20/12/2020
Біздің заманның батырлары
24/11/2020
Ашық ұстаным
10/02/2021

«Құрметтеу, қорғау және ынталандыру»: СҚҚ серіктестері мемлекеттік азаматтық қоғаммен қарым-қатынасын талқылады

25 жыл бойы Сорос-Қазақстан қоры республикадағы азаматтық қоғамның әлеуетін дамыту мен нығайтуды мақсат етіп келе жатыр. Мерейтойлық дата  серіктестердің басын қосып, ширек ғасырда жүріп өткен жолды қайта қарап, мемлекет пен белсенділер бір-біріне қарай қадам жасауға және ары қарай жылжуға қаншалықты дайын екенін бағалауға себеп болды.

Пандемия дүниежүзіндегі азаматтық белсенділікті бұғаттап, алдыңғы қатарға денсаулық сақтау мәселесін шығарды. Сорос-Қазақстан қоры ресурстарын коронавируспен күреске ғана емес, өз стратегиялық қызметін жалғастыруға да жұмылдыра алды. «Осы кезеңде шектеулер салдарынан кей жоба идеяларын іске асыру мүмкін емес екенін түсінеміз, сондықтан серіктестерімізге қолдау көрсетеміз. Қазір бізге грант қаражаты қайтып келіп жатқан жоқ, өйткені серіктестерімізге өз жұмысын институттық түрде жалғастыруға мүмкіндік беріп отырмыз», — деп атап өтті қордың басқарма төрайымы Аида Айдарқұлова тікелей эфир барысында.

СҚҚ-ның айырмашылығы — мемлекет әдетте азаматтық сектордағы ұйымдарға институттық қолдау көрсетуге қаражат бөлмейді.  «2017 жылға дейін қаржыландырудың негізгі механизмі мемлекеттік тапсырыс болатын <…> Бұл механизм сол кезде де, қазір де министрлік қандай да бір техникалық тапсырма беріп, ҮЕҰ осы жұмысқа қатысады дегенді көздейді. Яғни, ҮЕҰ өз ойын жүзеге асырмайды, тек мемлекеттік бар идеясына мердігер ретінде ғана қызмет көрсетеді», — деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет. Ол мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы осындай қарым-қатынасты «толыққанды емес» деп санайды және оның айтуынша, келер жылы мемлекеттік тапсырысты орындау механизмі заңнамалық деңгейде қайта қаралмақ.

Қаржыландыру жағынан өзгерістер болуға тиіс екенін Адам құқықтары және заңдылықты қорғау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюроның басшысы Евгений Жовтис те атап өтті. Оның ойынша, бюджет қаражатын ҮЕҰ арасында бөліп таратумен айналысатын қорлар «атқарушы биліктің қоластынан шығарылуы керек». Құқық қорғаушы азаматтық секторға қаражат бөлу жөніндегі өкілеттік жергілікті жерлердегі мәслихаттар жанындағы тәуелсіз кеңестерге берілуі керек. «Бізде мемлекеттік тапсырыс қандай да бір мәселелерді шешуге берілетін атқарушы органдардың тапсырысы ретінде қарастырылады. Олай болмауға тиіс. Бұл – недәуір кең түсініктегі мемлекеттік тапсырыс. Бұл – мемлекеттік бюджет туралы заңды бекітетін өкілетті билік арқылы берілетін халықтың тапсырысы», — деп атап өтті Жовтис.

Мемлекет пен үкіметтік емес сектор арасындағы қарым-қатынаста қазір қиындықтар көп екеніне қарамастан, Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғалиева тараптар дұрыс бағытта келе жатыр деп есептейді. «Бастысы – қазір дамыған азаматтық қоғам болмаса, дамыған мемлекет болуы мүмкін емес екені түсінікті болып келеді», — деді ол. Қоғам белсендісі келешекте мемлекеттік органдар күн тәртібін белсенді  – соның ішінде өңірлердегі азаматтармен бірлесе отырып қалыптастыра бастайды деп үміт етеді. Оның ойынша, осындай жарқын келешекке 2020 жылы тамызда қабылданған Азаматтық қоғамды дамыту концепциясы кепілдік болуға тиіс.

Бейіндік министрлік өкілінің айтуынша, ол құжат келісудің барлық кезеңінен ресми өткеніне қарамастан, белгілі бір себептерге байланысты ауқымды пікірталас алаңдарында талқылануы мүмкін болмаған. Сондықтан да ведомство өзінің азаматтық сектор өкілдерінен сын мен ұсыныстар қабылдауға ашық екенін мәлімдеп отыр: «Сіздің ойыңызша ескерілмей қалды-ау деген ұсыныстарыңыз болса, оларды қабылдап, тағы бір талқылап, ұсыныстар көп жиналса, мемлекет басшысына жүгініп, недәуір ауқымды құжатты бекітіп алуға дайынбыз», — деді Мадияр Қожахмет онлайн-трансляция барысында.

Алайда, сарапшылар арасындағы сөйлесудің мазмұнына қарасақ, азаматтық қоғам өкілдері өзге нормалық-құқықтық актілерге үміт артып отырған сияқты. «Бастысы — азаматтық белсенділікті дамыту <…> Мониторинг, қоғамдық сараптамалар, қоғамның қатысуы, қоғамдық тексерулерге қатысты, ҮЕҰ араласуы міндетті емес салалардағы түрлі заңнама күшейеді деген үмітім бар. Мұнда тек азаматтар шешім қабылдау процесіне қосылуы керек», — деді Жовтис. Ол бар назарды қоғамда үнемі «салыстырмалы түрде шағын» кәсіби нишаны иеленіп келген  ҮЕҰ жұмысына аудармау керек деді.

FactCheck.kz қазақ редакциясының редакторы Думан Смақов ҮЕҰ әлеуметтік желіге шығып жатқанын, сөйтіп азаматтарға өз жұмысы мен қызметі туралы көбірек хабар бере бастағанын атап өтті. Бұған зәрулік бар: медиа көрсететін азамат белсенділер мен олардың бірлестіктері тек қайырымдылықпен айналысады дейді Смақов. Оның айтуынша, мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржыландыру алатын БАҚ көбі шын мәнінде азаматтық проблематиканы ауқымды жариялай бермейді. Сөйтіп, виртуал платформалар қазақстандықтардың өз пікірін білдіруіне арналған басты құралға айналды дейді  журналист-фактчекер.

Сөйте тұра, желіде өтетін пікірталастардың 15% ғана азаматтық қоғам мәселелеріне қатысты болады дейді Айдарқұлова. «Бұл кішкентай ғана пайыздық үлес жұрт ол процестерден көп хабардар болмайтынын, оларға аса белсенді араласпайтынын көрсетіп отыр. Әйтсе мемлекет тарапынан диалогқа шақыру және оны ынталандыруға бетбұрыс бар екенін байқап отырмыз», — дейді Қордық басшысы.Оның ойынша, қалыптасқан осы жағдайға бір себеп азаматтық өрістің стигматизациясында болып отыр, соның салдарынан қазақстандықтар ҮЕҰ-ды оппозициялық саяси қызметпен негізсіз байланыстыра бастаған.

Үкіметтік емес сектор үшін мұндай жағдай мен пандемияның тосын соққысы шын мәнінде сын-тегеуірін болды. Нұрғазиеваның айтуынша, ҮЕҰ бірреттік акциялар мен флешмобтардың перспективасы жоғын түсініп, «жаңа деңгейге шығуға» ниет білдіріп отыр. «Қазір олар басқа әдістеме іздеп жүр, азаматтармен жұмыс істеу механизмін сол жұмыстың ерекшелігіне қарай өзгерту керек екенін түсінді», — дейді Азаматтық альянс президенті. Мемлекет те процедураларды оңайлатуға қадам жасап, азаматтық сектормен жұмыс істеу әдістемесін өзгертіп жатыр. «ҮЕҰ саны артып келе жатқаны қазір өзара ұйымдасып, қоғамдық бірлестік, қор немесе ҮЕҰ сияқты басқа бір қрылым құру оңай екенін көрсетіп отыр», — дейді азаматтық қоғам істері комитетінің басшысы.

Биліктің қоғамдық ұйымдар саласындағы мемлекеттік реттеуді әлсірету ниетін құптай отырып, Жовтис мынаны еске сала кетуді жөн көрді: «Мемлекеттің міндеті тым қарапайым: азаматтық қоғамның дамуына жағдай жасау <…> Төмендегі деңгейлес байланыстарға, тәуелсіз БАҚ және журналистік зерттеулерге  кеңістік қалыптастыру керек. Ол үшін кедергі жасау емес, құрметтеу, қорғау және ынталандыру қажет». Оның айтуынша, сонда ғана қазір дүниежүзінің түкпір-түкпірінде тіркеліп отырған және пандемия төндіретін үш негізгі қатердің біріне баланып отырған азаматтық қоғамның тарылып кетуі қаупінен құтылуға болады.

Тікелей эфирдің толық нұсқасын мына сілтемеден көре аласыздар.