07/10/2011
Жастар Қазақстандағы бейбіт жиналыстар бостандығы туралы пікірін білдірді
27/01/2011
Сорос-Қазақстан Қоры соңғы екі жылдағы жұмысының қорытындысын жариялады
12/10/2011

Қазақстандық белсенділер Дүниежүзілік хоспистер мен паллиативтік қызметтер күнін атап өтуде

АЛМАТЫ, 2011 жылғы 7 қазан – Ертең, 2011 жылғы 8 қазанда, қазақстандық белсенділер, үкіметтік емес ұйымдар және медицина қызметкерлері Дүниежүзілік хоспистер мен паллиативтік қызметтер күнін атап өтеді. Бұл күні олар дүние жүзінің 80-нен астам еліндегі мыңдаған немқұрайды емес адамдарға қосылып, айықпас дертке ұшыраған науқастардың және олардың жақындарының өмір сүру сапасын жақсарту бойынша қызметке қолдау көрсету үшін акциялар мен іс-шаралар өткізеді.

Алматыда “Расар” шығармашылық бірлестігі паллиативтік қызмет туралы әлеуметтік ролик көрсетеді. Қызылордалық белсенділер Қазақстанда хоспистер мен паллиативтік көмекті дамыту мәселелері бойынша дөңгелек үстел өткізеді. Ал Таразда «Жастардың қайта құру және даму орталығы» қоғамдық бірлестігі  паллиативтік көмек тақырыбына журналистік мақалалар конкурсын ұйымдастырады.

Биыл бұл күн жұқпалы емес аурулардың өзектілігіне арналады, олардың қатарына жүрек-қантамыр және онкологиялық аурулар, тыныс органдарының созылмалы дерттері мен диабет кіреді. Дүниежүзілік паллиативтік көмек ұйымдары одағының деректері бойынша осы аурулардың үлесіне бүкіл әлемдегі өлім-жітіммен аяқталатын жағдайлардың 60 пайызы тиеді. Болжам бойынша жуырдағы он жылда осы көрсеткіш 17 пайыз артады екен. Жұқпалы емес аурулардан болатын өлім-жітімнің жоғары үлесі халқының табыс деңгейі төмен және орташа, тұрғындардың паллиативтік көмек алуға қолы жете бермейтін елдерде байқалады.

Дэвид Прэйлл (David Praill), Дүниежүзілік паллиативтік көмек ұйымдары одағының (WPCA) тең төрағасы, былай дейді:  «100 миллионнан астам науқастар және олардың жақын-жуықтары паллиативтік көмекке күн сайын мұқтаж, ал олардың сегіз пайыздан кемі ғана ондай көмекті іс жүзінде алады. Әрбір адамның паллиативтік көмек алуға құқығы бар, алайда дүние жүзінде, әсіресе дамып келе жатқан елдерде миллиондаған адамдар бұрынғыша ауруы жанына батып, қасірет шеккен күйде өмірден өтеді».

Қазақстанда паллиативтік көмекке мұқтаж адамдардың статистикасы жүргізілмейді.  Қазіргі кезде бүкіл республика бойынша ересектерге арналған небары алты хоспис және балаларға арналған бір хоспис жұмыс істейді.

Сорос-Қазақстан Қорының «Құқықтық реформа» бағдарламасының директоры Аида Айдарқұлованың пікірі мынадай: «Халықаралық талаптарға сәйкес паллиативтік көмекті құру мен дамыту үшін бұрыннан бар алғышарттар Қазақстанда паллиативтік көмек жүйесінің тұрақты дамуына кепіл бола алмайды, ол жүйенің мәні тек мамандандырылған мекемелердің болуында ғана емес, сондай-ақ үйде сапалы медбикелік күтім жасалуын, жан төзбейтін аурудың керекті дәрі-дәрмектердің көмегімен жеңілдетілуін қамтамасыз ету болып табылады.  Егер ешкім де немқұрайды күйде қалмаса, олардың шегетін азабының алдын алуға және жеңілдетуге болады».

Сорос-Қазақстан Қоры (СҚҚ) паллиативтік көмек саласындағы жұмысты 2008 жылдан бері, “Қазақстан Республикасындағы паллиативтік көмектің күйі” жобасын іске қосқан сәттен бастап жүргізіп келеді.  2011 жылы ҚОР «Үйдегі хоспис» жобасына қолдау көрсетті, қазіргі сәтте паллиативтік көмек көрсетудің мемлекеттік стандартының жобасы әзірленуде. СҚҚ Қазақстандағы паллиативтік қызмет жүйесін дамыту саласындағы жұмысты жалғастырады, және де айықпас дертке шалдыққан науқастардың және олардың отбасыларының өмір сапасын жақсарту үшін күш-қуатты біріктіруге шақырады.

Қосымша ақпарат алу үшін хабарласатын қызметкер:

Зарифа Тәжиева, қоғаммен байланыс жөніндегі директор
Тел. (727) 250-38-11, 258-13-54
Email: press@soros.kz