29/04/2021
OpenTender.kz – мемлекеттік сатып алуға жаңа қоғамдық көзқарас
20/04/2021
Жанат Нұрғалиев бюджетке қоғамдық мониторинг жүргізудің маңыздылығы туралы
04/05/2021

Сапалы білімге қол жеткізу – бұл әр адамның құқығы

Cәуірде EXPERT PUBLIC SPACE онлайн-платформасында «Орталық Азия елдерінде білім беру саласындағы теңсіздіктің жаңа қырлары: мәселені сараптаудан саясаттың өзгеруіне дейін» зерттеу нәтижелерінің таныстырылымы өтті. Іс шарада Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген сарапшылар аймақтағы мектеп оқушыларының сапалы орта білім алуына кедергі болатын факторларды айтып, мәселенің шешімін ұсынды.

«Ашық қоғам құндылықтарын алға тартатын біздің қор үшін білім берудегі процестерге әлеуметтік өлшем тұрғысынан қарау өте маңызды. Бүгінде барлығына бірдей қол жетімді және сапалы білім беру мәселесі өзекті. Бұл мәселе көптеген елде жоғары саяси деңгейде талқыланып, күн тәртібіне енгізілді» – дейді «Сорос-Қазақстан» қорының басқарма төрайымы Аида Айдаркулова.

Аида Айдаркулованың  айтуынша Қазақстан тоқсаныншы жылдардағы экономикалық дағдарысқа қарамастан, білім берудегі жоғары стандарттарды сақтап қала алды. Дегенмен әлі де жұмыс істеуді, талқылауда қажет ететін мәселердің барын ескертті.

Жобаға қатысқан зерттеуші Данияр Құсайынов сапалы білімге қол жеткізудегі теңсіздіктің негізгі себептерін атады. Зерттеуші Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдеріндегі ахуалды зерттеген еді. Сарапшылар білімнің сапасын зерттеуге көңіл бөлді.

«Орталық Азия елдерінде білім беру саласы көптен бері дұрыс қаржыландырылмай келеді. Бұл мектептердің тапшылығын, олардың сапасыз материалдық-техникалық жабдықталуын, мұғалім мамандығының тартымсыздығын, сондай-ақ ұлттық тілдегі оқу материалдарының тапшылығын тудырады» – дейді Данияр Құсайынов.

Зерттеушілер жоба барысында сапалы білімге қол жетімділік теңсіздігінің арнайы индексін жасап шығарды. Авторлардың пікірінше индексті білім беру саясатын түзету үшін қолдануға болады.

Сонымен қатар зерттеу барысында еңбекші мигранттардың балалары мен білім алуда ерекше қажеттілігі бар балалардың білім алуға деген құқының бұзылғаны айтылды. Сарапшы білім беруді экономикалық дамудың құралы ретінде емес, әр адамның құқы ретінде қарауға шақырды.

«PaperLab» ҚҚ зерттеушісі Виктория Нем білім беру саласында мектеп  дәретханалырынң орналасуы қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Зерттеушінің айтуынша Қазақстанда әрбір үшінші мектептің дәретханасы далада орналасқан.

«Мұны анықтаған кезімізде қатты таң қалдық. Мектеп дәретханасының далада орналасуы көптеген мәселелердің бастамасы болмақ. Мысалы қыста оқушы сыртқа шығу үшін аяқ киімін ауыстырып, сырт киімін киіп шығуы керек. Орта есеппен сабақтан сұранып, дәретханаға бару үшін 20 минуттан уақыт кетеді» дейді зерттеуші.

Қырғызстаннан келген тәуелсіз зерттеуші Эльвира Сағынтайқызы білім беру мекемесі ел астанасына жақын болған сайын, білімнің сапасы да жақсара түсетінін байқаған.

«Бішкекте тұратын және оқитын мектеп оқушылары жалпы республикалық тестен орташа 133,7 балл жинады. Ош қаласында – 123,2, ең төменгі көрсеткіш Жалал-Абад облысында тіркелді. Бұл дегеніміз, Бішкектегі мектеп бітірушілердің сапалы білімге қол жетімділігі аймақтарға қарағанда көбірек»  – дейді сарапшы.

Сонымен қатар жалпы білім беретін мектептерде оқушы саны көп болғандықтан пандемия кезеңінде олардың ашылуы қиынға соғуда. Ал жекеменшік мектептерде оқу ақысы 2000-нан 24000 АҚШ долларына дейін, оқушылары былтырғы жылдың қыркүйек айынан бері мектепте оқып жүр.

Тәжікстаннан келген тәуелсіз білім беру зерттеушісі Шодибег Кодиров сапалы білімге қолжеткізуге кедергі келтіретін факторларды атап өтті. Оның ішінде кедейлік, мектептің алыстығы және ауылдық жерде ерекше қажеттілігі бар балаларға жағдайдың жоқтығы бар. Зерттеуші мектептердегі қыздардың үлесін анықтаған болатын.

«Соңғы жылдары бітіруші 10-11 сыныптардағы қыздар санының өсуі байқалады.  Дегенмен 26 мыңнан астам қыз тоғызыншы сыныптан соң оқуын жалғастырмайды. Олар не жұмыс істейді, не үй шаруасымен айналысады» дейді Шодибег Кодиров.