«Жыл сайын ерекше қажеттіліктері бар адамдарға шектеусіз ортаны қалыптастыру үшін қала бюджетінен айтарлықтай қаржы бөлінеді. Алайда, көтергіштер, пандустар мен лифттарды орнатқанмен, көптеген нысандар қажеттілігі ерекше адамдар үшін қолжетімді екеніне көзіміз жете ме? Өкінішке орай, жоқ. Орнатылған пандустар қала инфрақұрылымының қолжетімділігін арттырды деп айту қиын. Сол себепті, СҚҚ-ның А.Александрова атындағы байқауы аясында біз «Қолжетімді әлеуметтік инфрақұрылым – зағип адамдардың шектеусіз өміріне қадам» атты жобасын жүзеге асыруға кірістік. Осы жоба аясында Брайль шрифтінде арнайы тақтайшалар мен дыбыстық шамшырақтар орнатудамыз», – деді Жазира Мулкибекова, «Мүмкіндігі шектеулі жандардың «Жігер» жастар ұйымы» ҚҚ-ның жоба үйлестірушісі.
Дыбыстық шамшырақ – көру бойынша мүгедектіктігі бар адамдарға жергілікті жерде бағыт-бағдар беретін арнайы электрондық құрал. Осы құрал арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар дұрыс бағыт туралы ақпаратты дыбыс арқылы қабылдайды.
«Қазақстанда 2016 жылдың 20 наурызында болған сайлауда зағип азаматтардың дауыс беру бойынша белсенділігі өте төмен болды. Оған сайлау учаскелерінің қолайсыздығы себеп болды. Зағип жандар өздігінен учаскеге барып, дауыс беруге тырысқан жайттар да болды. Бірақ, сайлау комиссиясының мүшелерінен қажетті көңіл мен қолдау көрсетілмеді. Сайлау бараысында мемлекеттік мекемелерде зағип жандарға жөні түзу қолжетімділіктің жоқтығы және мекеме қызметкерлерінің зағип адамдармен байланыс орнату және қызмет көрсету бойынша тәжірибелерінің жоқтығы анықталды», – деп қосты «Мүмкіндігі шектеулі жандардың «Жігер» жастар ұйымы» ҚҚ-ның директоры Пархат Юсупджанов.
Жоба аясында ұйым қызметкерлері қаланың іріктелген 10 мекемелерінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде кабинеттердің, функционалды және басқа да аймақтардың атауларын қайталау үшін Брайль шрифтімен тақтайшалар мен дыбыстық шамшырақтар орнатуды бастады. Тақтайшалар Алмалы және Түрксіб аудандарының халыққа қызмет көрсету орталықтарында, көз ауруларының ҚазҰЗИ-да, ҚазҰЗИ емханасында, М.Әуезов атындағы театрда, Орталық Стадионда, Абай атындағы ҚазҰПИ-да орнатылды. Жақында Браль шрифтіндегі тақтайшалар «Магнум» супермаркетінде, Алматы қ. әкімдігінде және «Арман» кинотеатрында орнатылады. Дыбыстық шамшырақтар жоғарыда аталған мекемелердің бәрінде орнатылмақшы. Сонымен қатар, іріктелген мекеме қызметкерлері үшін зағип адамдарға қызмет көрсету бойынша тренинг өткізу жоспарлануда.