жұмысы мен аудиториямен кері байланыс орнату ісінің маңызды болып отырғаны сондықтан. Бірігу арқылы ғана белгілі бір жетістікке жетіп, жағдайды өзгертуге болады деп есептеймін. Project Syndicate аясында Қытай медиасымен де жұмыс істейміз. Қытайдағы ахуал Қазақстандікін қиын. Қытайдағы тәуелсіз журналистер қандай жағдайда қызмет етуі керектігін жақсы түсінеді және қолынан келгеннің барлығын жасап бағуда. Біздің материалдарды басатын редакторлар әр шешімін тыңғылықты қабылдап, жеті рет өлшеп барып, бір рет кеседі. Егер материалдың мазмұны қоғам үшін аса маңызды болып, алайда мәтінге байланысты қандай да бір проблема болуы ықтимал екенін алдын-ала біліп, түсініп тұрса да мақаланы жариялауы бек мүмкін. Мазмұны қоғамға өзекті дүниеге үшін тәуекел ете біледі.
– Орта Азия мен жергілікті медианарық жайында не айтасыз?
Калум Воги: Орта Азия аймағына деген қызығушылық жоғары. Қазақстан –осы аймақ бойынша серіктестікке қол жеткізген бірінші мемлекет. Осы орайда, қазақ, орыс тілдеріне аудару ісіне көп көмектесіп жатқан Сорос-Қазақстан қорына алғысымыз шексіз. Өкінішке қарай, жергілікті әріптестердің аударманы өз мойнына алатындай мүмкіндігі жоқ. Орта Азиядағы серіктестіктің аясын кеңейтуді жоспарлаудамыз. Бұл іс жергілікті нарыққа, аудитория мен қаржы қорына байланысты.
Қырғызстанда біздің материалдарды жариялайтын әріптесіміз бар. Қазір Өзбекстан мен Тәжікстан нарығын зерттеуді бастап кеттік.
Project Syndicate Орта Азиядағы оқырмандарымен қоса, авторларының санын да арттыруды көздеп отыр. Қазақстанда бірқатар авторларымыз бар, мәселен – Наргис Касенова. Болашақта басқа да авторларды тартуға ниеттенудеміз. Біз үшін оқырманға сапалы контент ұсынудан өзге, аймақтың ой-пікірін тарату да аса маңызды.
Бүгінде Project Syndicate материалдар келесі сайттарда шығады: