06/08/2020
Қытайдың Ұлы су қорғаны
06/08/2020
Беларусьтегі экономикалық фактор
15/08/2020

Қаржы нарығы мәселені бағамдай алуда ма?

ЛОНДОН – COVID-19 пандемиясының ақпан-наурыз кезеңінде болған қаржы нарығының дағдарысы туралы сәуірде жазған пікірімде аталған өзгерістердің  таң қалдырарлық, күрделі әрі тым әсерлі екенін атап өткенмін. Сонымен қатар, ойға қонымсыз логиканың жұмыс істейтініне күмәнданып, әлем экономикасының күйреуіне қарамастан нарық дами беретіндігіне сенген едім. Ақыр аяғы солай болып шықты да. Енді тағы өзгеріс бола ма?

Қаржы нарығындағы қырық жыл қызметім мен оны зерттеуден түйген қорытындым бойынша байқағаным: тамыз – процесті сыртынан бақылау айы, күздің алғашқы жаршысы. Және белгілі бір себептерге байланысты 1929 және 1987 жылғы Уолл Стрит құлдырауынан бастап 1997 жылғы Азия қаржы дағдарысы, 1998 жылғы Ресейдегі дефолт және 2008 жылғы Lehman Brothers банкінің күйреуі сынды қаржы тарихындағы ең атышулы оқиғалар дәл осындай уақытта орын алған.

2020 жылдың жаз және күз мезгілдері жоғарыда аталған хаос эпизодтарына ұқсас немесе одан асып түседі деп болжам жасауға себеп көп. Мысалы, COVID-19 індетін жұқтыру көрсеткіші АҚШ және әлемдегі барлық пандемия ошақтарындағыдай тұтас Еуропада тағы арта бастады деп ойлаңыз. Онда карантин мен шектеу шараларының қайта қолға алынып, вакцина бойынша жұмыс жүргізіп жатқан адамдарға қысым одан сайын арта түседі. Ал егер вакцина жасаушы ең сенімді деген үміткерлердің үшінші кезеңдегі жұмысы сәтсіз аяқталып жатса ше?

Ең сорақы деген сценарий вирус жұқтырушылар көбейіп, керісінше сайлаушылардың саны азайғанға көңілі көншімей жүрген АҚШ президенті Дональд Трамптың назарынан тыс қалмайды. Елестетіп көріңіз: қосымша импорт тарифын көбейту, Қытай тауарлары мен қызметінің барлық категориясына тыйым салу, Қытайдағы америкалық инвестицияға шектеу қою, т.б. арқылы Трамптың Қытайға қатысты басқыншылығы аса агрессияшыл бола түсті. Ал мұның соңы әлем экономикасына қаншалықты қиын соғатынын айтып жатудың өзі артық.

Дегенмен аса қорқынышты емес альтернативаны да қарастырып көрсек. Әлеуметтік желі арқылы күшіне еніп отырған дағдарыстың тұрақты «тамшылары»  әр елдің COVID-19 ошақтарын жойып, тестілеу мүмкіндіктері, контактілерді бақылау, жеке қорғаныс құралдарын өндіру  жұмыстарын тыңғылықты жүргізуге себепші болуы керек.

Мұндай тенденция ерте кезде Қытай, Сингапур, Оңтүстік Корея және жақында Вьетнам сияқты Азияның бірқатар елдерінде пайда болған, қазіргі таңда Еуропада көрініс тауып келеді. Тіпті пандемияның алғашқы кезеңін өткерген Біріккен Патшалық қажет шараларды өте жақсы қолдана білді. Британия билігі жедел түрде инфекция ошағы саналатын елден келген саяхатшыларға карантин шараларын қайта жаңартып, вирус жұғу қаупі бақылаудан шығып кеткен аймақтар мен қалаларда жаңадан шара қолданып жатыр.

Соңғы шыққан есеп беруге сәйкес, осы жылдың соңына дейін төрт негізгі вакцина қолданысқа берілуі мүмкін. Осы арада әлемнің әр түкпірінде ультра-экспансивті  қаржы және монетарлы саясаттың күшейтілуі жалғасады. Өткен аптада АҚШ федералды резерв жүйесі алдағы уақытта пайыздық мөлшерлемені ұлғайтпайтнын жариялап, ал АҚШ Конгресі салық ынталандырмасына байланысты кезекті пікірталас өткізген. Дәл сол сияқты Еуропалық Одақ экономикасы зардап шеккен одаққа мүшелік ететін мемлекеттерге қосымша көмек көрсету үшін 750 млрд еуро қалпына келтіру қорын құруға келісім берді.

Сценарийге сәйкес S&P 500 индекс өсімінің деңгейі 4000-ға дейін жетуі әбден мүмкін (сәуірде жазған пікірім бойынша 2,878-ден жоғары).  Сөзсіз, S&P 500 өсімі бар болғаны бес технологиялық компаниялардың акциясына тәуелді, ал «аю» бақылаушылар көптеген қала орталықтарының мүлдем босап қалатынын айтады. Лондонда қазір көшеде адамның азайғанын көріп, жағдай одан сайын нашарлай түседі деген ойға қаласыз.

Дағдарыс нәтижесіне байланысты күрделі сұрақ қоюда «аюлар» қателесе қоймайды. Жылдар бойы жұмысын қайта қалпына келтіре алмайтын қаншама коммерциялық мекемелердің шығынына кім жауап береді? Олар қайта ісін жалғастырып кете ала ма? 2008 жылғы дағдарысқа ұқсас алда келе жатқан қаржы апатының алдын алуда директивті органдардың табысты жұмысына қарамастан әлемдегі қала орталықтарында коммерциялық жылжымайтын мүлік проблемалары кезекті қаржы апатына түрткі бола ма? Біздің экономиканы қолдауға арналған бюджеттік бағдарламалардың ауқымды шығынын кім өтейді?

Өзгерістің жақсы тұстары туралы не айта аламыз? Аталған дағдарыста жарқ ететін үміттің бірі –барлығымыз жылдар бойы қолдану мүмкіндігін толық пайдалануға тиіс болған ноутбук пен мобильді телефон артықшылығын бағалаймыз. Мүмкін, жұмысқа бару мен кептеліске кететін уақытымызды үнемдейміз, сол уақытты отбасы, достарымыз бен басқа да қажет жұмыстарымызға арнаймыз. Және ақыр аяғында мұның барлығы қызмет көрсету саласының жедел дамуына алып келуі де мүмкін.

Қазірдің өзінде біздегі әлеуметтік проблемалар бұрынғыдай күрделі емес сияқты көрінеді. Дағдарыстың бүгінгі сипаты әлем елдерінің климат өзгерісіне байланысты жаңа саясат ұстанып, инвестиция құюына түрткі болды. Сонымен қатар, көпшілігі денсаулық сақтау жүйесі сапасының мықты болуына айрықша көңіл бөле бастады. Дағдарысқа байланысты алдағы уақытта туындайтын проблемалардың шешімін табуды көздейтін бірқатар комиссиялар мен арнайы шолулар туралы хабардармын. Осының барлығы қауіпті дауылдың алдын алғанымызды көрсетеді.

Жаздың аптап ыстығы күздің қоңыр салқынына ауысқан шақта жоғарыда аталып өткен пессимистік және оптимистік сценарийдің нарықтағы маңызы зор болмақ. Анықтама бойынша, қаржы нарығындағы тұрақты өсім одан өзге тұрақты тиімділікті негіздеуге қиындық туғызады. Дегенмен осы жылдан үйренген бір дүние  – ендігі еш нәрсеге таң қалудың қажеті жоқ.