БОСТОН – Covid-19 дағдарысымен күресуге ауқымды бюджет кеңістігіне қажеттілік артқан уақытта дамушы елдердің сыртқы несиегерлерге қарызы 7,5 триллион долларға жетіп, осы қарызға қызмет көрсету құны күн өткен сайын ауыртпалық түсіріп отыр. Қарыздың біршама бөлігін кешіруге байланысты аргумент жетерлік, дегенмен кейбір саяси тұлғалар бұл шешімге қарсы. Олардың ойынша, мұндай шешім аталған елдердің халықаралық нарықтағы орынын шектеп, сол арқылы экономикалық өсу қарқыны мен инвестиция көлемі төмендейді.
Шын мәнісінде бұл көзқарасқа негіз болар дәлел аз. Халықаралық қаржы ағымы экономика мен инвестицияның өсіміне айтарлықтай әсер етпейді, керісінше дамушы елдер нарығында волотильді күйдің сақталуына алып келеді. Алайда ғылым мен саясат төңірегінде халықаралық қаржы дамушы елдерге нәтижелі институт құруға, мысалы, банк жүйесі мен қор нарығын дамытуға мүмкіндік береді деген тұжырым бар. Қарызды кешіру идеясына келсіпеушілердің айтар тағы бір уәжі бойынша, дамушы елдерге халықаралық облигация нарығына кепілдік беретін «дисциплина» керек. Себебі, капиталдан айырылу қаупі авторитарлы және популистік басшылардың теріс әрекетін тоқтатуға мәжбүр етеді.
Сондықтан, Еуропадағы қарыз дағдарысы кезінде Грецияның несие тарихы бұзылмас үшін гектерге шетелдік банктердің алдында дефолт жарияламау туралы жиі айтылған. Грек сайлаушылары ресми үш несиегер (Еурокомиссия, Еуропа Орталық банкі, Халықаралық валюта қоры) ұсынған шарттан бас тартқанымен, ел үкіметінің сол қанаты олармен келісім жасасты. Сол кезде көптеген саясаткерлер нарық тәртібі жұмыс істейді деп қорытындылады.
Бүгінгі таңда мұндай пайымдауларға сенуге келмейді. Халықаралық қаржы авторитарлы режимді тексермейді, керісінше режимге көмек көрсетеді. Мысалы, 2009-2018 жылдары ОАР-ға халықаралық қаржының құюылуы тоқтамады. Тіпті сол кездегі президент Джейкоб Зуманың клептократиялық үкіметі ел экономикасы мен институттарын әлсіретіп жатқаны айқын болғаннан кейін де аталған процесс жалғасын тапқан еді. Өзінің жеке меншік партиясы Африка ұлттық конгресі оны орнынан тайдыру үшін жасаған қадамдарынан соң ақыры аяғы Джейкоб Зума биліктен кетті. Халықаралық нарық әлеуетінің бұл оқиғалардың барлығына дерлік қатысы аз еді.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның елдегі институттарға шабуылы шынымен де инвестиция мен өндіріс қарқынының құлдырауымен тұспа-тұс келді, алайда соңында шетелдік инвесторлар оны құтқарып қалды. Ағымдағы шот дефицитін қаржыландыру мен әлсіреп тұрған экономиканы қолдау үшін әлі де қаржы аударылып жатыр. Сондықтан, Ердоған билігін нығайтып, парламент пен сот өзіне бағынатын жаңа президенттік жүйе құрай алды. ОАР президенті Зуманың жағдайындағы сияқты Ердоғанға қарсылық танытып жатқан халықаралық нарық емес, ішкі саяси күрес. Өткен жылы муниципалдық сайлауда Ердоған партиясының Түркиядағы бірнеше ірі қалаларда жеңіліс табуы президент билігін айтарлықтай әлсіретті.
Жоғарыда аталған мысалдардан бөлек, халықаралық қаржы компанияларының дамушы елдерде Goldman Sachs банкінің қатысы болуы мүмкін Малайзиядағы 700 млн доллар 1MDB алаяқтық әрекеті туралы даулы мәселесі сияқты ашық жемқорлық және қылмыстық іс жүргізгеніне дәлел болатын дүние көп. Бұл оқиғалардың ешбіріне таң қалудың қажеті жоқ. Жалпы халықаралық қаржы институттары өздеріне пайдалы шарт негізінде авторитарлы басшыларға несие беру мүмкінідігінен неге айырылуы керек? Немесе клептократтар мен күмәнді компанияларға жалған есеп-қисап жасауға, оларға салық офшорларын қолдануға көмектесе отырып өз кіріс көлемін неге арттырмасқа?
Мұндай зарары көп статус-кво жағдайынан арылу үшін коррупциялық режим қаржысына шек қоятын қарызды кешіру мен оны қайта құрылымдаудың жаңа формасын қарастыруымыз қажет. Жүзеге асыруға болатын идеялардың бірі – халықаралық банктерге несие беру әдісінің әділ ережесін қалыптастыра алатын бейтарап, халықаралық орган құру. Кейін осы институт мемлекеттің ағымдағы борышы демократиялық үкімет кезінде жиналды ма, әлде мемлекеттік қарыз клептократиялық және алаяқтық несие берудің салдарынан орын алды ма, сондай-ақ, қарызды өтеу немесе қарызға қызмет көрсету құны халыққа орынсыз жерден қиындық туғызанын анықтай алады.
Демократиялық үкімет басқаруындағы мемлекеттерге келер болсақ, олардың сыртқы қарызы өте табысты шарт негізінде қайта құрылымдануы мүмкін. Дәл осындай шарт дамушы елдерде тікелей шетелдік инвестиция құятын ұзақ мерзімді несиегерлерге де қарастырылмақ (өйткені, несиелеудің мұндай түрі көп жағдайда авторитарлы басшылардың қалтасына кетіп қалмайды). Екінші топтағы мемлекеттердің бұрынғы авторитарлық және коррупцияланған үкіметтен жиналып қалған «жағымсыз қарыздары» кешірілуі тиіс. Қарапайым халық өз таңдауы арқылы жасалмаған қаржы институты мен биліктің арасындағы келісімнің салдарынан зардап шекпеуі керек. Клептократтармен «Фауст мәмілесін» жасасқан инвесторлар халықаралық қорғаудан пайда көрмегені жөн.
Үшінші топ, яғни әлеуметтік жағынан тиімсіз қарыз бен қызмет көрсету құнын өтеп жүрген мемлекеттерге келер болсақ, үкіметі демократиялық жолмен таңдалған кезде қарыз алған жағдайда да оларды кедейлікке одан сайын ұшыратпауға айқын аргумент бар. Жаппай қарызды кешіру мен қайта құрылымдау процесі дамушы елдердегі капитал молдығын жояды деген идеяның негізі жоқ. Егер дамушы елдер қарызды кешіру мен қайта құрылымдаудан бас тартса, қарыз көлемінің аса көп болуы инфрақұрылым, жаңа технология мен кедейлікті жоюға инвестиция құюға кедергі келтіреді.
«Жағымсыз қарызды» кешіру халықаралық қаржы нарығының әлеуетін одан әрі арттыратынын түсіну маңызды, себебі несиегерлер авторитарлы және коррупцияланған режимге көмектеспес бұрын жақсылап ойланғаны дұрыс. Мұндай өзгерістер жаһандық қаржы интеграциясын жандандыруға жаңа серпіліс береді.
Халықаралық қаржы ағымына тұтас кінәрат тағу орын алмаған жағдай да ғана жоғарыда аталған тәсіл жүзеге аспақ. Дамушы елдердің көпшілігіне бұрынғыдай инфрақұрылым мен инвестиция үшін қор қажет. Және олардың бұрынғыдай жауапкершілігі жоғары әрі жақсы басқарылатын халықаралық қаржы ағымын тартуға да мүмкіндігі бар. Дамушы елдерді қандай да бір қаржы көзіне жол таппайтындай жағдайға жеткізбеуіміз керек.
Осыған байланысты қарызды кешіру мен қайта құрылымдау үрдісі дұрыс әрекет еткен институттардың, сол сияқты коррупцияланған және авторитарлы басшылармен келісім жасаған институттардың арасындағы айырмашылықты ажыратып көрсете алатын нақты шұғыл шара ретінде жүзеге асуы керек. Бізге болашақтағы қаржы қатынастары ережелерін бақылайтын және қаржылық тәртіп бұзушылықты тексеретін ғана емес, ереже мен стандарттың жаңа жаһандық жүйесін қолдауға қабілетті халықаралық орган қажет. Тек осылайша дамушы елдердің, сонымен қатар халықаралық қаржы институттарының алдында аталған жүйенің легитимділігіне кепілдік беруге болады.
Daron Acemoglu, Professor of Economics at MIT, is co-author (with James A. Robinson) of Why Nations Fail: The Origins of Power, Prosperity and Poverty and The Narrow Corridor: States, Societies, and the Fate of Liberty.