«Ашық қоғам» институты (OSI) әйгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтиске қатысты шығарылған үкімді күшінде қалдыру туралы Қазақстан Республикасы апелляциялық сотының шешіміне қатты алаңдаушылық білдіреді. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Жовтис мырза адам өліміне алып келген жол жүру ережелерін бұзғандығы үшін төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына тартылған болатын. Жовтистің ісі қазақстандық сот төрелігі жүйесін жетілдіру қажеттігін тағы да дәлелдей түсті.
Жовтис мырзаның қорғаушы адвокаттары мен халықаралық бақылаушылар тергеу барысында және сот жиналысы кезінде оның кінәсіздігін дәлелдеуге кедергі келтірген көптеген іс жүргізушілік нормалардың бұзылуы орын алғандығын мәлімдеді. Қазақстан жақын арада ЕҚЫҰ-ға төрағалықты жүзеге асыратындықтан «Ашық қоғам» институты Казақстан өкіметін бұл іс бойынша дереу жаңа тергеу жұмысын жүргізуге және Жовтис мырзаны босатуға үндеу жібереді.
Анықтамалық ақпарат
Евгений Жовтис 1999 жылдан 2002 жылға дейін Сорос-Қазақстан Қорының Басқарма төрағасы болды, ол сондай-ақ өзінің қызметі үшін көптеген халықаралық марапаттарды иеленген. Қазақстандағы адам құқықтарының (дін және жиналыстар бостандығы, сондай-ақ сайлау реформалары мәселелерін қоса алғанда) үздіксіз қорғаушысы болып келген Жовтис мырза, сонымен бірге оның адам құқықтарының талмас күрескері ретіндегі пікірлері мен тәжірибесін жұмылдыратын әр түрлі үкіметтік комиссиялар жұмысының белсенді қатысушысы болып табылады. 26 шілдеде Жовтис мырза жол-көлік оқиғасының қатысушысы болып, соның нәтижесінде жас жаяу жүргінші қаза тапқан.