Жапония жайдан жай таңдалынып алған жоқ. Жапонияда бала және жалпы мүмкіндігі шектеулі адамдар жайлы қамқорлық жалпыұлттық сипатқа ие. Үкімет жанынан осы санаттағы адамдар үшін ыңғайлы өмір сүру ортасын құру бойынша жұмыс істейтін Кеңес бар, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың тұрмыс-тіршілігін жеңілдететін шаралар бойынша кешенді зерттеулер бағдарламасы дайындалған. Барлық қоғамдық жерлер (вокзал, метро және т.б.) мен білім беру ұйымдарының едені көзі нашар көретін адамдар үшін арнайы бұдырлы плиткамен қаланған. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қала ішінде еркін жүруіне мүмкіндік беретін өзге де «ұсақ» нәрселер бар. Бірқатар жерде Брайль шрифтімен жазылған тақтайшыларды ілу міндетті болып табылады. Осы сынды жағдайлар барлық мектептерде де қарастырылған.
Цукубы қаласы университетіне қосылған 11 мектеп бар, олардың 4-інде ерекше қажеттіліктері бар балалар оқиды. Бұл – 0-18 жасқа дейінгі балалар оқитын Чучнур қ; Сучнура қаласындағы бастауыш мектеп; Токио қаласында көзі нашар көретін балаларға арналған мектеп және Цукуба қаласындағы префектуралық мектеп. Жақсы құрылған жүйе айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мәселен, соңғы үш жылда Ибараки мектебінің 120 түлегі жұмысқа орналасып, олардың 70% арнайы мекемелерде жұмыс істейді. Көзі нашар көретін мектептің түлектерінің 80% ЖОО-на оқуға түссе, оқушылардың 20% қызмет көрсету саласына жұмысқа орналасып жатады. Ол үшін оларға қосымша арнайы 3 айлық массажист, парикмахер және т.б. курстар ұйымдастырылады.
«Әр мектепте әкімшілік қызметкерлерден (директор, завуч), баламен тікелей жұмыс істейтін мұғалімдерден, үйлестірушілерден (арнайы педагогтар) және сабақтан тыс мамандардан тұратын арнайы комитет құрылған», – дейді Айгүл Ысқақова, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің доценті.
«Ерекше қолдауды қажет ететін балалар үшін мұғалімдер үйлестірушілермен бірлесе жеке оқыту жоспарын дайындайды. Жоспарды дайындау үшін медицина, білім беру және тәрбиелеу тарихы туралы ақпарат жиналып, өңделеді. Психологиялық бағалау және арнайы тестілеу жүргізіледі», – деп толықтырды Гүлбадан Закаева, Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Университетінің ұстазы. «Мектепте басым жұмысты көмекшілер өткізеді. Олар мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсетіп қана қоймай, ерекше қажеттіліктері бар балалармен тікелей жұмыс істейді».
Бір қызығы, көмекшіге мамандық бойынша қандайда бір талап қойылмайды. Алайда мектептер мен білім беру комитеттері оларға арнайы курстар ұйымдастырады. Жапонияда осы санаттағы мамандарға деген сұраныс көп.
«Біздің келуімізге орай, Цукуба университетінде инклюзивті білім беру мәселелері жөніндегі магистранттардың, докторанттардың және ұстаздардың қатысуымен арнайы дәріс өткізілді. Біз Қазақстанда инклюзивтік білімнің дамуы бойынша презентация жасадық. Дәрістен кейін елімізде инклюзивтік білімді алып жүрудің нормативті-құқықтық мәселелері, арнайы білім беру жүйесі мен 2020 жылдарға арналған Мемлекеттік білімді дамыту бағдарламасының мемлекеттік бағдарламасы аясындағы инклюзивтік білім берудің әлеуетті мақсаттары талқыланды», – дейді Айгүл Ысқақова. – Жалпы Жапондық әріптестерімізбен ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу саласында мүмкін ортақ жобаларды талқыладық».
«Жапония – әлемдегі ерекше, қызықты және жұмбақ елдердің бірі. Бұл жерде – тіл, мәдениет, қалалар – бәрі бірегей. Бізді күтіп алғандағы кішіпейілділік, білгенімен бөлісіп, білмегенін бізден үйренуге дешен талпынысы алғашқы сапарымызды жағымды әрі пайдалы етті. Болашақта серіктестігімізід жалғастыруға келістік», – деп қорытындылады Айгүл Ысқақова.